Accessibility links

АҚШ-та сайлауға түсіп жатқан әйелдер көбейді


Демократия партиясының атынан Конгрес сайлауына түсетін үміткер Александра Окасио-Кортез
Демократия партиясының атынан Конгрес сайлауына түсетін үміткер Александра Окасио-Кортез

АҚШ-та мемлекеттік қызмет бойынша сайлауға түсіп жатқан әйелдердің саны күрт артты. Штат және федерация деңгейінде өтетін биылғы сайлаудың басты ерекшелігі осы. Қарашаның 6-сы күні өкілдер палатасындағы 435 орынға, сенаттағы 35 орынға, 33 штаттың губернаторлығына және бірқатар штаттың заң шығару органдарына сайлау өтеді.

Нью-Джерсидегі Ротджерс университетінің “Америка әйелдері және саясат” орталығының мәліметі бойынша, соңғы жылдары бір ғана конгрестің өзінде әйел кандидат саны азайып кеткен. Ал бұл жолы өкілдер палатасына 239 әйел бақ сынап жатса, 23 әйел сенатор болудан үмітті.

Жыл басында әр партияның атынан (көбіне Республикалық немесе Демократиялық партиядан) сайлауға түсетін кандидаттарды таңдаған праймеризде де әйел үміткерлер саны өте көп болған. Екі партияда да әйел кандидаттар саны артқанымен, бұл көрсеткіш бойынша әсіресе Демократиялық партия көш бастап тұр. Биыл бұл партиядан бақ сынаған әйелдер саны 2014 жылғы аралық сайлауда додаға түскен барлық әйел кандидаттар санынан да көп.

Демократиялық партияның праймеризінде жеңіске жеткен кандидат Ауғанстаннан келген босқын Сафия Вазир отбасымен бірге
Демократиялық партияның праймеризінде жеңіске жеткен кандидат Ауғанстаннан келген босқын Сафия Вазир отбасымен бірге

"Биыл – рекорд жаңартқан жыл болғаны анық. Нақты сандарға көз салсақ, биылғы көрсеткіш алдыңғы жылдарға қарағанда әлдеқайда жоғары" – деді “Америка әйелдері және саясат” орталығы директорының көмекшісі Жан Синздак.

Әйелдер арасында энтузиазмның артуы саяси доданың түрлі формаларынан көрініс тауып жатыр
Жан Синздак

Қарашада заң шығару органына сайлау өткізетін 46 штатта 3 381 әйел үміткер тіркелген. Бұл 2016 жылғы рекордтық межеден әлдеқайда көп. Сол жылы 2 649 әйел депутаттық орынға таласқан еді. Конгрестегі сияқты мұнда да Демократиялық партия атынан түсіп жатқан әйелдердің саны басым. "Әйелдер арасында энтузиазмның артуы саяси доданың түрлі формаларынан көрініс тауып жатыр" дейді Синздак. Америкалық әйелдер саяси үгіт-насихат жүргізу әдістерін, сайлау және басқа да науқандарға қатысты заңдарды үйрететін тренингтерге көп жазылып жатыр.

Әйелдердің белсенділігі қаржы жинаудан да байқалады. "Жауапты саясат" орталығының "Ашық құпиялар" жобасына сәйкес, Өкілдер палатасына үміткерлерді қолдаған донорлар демократтарға, соның ішінде Демократиялық партия атынан түсіп жатқан әйел кандидаттарға көбірек қаржы жинаған.

Ал Республикалық партияға келсек, праймериз кезінде әйелдер ерлерден көп қаржы жинаған. Науқан қаржысы мамандарының айтуынша, бұл – әйелдер арасындағы 2018 жылы басталған бұлқыныстың нәтижесі.

Видео: Конгреске кіргелі тұрған алғашқы мұсылман әйел

Синздактың айтуынша, науқанға әйелдердің көптеп қатысуы сайлауалды штабтарының санына да әсер еткен.

"Әйел кандидаттар қандай да бір топтарға қосылмай, жеке-дара додаға түсіп жатыр. Олар сексуалдық зорлық сияқты өз бастарынан өткен мәселелерді қозғап келеді. Олар ананың жайын айтып, ана ретінде жақсы заңдар қабылдап, дұрыс саяси шешім шығара алатынын дәлелдеп бағуда" дейді Синздак.

Тамызда Pew зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға қарағанда, америкалықтардың көбі мемлекеттік қызметкерлер арасында әйелдердің артуын қолдап отыр.

ӘЙЕЛДЕР БЕЛСЕНДІЛІГІ НЕЛІКТЕН КҮРТ АРТТЫ?

Биылғы сайлауда әйел кандидаттар санының артуына себеп көп. Солардың бірі – Республикалық партия өкілі Дональд Трамптың президент болып сайлануы.

2016 жылғы сайлау науқаны кезінде Трамптың "әйелдердің әурет жерлерін олардың келісімінсіз сипағанын айтып" мақтанған 2005 жылғы видеосы жарияланды. Трамп демократ кандидат Хиллари Клинтонды жеңді. Қаңтардың 20-сы Трамптың инаугурациясы болған күннің ертесінде Вашингтонда және АҚШ-тың басқа қалаларында Трампқа наразы миллиондаған жұрт жаппай шерулер өткізді. Олардың арасында әйелдер көп болды.

Видео: Әйелдер маршы. Танымал жұлдыздар не дейді? (Видео орыс тілінде)

Синздактың айтуынша, әйелдерді саяси күреске итермелеген тағы бір жайт – #MeToo қозғалысы. Онда әйгілі актрисалар мен белгілі тұлғалар ықпалды қызметтегі ерлерден сексуалдық қысым көргендерін ашық айтады. Осы қозғалыстың арқасында біраз адам жұрт алдында ұятты болып, қызметінен кетті не жұмыстан қуылды. Тіпті кей саясаткерлер мен медиамагнаттардың, Голливудтағы продюсерлер мен жұлдыздардың және басқа да адамдардың үстінен қылмыстық істер қозғалды.

2018 жылы әйелдерді саясатқа көбірек тартқан тағы бір жайт – АҚШ-қа заңсыз кірген ата-аналарды балаларынан бөлу туралы Трамп әкімшілігінің шешімі.

Жақында АҚШ сенатында Трамптың Бретт Каваноны Жоғарғы соттың судьясы етіп тағайындау туралы ұсынысы бойынша тыңдау өтті. Сенат Республикалық партияның бақылауында болғандықтан, әу баста Кавано бұл қызметке оңай бекітіледі деген пікір болған. Алайда, Кристин Блэйзи Форд есімді әйел "осыдан отыз жылдай бұрын, жасөспірім кезімде Бретт Кавано маған сексуалдық әлімжеттік жасаған" деп оны жария түрде айыптады.

Сол себепті қыркүйектің 27-сінде сенатта ерекше тыңдау өтіп, онда Форд, оның артынан Кавано сенаттың Құқық комитетінің алдында тергеуден өтті. Кавано Фордтың айыптауын үзілді-кесілді жоққа шығарумен болды. Миллиондаған америкалық бұл тыңдауды теледидардан көрді.

Кристин Блэйзи Форд және Бретт Кавано сенат тыңдауында. АҚШ, 28 қыркүйек 2018 жыл
Кристин Блэйзи Форд және Бретт Кавано сенат тыңдауында. АҚШ, 28 қыркүйек 2018 жыл

"Осының барлығы биліктегі ерлердің әрекеттерінен жапа шеккен әйелдердің саяси мәдениетін қалыптастырып, қозғалыс тудырды" – дейді Синздак.

Кавано оқиғасы осыдан 27 жыл бұрын сенатта болған дәл осындай жағдайды еске түсіреді. Кларенс Томасты Жоғарғы сот судьясы етіп бекіту бойынша өткен тыңдау да көпшіліктің назарын аударған. Анита Хилл есімді әйел оны сексуалдық бопса жасады деп айыптап, бұл жайды Америка халқы түгелдей дерлік бақылаған.

Келесі жылы сайланбалы қызметке үміткер әйелдер саны күрт артқан. Соның нәтижесінде сенатқа әйел сенаторлар көп сайланған.

Сол 1992 жыл “Әйелдер жылы” ретінде есте қалған еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG