Accessibility links

Апаттан кейінгі Жайық және Ойыл тұрғындарының алаңы


Құқық қорғау қызметкерлері заңсыз ауланған балықтарды тәркілеп жатыр. Атырау қаласы, 2017 жыл
Құқық қорғау қызметкерлері заңсыз ауланған балықтарды тәркілеп жатыр. Атырау қаласы, 2017 жыл

Осы аптада аймақтық басылымдар балығы қырылған Жайық өзенінің апаттан кейінгі жағдайы, мұнай барлау жұмыстарына байланысты Ақтөбе облысындағы елді мекенге төнген "экологиялық қауіп" пен қоқысты сұрыптауды қолға алған "республикадағы жалғыз ауыл" туралы жазды.

ЖАЙЫҚТА АУЛАЙТЫН БАЛЫҚ ҚАЛМАҒАН

Жайық өзенінде балықтардың қырылуынан кейін Azh.kz сайты осы аптада өзендегі бақылау шарасынан оқырмандарға репортаж ұсынған.

Бұған дейін Азаттық Жайық өзенінде 9,9 тонна өлі балық табылғанын, балықтардың қырылу себебін арнайы комиссия зерттеп жатқанын жазған.

Сайт тілшісі жергілікті балық аулау кооперативі, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі департаменті, балық шаруашылығы институты, Орал-Атырау бекіре өсіру зауытының өкілдерімен бірге өзендегі балықтың қазіргі жай-күйін анықтау шарасына қатысқан.

Бақылау тобы әуелі өзеннің балығы ең көп деп саналатын Төменгі Пешной учаскесіне барып, торының диаметрі 20 сантиметр болатын ау салып көрген.

Видеосын де көріңіз (20.01.2019)

“Мұндай ау бекірені аулауға арналған. Ұзындығы Жайықтың ортасына дейін жетеді. Ауға ештеңе түспеді, тек жартылай шіріп кеткен балық қана ілінді” деп жазды автор. Сайт тілшісі мұзда қатып жатқан өлі балықтарды көргенін айтады.

Бақылау тобы өзен бойын жағалап, бірнеше тұсынан ау тартып көрген. Мамандар сол жерде ауға түскен бірнеше балықтың ұзындығы мен салмағын өлшеп, ішкі құрылысын кейінірек зерттейтіндерін айтқан.

Мамандармен күні бойы жүрген сайт тілшісі “рейд өзенде аулайтын балық қалмағанын көрсетті” деп қорытынды жасайды. Жайықтағы балықты бақылау шарасы ақпан айының ортасына дейін жалғасады.

ЭКОЛОГИЯ vs ЭКОНОМИКА

Ақтөбелік “Диапазон” басылымы осы аптада жергілікті билік пен тұрғындары арасында туындаған экологиялық дауға назар аударған. Сайт Ойыл ауданы тұрғындарының табиғаты әсем аймақта мұнай барлау жұмыстарын жүргізуге қарсы екенін көптен бері жазып келеді.

Видео: Ақтөбе облысындағы Барқын құмы (Қыркүйек айы, 2018 жыл)

Қаңтардың 22-і күні Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Ойыл ауданында мұнай барлау жұмыстарының тоқтап қалғанына байланысты аудан әкімі Дастан Сағыровты “түсіндіру жұмыстарын жүргізбедің” деп сөккен. “Егер Ойылда газ, мұнай болмаса, ертеңгі күні экономика ілгерілемейді, тұрғындардың өмірі жақсармайды” деген.

"Әкімнің міндеті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, зерттеу ұйымдастыру ғой. Ауыз суға зияны тие ме, жоқ па? Мұнай жерасты суларына бара ма, бармай ма? Мұны сіз де, шу көтеріп жатқандар да білмейді. Міне, "ертеңгі күні бұрғылаған кезде суды құртады" деп айғайлап жатыр. Мамандарды шақырып, сөйлесу керек. Мен инвесторлармен кездестім. Олар "бізге керек емес, заттарымызды жинап, Атырауға кеттік" дейді. Әкім не істеп отыр?" деп Сапарбаев аудан әкіміне шүйліккен.

Сайттың жазуынша, бұл ақпарат сайттың әлеуметтік желідегі парақшаларында қызу талқыланған.

“[Қолданушылардың] басым бөлігі Ойыл ауданында мұнай барлауға қарсы шықты, онда адам ізі баспаған құм жоталар бар, өзенін аққу мекендейді. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ондағы орманда үйеңкі, қарағай, мойыл, долана өседі. Бұл орман теңдесі жоқ мөлдір бұлағы бар Барқынның қасында орналасқан. Төрт ауыл мен аудан орталығының тұрғындары, барлығы шамамен 8 мың адам сол жерден су ішеді” деп жазды мақала авторы.

ҚАЛДЫҚТАРДЫ СҰРЫПТАЙТЫН ЖАЛҒЫЗ АУЫЛ

Павлодарлық Pavon.kz сайты Тереңкөл ауылындағы қоқыс полигонында тұрмыстық қалдықтарды сұрыптай бастағанын жазған. Сайттың хабарлауынша, бұл "елдегі қалдықтарды сұрыптайтын" жалғыз ауыл.

Мұнда әйнек бөтелке, полиэтилен пакет, металл, резина, күл, қи сияқты заттарды бөлек-бөлек сұрыптап, өңдеуге жібереді. Pavon.kz жазуынша, бұрын Тереңкөл елдегі өзге ауылдар сияқты қоқыстардың бәрін араластырып, жинап келген.

Қоқыс полигоны. Көрнекі сурет
Қоқыс полигоны. Көрнекі сурет

Бірнеше ай бұрын оны жалға алған жергілікті мекемелердің бірі аумақты тазалап, қалдықтардың әрқайсысына орын белгілеп, сұрыптай бастаған. Қалдықтарды сұрыптамай-ақ тастап үйренген тұрғындар әуелі мұндай "жаңа ережеге" үйрене алмай наразы болған. Кейінірек сәл түсіністік танытқан.

Сайттың жазуынша, алдағы уақытта мекеме полигонда қалдықты өңдейтін орын ашуды жоспарлап отыр. Ал өңдеуге келмейтін қалдықтар жерге көмілетін болады. Бұған қоса, мекеме ауылдан қалдық түрлерін қабылдайтын орындар ашуды көздейді.

Интернет-ресурстың жазуынша, тұрмыстық қалдықтарды облыстағы қалаларда ғана сұрыптап, өңдейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG