Accessibility links

Жоғарғы сот Жанмұрат Аштаевты дереу босатуды бұйырды, бірақ түрме әкімшілігі оны шығармай отыр


Қаңтар оқиғасына байланысты сотталып, Жоғарғы сот толық ақтаған Жанмұрат Аштаевтың туыстары белсендінің шығуын күтіп, түрменің сыртында тұр. Шымкент, 14 наурыз, 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты сотталып, Жоғарғы сот толық ақтаған Жанмұрат Аштаевтың туыстары белсендінің шығуын күтіп, түрменің сыртында тұр. Шымкент, 14 наурыз, 2023 жыл.

Жоғарғы сот "жаппай тәртіпсіздік" бабымен түрме жазасы кесілген шымкенттік белсенді Жанмұрат Аштаевты толық ақтады. Құқық қорғаушылар "саяси тұтқын" деп таныған Аштаев – Қаңтар оқиғасына байланысты бас бостандығынан айырылып, Жоғарғы сот ақтаған алғашқы адам. Сот "дереу босталсын" деп шешім шығарса да, түрме әкімшілігі белсендіні әлі қамауда ұстап отыр.

Жоғарғы сот 45 жастағы Жанмұрат Аштаевты толық ақтау және қамаудан дереу босату туралы шешімін 14 наурыз күні түсте жариялаған.

– Бірақ оны Шымкент түрмесінен әлі шығарған жоқ, – деді бейсенбі, 16 наурыз күні түстен кейін Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен белсендінің әйелі Мөлдір Нұранова.

Былтыр 7 қаңтарда полиция үйінен күштеп әкеткен Аштаев содан бері қамауда отыр. Жоғарғы сот шешімі шыққаннан кейін туыстары мен серіктері кейінгі екі күн қатарынан Шымкенттегі түрменің алдына жиналып, бірнеше сағат сарыла күтті, алайда мекеме әкімшілігі белсендіні қамаудан босатпай отыр.

Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған белсенді ақталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:10 0:00

ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН СОТТАЛҒАН

Жоғарғы сот биыл 16 қаңтарда Жанмұрат Аштаев пен қорғаушыларының кассациялық шағымы бойынша істі қайта қарауға қабылдаған.

Былтыр 15 шілдеде Шымкенттің әл Фараби аудандық соты жергілікті үш белсендіні Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3-бөлігі ("жаппай тәртіпсіздікке қатысу және шақыру") бойынша айыпты деп таныған. Сот Жанмұрат Аштаевқа 3 жыл 1 ай, Қайрат Сұлтанбекке 3,5 жыл, ал Ләззат Досмамбетоваға 3 жыл 7 ай түрме жазасын кескен.

Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған белсенділер (солдан оңға қарай): Қайрат Сұлтанбек, Жанмұрат Аштаев және Ләзат Досмамбетова сот залында отыр. Шымкент, 13 шілде, 2022 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған белсенділер (солдан оңға қарай): Қайрат Сұлтанбек, Жанмұрат Аштаев және Ләзат Досмамбетова сот залында отыр. Шымкент, 13 шілде, 2022 жыл.

Сот үкім шығарғанда сүйенген тергеушілердің айыптау қорытындысына үш белсендінің 2022 жылы қаңтардағы тергеу амалдары кезінде жасырын тыңдалған телефон әңгімесі негіз болған. Билік үшеуін Шымкентте "4-6 қаңтарда болған жаппай тәртіпсіздікке, дүние-мүлікті бүлдіріп-қиратуға қатысқан, басқа адамдарды тәртіпсіздікке қатысуға шақырған" деп айыптаған.

Тағылған айыпты мойындамаған үш белсенді "бейбіт наразылық білдіргенін, бірақ жаппай тәртіпсіздікке қатыспағанын" айтып, үкімнің саяси астары бар деп мәлімдеді. Сот айыпталушы Досмамбетова кәмелетке толмаған екі баласы бар жалғызілікті ана екенін ескеріп, белсендінің жазаны өтеу уақытын екі жыл кейінге қалдырған еді. Аштаев пен Сұлтанбек жаза өтеу мекемесіне жіберілді.

Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған белсенді Жанмұрат Аштаев қамауда отырған түрме. Шымкент, 15 наурыз, 2023 жыл.
Қаңтар оқиғасына байланысты сотталған белсенді Жанмұрат Аштаев қамауда отырған түрме. Шымкент, 15 наурыз, 2023 жыл.

2022 жылғы 8 қыркүйекте Шымкент қалалық соты Аштаевтың апелляция шағымын қанағаттандырмады. Билік қараша айында Аштаев пен Досмамбетованың өздеріне амнистия заңын қолдануды сұраған өтінішін екеуі бұрын "тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу" бабымен сотталған деген уәжбен қанағаттандырудан бас тартты. Қарашада амнистиямен түрмеден босатылған Қайрат Сұлтанбек отбасымен бірге елден кетіп қалды.

Аштаев пен Досмамбетова түрмеден хат жолдап, Еуропа одағының депутаттары мен БҰҰ-дан араша сұрады.

Қазақстан құқық қорғаушылары Жанмұрат Аштаевты "саяси тұтқын" деп таныған.

"ТОЛЫҚ АҚТАЛЫП, ҚАМАУДАН ДЕРЕУ БОСАТЫЛСЫН"

Жанмұрат Аштаевтың әйелі, бес баланың анасы Мөлдір Нұранова кассациялық соттың отырысына 14 наурызда таңертеңнен дайындалған еді. Бесікке құндақтаулы бес айлық нәрестені тамақтандырып, оны мектеп жасындағы балаларына тапсырды.

– Жанмұрат қамауға алынған кезде осы балама жүкті едім. Дүниеге келген қызын 20 күннен кейін көрді ғой. Айына екі рет балалармен видеобайланыс арқылы сөйлесіп тұрады. Екі айда бір рет екі күндік кездесуге түрмеге кіріп тұрамыз, – деді Астанадағы кассациялық соттың отырысына онлайн қатысқан әйел. Шымкенттегі түрмеде "техникалық мүмкіндік болмауына" байланысты Аштаевтың өзі сотқа қатыса алмады.

Мөлдір Нұранова күйеуі Жанмұрат Аштаевты толық ақтаған Жоғарғы соттың шешімін онлайн тыңдап тұр. Шымкент, 14 наурыз, 2023 жыл.
Мөлдір Нұранова күйеуі Жанмұрат Аштаевты толық ақтаған Жоғарғы соттың шешімін онлайн тыңдап тұр. Шымкент, 14 наурыз, 2023 жыл.

Мөлдір былтыр күйеуі қамалғаннан бастап оған дәлелсіз, нақақтан айып тағылғанын айтып, жұбайын босатуды талап етіп, наразылық акцияларына да шығып жүрді.

– Жанмұратты айыптауға дәлел жоқ. Сотқа дейінгі тергеу кезінде азапталды, қысым көрді. Бірақ айыпты мойындаған жоқ. Соңғы рет әлдебіреулер түрмеге келіп, "Айыпты мойындап, [Қазақстан президенті Қасым-Жомарт] Тоқаевтан кешірім сұрасаң, рақымшылыққа ілінесің" депті. Сонда да мойындамады. Жоғарғы сот ақтамаса не істеймін? Осылай түрмеде жата бере ме? – деді қапалы үнмен.

Сейсенбіде Жоғарғы сотта кассациялық шағым бойынша отырыс басталғаннан кейін Мөлдірдің екі көзі телефонда болды.

Судья әуелі сөзді қорғаушыларға, Аштаевпен бірге істі болған белсенді Ләззат Досмамбетоваға, одан кейін прокурорға берді. Қорғаушылар Аштаевты ақтауды, ал прокурор әл-Фараби аудандық соты мен Шымкент қалалық сотының қаулысын күшінде қалдыруды сұрады.

– Қиратуға, өртеуге қатыспадым. Саяси көзқарасыма байланысты қудалауға түстім. Заңсыз сотталдым. Тағы айтамын, ұялы телефонмен 6 қаңтарда сөйлестік. Оқиға 4 қаңтарда болды. Айыптауға дәлел жоқ, ақтауды, жазадан босатуды сұраймын, – деді Жоғарғы сот отырысында Ләззат Досмамбетова.

Кеңесу бөлмесіне кеткен судья шамамен 20 минуттан кейін оралып, шешімін оқыды.

– Жанмұрат Аштаевқа қатысты Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық сотының және Шымкент қалалық соты қаулысының күші жойылсын. Аштаевтың іс-әрекетінде Қылмыстық кодекстің 272-бабының 2-3 бөлігінде көзделген қылмыстық құқықбұзушылық әрекеттер болмауына байланысты іс тоқтатылсын. Аштаев қамаудан дереу босатылсын. Қылмыстық-процестік істі жүргізген органның заңсыз әрекеттері салдарынан келтірілген зиянды өндіруге құқығы бар деп танылсын, – деді Жоғары сот судьясы Әбдірашид Жүкенов. Ол былтыр жазда Әштаевпен бірге сотталған шымкенттік белсенді Ләззат Досмамбетоваға амнистия туралы заң қолданылып, жазасы өтелген деп есептелетінін жариялады.

Жоғарғы соттың ұйғарымын естіген кезде алғашында сенер-сенбесін білмей тұрып қалған Мөлдір Нұранова "А-а-а!" деп айқай салып, жылап жіберді. Оның дауысын естіген балалары көрші бөлмеден жүгіріп шықты. "Әкелерің шығады!" деді Мөлдір дауысы дірілдеп. Бұл сөзді естіген сәтте балалар анасымен қосыла жылады. Астанадағы Жоғарғы сот отырысына қатысқан Аштаевтың туыстары да қуанғаннан бірін-бірі құшақтап, көзіне жас алды.

– Жанмұрат ақталды! Дәлелі жоқ айып тағылғанын, кінәсіз екенін дәлелдей алмау қиын екен. Туған бауырларына, туысқандарына өте қиын болды. Сөзім жоқ, толқып тұрмын, – деді Мөлдір Нұранова көз жасын тия алмай.

Адвокат Әбдіраман Аққұлов. Шымкент, 14 наурыз, 2023 жыл.
Адвокат Әбдіраман Аққұлов. Шымкент, 14 наурыз, 2023 жыл.

Жоғарғы сот шешімі шыққаннан кейін Жанмұрат Аштаев жазасын өтеп жатқан түрмеге барған Азаттық тілшісі адвокат Әбдіраман Аққұловты жолықтырды. Ол былтыр Қаңтар оқиғасынан кейін тергеу органы үш белсендіге "наразыларға ақша таратты, мемлекеттік мекемелерді басып алмақ болды" деген айып тағуға тырысқанын айтып берді. Үшеуінің телефоннан тыңдалған пікірі айыптауға негіз бола алмайды деп есептейді заңгер.

– Пікір алмасу – қылмыс емес. Айып тағуға дәлел жоқ. Заң бойынша, ондай айып тағу үшін күш қолдану, бүлдіру, өртеу деген сияқты іс-әрекет болуы керек. Ондай әрекет болмаған, – деді Аққұлов.

ҚАНДЫ ҚАҢТАР, БЕЛСЕНДІЛЕРДІ ҚУДАЛАУ

Шымкентте Қаңтар оқиғасы 2022 жылғы 4 қаңтарда кешке бейбіт шерумен басталған. Мыңдаған адам қатысқан наразылықтың аяғы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ресми дерек бойынша, 20 адам мерт болып, 200-ден астам адам жараланды (73-іне оқ тиген). Мыңнан астам адам әкімшілік жауапқа тартылды. 86 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Сот олардың барлығына дерлік бостандығын шектеу жазасын беріп, басым бөлігін қамаудан босатты. Тек үш белсенді – Жанмұрат Аштаев, Ләззат Досмамбетова мен Қайрат Сұлтанбекті бостандығынан айыруға үкім шығарды.

Ләззат Досмамбетова (ортада) Жоғарғы сот толық ақтаған Жанмұрат Аштаевты күтіп алуға түрме алдына келіп тұр. Шымкент, 14 наурыз, 2023 жыл.
Ләззат Досмамбетова (ортада) Жоғарғы сот толық ақтаған Жанмұрат Аштаевты күтіп алуға түрме алдына келіп тұр. Шымкент, 14 наурыз, 2023 жыл.

Аштаев пен Досмамбетова Қаңтар оқиғасына дейін бірнеше рет наразылық шараларына қатысқаны үшін әкімшілік жауапқа тартылған: сот оларға айыппұл салып, әкімшілік қамауға алған. 2021 жылы билік екі белсендіні "тыйым салынған ұйымның қызметіне қатысты" (405-бап) деген айыппен қылмыстық жауапқа тартып, сот үкімімен түрлі мерзімге бостандығын шектеген. (Оларды Қазақстанда сот шешімімен "экстремистік" ұйым деп танылған, тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" және "Көше партиясы" тіркелмеген қозғалыстарына қатысы бар деп жазалаған. Еуропарламент өз қарарында бұл екі қозғалысты "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атаған – ред.). Қазақстандық құқық қорғаушылар Аштаев пен Досмамбетованы қудалаудың саяси астары барын айтып, қамалған екеуін "саяси тұтқындар" тізіміне енгізген.

Былтыр қаңтардың басында Қазақстанның батыс өңірінде сұйылтылған газдың қымбаттауына қарсылық басқа өңірлерге де тарап, наразы халық көшеге шықты. Демонстранттар жылдар бойы шешілмей келе жатқан әлеуметтік мәселелерді көтеріп, саяси талаптар да қойды. Бірнеше қалада наразылық дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік және жекеменшік ғимараттар ойрандалып, бүлінді.

Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз оқ ату туралы бұйрық бергені елдің ішінде де, халықаралық тараптан да сынға қалды. Ресми есеп бойынша, кемінде 238 адам қаза болды. Мыңдаған адам қамауға алынып, жүздеген адам азаптауға тап болғанын айтып шағынды. Бірақ билік азаптау туралы арыз-шағым бойынша қозғалған істердің көбін жауып тастады. Ресми Астана Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың қатысуымен жан-жақты, ашық зерттеуге үндеген қоғам ұсынысын қабылдамады.

Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қаңтар оқиғасын тергеп-тексеруді билік біржақты жүргізді, қаза болғандар мен азаптаудан зардап шеккендердің ісі әділ тергелген жоқ дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG