Accessibility links

Тоқтар Төлешов екінші рет сотталды


Тоқтар Төлешов сот залында үкім тыңдап тұр. Шымкент. 1 қараша 2017 жыл.
Тоқтар Төлешов сот залында үкім тыңдап тұр. Шымкент. 1 қараша 2017 жыл.

Шымкенттегі Еңбекші аудандық соты «мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті» үшін 21 жылға сотталған Тоқтар Төлешовті «салықтан жалтару» айыбы бойынша екінші рет соттады. Сот кәсіпкер мен оның «сыбайласы» деп танылған сегіз адамды айыпты деп тапты.

Қарашаның 1-інде шыққан үкімді тыңдауға Тоқтар Төлешов әдеттегідей арнайы жасақпен жеткізілді. Шымкенттегі Еңбекші аудандық сотына сотталушының туыстары мен адвокаты Мархаба Жақыпова қатыспады. «Оның сыбайласы» деп танылған сегіз адамның біреуі ғана үкімді тыңдауға келді.

Судья Мырзалы Жорабаев кәсіпкер Тоқтар Төлешовті үш бап бойынша айыпты деп тапты.

- Тоқтар Төлешов Қылмыстық Кодекстің 245- баптын 3-бөлігімен (салықтан жалтару – ред.) 5 жылға бас бостандығынан айырылып, 3 жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметін атқару құқығынан айырылады, 251-баптың 1-бөлігімен (бағалаушы өкілетін теріс пайдалану – ред.) 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылады, 5 жылға коммерциялық ұйымдарда басшылық ету құқығынан айырылады, 28-баптың 3-бөлігімен (қылмысқа сыбайлас түрінде қатысу – ред.) айыпты деп танылды. 28-баптың 3-бөлігі қылмыстық теріс қылық болып есептелінеді және жасалған уақытынан бір жыл өтуіне байланысты бұл бап бойынша айыптан босатылады, - деді судья.

Еңбекші аудандық сотының судьясы Мырзалы Жорабаев. Шымкент. 1 қараша 2017 жыл.
Еңбекші аудандық сотының судьясы Мырзалы Жорабаев. Шымкент. 1 қараша 2017 жыл.

Былтыр қарашада Астананың мамандандырылған ауданаралық әскери соты Тоқтар Төлешовке «билікті басып алмақ болды» деген негізгі айыппен 21 жылдық түрме жазасын кескен. Сәрсенбі күні судья бұрынғы жазаға жаңа тағайындалған жаза кірістіріліп, Төлешовке түпкілікті 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын, өмір бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметін атқаруға тыйым салынғанын айтты.

- Мемлекетке келтірілген 1 миллиард 368 миллион 587 мың теңге залал өндірілсін, - деді судья.

Үкімді Тоқтар Төлешов езу тарта, еркін тыңдады. Үкімді оқып болған судья сотталушыдан үкімнің түсінікті, түсініксіз екенін сұрамай бірден сот залынан шығып кетті.

Сот залынан әкетілер алдында Тоқтар Төлешов журналистердің сұрағына жауап ретінде «үкіммен келіспейтінін», «тағылған айыптың бәрі ойдан шығарылғанын», «заң бойынша жұмыс істегенін, ешбір қылмысқа бармағанын» айтып үлгерді.

- Апелляциялық шағым түсіреміз. Бірақ сот әділ шешім шығаратынына сенбеймін, - деді Төлешов.

Төлешовтің пікір беруіне арнайы жасақ қарсылық білдіріп, журналистерден сот залынан шығуды сұрады.

Тоқтар Төлешов ісі бойынша айыптау актісін оқыған прокурор Балғабай Сайрамбайұлы соттан қандай айыптау сұрағаны жөнінде Азаттыққа комментарий беруден бас тартты.

Тоқтар Төлешов 21 жылға сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:12 0:00

Тоқтар Төлешов пен «оның сыбайласы» деп танылған сегіз адам – Сәбит Алдабергенов, Ольга Аллакулиева, Гүлжан Бексейітова, Нұржан Қарақожаев, Светлана Лукина, Мадияр Мұсаев, Алексей Носков пен Құрмаш Омаровтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша Еңбекші аудандық сотының төрағасы Айдос Сұлтанов журналистерге комментарий берді.

- Тоқтар Төлешовтың «сыбайласы» деп танылған Нұржан Қарақожаевқа үкім бүгін оқылды. Қарақожаев қылмыстық кодекстің 361-бабы (лауазымдық өкілетті теріс пайдалану – ред.) бойынша айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан және өмір бойы коммерциялық ұйымдарда басшылық жұмыс істеу құқығынан айырылды. Рақымшылық заңы бойынша оның жазасы екі жылға бас бостандығын шектеумен алмастырылды, - деді Сұлтанов.

Төрағаның сөзінше, Төлешовтің қалған «сыбайластарының» ісі келісімді іс-жүргізу тәртібімен қаралған. Сотталушылар рақымшылық заңына ілінген.

Светлана Лукинаға 4 жыл шартты жаза тағайындалған, Алексей Носков жауапкершіліктен босатылған, Гүлжан Бексейітова, Сәбит Алдабергенов, Құрмаш Омаров, Мадияр Мұсаев, Ольга Аллакулиев негізгі жазадан босатылған, - деді төраға.

«Тоқтар Төлешовтің сыбайласы» ретінде жауапқа тартылған сегіз адамның арасында мемлекеттік қызметкерлер де бар. Сотты болған мемлекеттік қызметкерлер өмір бойы мемлекеттік қызметте істеу құқығынан айырылды.

Көре отырыңыз: AzattyqLIVE: Төлешов және "мемлекеттік төңкеріс"
Тоқтар Төлешов және «мемлекеттік төңкеріс»
please wait

No media source currently available

0:00 0:35:07 0:00

Тоқтар Төлешовке алғашында «салықтан жалтарғаны», «қаржылық және бухгалтерлік есепте жалған мәліметтер көрсеткені», «қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайласа қатысқаны» және «аса ірі көлемде және бірнеше мәрте пара бергені» үшін қылмыстық кодекстің алты бабы бойынша айыптар тағылған болатын.

«Шымкент сыра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бас бухгалтері болып істеген Светлана Лукинаға қылмыстық кодекстің «салықтан жалтару» және «бірнеше мәрте пара беру» баптары бойынша, «Дархан шыны зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарған Ольга Аллакулиеваға «салықтан жалтару», жеке кәсіпкер Құрмаш Омаровқа «қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайласа қатысу», «салықтан жалтару» және «бухгалтерлік пен қаржылық есеп заңнамасын бұзу», «Шымкент сыра» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары болған Алексей Носковқа «салықтан жалтару» және «қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайласа қатысу» баптары бойынша айыптар тағылған.

«Шымкент сыра» зауытының иесі болған кәсіпкер Тоқтар Төлешов 2016 жылы қаңтардың 30-ында Шымкент қаласында тұтқындалған.

Бизнесменге «қылмыстық топ құрып, билікті басып алмақ болған» және «жер дауына қатысты митингілерді қаржыландырған» деген айыптар тағылған. Былтырғы қарашаның 7-сі күні Астананың мамандандырылған ауданаралық әскери соты Тоқтар Төлешовті 21 жылға бас бостандығынан айыруға, жазасын қатаң режимдегі колонияда өтеуге, дүние-мүлкін тәркілеуге, мемлекеттік марапаттарынан айыруға үкім кескен. Астанада Тоқтар Төлешовтің ісі бойынша сот процесі жабық өткен еді.

XS
SM
MD
LG