Accessibility links

Атақ пен ақша. Қазақ боксшылары неге кәсіпқой боксты таңдайды?


Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (сол жақта) пен Абрахам Хуарес арасындағы жекпе-жек. Монреаль, 24 қаңтар 2019 жыл.
Қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (сол жақта) пен Абрахам Хуарес арасындағы жекпе-жек. Монреаль, 24 қаңтар 2019 жыл.

Кәсіпқой боксшылардың рейтингін жүргізетін Boxrec сайты базасында 77 қазақстандық боксшы бар. Бұл - бес жыл бұрынғымен салыстырғанда кем дегенде екі есеге көп. Кәсіпқой боксты таңдаған қазақстандықтардың басым бөлігі АҚШ, Канада, Англия, Ресейде жаттығып жүр. Қазақстандық боксшылар не үшін жаппай кәсіпқой боксқа кетіп жатыр? Азаттық бұл тенденцияның себебін анықтап көрді.

2014 жылы әуесқой бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында күміс медаль алған Сұлтан Зауырбек 2018 жылы жазда кәсіпқой боксқа ауысты. Ол Ұлыбританиядағы MTK Global промоутерлік компаниясымен келісім-шартқа қол қойған. Кәсіпқой бокста бес жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Қазір Лондонда келесі кездесуіне дайындалып жатыр.

- Әуесқой бокстан Қазақстан чемпионатында үштікке енген боксшылар ғана ұлттық құрамаға алынады. Қаншама талантты боксшылар қалып кетеді, уақыт жоғалтады. Сол себепті қазақстандық боксшылар кәсіпқой боксқа кетіп жатыр деп ойлаймын. Олимпиадаға әр салмақтан бір боксшы ғана бара алады. Қалған боксшыларға қиын. Сондықтан неге өз бақтарын кәсіпқой бокста сынап көрмеске, - дейді 22 жастағы боксшы.

"ОЛИМПИАДАДАН КҮДЕР ҮЗГЕН БОКСШЫ КӘСІПҚОЙ РИНГКЕ КЕТЕДІ"

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаевтың айтуынша, қазір әуесқой бокста бәсеке өте күшті: әлем чемпионаты мен олимпиадаға қатысу үшін боксшы әуелі ел чемпионатында жеңіп, бірнеше халықаралық турнир мен Азия чемпионатында мықтылығын дәлелдеуі тиіс.

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев (үшінші келе жатқан).
Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев (үшінші келе жатқан).

- Қазақстан ұлттық құрамасында қазір 40 боксшы бар. Үшінші-төртінші нөмерлі боксшылар жыл бойы спарринг-қарсылас ретінде жаттығып жүреді. Олар халықаралық жарысқа қатыса алмауы да мүмкін. Себебі әуесқой бокста бірінші-екінші нөмерлі боксшыларға үміт артамыз, - дейді ол.

Әуесқой бокста жүрген кезде жастар арасында әлем чемпионы болған Садриддин Ахмедов (кәсіпқой рингте – 7 жеңіс, 0 жеңіліс) және Батыр Жүкембаев (14-0), Нұрзат Сабиров (8-0), Абылайхан Құсайынов (9-0) қазір Канадада жаттығып жүр. Ал әуесқой бокстан жастар арасында Азия чемпионы атанған Мейірім Нұрсұлтанов (10-0) пен 2014 жылы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері болған Мадияр Әшкеев (11-0) АҚШ-та дайындалады. Америкалық промоутерлермен келісім-шарт жасасқандар қатарында Бобиржан Моминов (9-0), Руслан Мадиев (12-1), Арман Рысбек (5-0) те бар.

- Садриддин Ахмедовті алып қарайықшы. Не үшін кәсіпқой боксқа кеткенін білмеймін. 69 келіде Қазақстанда бәсеке күшті, сондықтан ол ертерек кәсіпқой боксқа ауысуды жөн көрген сияқты. Мейірім Нұрсұлтанов пен Мадияр Әшкеев ұлттық құрамада ылғи екінші-үшінші нөмерлі боксшы болды. Ол кезде құрамада Данияр Елеусінов пен Серік Сәпиев болған еді. Жалпы кәсіпқой бокста кез келген боксшы атын шығарып, көп ақша таба алмайды. Себебі, кәсіпқой бокстың жолы ауыр, - дейді әуесқой бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Ғалым Кенжебаев.

Ал Садриддин Ахмедов Азаттыққа берген сұхбатында "бала кезінен кәсіпқой боксты армандағанын, олимпиадаға қатысуды мақсат тұтпағанын" айтқан.

Бокстан Лондон олимпиадасының чемпионы, қазір Қазақстан спорт және дене шынықтыру комитетін басқаратын Серік Сәпиевтің пайымдауынша, егер боксшы мықтылығын дәлелдесе, ұлттық құрамадан орын табылады.

Серік Сәпиев, Қазақстан спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы.
Серік Сәпиев, Қазақстан спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы.

- Кәсіпқой боксқа ауысып жатқандардың кейбірі ұлттық құрамадағы бәсекелестіктен жасқанады. Кейбірі жастайынан кәсіпқой бокста жетістікке жеткісі келеді. Барлығы боксшының еркіне байланысты. Бір жағынан, кәсіпқой боксқа ауыспастан бұрын әуесқой бокста жүріп, олимпиадада жеңіп, өзіңді көрсетуің керек. Промоутерлер мен кәсіпқой бокс менеджерлерінің көзіне түсу үшін әуесқой бокста жеңіске жету керек. Сонда ғана олар жақсы келісім-шарт ұсынады. Ал әуесқой бокста танылмаған спортшы кәсіпқой боксқа ауысса, келісім-шарт та әлсіз болады. Сондықтан әуелі олимпиадада көзге түсіп, сосын кәсіпқой боксқа ауысқан жөн, - дейді ол.

Серік Сәпиевтің ойынша, жас боксшылардың кәсіпқой боксқа кетуіне Василий Жиров пен Геннадий Головкиннің жетістіктері де себеп болған.

- Головкиннің кәсіпқой бокстағы жеңісінен кейін көптеген спортшы жаппай кәсіпқой боксқа кете бастады. Чемпиондық жекпе-жектерден көп ақша табуға болатынын түсінді. Сондықтан жас боксшылар кәсіпқой боксқа ақша табу үшін де кетіп жатыр, - дейді Сәпиев.

"ҚАЗІР ӨМІР ҚИЫН, КӨБІ АҚША ТАПҚЫСЫ КЕЛЕДІ"

Василий Жиров 1996 жылы Атлантадағы олимпиадада чемпион атанып, 1997 жылы кәсіпқой боксқа ауысты. АҚШ-та жаттығып, 42 жекпе-жек өткізді. 38 кездесуде жеңіске жетіп, IBF (Халықаралық бокс федерациясы) тұжырымы бойынша әлем чемпионы және WBC (Бүкіләлемдік бокс кеңесі) тұжырымының халықаралық чемпион белбеуін иеленді. Қазір Жиров өзі тұрып жатқан Аризона қаласында (АҚШ) бокс залын ашып, жас спортшыларды жаттықтырады. Жировтың пікірінше, қазақстандық жас боксшылар кәсіпқой рингке ақша табу үшін кетіп жатыр.

- Кәсіпқой бокста көп ақша төлейді. Қазір өмір сүру қиын, көбі ақша тапқысы келеді. Бірақ кәсіпқой бокстың жолы әуесқой бокстан да қиын. Жетістік боксшының талантынан бөлек, промоутерге және телевидениеге де байланысты. Жоғарыда көмектесетін мықтылар отырса, көп ақша табуға болады. Ал екінші-үшінші рөлде бокстасса, ақша тамақ пен пәтер жалдаудан артылмайды. Кей кәсіпқой боксшылар өзіне сенімді болу үшін алдымен әлсіз қарсыластармен бокстасады. Кәсіпқой бокс пен әуесқой бокстың арасы жер мен көктей. Кәсіпқой бокста көрерменге, промоутерлерге, телевидениеге ұнайтын шоу жасау керек, - дейді ол.

Василий Жиров (оң жақта) пен Дейл Браунның жекпе-жегі. АҚШ, 18 қазан 1999 жыл.
Василий Жиров (оң жақта) пен Дейл Браунның жекпе-жегі. АҚШ, 18 қазан 1999 жыл.

Жиров кәсіпқой бокстағы менеджерлерді "акула" деп атайды. Оның сөзінше, "акулаларды" бірінші кезекте ақша қызықтырады, ал спорт екінші, тіпті үшінші кезекке ығысады.

- Сенің қолыңнан бірдеңе келсе ғана менеджерлер жаныңда жүреді. Ал сенің арқаңда ақша таба алмайтынын түсінген кезде менеджерлерге керексіз болып қаласың, - дейді Жиров Азаттыққа.

"Егемен Қазақстан" газетінің спорт шолушысы, бокс жарыстарынан репортаж жазып жүрген журналист Әли Битөре Қазақстанда әуесқой бокстағы жетістік олимпиадада алған жүлдемен өлшенеді деп санайды.

- Әуесқой бокста боксшы өз салмағында мықты екенін дәлелдеу үшін үш-төрт жыл уақытын жіберіп алады. Елімізде олимпиадаға қатысқандар үлкен жетістікке жетіп, бармағандар бокстағы карьерасын аяқтап жатады. Сондықтан жас боксшылар мықтылығын дәлелдеу үшін кәсіпқой боксқа кетеді. Тағы бір себеп – ақша. Себебі әуесқой рингте жүргендер аз пайда табады. Ал кәсіпқой бокста көп ақша табуға мүмкіндік бар, - дейді ол.

Қазір кәсіпқой боксқа ауысқан қазақстандықтар арасында Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов (5-0) пен әуесқой бокстан 2013 жылы әлем чемпионатында жеңімпазы болған Жәнібек Әлімханұлы бар. Елеусінов наурыздың 15-і күні Филадельфияда (АҚШ) мексикалық Сильверио Ортиспен (37-23) жекпе-жекке шығады. Әлімханұлы (5-0) сәуірдің 12-сі күні мексикалық Кристиан Оливаспен (34-3) кездесуі тиіс.

Данияр Елеусінов Рио олимпиадасында чемпион атанған сәт. 2016 жылдың тамызы.
Данияр Елеусінов Рио олимпиадасында чемпион атанған сәт. 2016 жылдың тамызы.

WBC тұжырымы бойынша жастар арасындағы әлем чемпионы Садриддин Ахмедов наурыздың 24-і күні Алматыда 8-кездесуін өткізеді. Қарсыласы әлі белгісіз.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин наурыздың 8-і күні кәсіпқой бокстан трансляция тарататын DAZN сервисімен келісім-шартқа қол қойды. Мексикалық Сауль Альварестен жеңіліп, чемпиондық атақтарынан айырылған Головкин 41-кездесуін маусымда өткізетіні хабарланды.

Қытайда туып, 2011 жылы тарихи отаны Қазақстанға оралған Қанат Ислам (25-0) кәсіпқой рингке қашан оралатыны белгісіз. Ол жылдың басында аяғын емдетіп жатқанын айтқан.

Ал наурыздың басында кәсіпқой бокстан MTK Global промоутерлік компаниясы Қазақстанда бөлімшесін ашқанын хабарлады. Британиялық компания "Қазақстаннан жаңа кәсіпқой бокс жұлдыздарын тауып, әлемге танытпақ".


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG