Accessibility links

Ташкент ондаған этникалық өзбекке елге баруға рұқсат етпей отыр


Мәскеудегі Өзбекстан елшілігінің ғимараты
Мәскеудегі Өзбекстан елшілігінің ғимараты

Шетел азаматтарына айналған ондаған бұрынғы өзбекстандық елде туристік виза беру тәртібі оңайлады деген жаңалықтан қанаттанып, Ташкентке баруға жиналған. Бірақ оларға туған еліне кіруге рұқсат бермей қойған.

Олардың көбі - эмиграцияда өмір сүріп, өзге елдің азаматтығын алған Өзбекстанның бұрынғы азаматтары немесе 2014 жыл марқұм президент Ислам Каримовтың жарлығымен Өзбекстан азаматтығынан айырылған оппозиционерлер, құқық қорғаушылар, журналистер және олардың туыстары.

ЕЛГЕ КІРУДІҢ ЖАҢА ТӘРТІБІ

Бір ай бұрын Өзбекстан электронды виза жүйесін енгізіп, 101 мемлекеттің азаматтары үшін визасыз кіру тәртібін енгізген.

Президент Шавкат Мирзияев шілденің 4-і күні қол қойған "Шетел азаматтарының Өзбекстан Республикасына кіру тәртібін оңтайландыру шаралары туралы" қаулысына сәйкес, 101 елдің азаматтары электронды виза алу үшін 20 АҚШ доллары көлемінде консулдық төлем төлеп, Өзбекстанға үш күнге бара алады.

Бұдан бөлек, президент Мирзияевтің қаулысымен транзит арқылы Өзбекстан территориясына келген 101 мемлекеттің азаматтары үшін елге визасыз кіру, елде уақытша болу және тексеріп, өткізу бекеттері арқылы Өзбекстаннан шығу тәртібі де жаңарды. Олар елдің халықаралық әуежайларында бес тәулікке дейін бола алады.

"ӨЗБЕКСТАНҒА ТУРИСТ РЕТІНДЕ БАРА АЛМАЙ ОТЫРМЫЗ"

Төрт жыл бұрын АҚШ азаматтығын алған 61 жастағы Өзбекстан тумасы Исокжон Закиров ресми Ташкент 100-ден аса мемлекет азаматтары үшін электронды виза беру процедурасын жеңілдетті деген жаңалықты естіп, 12 жылда алғаш рет туған еліне баруды ұйғарған.

Алайда Өзбекстан билігі Закировқа туристік виза беруден бас тартқан.

АҚШ азаматы Исокжон Закиров
АҚШ азаматы Исокжон Закиров

– Бәлкім, олар әлі оппозицияда болғаным үшін виза бермей отырған шығар. Бірақ мен АҚШ азаматымын ғой, Өзбекстан азаматтығынан айырылған адаммын. Өзбекстанға турист ретінде бір айға ғана барғым келеді. Ол жақта ұзаққа қалайын деп отырғам жоқ. Бірақ маған туристік визаны бәрібір бермей жатыр, - дейді Азаттықтың Өзбек қызметінің ("Озодлик") тілшісіне Исокжон Закиров.

Закиров сияқты туристік виза ала алмай жүрген өзге азаматтар да бар.

Өзбекстанда туып-өскен, бірақ Ұлыбританияда тұрып жатқанына шамамен 15 жыл болған "Ахмад қажы Хорезми" деген есіммен танымал 71 жастағы топырақ зерттеушісі, ғалым Ахмад Хасановқа да туристік виза бермей қойған.

Ол Азаттық тілшісіне туристік виза алу үшін Лондондағы Өзбекстан консулдығына құжаттар өткізгенін, бірақ кейінірек оған "сізге виза берілмейді" деп хабарлағанын айтты.

Ахмад қажы Хорезми есімімен көбірек танымал доктор Ахмад Хасанов
Ахмад қажы Хорезми есімімен көбірек танымал доктор Ахмад Хасанов

– Құжаттарымды өткізіп қойып 10 күн күттім, бірақ ешқандай жауап болмады. Ақыры консулдыққа өзім қоңырау шалдым. Олар бұл мәселені Ташкент шешетінін айтты. Консулдық қызметкерлері "Біз мұнда пошташының рөлін ғана атқарамыз" деді. Кейін төлқұжатымды қайтарып берді, ал Өзбекстанға туристік визаны сол күйі ала алмадым, - дейді ғалым.

Шетелде тұрып жатқан кейбір этникалық өзбектер жақында қабылданған жаңа ереженің артықшылықтарын да пайдаланғысы келген. Яғни, шетел азаматы ретінде Өзбекстан территориясында тым құрғанда бес күнге дейін қалу жағын ойластырған.

Оқыңыз: Өзбекстандық журналист Әли Феруз Германиядан саяси баспана алды​

31 жастағы АҚШ азаматы әрі кәсіпкер Бабур Хасан өткен аптада Мәскеуден Ташкентке ұшып, Өзбекстанда үш күн болуды жоспарлаған. Бірақ Өзбекстан билігі жас кәсіпкердің елге кіруіне рұқсат етпеген.

АҚШ кәсіпкері Бабур Хасан
АҚШ кәсіпкері Бабур Хасан

​–Ташкентке президенттің қаулысына сеніп барып едім. Өзбекстанда бес күн емес, транзит жолаушы ретінде үш күн ғана болғым келген. Ташкент әуежайында америкалық төлқұжатымды көрсетіп, шекарашыларға транзит жолаушы екенімді, Hyatt қонақ үйінен бөлмеге тапсырыс беріп қойғанымды түсіндірдім. Президенттің жаңа қаулысы туралы да айттым. Бірақ төлқұжат тексеретін бөлім қызметкері айтқандарымды тыңдап алды да, бір жаққа шығып кетті. Біраздан кейін қайтып келіп "Сізге Өзбекстанға кіруге тыйым салынған" деп мәлімдеді, -дейді Бабур Хасан Азаттық тілшісіне.

Бабур Хасан АҚШ-та эмиграцияда жүрген Өзбекстанның "Бірдәмлік" оппозициялық қозғалысының басшысы Баходир Чориевтің інісі екенін айта кеткен жөн.

Тақырыпты зерттеу барысында қолында Өзбекстанның төлқұжаты бар азаматтарды да елге кіргізбей жатқаны мәлім болды.

Мысалы, Швецияда тұратын 58 жастағы өзбекстандық босқын Мухиддин Құрбановты 23 мамыр күні Ташкентке кіргізбей қойған.

Оның айтуынша, Ташкент әуежайында оған "сіз президент жарлығымен Өзбекстан азаматтығынан айырылғансыз" деп мәлімдеген.

Өзбек босқыны Мухиддин Құрбанов
Өзбек босқыны Мухиддин Құрбанов

- Маған "кейінгі бес жыл бойы елде болған жоқсыз, сондықтан азаматтықтан айырылғансыз" деп мәлімдеді. Президент Мирзияевтің "қолы қанға былғанбаған азаматтардың елге оралып, әке-шешесімен бірге тұруына болады" деп мәлімдеген үндеуінен қанаттанып елге баруды ұйғарып едім, - дейді Құрбанов.

Азаттық елдің бұрынғы азаматтарына туристік виза бермеу себебін сұрап, Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің консулдық басқармасына жүгінген еді.

Консулдық басқармасының аты-жөнін жарияламауды өтінген қызметкері Азаттыққа кей адамдарға виза бермеу себебіне қатысты комментарий бере алмайтынын айтты. Бірақ ол Өзбекстан азаматтығынан ресми түрде бас тартып, өзге елдің азаматтығын алған бұрынғы өзбекстандықтар туристік визаны кедергісіз алуы тиіс екенін хабарлады.

–Кей тұлғаларға виза бермеу оқиғалары консулдық тәжірибеде болып тұрады. Бұл әлем елдерінің бәрінде бар практика. Тіпті АҚШ билігі де кей тұлғалардың елге кіруіне рұқсат бермей жататынын білеміз, - дейді Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің консулдық басқармасы қызметкері.

Өзбекстандық журналист, "Центр-1" интернет-басылымының бас редакторы Галима Бұхарбаева ресми Ташкенттің бұрынғы өзбекстандықтарға елге кіруге рұқсат бермей жатқанына қатысты былай деп комментарий берді:

– Бабурды елге кіргізбей қойғаннан кейін мына екі жайтқа көзіміз әбден жетті: біріншіден, Ташкент тұңғыш президент Ислам Каримовтың тұсында қуылған немесе елден өз еркімен кеткен азаматтардың елге оралғанын қаламайды (сый-тартуларына қарамастан, олар Шавкат Мирзияевтің де жаулары); екіншіден, ел билігі үшін өзі шығарған заңдардың бұрынғысынша көк тиындық құны жоқ болып тұр, - дейді Бұхарбаева.

Парижде орналасқан халықаралық "Жалындаған жүректер клубы" құқық қорғау ұйымының жетекшісі Мутабар Таджибаева Өзбекстанның марқұм президенті Ислам Каримов 2014 жылғы 16 шілдеде қол қойған "Өзбекстан Республикасы азаматтығынан айыру туралы" №ПФ-4624 жарлықты заңсыз деп танып, күшін жоюды және еліне қайтқысы келетін жандардың бәріне елге оралуға рұқсат етуін сұрап, ел президенті Шавкат Мирзияевке ашық хат жазған.

(Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG