Accessibility links

Бедеулік жеке отбасының мәселесі ме?


Дәрігер жүкті әйелдің денсаулығын тексеріп жатыр. (Көрнекі сурет.)

Қазақстанда табиғи жолмен бала сүю мүмкіндігі жоқ 20 мыңнан астам ерлі-зайыпты тіркеуде тұр. Жасанды жолмен ұрықтандыруға бір адамға миллион теңгеге жуық қаражат кетеді. Мамандар бұл санаттағы мұқтаж адамдарға мемлекет деңгейінде көмек қажеттігін айтады.

Ресми статистика бойынша Қазақстанда жаңа үйленген ерлі-зайыптылардың 15-18 пайызы бедеулік, я белсіздік мәселесіне тап болады. Астана қаласының тұрғыны 37 жастағы Жанат Қызыр (аты-жөнін өзгертіп жазуды өтінді – ред.) – осындай қиындыққа ұшырағандардың бірі. 12 жыл бұрын тұрмыс құрған келіншек бір нәресте сүюге зар. Экстракорпоральды ұрықтандырудан да (ЭКҰ) әзірге нәтиже жоқ. Екі жыл бұрын Түркістан облысынан Астанаға қоныс аударған Жанат жұбайымен пәтер жалдап тұрады. Бала асырап алуына баспанасы жоқ жандарға рұқсат етпейтін заң кедергі екенін айтады.

ЭКҰ ЖАСАУҒА КЕШ, БАЛА АСЫРАП АЛУ ҚИЫН

- 2007 жылы тұрмыс құрдым. Бір жылдан кейін емделуге кірістім. Тұрғылықты мекен-жай бойынша ауылдың дәрігерлеріне барып көріндім. Олар "суықтағансың" (суық тигізгенсің – ред.) деп бір апта ем жасады. Солардың дәрілерін, ем-домын қабылдап жүрдім. Ем-шарадан кейін бес-алты ай күтесің. Бес-алты айдан кейін қарасам, ешқандай нәтиже жоқ. Тағы да дәрігерге баруға тура келді. Сөйтіп жүргенде біраз уақыт өтіп кетті, - дейді ол.

Жанат Астанаға көшіп келгеннен кейін ғана табиғи жолмен бала көтеру мүмкіндігінің өте төмен екенін білген. Шымкентте он жыл бойы медициналық бақылауда болған келіншек ешбір дәрігердің анық диагноз қоймағанын, тек үміттендірумен келгенін айтады. Шарасыздықтан дәстүрлі медицина көмегіне жүгініп, жергілікті халық емшілерін де түгендеп шыққан.

Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Жанат соңғы екі жылда жасанды ұрықтандыру жолымен (ЭКҰ – ред.) бала көтеру үшін екі рет талпынып көрген. Енді үшінші мәрте ЭКҰ көмегіне жүгінбекші.

- Ортада бала болмаса да ажырасқысы келмейтін отбасыларға мемлекет мүмкіндіктерді көбейтсе деген тілегім бар. Өйткені жас отбасылардың барлығында бала асырап алуға мүмкіндік болмайды. Ерлі-зайыптылар ажырасып кетпегенін қалайсың, - дейді кейіпкердің өзі күрсініп.

Жасөспірімдер ісімен айналысып жүрген құқық қорғаушы Камиша Есмұхамбетқызы Азаттыққа Жанат сияқты келіншектердің "бала асырап алу" жайлы арманының заңдық тұрғыда қалай қарастырылғаны туралы пікірін білдірді. Заңгер мемлекеттің ерлі-зайыптыларға мүмкіндік беруден гөрі жауапкершілікті шамадан тыс жүктеп тастағанын айтады.

- Бала асырап алушы адамның психикалық, физикалық жағдайы, жүріс-тұрысы мен әлеуметтік ахуалына назар аударған дұрыс. Заң бойынша наркологиялық тексеруден, СПИД сынағынан, терапевт пен психолог қарауынан өту керек. Бұлардың бәрі дұрыс. Бірақ сонымен бірге "баланың өз келісімі болу керек" немесе "мектептің талап-тілегі болу керек", "мекен-жай анықтамасы болу керек", "кірістің көлемі" деген секілді қосымша көптеген анықтамаларды тапсыруды талап етеді. Мұндай қағазбастылықтың түбіне жете алмайсың. Екіншіден, бала асырап алушыға шамадан тыс жауапкершілікті жүктеп қойған. Сондықтан қағазбастылықты азайтып, тууға мүмкіндігі жоқ, бірақ әлеуметтік жағдайы дұрыс ерлі-зайыптыларға мүмкіндік беру керек, - дейді ол.

ЕМДЕУ ҚҰНЫ

Ал жасанды ұрықтандыруға қабілетті деп танылған мыңдаған жас әйел әлі де болса құрсақ көтеруден үмітті. Бірақ оларға басқа бір кедергі бар. Қазақстанда 1996 жылы ЭКҰ жолымен алғашқы сәби туған соң бұл көмекке жүгінгісі келетін әйелдер саны күрт көбейген.

Сұранысқа сәйкес жекеменшік ЭКҰ орталықтары да ашыла бастаған. Қазір олардың саны 20-дан асты. Мемлекет 2019 жылы ЭКҰ-ға 900 квота бөлген. Квота 19-45 жас аралығындағы әйелдерге беріледі.

Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Гауһар Бисарина Азаттыққа квота саны соңғы бес жылда жеті есеге өскенін, ЭКҰ-ға жыл сайын мемлекеттен 500 миллион теңге бөлінетінін айтты. Саны шектеулі квота мұқтаж әйелдердің бәріне жетпейді. Мұндай жандардың көпшілігі үшін жасанды ұрықтандыру құны тым қымбат.

- ЭКҰ жасатуға шамамен бір миллион теңгеге жуық қаражат кетеді, - дейді "Нұрай" ЭКҰ клиникасының директоры Ақерке Сманова.

Оның айтуынша, ЭКҰ қызметінің құны – 365 мың теңге, оның үстіндегі қаржы емделуге және қажетті дәрі-дәрмектерге жұмсалады.

Жас жұбайлардың бала көтере алмауының бірнеше себебін атап өткен маман пациенттердің ЭКҰ көмек қыла алмайтын кезде кеш келетінін ескертеді. Оның айтуынша, бедеулік мерзімі бес жылға созылған әйелдерге бірден ЭКҰ жасалыну керек.

- [Клиникадағы] әрбір дәрігердің көмегіне күніне төрт-бес адам жүгінеді. Олардың арасында емделуге де, ЭКҰ жасатуға келетіндер де бар. Орташа есеппен алғанда әйелдердің 38-42 пайызы емделуден кейін [бала] көтеріп жатады. Мысалы, он әйелдің үш-төртеуі көтерсе, біз үшін бұл жақсы нәтиже болып есептеледі, - дейді Ақерке Сманова.

Ұйықтап жатқан сәбиінің қасында отырған жас ана. Шымкент, 11 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)
Ұйықтап жатқан сәбиінің қасында отырған жас ана. Шымкент, 11 тамыз 2015 жыл. (Көрнекі сурет.)

Кей мамандар Қазақстанда әйелдердің бала көтере алмауы жеке отбасының мәселесі емес деп санайды. Солардың бірі – әлеуметтанушы ғалым Айгүл Бейсенова.

- Медицина, әлеуметтік жұмыс, әлеуметтік педагогика бірігіп, кешенді жұмыс атқару керек, - дейді ол.

Ғалымның пайымдауынша, әйелдердің бала көтере алмауы ғылыми бағыттың бір зерттеу объектісі болып қалыптаспай жатыр. Оның басты себебі – қоғамдағы сұраныстың жоқтығы емес, мәселені шешу жолдарын, амалдарын білмеу.

- [Бедеулік] қазір қоғамда жеке адамның мәселесі ретінде қарастырылып келеді. Бұл дұрыс емес. Менің ойымша, үкімет [мәселені] өз қарамағына алып, үлкен бір әлеуметтік қиындық ретінде қарастыру керек, - дейді ғалым.


Денсаулық сақтау министрлігінің Азаттыққа берген дерегінше, Қазақстанда бедеулік мәселесі бойынша 20 мың 255 ерлі-зайыпты тіркеуде тұр. Олардың 10 мың 167-сі ЭКҰ көмегіне жүгіне алады. Яғни қалғандарының жасанды ұрықтандыру мүмкіндігі жоқ. Жасанды жолмен нәресте сүюге бөлінетін квота репродуктивті жастағы, дұрыс соматикалық, эндокринді статустағы, қалыпты овариалды резерві бар әйелдерге беріледі. Ал белгілі бір дімкәстігі бар немесе жасы белгіленген мөлшерден (45 жас – ред.) асып кеткен ерлі-зайыптылар квотаға ілінбейді.

(Мақаланы дайындауға Айтолқын Райхан мен Балнұр Қуанышова қатысты.)

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG