Accessibility links

«Союз-2» қалдықтарының зиянсыз екеніне дәлел сұрады


Қорғаныс және аэроғарыш министрлігіне наразылық хатын тапсыруға келген Торғай даласына зымыран бөлшегін құлатуға қарсы белсенділер. Астана, 11 қазан, 2017 жыл.
Қорғаныс және аэроғарыш министрлігіне наразылық хатын тапсыруға келген Торғай даласына зымыран бөлшегін құлатуға қарсы белсенділер. Астана, 11 қазан, 2017 жыл.

Үкімет Қостанай облысынан ресейлік «Союз-2» зымыраны бөлшектерін құлатуға 76 мың гектар жерді жалға бөлмек. Бұл бастамаға қарсылық білдіргендер зымыран бөлшектерінің адам өмірі мен қоршаған ортаға зияны жоқ екендігіне дәлел келтіруді талап етеді.

ЖЫЛЫНА - 152 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Қазақстан үкіметі Қостанай облысы Жангелдин ауданы аумағынан Байқоңырдан ұшырылатын ресейлік «Союз-2» зымыран-тасығышының бөлшектері құлайтын аймақ ретінде пайдалануға жалпы көлемі 76 мың гектар жерді жалға беруді ұйғарып отыр. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов қазанның 6-сы Жангелдин ауданы тұрғындарымен кездесуде зымыран қалдықтары құлайтын жерді пайдаланғаны үшін жергілікті бюджетке жыл сайын ақша аударылатыны туралы хабарлаған.

- Зымыран-тасығыштың бөлшектері құлайтын аумаққа жақын орналасқан ауылдарға қазақстандық «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы жылына 152 миллион теңге (460 мың доллар) қаржы бөледі, - деген ол.

Министр Атамқұловтың Азаттыққа айтуынша, зымыран-тасығыш бөлшектерінің құлайтын жерге тигізетін ықтимал зиянды әсерін анықтау мақсатында ауылшаруашылығы министрлігінің өкілдері және ресейлік сарапшылардың қатысуымен алдын ала зерттеулер жүргізілген.

- Пайдаланылатын зымыран отынының құрамында гептил жоқ. Ол Р-181 оттегі-керосинді қозғалтқышы бар, экологиялық таза, жаңа, заманауи зымыран, - дейді министр.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.
Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.

Оның айтуынша, Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетовпен бірігіп өткізген жиында Жангелдин ауданы тұрғындары зымыран қалдықтары құлайтын жер бөлу жайлы ұсынысқа «түсіністікпен қараған». Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, әлгі жиын кезінде билік өкілдері тұрғындарға зымыран қалдықтары құлайтын аумаққа тақау жатқан Жангелдин ауданының Ақкөл және Қарасу ауылдарына жедел жәрдем көлігін беріп, ауызсу тартуға және жақын жылдары көпірді жөндеуге уәде еткен.

Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің дерегінше, үш жыл ішінде барлығы сегіз зымыран ұшыру көзделген. Олардың саны алты болуы да мүмкін. Зымыранды ұшырған кезде оның бөлшектері құлайтын аумақ бір-екі күнге жабылатын болады.

НАРАЗЫЛАР МИНИСТРГЕ ХАТ ЖАЗДЫ

Астанада қазанның 11-і күні «Бәйтерек» кешенінің жанына жиналған бір топ белсенді «зымыран қалдығы үшін бөлінетін 76 мың гектар жерді жалға бермеуді» талап етіп, Қазақстан қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұловтың атына жазылған наразылық хатын тапсырды. Хатқа қол қойғандар қазанның 6-сы күні Қостанай облысында өткен кездесуде министр Атамқұлов «Союз-2» зымыран-тасығышының зиянсыз отынмен ұшырылатыны жайында ешқандай дәлел келтірмеді деп санайды. Торғай даласына зымыран бөлшегін құлатуға қарсылардың бірі Әділет Ыбырай министрдің зымыранның «зиянсыз» деген сөзімен келіспейді.

- Ол жиналыста бес-алты кісі сөйлеген шығар. Бірақ олардың бүкіл Торғай халқының атынан жауап беруге қандай хақысы бар? Үште басталады деген жиналысты он бірде бастап жіберген. Астанадан барғандар жиналысқа қатысуға үлгермей қалған, - дейді белсенді.

Торғай даласына Ресей зымырандарының бөлшегін құлатуға қарсы Астана тұрғыны Әділет Ыбырай. 11 қазан, 2017 жыл.
Торғай даласына Ресей зымырандарының бөлшегін құлатуға қарсы Астана тұрғыны Әділет Ыбырай. 11 қазан, 2017 жыл.

Әділет Ыбырай бұл даулы мәселеде Торғай өңіріндегі барлық ауыл тұрғындарының пікірін тыңдау қажет деп санайды. Торғай өңірінің тумасы, қазір Астанада тұратын Дәулет Серікбай жалға алынған 76 мың гектар жер үшін жылына 152 миллион теңге төлеу туралы шешім қандай есепке сүйеніп жасалғанын білгісі келеді. Ол Жангелдин ауданында түрлі аурудың күрт өскенін де мысалға келтіріп, аталған аймақта зымыран қалдықтарын құлатуға қарсы екенін білдірді.

«Антигептил» азаматтық қозғалысының белсендісі Болатбек Біләлов «зымыран отыны жанып кеткенімен оның зиянды қалдығы қалады» дейді. Белсенді зымыран отыны зиянсыз екендігіне дәлел қажеттігін айтады.

- Зерттеу жасағандар қорытындысын жариялап, қоғаммен бөліссін. Тек сонда ғана оның зияны жоқ деп сенімді түрде айтуға болады, - дейді ол.

Байқоңырдан ұшып жатқан Ресейдің "Союз" зымыраны. (Көрнекі сурет)
Байқоңырдан ұшып жатқан Ресейдің "Союз" зымыраны. (Көрнекі сурет)

Биыл 14 маусымда Қарағанды облысындағы Жезқазған қаласының маңында ресейлік «Союз 2-1а» зымыран тасығышының бөлшегі құлағаннан кейін далада тұтанған өрт салдарынан екі адам қайтыс болған. Қазақстанның төтенше жағдай комитеті олардың екеуі де далаға құлаған зымыран сынықтарын жинау жұмыстарына қатысқанын хабарлаған.

Ресей Қазақстан билігінен Қостанай облысынан «Союз-2» зымыран тасығышының бөліктері құлайтын жер беруді 2015 жылдың аяғында сұраған. Бұл ақпарат тараған кезде «жаңа аудан Байқоңыр айлағынан поляр маңы орбиталары спутниктерін ұшыру үшін қажет, яғни зымыранның ұшу траекториясы солтүстікке бағыт алған кезде керек» деп түсіндірілген болатын.

XS
SM
MD
LG