Accessibility links

Тайсойғандағы қытайлар және полиция қысымы


Атырау облысындағы елді мекендердің бірі. Көрнекі сурет.
Атырау облысындағы елді мекендердің бірі. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ басылымдары әкімдердің тұрғындармен кездесуінде әлеуметтік мәселелермен қатар саяси талаптар қойылғанын, кейбір аймақтарда нан бағасының күрт қымбаттағанын жазды. Оралда полиция ғимаратынан құлаған белсенді оқиғаның қалай болғанын айтып берген.

"МАКС БОҚАЕВ БОСАТЫЛСЫН!"

Атыраулық Аzh.kz сайтының жазуынша, ақпанның 20-сы күні өткен облыс әкімі Нұрлан Ноғаевпен кездесуде белсенді Минал Кенжеков биыл облыстың былтырғыдай Астанаға қымбат сыйлық жасамауын, оның орнына "көп балалы аналарға көмектесу қажет" деп ұсыныс айтқан.

Белсенді 2018 жылы Астананың 20 жылдығына орай Атырау облысының 6 миллиард теңгелік көпір сыйлағанын еске салған.

Астана күніне Атырау облысы сыйлаған көпір. Астана, 6 шілде 2018 жыл.
Астана күніне Атырау облысы сыйлаған көпір. Астана, 6 шілде 2018 жыл.

Бұған қоса, белсенді жер митингілерінен кейін сотталған Макс Боқаевтың босатылуын талап еткен.

"Жер митингісінен кейін Макс Боқаев пен Талғат Аян сотталды. Талғат бостандыққа шықты, бірақ Макс әлі қамауда. Ал миллиардтап ұрлаған ұрылар бостандықта жүр. Президент пен Жоғарғы сот төрағасына шығып, Максты босатуды сұрауыңызды өтінеміз" деп басылым белсендінің сөзін келтірген. Бірақ әкімнің қандай жауап қайырғанын басылым жазбаған.

Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016.
Азаматтық белсенді Макс Боқаев сотта тұр. Атырау, 3 маусым 2016.

Кездесу кезінде тағы бір азамат "Тайсойғанда қытайлар мұнай іздеп жатыр дегенді оқыдым. Атышулы "жер" митингілерінен кейін билік қазақтың бір қарыс жері шетелдіктерге берілмейді деген еді ғой?" деп билік уәдесін еске салып, сұрақ қойған.

"Тайсойған бұрын Ресей полигоны болды, қазір біз бұл жерлерді өзімізге қайтардық. Сол жерде үлкен мұнай мен газ қоры болуы мүмкін, қазір "Қазмұнайгаз" қытайлық мердігерлермен бірге барлау жұмыстарын бастап жатыр. Алайда жерді шетелдіктерге береді деген пиғыл да жоқ. Уайымдамаңыз, бәрін бақылауда ұстап отырмыз" деп жауап берген әкім.

АҚТАУДАҒЫ КЕЗДЕСУ

Ал Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановпен кездесу кезінде өзін Жамбыл Көбесінов деп таныстырған азамат әкімге әлеуметтік мәселелермен бірге саяси талаптарын да жеткізген. Youtube-та жарияланған видеода оның сөзін көптің қолдап, айтқандарына шапалақтап отырғаны көрінеді.

"Президент қазақстандықтардың орташа табысы 500 мың теңге құрайды", бірақ шынайы жағдай басқа, "облыста 25-30 мың теңгеге күн көріп отырған ата-аналар бар" деді ол. Президент туыстарының мол табысы туралы мәлімет келтірген азамат билік халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көңіл бөлсін деп айтқан.

Жиыннан түсірілген Youtube-та жарияланған видео (19.02.2019 жыл).

АЙМАҚТАРДА НАН ҚЫМБАТТАДЫ

Осы аптада бірнеше аймақ басылымы өңірлерде нан бағасының қымбаттағанын жазды. "Уральская неделя" газеті Оралда өткен демалыс күндерінен бастап дүкендерде нан бағасының 5-10 теңгеге қымбаттағанын хабарлады. Мұнда бұрын нан бағасы 90 теңге болса, қазір 100 теңге. Кейбір жеке дүкендерде одан да қымбат: 105-110 теңге.

Павлодар Today хабарлауынша, Павлодарда да нан бағасы 5-10 теңгеге қымбаттаған.

Дүкен сөрелерінде тұрған нан. Көрнекі сурет.
Дүкен сөрелерінде тұрған нан. Көрнекі сурет.

Сенбі күні жергілікті агенттіктер Петропавлда да нан бағасының өскенін, жарты жыл ішінде нан өнімдерінің осымен үшінші рет қымбаттап отырғанын хабарлады.

Жергілікті наубайханалар қымбатшылықты бидай бағасының өсуімен түсіндірген. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, қазіргі кезде ішкі нарықта бидайдың әр тоннасы 70 мың теңгеге сатылып жатыр.

Өткен жылы бидай бітік шығып, диқандар ойдағыдай астық жинаған. Бірақ әлем нарығында бидай бағасының өсуі ішкі нарыққа да әсер етіп отыр дейді сарапшылар. Жыл басында Жамбыл облысында да нан қымбаттаған.

"ПОЛИЦИЯ ЕРҒАЗИЕВКЕ ҚЫСЫМ КӨРСЕТКЕН"

Өткен аптада Оралда полиция ғимаратының үшінші қабатынан құлаған белсенді Әлібек Ерғазиев жалпы палатаға ауыстырылған соң туыстарына (16 ақпан күнгі) оқиғаның қалай болғанын айтып берген. Бұл ақпаратты "Уральская неделя"басылымы хабарлады.

Ерғазиев жақындарына полицияның қысым мен қоқан-лоққысына төзе алмай ғимараттан секіруге бекінгенін айтқан.

“Әлібек 16 ақпанда таңертең азық-түлік алып келем деп кеткен. Көшеде оған бірнеше адам келіп, полиция бөлімшесіне бару қажеттігін айтқан. Онымен жергілікті полиция бастығы Данияр Рақышев кездескісі келген-мыс. Әлібек барудан бас тартқан кезде полицей қызметкерлері күшпен көлікке отырғызған” деген Ерғазиевтің досы Мақсат Айсауытов басылымға.

Оралдық блоггер Асқар Шайғұмаров жариялаған видео (21 ақпан 2019 жыл)

Жақындарының сөзіне сүйенген басылым белсендіні полиция ғимаратына әкелген соң оған қысым көрсеткенін жазған. Әлібек Ерғазиевтің әкесі Тілек Ерғазиев "баласын хаттамаға қол қоюға мәжбүрлегенін, бас тартқан кезде полицейлердің қоқан-лоқы көрсете бастағанын" жеткізген.

“Полицейлердің қысымына төзбеген Әлібек тергеуші кабинетіндегі терезеге шығып, оны ашқан. Секірейін деген кезде Рақышев (полиция қызметінің бастығы - ред.) оған кедергі жасауға тырысқан. Ерғазиев тепе-теңдік сақтай алмай, терезеден ұшып түсіп, оң жағымен құлаған” деген Тілек Ерғазиев басылымға.

Басылым дерегінше, қазір Әлібек Ерғазиевтің жағдайын дәрігерлер "орташа ауыр" деп бағалайды. Белсендінің төрт қабырғасы, жауырыны, қолы сынған. Бұғанасына операция жасалған.

16 ақпанда облыс әкімі Алтай Көлгіновпен кездесу болатын күні белсенді Әлібек Ерғазиевті полиция ұстаған. Дәл сол күні оның полиция ғимаратынан құлап түскені хабарланған.

Бұған дейін БҚО полиция департаменті бұл оқиғаға қатысты хабарлама таратып, Әлібек Ерғазиевтің полиция ғимаратының үшінші қабатындағы кабинеттен "жауапкершіліктен қашу мақсатында кенеттен терезені ашып, көшеге секіріп кеткені, соның салдарынан жарақат алғанын" мәлімдеген еді.

Ал белсендінің жақындары прокуратурадан жағдайды анықтап, кінәлілерді жазалау керектігін сұраған.

13 ақпанда Орал қаласы әкімі және облыс әкімінің халықпен кездесуіне келген белсенді Әлібек Ерғазиевті полиция қызметкерлері көптің көзінше жиын өтіп отырған залдан күшпен ұстап алып кеткен еді. Полицияның дерегінше, бұл оқиғаға байланысты "ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік іс қозғалып, сотқа жіберілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG