Accessibility links

Жер кезегіне жетпей қайтыс болған тұрғындар және қауіпті полигон


Қалдықтар полигоны. Көрнекі сурет.
Қалдықтар полигоны. Көрнекі сурет.

Осы аптада аймақ баспасөзі Қазақстанның батысында жолаушылар автобусы апатқа ұшырап, бір топ мектеп оқушысының жараланғанын жазды. Жергілікті басылымдар бұған қоса, Қостанай облысында заңсыз төгілген қауіпті медициналық қалдықтар табылғанын және Оралда құрылысқа қажет жер теліміне қол жеткізе алмай 403 адамның қайтыс болғанын жазды.

ЖЕР ТЕЛІМІН КҮТІП, ҚАЙТЫС БОЛҒАНДАР

Mgorod.kz сайты "Оралда 403 адам жеке тұрғын үй құрылысына қажет жер теліміне қол жеткізе алмай қайтыс болды" деп жазды. Басылымның дерегінше, тағы 72 мың адам жер кезегінде тұр.

"Сегіз жыл бойы Оралда жер телімі берілмей келген. Осыдан кезек те жылжымаған. 2017 жылы "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша Круглоозерное ауылында (Орал қаласының сырты – ред.) 1141 жер телімін жобалау жоспары жасалып, 2018 жылы инженерлік желілер жүргізуге қалалық бюджеттен 15 миллион теңге бөлінген" деді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Арман Бисимбалиев.

Орал қаласының сырты. Көрнекі сурет.
Орал қаласының сырты. Көрнекі сурет.

Шенеуніктің сөзінше, жобалау-сметалық құжаттары дайын, бірақ қаржы жетіспегендіктен жоба аяқталмаған. Газ, электр жарығы мен су құбырын тарту үшін барлығы екі миллиард теңгеге жуық қаржы керек.

Мақала авторы әкімдік қызметкерлері қайтыс болған немесе басқа мемлекеттерге көшіп кеткен адамдарды есептен шығару үшін мемлекеттік мекемелерге өтініш жібергенін жазды.

"Қазір 403 қайтыс болған және бір Ресейге көшкен адам кезектен шығарылды. Одан бөлек, 2019 жылы бізде 6 аукцион жүріп, 37 жер телімін жалға алу құқығы сатылды. Бұл - шамамен 5,8 гектар жер. Олардың жалпы бағасы - 39 миллион теңге" деді Арман Бисимбалиев.

АВТОБУС АПАТЫНАН ЖАРАЛАНҒАН БАЛАЛАР

Осы аптада Қазақстанның батысында екі жолаушылар автобусы апатқа ұшыраған. "Ақ Жайық" ақпараттық сайтының хабарлауынша, қыркүйектің 30-ы күні Атырауда шағын автобус пен жүк көлігі соғылып, сегіз ересек адам мен төрт бала жараланған. Басылым осы апаттан кейін жергілікті полиция қызметінің басшылары қоғамдық көлік жүргізушілерімен кездесу өткізгенін жазды.

"Жыл басынан бері Атырауда қоғамдық көлік қатысқан жол-көлік оқиғасында 3 адам қаза тауып, 16 адам жарақат алған. Биыл автобус жүргізушілеріне 243 әкімшілік қаулы толтырылған. Жылдамдықты асырмай, жол жүру ережелерін сақтаса, мұндай жағдайлар болмас еді. Бұл мәселені ерекше бақылауға алдық. Ешқандай құқықбұзушылық кешірілмейді" деген жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы Әлібек Қайыров.

Апатқа ұшыраған оқушылар отырған автобус. Ақтөбе облысы, 5 қазан 2019 жыл.
Апатқа ұшыраған оқушылар отырған автобус. Ақтөбе облысы, 5 қазан 2019 жыл.

"Қазанның 5-і күні Ақтөбеде мектеп оқушылары мінген автобус апатқа ұшырады – ата-аналар мен балалар табиғатқа шығу үшін жолға шыққан” деп жазды жергілікті "Диапазон" басылымы. Газеттің хабарлауынша, "Ниссан" көлігіне соғылған жолаушылар автобусы бір жаққа қарай құлаған. Балаларды қосқанда барлығы 29 адам жараланып, ауруханаға жеткізілген".

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин "білім басқармасы мен құқық қорғау органдары апат себептерін анықтайды" деп мәлімдеген. Жергілікті полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов жекеменшік автобусты "ата-аналар әлеуметтік желі арқылы жалдағанын" айтқан.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ҚАУІПТІ ҚАЛДЫҚТАР

Ng.kz сайты осы аптада Қостанай облысындағы Бозбек ауылына жақын жерден заңсыз төгілген қауіпті медициналық қалдықтар табылғанын жазды. Полигон орнына облыстық экология департаментінің қызметкерлері келіп, аумақты зерттеп, заңбұзушылықтарды суретке түсіріп алған.

Биіктігі 1,5 метр, диаметрі шамамен 30-40 метр болатын медициналық қалдықтар сайда үйіліп жатқан.

Осы аптада қалдық төгілген жерге барған тілшілер мен экологтар шприцтер мен колбалар толтырылған қаптар мен контейнерлердің орны күлге айналғанын көрген. "Қалдықтарды біз келерден бірнеше сағат бұрын өртеген – от әлі толық сөніп үлгермеген, сондықтан экологтар оқиға орнына өрт сөндірушілерді шақырды" деп жазады мақала авторы.

Заңсыз қоқыс полигоны. Көрнекі сурет.
Заңсыз қоқыс полигоны. Көрнекі сурет.

Сайттың хабарлауынша, журналистер өрт болған жерден шприц қаптамалары мен отқа жанған препарат колбаларын тапқан. Олардың бірқатарының сыртқы қаптамасы сақталған. Сондықтан мамандар препараттардың кімге тиесілі екенін анықтай алады.

- Біз "Б" (қауіпті) және "В" (аса қауіпті) санатына жататын препараттарды таптық. Әріптестерімізден көмек сұрадық. Бұл жерге шприц, ине, ампула, капельница және өзге де медициналық қалдықтарды қызыл және сары түсті қауіпсіз утилизациядан өткізуге арналған контейнерлер жиналған. Мұқият тексергеннен кейін контейнерлердің қаптамасында 2009, 2010 жыл деп жазылғанын анықтадық. Препараттардың бірінің сыртында Мартыненко және Дощанова деген адамдардың аты-жөні кездесті. Олар медициналық қалдықтардың өздеріне тиесілі екенін растап, жарамсыз қаптамаларды келісім бойынша утилизацияға бергенін айтты, - деді облыстық экология департаментінің инспекторы Сергей Мұқашев.

Басылым 2009 жылдан бері қалдықтарда қалған инфекция жойылып кетуі керегін, бірақ олардың құрамындағы пластик пен полиэтилен ұзақ ыдырап, қоршаған ортаға зиян келтіретінін айтқан инспектор пікірін берген.

Басылымның "Қазақстан заңына сәйкес, қалдықты заңсыз төккен адамға жеңіл жаза кесіліп, "Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодекстің 344-бабына сәйкес, (өндіріс пен тұтыну қалдықтарына қойылатын талаптарды бұзу, қалдық суларды төгу) 10 АЕК-тен (25 250 теңге) 30 АЕК дейін (75 750 тенге) айыппұл салынады" деп жазады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG