Accessibility links

Екпе алғандарға қандай жеңілдік бар? Елге Pfizer келе ме? Сізді мазалаған сұрақтарға жауап


Қазақстандық мамандар коронавирус инфекциясына (COVID-19) қарсы әзірлеген QazCovid екпесін сауда орталығында ұйымдастырылған вакцина салу орнында қабылдап отырған адам. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.
Қазақстандық мамандар коронавирус инфекциясына (COVID-19) қарсы әзірлеген QazCovid екпесін сауда орталығында ұйымдастырылған вакцина салу орнында қабылдап отырған адам. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.

Қазақстанда 19 мамырға дейін 1  898 604 адам коронавирусқа қарсы екпенің бірінші дозасын алған. Ал 802 090 адам екі дозаны да салдырған. Елде екпе науқаны қалай жүріп жатыр? Вакцина салдырған адамға қандай жеңілдік қарастырылған? Қанша адам екпеден соң вирус жұқтырған? Қазақстан денсаулық сақтау министрлігінің брифингтерде айтқан жауаптарынан маңызды мәліметтерді шолып шықтық.​​​​​

ВАКЦИНА АЛҒАНДАРҒА ҚАНДАЙ ЖЕҢІЛДІК БЕРІЛЕДІ?

Қазақстан үкіметі ел аумағында екпенің екі дозасын алғандарға бірқатар жеңілдік қарастырған. Мәселен, Қазақстанда вакцинаның екі дозасын алған адам шетелден елге оралғанда ПТР тест тапсырмайды.

Коронавирусқа қарсы екпенің екі дозасын салдырған адам вирус жұқтырған басқа адаммен байланыста болса 14 күн карантинде отыруға міндетті емес, тек дәрігер бақылауында болады. Ал екпе алмағандар вирус жұқтырған адаммен байланыста болса, 14 күн карантинде болады.

Егер екпе алған адам басқа ауруға шалдығып, ауруханаға жатуы керек болса, ағзасында коронавирустың бар-жоғын анықтайтын ПТР тест тапсырудан босатылады. Екі дозаны салдырған адам балалар үйіне, қарттар үйіне, медицина мекемелеріне барар алдында ПТР тест тапсырмайды.

COVID ДЕРТІНЕН АЙЫҚҚАНДАР ЕКПЕ АЛУЫ КЕРЕК ПЕ?

Бұл ереже әр елде әртүрлі.

Қазақстан денсаулық сақтау министрлігі Covid дертінен айыққан адам алты ай екпе салдырмай қойса болады дейді. Министрлік коронавирустан кейін қалыптасатын антидене адамды дерттен кем дегенде алты ай қорғайды деп санайды.

ҚАЗАҚСТАНҒА АМЕРИКАЛЫҚ PFIZER ЕКПЕСІ ҚАШАН КЕЛЕДІ?

Әзірге нақты уақыты белгісіз.

Денсаулық сақтау министрлігі келіссөз әлі жүріп жатқанын айтады. Үкімет осы екпенің иесі Pfizer/BioTech компаниясымен келіссөз биыл ақпанда басталғанын хабарлаған. Сол кезде елдің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов бұл екпе Қазақстанға жылдың екінші жартысында келуі мүмкін деген. 19 мамырдағы брифингте денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары "Келіссөз аяқталуға жақын. Таяуда келісімшартқа қол қойып қалармыз" деді. Бірақ ол нақты қай уақыт екенін ашып айтпады.

QAZVAC ПЕН SINOPHARM ЕКПЕСІНІҢ ЕКІНШІ ДОЗАСЫНА ҚАТЫСТЫ ӨЗГЕРІС БАР МА?

Жоқ.

Қазақстан санэпидемиялық комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова "бұл екі екпенің бірінші және екінші дозасының арасы 21 күн болуы тиіс" дейді.

Сәуірдің соңында елдің бас санитарлық дәрігері Ерлан Қиясов "Спутник V" екпесінің екі дозасының арасын 21 күннен 90 күнге ұзартқан. Ол бұл шешімін "көп адамға екпенің бірінші дозасын салып үлгеру керек" деп түсіндірген. Тәуелсіз ғылыми-медициналық Medsupport ұйымы Қиясовтың бұл шешіміне қарсы болып, адам екінші доза алмаса вирус жұқтырып алуы мүмкін деп дабыл қаққан еді.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл шешімді "Спутник V" екпесін жасаған ресейлік институттың "вакцинаның екінші дозасын салуды 21 күннен 90 күнге арттыруға болады" деген хатына сүйеніп қабылдағанын айтады.

Министрлік дерегінше, қазір Қазақстанда Қытайдың SinoPharm компаниясы дайындаған, БАӘ елінде өндірілген Hayat-Vax екпесінің 800 мың дозасы бар. Оны 400 мың адамға салуға болады. 19 мамырға дейінгі мәлімет бойынша, бұл екпенің бірінші дозасын елде 100 мыңдай адам салдырған.

QAZVAC САЛДЫРҒЫМ КЕЛЕДІ, БІРАҚ ЕМХАНАДА БҰЛ ЕКПЕ ЖОҚ. НЕ ІСТЕЙМІН?

Денсаулық сақтау министрлігі айына QazVac екпесінің елу мың дозасы ғана шығарылатындықтан кейбір аймақтарда жетпей жатқанын мойындады.

Қазақстан санэпидемиялық комитетінің төрайымы Айжан Есмағамбетова 19 мамырдағы брифингте "Ел аумағында салынып жатқан үш екпе де тиімді әрі қауіпсіз. Халықты белгілі бір екпені күтпей-ақ, мүмкін болған екпені салдыруға шақырамыз. Себебі вирус ешқайда кеткен жоқ. Вирус айналымын тоқтатуымыз керек. Ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін халықтың 60 пайызы екпе алуы тиіс. Яғни, 10 млн адамға екпе салсақ, ұжымдық иммунитет қалыптастырамыз. Қазір вирусты тоқтатып, өлім мен ауруды азайтып, қалыпты өмірге оралу үшін екпеден басқа амал жоқ" деді.

Ал денсаулық сақтау министрінің бірінші орынбасары Марат Шоранов "екпе алған соң вирус жұқтырғандар өте аз, вирус жұққан күннің өзінде ауру жеңіл өтуі керек, екпе өлімнің алдын алады" деді.

ЕЛДЕ ҚАНША АДАМ ЕКПЕДЕН СОҢ ВИРУС ЖҰҚТЫРҒАН

Министрліктің 18 мамырға дейінгі дерегі бойынша, елде бірінші доза алған 1,8 млн адамның тек 541-і, екінші доза салдырған 800 мың адамның 104-і ғана вирус жұқтырған.

"Екпе пайдалы. Бірақ ол вирустан жүз пайыз қорғамауы да мүмкін. "Спутник V" екпесінің пайдалы әсері 92 пайыз деп айтылды. Яғни, 8 пайыз адамға вирус жұғуы мүмкін. Бірақ біздегі вирус жұқтырғандардың көбі инкубация кезінде екпе алғандар. Яғни, екпе алып жатқанда олардың ағзасында вирус болған, бірақ симптом болмаған" дейді Есмағамбетова.

ЕКПЕ БАЛА ТУУҒА ӘСЕР ЕТЕ МЕ?

Қазір әлеуметтік желіде және жұрт арасында "екпе болашақ балаға, бала көтеруге әсер етеді және ер адамды белсіздікке душар етеді" деген алыпқашпа сөз көп.

Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, Қазақстан ғылым академиясының академигі, профессор, акушер-гинеколог Вячеслав Локшин "аяғы ауыр әйел коронавирус жұқтырып алса өте қатты ауруы мүмкін, сондықтан жүктілікті жоспарлап жүрген әйел алдымен екпенің екі дозасын алғаны жөн" дейді.

- Экстракорпоральды ұрықтандыру (ЭКО) әдісімен бала көтеруді жоспарлап жүрген әйелге, егер ешқандай тыйым болмаса, коронавирусқа қарсы екпе салдыруға кеңес береміз. Екпе салдырған соң бір айдан кейін экстракорпоральды ұрықтандыруға кірісе алады. Сондай-ақ бала көтеруді жоспарлап жүрген әйелдер де алдын ала екпе салдырып алғаны жөн. Екпенің құрсақтағы нәрестенің дамуына, болашақта бала көтеруге ешқандай әсері болмайды. Адамдарда басқа ауруларға, мысалы қызылша, көкжөтел, гепатиттерге қарсы антидене бар ғой. Бұл аурулардың да екпесі жүктілікке әсер етпейді. Коронавирусқа қарсы екпе жүкті әйелдерге сыналған жоқ. Сондықтан жүкті әйелдерге екпе салмайды. Бірақ әйел жүкті екенін білмей екпе салдырып қойса ештеңе етпейді, баланы алып тастау, түсік жасау деген болмайды. Сондықтан нәрестелі болуды жоспарлап жүрген әйел алдымен екпе салдырып алғаны жөн. Себебі жүктілік кезінде Covid пен пневмонияға шалдықса, әйел адамға өте ауыр тиіп, өмірі үшін күресуге тура келеді, - деді ғалым 18 мамырда өткен брифингте.

65 ЖАСТАН АСҚАН ҚАНША АДАМ ЕКПЕ АЛДЫ?

Қазақстан қазір 65 жастан асқан азаматтарға да коронавирусқа қарсы екпе салып жатыр. Ақпанда 18 жасқа дейінгілерге және 65 жастан асқандарға екпе салынбайтыны айтылған еді. Бірақ кейін министрлік егде адамдарға да вакцина егуге шешім қабылдаған. Мамандардың сөзінше, екпе салдырғысы келген егде адам алдымен дәрігерге қаралып, рұқсатын алуы керек. Ресми статистика бойынша, 19 мамырға дейін елде 65 жастан асқан 250 мың адам екпе салдырған.

Қазақстан мамандары коронавирус инфекциясына қарсы дайындап шығарған QazCovid-in екпесін көрсетіп тұрған медицина қызметкері. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.
Қазақстан мамандары коронавирус инфекциясына қарсы дайындап шығарған QazCovid-in екпесін көрсетіп тұрған медицина қызметкері. Алматы, 27 сәуір 2021 жыл.

"ЕКПЕ АЛҒАН" ЕКІ АДАМНЫҢ ӨЛІМІН ТЕКСЕРУ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ?

Қазақстанда коронавирусқа қарсы екпе салдырған соң төрт адам қайтыс болған. 19 мамырдағы брифингте денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинаят екі адамның қазасы бойынша тексеріс аяқталғанын, олардың өліміне вакцина әсер еткен деген күдік дәлелденбегенін айтты. Қалған екі жағдай бойынша комиссия тексерісі жалғасып жатыр деді шенеунік.

Ғинаяттың айтуынша, Алматы облысында перзентханада жұмыс істеген медқызметкердің өліміне екпенің әсері болмаған, оның "жүрегі ауырған, диспансерде есепте тұрған, бірақ дәрігерге жиі қаралмаған. Қажет дәрі-дәрмек қабылдамаған".

Вице-министрдің сөзінше, комиссия Ақтөбе облысында қайтыс болған адамның жүрек соғысы бұзылғанын (аритмия) анықтаған, бұл көп жағдайда жүрек ишемиясына әкеп соғады, сол себепті адам өліміне вакцинаның қатысы жоқ деген қорытынды жасалған.

Қалған екі өлімді тексеру жұмысы жалғасып жатыр.

(Материалды әзірлеуге Нұргүл Тапаева мен Бағдат Асылбек атсалысты)

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG