Accessibility links

"Ресейге келгенімізге 25 жыл болды, әлі күнге дейін бөшкеде тұрамыз"


Тәжікстаннан Ресейге қоныс аударған отбасы тұрып жатқан уақытша баспана.
Тәжікстаннан Ресейге қоныс аударған отбасы тұрып жатқан уақытша баспана.

Ресейдің Воронеж облысы Борисоглебск қаласында 25 жыл бұрын Тәжікстаннан қоныс аударған орыстардың басым бөлігі тұрады. Өткен ғасырдың 90-жылдары азаматтық соғыстан бас сауғалаған 450-ден астам отбасы осы жерге келген.

Қоныс аударушы мәртебесін алған бұл азаматтар жеке баспанаға қол жеткіземіз деп үміттенген. Бірақ ондағы 18 отбасының үміті ширек ғасыр өтсе де ақталмады. Қазір олар суы жоқ, жайсыз уақытша баспаналарда тұрып жатыр. Олардың бір бөлігі - темірмен қапталған дөп-дөңгелек фанера бөшкелер.

Тәжікстаннан қоныс аударғандар жайлы видео көріңіз (Орыс тілінде).

Наталья Зайцева 1993 жылы Тәжікстанда азаматтық соғыс болып жатқан кезде отбасымен бірге Душанбеден қашқан.

"Сұмдық атыс болды. Біз орталықта тұратынбыз, күн сайын түнде балкондарға оқ ататын. Әйнектер шашылып, адамдар сұлап жатты" деп еске алады ол.

Ресейге қоныс аударғаннан кейін 26 жастағы әйел өз баспанам болса деп армандаған. Күйеуі мен қайын атасы бұған дейін қайтыс болған. Бірақ Наталья баспаналы болу арманынан қол үзбеген. Ол әлі де болса арманым орындалатын шығар деп үміттенеді және үйді қай жерге салу керектігін де жоспарлап қойған. "Үйді салуға ұлдарым мен қыздарым көмектеседі" дейді ол. 25 жыл бойы отбасымен бірге темірмен қапталған фанера бөшкеде тұрып келгенін айтқан әйел онда тұруға жайсыз екенін айтады.

"Суды өзіміз тасимыз. Қолжуғыш екі шелектен жасалған, оны өзіміз құрастырдық. Бірақ жаңа үйге арнап шұңғыр да қазып қойдық, құм әкелдік" дейді Зайцева.

Тәжікстаннан қоныс аударған азаматтардың көбі үйлерін өз күшімен тұрғызған. Сондай тұрғынның бірі Ольга Васильевна құрылысшылардан қалған қабырғасы ғана болған үйді ұзақ уақыт бойы жөндеп, жақында ғана кіріп алғанын айтты.

"Тек бетон қабырғалар ғана болған, біз бәрін аяғына дейін жасап жөндедік" дейді Васильева.

Борисоглебск елді мекенінде тұрақтап қалған Тәжікстаннан қоныс аударғандар көркем-рәсімдеу кооперативі (ХОКО) ұйымының жұмысын жандандырған.

Бұл ұйымның мүшелері 90-жылдардың басында-ақ өзара бірігіп, Ресейге қоныс аудару жолын іздеген. Арамыздағы суретшілер мен реставраторларға көп жұмыс табылады деп Ресейдегі көне Борисоглебск қаласын таңдадық дейді ХОКО мүшелері. Оның үстіне сол кездегі қала әкімшілігі оларға көмектесуге уәде беріпті. Ақырында Борисоглебск қаласына 90-жылдардың басында Тәжікстаннан 400-ден астам отбасы көшіп барған. Алғашында 186 отбасы саяжайдан уақытша баспана алған, ал қалғандары жатақханалар мен жалдамалы пәтерлерге қоныстанған.

Мұндағы өмірге бейімделе бастағаннан кейін кооператив өз күшімен қоныс аударғандарға арнап көп қабатты ғимараттар мен коттедж қалашықтарын сала бастаған. Федералдық көші-қон қызметі және облыстық министрлік құрылысқа ақша бөліп, 2000-жылдардың басына дейін құрылыс жалғасқан. Бірақ қала мен облыс басшылығы ауысып, мемлекет жобаны қаржыландыруын тоқтатты деп шағымданады ХОКО ұйымының директоры Анатолий Балашов. Бұған қоса, оның сөзінше облыстық құрылыс министрлігі "жер телімдерін тиісінше қолданбады" деген себеппен кооперативтен 700 мың рубль өндіріп алуға тырысқан.

Наталья Зайцева
Наталья Зайцева

"Тірнектеп жинаған қаражаттың бәрін алып, жер салығын төлейміз, енді қазір тағы да бізден ақша өндіріп алғысы келеді. Бұрын құрылысқа деп берген ақшаны сот арқылы тартып алып жатыр" дейді Балашов.

20 жылдан астам уақыт ішінде кооператив қызметкерлері 400-ден астам отбасын баспанамен қамтамасыз ете алған. Бірақ қоныс аударғандардың барлығын баспанамен қамтамасыз ете ала ма, ол жағы белгісіз. 90-жылдардың басында Тәжікстаннан Ресейге қоныс аударғандардың барлығы-дерлік қазір зейнет жасында. Көбі құрылыс жобаларын өз күшімен аяқтай алмайды: ақша жоқ, қажыр-қайрат та жетіспейді. ХОКО мүшелері жергілікті билік баспанамен көмектесетін шығар, тым болмағанда ақшаларын тартып алмайды деп үміттенеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG