Accessibility links

Саудиялық ханзада Қытайдың "лагерьлерде тәрбиелеу" тәжірибесін қолдады


Мұхаммед бин Салман.

Оппозиялық журналист Жамал Хашоггидің өліміне байланысты батыс елдерінің өткір сынына ұшыраған Сауд Арабиясы ханзадасының жаңадан жақтастарын табуға тырысып жатқаны айтылады.

Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бин Салман Қытайдың мұсылмандарды "лагерьлерде қайта тәрбиелеу" тәжірибесін қолдады деп хабарлады Newsweek сайты. Ол жұма күні ресми сапармен Қытайға келген еді.

"Қытайдың ұлттық қауіпсіздікті сақтау үшін терроризм және экстремизммен күрес жүргізуіне құқығы бар" деді ханзада Пекинде. Оның сөзін Қытайдың мемлекеттік арналары жариялаған.

Бұған дейін бірқатар этникалық ұйғыр ұлтының өкілдері ханзаданы ресми сапары аясында "қайта тәрбиелеу лагерьлері" мәселесін көтеріп, экономикалық әріптесіне қысым жасауға шақырған. Алайда ханзаданың Пекиндегі мәлімдемесі ұйғырлардың көңілін қалдырған.

Қытайда Мұхаммед бин Салман вице-премьер Хань Чжэнмен кездескен. Тараптар энергия өндірісі мен химия өнеркәсібі саласында әріптестік орнату бойынша маңызды келісімдерге қол қойған. Сарапшылар екі ел экономикасының тығыз қарым-қатынаста екенін айтады. 2018 жылы екі ел арасында жүргізілген сауда-саттық көлемі 63 миллиард АҚШ долларына жеткен.

Басылым оппозиялық журналист Жамал Хашоггидің өліміне байланысты батыс елдерінің өткір сынына ұшыраған Сауд Арабиясы ханзадасының жаңадан жақтастарын табуға тырысып жатқанын жазады.

Қытайдан бұрын ол Пәкістанда болған. Пәкістанның ресми тұлғалары да бұған дейін Қытайдың Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын ақтай сөйлеген.

Құқық қорғаушылар мұсылман мемлекеттерінің лагерьлерге байланысты үнсіз қалғанын жиі сынайды. Бұған дейін тек Түркия ғана арнайы мәлімдеме жасап, Қытайды мұсылмандарға арналған "қайта тәрбиелеу лагерьлерін" жабуға шақырған. Бұған жылдам реакция танытқан Қытай Түркияның өте үлкен қателік жасап отырғанын жеткізген.

БҰҰ-ның дерегінше, Қытай батысындағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесінде шоғырланған саяси тәрбиелеу лагерьлерінде миллионға дейін мұсылман отыруы мүмкін. Қытай билігі оларды "кәсіптік үйрену орталығы" ретінде көрсетуге тырысса, адам құқығын қорғаушылар мен лагерьде болған азаматтар олардың "түрмеге ұқсас" екенін айтады.

Соңғы дерек бойынша, Қытайда қамалған мұсылмандар арасында ұйғыр, татар, қазақ, қырғыз, өзбек бар.

Қытайда тұратын этникалық қазақтардың туыстары бұған дейін Қазақстанның ірі қалаларында баспасөз конференциясын өткізіп, Астана мен Пекиннен көмек сұраған. Кейбір азаматтар Қазақстандағы Германия, АҚШ елшіліктеріне барып, мәселеге араласуын өтінген.

Бұған дейін Қытай батысындағы жағдайға байланысты Еуроодақ, Human Rights Watch ұйымы алаңдаушылық білдірген.

САЛМАННЫҢ АРАБ ЖУРНАЛИСІ ӨЛІМІНЕ ҚАТЫСЫ БАР МА?

Washington Post шолушысы, араб журналисі Жамал Хашоггидің өлімінен соң Сауд Арабиясы халықаралық қауымдастықтың өткір сынына ұшырады. Өткен жылдың аяғында АҚШ орталық барлау басқармасының (ЦРУ) сарапшылары Хашоггиді өлтіруге тапсырманы тақ мұрагерінің өзі ғана бере алады деген қорытынды жасаған.

Әуелі Сауд Арабиясы билігі "Хашогги елшілік ғимаратында өлтірілді" деген ақпаратты жоққа шығарды. Бірнеше апта өткен соң Эр-Рияд бұл ақпаратты растап, журналист өліміне байланысты 15 шақты адамға айып тағылғанын хабарлады. АҚШ сенаты және кейбір Еуроодаққа мүше елдер Салманның журналист өліміне қатысы бар деп есептейді.

Ал Сауд Арабиясы АҚШ сенатының резолюциясын айыптап, "дәлелсіз тұжырым жасауын" сынаған.

Ақпан айының басында Түркия президенті Режеп Ердоған төрт ай бұрын өлтірілген журналистің өліміне байланысты АҚШ "әрекетсіздігін" сынап, журналист өлімінің жай-жапсары ашылуы тиіс деп мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG