Accessibility links

Дәнекерлеуге тартылған мұғалім қаза тапты


Халел Досмұхамбетов атындағы жалпы орта мектептегі жөндеу жұмысы кезінде жарылыс болған орын. Шымкент, 27 ақпан 2017 жыл

Шымкентте мектептегі жөндеу жұмысына тартылып, дәнекерлеу кезінде жарылыстан өлген мұғалімнің қазасы мекемелердің еңбек қауіпсіздігін қадағалап, адам өмірін сақтаудағы салғырттығына назар аудартты.

Шымкенттегі Халел Досмұхамбетов атындағы №4 жалпы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сейітжан Ізбасаров мектеп дәретханасындағы дәнекерлеу жұмысы кезінде жарылыс болып, ауыр жарақат алып, мерт болды. Құзырлы орындар бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүріп жатқанын айтады.

Төтенше жағдай ақпанның 26-сында түскі сағат 13:30-да Халел Досмұхамбетов атындағы №4 жалпы орта мектептің кіші фойесінде болған. Газ-дәнекерлік жұмысын істеп жүрген осы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі 35 жастағы Сейітжан Ізбасаров қатты жараланып, ауруханада жан тапсырды.

Шымкенттегі Асар-2 шағын ауданында тұратын үш баланың әкесі Сейітжан Ізбасаров ақпанның 27-інде туған жері Оңтүстік Қазақстан облысы Бәйдібек ауданында жерленді. Сейітжан Ізбасаровтың туған-туыстарымен байланысу мүмкін болмады.

Халел Досмұхамбетов атындағы жалпы орта мектебіне кіретін сыртқы есіктің бірі. Шымкент, 27 ақпан 2017 жыл.
Халел Досмұхамбетов атындағы жалпы орта мектебіне кіретін сыртқы есіктің бірі. Шымкент, 27 ақпан 2017 жыл.

Дүйсенбі күні түсте оқиға орнына барған Азаттық тілшісін ішке кіргізбеуге тырысқан мектеп қызметкерлері оқиға жөнінде қандай да пікір беруден бас тартты.

Азаттық тілшісі мектептің кіші фойесінің қабырғасының кейбір жері зақымданғанын, жаңа терезе қойылғанымен еденде ескі терезенің сынықтары жатқанын көрді. Фойенің жанында орналасқан дәретхана қопарылған. Фойеден сыртқа шығатын есіктің жанында дәнекерлеуге арналған баллонмен сынған унитаздардың бөлшектері жатыр.

Азаттық төтенше оқиға туралы Шымкент қалалық білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу, экономикалық, материалдық-техникалық базаны нығайту секторының меңгерушісі Пазылхан Асауовтан комментарий сұрады. Асауовтың айтуынша, мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Қасым Бұралхиев мектепте оқушы балалардың сабақ өтуіне кедергі жасамау үшін жексенбі күні дәретханадағы дәнекерлеу жұмысын істеуге «көмек беріңдер» деп ер мұғалімдерді жинаған. Дәнекерлеу жұмысы барысында әлдене жарылып, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Сейітжан Ізбасов жарақат алған.

Шымкент қалалық білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу, экономикалық, материалдық-техникалық базаны нығайту секторының меңгерушісі Пазылхан Асауов. Шымкент, 27 ақпан 2017 жыл.
Шымкент қалалық білім бөлімінің мемлекеттік сатып алу, экономикалық, материалдық-техникалық базаны нығайту секторының меңгерушісі Пазылхан Асауов. Шымкент, 27 ақпан 2017 жыл.

- №2 жедел жәрдем ауруханасына жеткізілген Сейітжан Ізбасаров бір сағаттан соң қайтыс болған. Бұл жерде директордың шаруашылық ісі жөніндегі орынбасарымен бірге алты адам болған. Не жарылғанын білмейміз. Мұғалімдер дәретханада жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан, - дейді сектор меңгерушісі.

Пазылхан Асауов мектептегі ауқымды, күрделі құрылыс жұмысына бюджеттен қаражат бөлінетінін, ал кішігірім жөндеу «мектептің ішкі мәселесіне жататынын» айтады.

- Құзырлы органдар тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Қорытындының негізінде тәртіптік шара қолданылатын шығар, - деді Асауов.

Азаттық тілшісі Халел Досмұхамбетов атындағы №4 жалпы орта мектеп директорының міндетін уақытша атқарушы Қасым Бұралхиевтің ұялы телефонына хабарласқанымен, ол телефонын көтермеді.

Оңтүстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Нұрғали Жүнісов Азаттыққа «жарылыс нақты неден болғаны әлі анықталмағанын» хабарлады.

Нұрғали Жүнісов, ОҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары. Шымкент, 27 ақпан 2017 жыл.
Нұрғали Жүнісов, ОҚО төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары. Шымкент, 27 ақпан 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл іс ақпанның 26-сында Абай аудандық ішкі істер бөліміне тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 156-бабы 3-тармағы бойынша іс қозғалған. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Республикалық «Ағартушы» қоғамдық қозғалысының төрағасы Өмір Шыныбекұлы мұғалімдердің өз міндетіне жатпайтын мектеп жұмысынан бас тарта беруге директордың алдында ыңғайсызданатынын айтады. Оның сөзінше, күрделіге жатпайтын жөндеу түрлеріне жұмысшыны шеттен шақыртуға қаржысы жоқ директорлардың мұғалімдерді жұмсаудан басқа амалы жоқ.

- Әдеттегідей, бұл жерде де жергілікті басшылардың арасынан кінәліні іздеу басталады. Бұл жағдайда мектеп әкімшілігі де, қалалық білім бөлімі де кінәлі емес. Мәселе – министрлікте. Облыс, аудан орталықтарындағы білім мекемелеріндегі компьютерлік-ақпараттық технологиясына арнайы қызмет көрсету орталықтары құрылмағаны сияқты, мемлекет мектептердің әкімшілік бөлмелері мен дәліздерін жөндеуге ғана қаражат қарастырып, қалған құрылысқа қаражат бөлмегендіктен мектеп басшылары өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр, - дейді Шыныбекұлы.

Оңтүстік Қазақстан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқарма бөлімінің басшысы Асқар Сейітқазин Азаттыққа Шымкенттегі №4 Халел Досмұхамедов атындағы жалпы орта мектепте болған төтенше жағдай бойынша еңбек инспекциясы арнайы тексеру жұмыстарын бастағанын айтты.

- Естуімше, онда (мектепте - ред.) кислород баллоны жарылған. Бұл баллонға кез-келген техникалық май тисе, жарылады. Бұл оқиғаны әлі тексереді. Қандай жағдай болса да, бұл – еңбек қауіпсіздік ережесін сақтамау салдарынан болған оқиға, - дейді ол.

Асқар Сейітқазин мұндай еңбек қауіпсіздігін бұзуға жұмыс беруші мен жұмысшының еңбек қауіпсіздік ережелерімен таныспауы, білмеуі және оны сақтамауы себеп болады.

Ресми ақпаратқа сәйкес 2016 жылдың қорытындысы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында еңбек қауіпсіздігін сақтамау салдарынан 93 жазатайым жағдай тіркелген. 107 адам зардап шеккен. Олардың 22-сі – әйелдер. Қайтыс болған адам саны – 12. Ал қатты жарақаттанғандар саны – 42. Тек 2017 жылдың қаңтар айында еңбек қауіпсіздігін сақтамау кесірінен ОҚО-да 12 жағдай тіркеліп, 13 адам зардап шеккен. Олардың біреуі қайтыс болған.

  • 16x9 Image

    Дилара ИСА

    Дилара - Азаттықтың Шымкенттегі тілшісі. 1986 жылы туған. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Абай атындағы ҚазҰПУ-ді бітірген.

    "Жас Алаш" газетінде жұмыс істеген.

    Азаттықпен 2012 жылдан бері әріптес.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG