Accessibility links

Дональд Трамп: NASA қайта "алға шықты"


Falcon 9 зымыран тасығышының ұшырылу сәті. АҚШ, 2 наурыз 2019 жыл.

Америкалық SpaceX компаниясы наурыздың 2-сі күні АҚШ-тың Канаверал мүйісіндегі ғарыш айлағынан Falcon 9 зымыран тасығышын сәтті ұшырды. Зымыран ғарышқа Crew Dragon кемесін шығарды. Жексенбі күні кеме Халықаралық ғарыш станциясына жақындап, түйісу процесін бастады. Болашақта ол америка ғарышкерлерін ғарыш станциясына жеткізіп, ресейлік "Союз" зымыранын алмастыруы тиіс.

Наурыздың 3-і күні АҚШ президенті Дональд Трамп NASA-ның жетістігін атап өтіп, SpaceX-ті сәтті бастамамен құттықтады.

"NASA қайта "алға шықты". Тамаша жұмыс және табыс. SpaceX және барлықтарыңызды құттықтаймын" деп жазды ол Twitter-дегі парақшасында жексенбі күні.

Crew Dragon - ғарышты игеру тарихындағы адам таситын алғашқы коммерциялық кеме болмақ. Оның ұшырылуы мен Халықаралық ғарыш станциясымен түйісу сәтін SpaceX тікелей эфирде көрсетті.

Сенбі күнгі ұшыру сынақ болғандықтан Crew Dragon кемесінің бортында экипаж мүшелері болған жоқ. Кеме Халықаралық ғарыш станциясымен түйіскен соң орбитада шамамен бір апта уақыт кідіреді. Содан соң қайта Жерге оралады.

СОЮЗҒА "БАЛАМА" CREW DRAGON ЖӘНЕ STARLINER

NASA жоспары бойынша, Crew Dragon және Boeing компаниясының кемелері 1960-жылдары құрастырылған ресейлік "Союз" кемелерін алмастыруы тиіс. Әзірге "Союз" - Халықаралық ғарыш станциясына ғарышкерлерді тасып жатқан жалғыз кеме.

"Союз" арқылы Америка ғарышкерлерін Халықаралық ғарыш станциясына жеткізіп, әкелу бойынша Ресей мен АҚШ арасындағы келісім-шарттың мерзімі 2019 жылы сәуір айында аяқталады.

Ресейлік ұшуды басқару орталығы. Көрнекі сурет.
Ресейлік ұшуды басқару орталығы. Көрнекі сурет.

2011 жылы "Шаттл" бағдарламасы аяқталған соң АҚШ өз кемелерімен ғарышкерлерін ғарыш станциясына апаруды тоқтатқан. 2014 жылы NASA SpaceX және Boeing жеке компанияларымен келісім-шартқа отырып, шаттлға балама кемелер құрастыра бастаған.

Америкалық Business Insider басылымының дерегінше, 2008 жылы Ресей тарабы NASA-дан кемедегі бір орын үшін 21,8 миллион доллар алған. Он жыл ішінде бұл көрсеткіш 372 пайызға қымбаттаған. Ғарышкерлерді Халықаралық ғарыш станциясына жеткізгені үшін АҚШ Ресейге 12 жыл ішінде 3,36 миллиард доллар төлеген.

2016 жылы NASA Boeing (Starliner) және SpaceX (Dragon) кемелеріндегі бір орынның құны 58 миллион доллар болатынын айтқан.

Crew Dragon кемесінің капсуласы.
Crew Dragon кемесінің капсуласы.

​NASA-мен жасасқан келісімде көрсетілгендей, SpaceX Crew Dragon-ды 2012 жылдан бері Халықаралық ғарыш станциясына жүк тасып жүрген Dragon кемесі негізінде құрастырған. Аппарат жеті адамға арналған деп айтылады. Бұған қоса, кеменің жолаушыларға арналған бөлігінде жолаушы орындары мен су үстіне жұмсақ түсуге арналған парашют те бар. Кеме сонымен бірге ұшыру сәтінде апатты жағдай болғанда шұғыл эвакуациялау жүйесімен жабдықталған және Халықаралық ғарыш станциясында өз бетінше түйісе алады.

Алдын ала дерек бойынша, Crew Dragon алғашқы ғарышкерлерді осы жылы шілде айында ғарыш станциясына тасымалдай бастайды. Ал Boeing компаниясының Starliner кемесін сынақтан өткізу сәуір айына белгіленген. Ол да жаз айларында ғарышкерлерді тасымалдай бастайды.

SPAСEX, РОСКОСМОС ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН

Егер АҚШ "Союздан" бас тартса, "басқарылатын кемелерді ұшыру бойынша Байқоңыр ғарыш айлағына түсетін салмақ азаяды" деп есептейді Қазақстанның қорғаныс министрлігінің аэроғарыш комитеті мен аэроғарыш өнеркәсібі. Бірақ әлі торығуға себеп жоқ деседі.

- Халықаралық ғарыш станциясы – әлем деңгейіндегі халықаралық жоба, оған "Роскосмос" (РФ), NASA (АҚШ), JAXA (Жапония), CSA (Канада), ESA (Еуропа елдері) сияқты ғарыш агенттіктері қатысады. ХҒС-де ресейлік сегменттің жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін станцияда ресейлік ғарыш кемелері ұшырыла береді, - деген аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Данбаев өткен жылдың соңында Азаттық тілшісіне берген сұхбатында.

Байқоңыр ғарыш айлағындағы ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы. Көрнекі сурет.
Байқоңыр ғарыш айлағындағы ресейлік "Протон-М" зымыран тасығышы. Көрнекі сурет.

Қазақстан үкіметінің айтуынша, 1994 жылы Ресеймен жасасқан ғарышты жалға алу шарты бойынша (2050 жылға дейін ұзартылды) жыл сайынғы төлем – 115 миллион АҚШ доллары және бұл төлем ұшыру санына байланысты емес.

2017 жылы Ресей Байқоңырдан 12 зымыран ұшырды (2016 жылы -11, 2015 жылы -17). Өткен жылы 9 зымыран ұшырды. Оның біреуі сәтсіз болды.

Қазанның 11-і күні Байқоңыр ғарыш айлағынан Халықаралық ғарыш станциясына ұшырылған "Союз" зымыран тасығышы әуеге көтерілгеннен бірнеше минуттан соң апатқа ұшыраған. Апаттан соң ғарышкерлер отырған капсула Байқоңырдан шамамен 500 километр қашықтыққа қонған.

БАЙҚОҢЫР БОЛАШАҒЫ

Вашингтонда орналасқан Jamestown Foundation зерттеу институтының 2018 жылы наурызда жарық көрген "Кремльдің Байқоңырдағы стратегиясы: Қазақстанның ғарыш бағдарламасын шаң басып қала ма?" деген мақалада "Ресей Қазақстанға Байқоңырдағы іске қосу қондырғыларын берген күннің өзінде Астана оларды Мәскеумен бірлескен жоба арқылы басқара алатыны айтылады, себебі қазақстандық тараптың өз зымыраны жоқ" деп жазылған.

Мақалада келтірілген есеп бойынша Байқоңырдағы іске қосу алаңын жаңарту шамамен 245 миллиард долларға түспек. Келісім шарт бойынша, бұл шығынды Қазақстан көтеруі керек, ал Ресей "Союз-5" зымыранын жасауға жауапты; Мәскеудің есебінше, ол Falcon Heavy-мен бәсекелес бола алады.

Jamestown Foundation сарапшылары Ресейдің қалай болғанда да өз бағдарламасын ел ішінде – Архангельск облысы мен Қиыр Шығыста – орналастыруға күш салатынын, Байқоңырды қолдануды азайтуға тырысатынын айтады.

Қазақстан билігі бұған дейін спутниктерін ұшырып жүрген ресейлік "Днепр" бағдарламасының жабылуына байланысты Қазақстан өзге елдің зымыран-тасығышын іздеуге мәжбүр болғанын айтқан. Өткен жылы қазан айында SpaceX компаниясы бортында 60-тан астам микроспутнигі бар Falcon 9 зымыран тасығышын ұшырды. Зымыран тасығыштағы екі спутник Қазақстанға тиесілі болған.

ВИДЕО: Қазақстан не үшін Falcon 9-ды таңдады? (4 желтоқсан 2018 жыл).

Астана Байқоңырдағы "Бәйтерек" зымыран кешені жобасына үміт артады. Қазақстанның аэроғарыш комитеті "бұл жобаның Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор" деп санайды.

Комитет өкілдерінің пікірінше, "Бәйтерек" елдің ғарыш айлағын сақтап, әрі қарай дамытуына ықпал етеді және іске қосу қызметінің әлемдік нарығына шығуына мүмкіндік береді".

Дегенмен "Бәйтеректің" қашан пайда болатынын ешкім білмейді. Кешен туралы әңгімелер 14 жылдан бері айтылып келеді, жобаның бюджеті бірнеше рет ұлғайтылды, ал жүзеге асыру мерзімі кейінге шегертілді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG