Accessibility links

Қазақстанның нәтижесі төмендеген олимпиада


Қазақстан делегациясы Пхенчхан олимпиадасының жабылу салтанатында. 25 ақпан 2018 жыл.
Қазақстан делегациясы Пхенчхан олимпиадасының жабылу салтанатында. 25 ақпан 2018 жыл.

Пхенчхан олимпиадасынан барып хабар таратқан Азаттық тілшісінің қортындысы.

Пхенчхандағы қысқы олимпиадаға 46 спортшы апарған Қазақстан бір қола медальмен жалпы есепте 28-орын алды. Бір қоланы фристайлдың могул түрінен Юлия Галышева иеленді. Спорт және мәдениет министрлігі мен Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің (ҰОК) “Сочидегі жетістікті қайталау” жоспары орындалды. Бірақ Пхенчхан ойындарының алдында Қазақстан шаңғышы Алексей Полторанин мен Дмитрий Рейхердтің жүлде алатынына сенімді болған. Олимпиада алдындағы жарыстарда тұрақты түрде жүлде алып жүрген екеуі де Пхенчханда үштікке ене алмады. Азаттық тілшісі Қазақстанның Сочи мен Пхенчхан олимпиадасындағы нәтижесін салыстырып көрді.

СОЧИ VS ПХЕНЧХАН

Сочиде қола алған мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен Пхенчханда 26-орын алып, негізгі бағдарламаға өте алмай қалды. Ол бұл сәтсіздігін аяғындағы жарақатынан көреді. Бірақ Пхенчхан ойындарында чемпион болған жапониялық Юдзуру Ханю да олимпиада алдында жарақаттанған. Әйелдер арасында жарысқа қатысқан Элизабет Тұрсынбаева 12-орыннан көрінді. Канадада жаттығатын спортшының 2017 жылғы әлем чемпионатында 9-орын алғанын ескерсек оның да олимпиадағы көрсеткіші төмен. Тұрсынбаева бұл ойындарда қос бағдарламада 171 ұпай жинады. Ал чемпион болған Ресей олимпиада атлеттері командасының мүшесі Алина Загитова 239 ұпай иеленді. Екі спортшының ұпайының арасы тым алшақ.

Қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева Пхенчхан олимпиадасында.
Қазақстандық Элизабет Тұрсынбаева Пхенчхан олимпиадасында.

Қазақстан конькишілері де Пхенчханда өздерінің үздік нәтижесін көрсете алмады. 2013 жылы 1000 метрде әлем чемпионы атанған Денис Кузин бұл жолы 27-орын алды. Бұл қашықтықты ол 1:10,13 минутта жүгіріп өтті. Ал Сочиде ол 1:09,10 минут көрсеткішпен 7-нәтиже көрсеткен. 2010 жылы жасөспірімдер арасында 500 метрде әлем чемпионы болған Екатерина Айдова Пхенчханда 21-орынмен шектелді. 2010 жылғы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Айдовадан қалып қойған чехиялық Катерина Ербанова Пхенчхан ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Пхенчхан мұз айдынында қазақстандық Роман Креч 500 метрлік жарыста 35,92 секундпен 36 спортшы арасында 35-орын алды. Креч 2017 жылы Калгаридегі әлем кубогы кезеңінде бұл қашықтықты 34,21 секундтта жүгіріп өткен. Егер Креч дәл осы нәтижесін Пхенчханда көрсеткенде олимпиада чемпионы атанар еді. Себебі олимпиадада алтын алған норвегиялық Ховар Лорентсенның көрсеткіші – 34,41 секунд.

Денис Кузин Пхенчхан олимпиадасында.
Денис Кузин Пхенчхан олимпиадасында.

Шорт-тректен Қазақстан ерлер құрамасы Сочиде 5000 метрлік эстафетаның финалына шығып, үздік бестікке енген. Пхенчханда финалдан тыс қалды. Бұған қоса, жекелей жарыста Қазақстаннан барған бес спортшы да финалға шыға алмады. Шорт-трек құрамасын күшейтуі тиіс деп Оңтүстік Кореядан шақыртқан Ким Йонг А да іріктеуден өте алмады. Пхенчхан олимпиадасынан медаль алу жоспарымен Қазақстан шорт-трекшілері үш жыл бойы Голландияда дайындалған. Бірақ Қазақстан олимпиада кезінде Голландия, Оңтүстік Корея, Венгрия, Канада, АҚШ, Қытай шорт-трекшілерімен бәсекелесе алмады.

Қазақстан биатлон құрамасынан олимпиадада медаль алуы екіталай еді. Бірақ 2015-2018 жылдары әлем кубогы кезеңінде Қазақстан биатлоншылары жақсара түскен. Галина Вишневская әлем кубогының жалпы есебінде үздік жиырмалыққа енді. Әлем кубогы кезеңінде Вишневская мен Максим Браун қола медаль алды. Қазақстан құрамасына ресейлік маман Валерий Польховский шақыртылды. Спортшылар жаз бойы шетелдегі үздік трассаларда жаттығуға мүмкіндік алды. Бұл жұмыстардың барлығы “Пхенчхандағы ойындарда жақсы нәтиже көрсету үшін” жасалды.

Қазақстандық Галина Вишневская жарыс жолында.
Қазақстандық Галина Вишневская жарыс жолында.

Құрама лидері Галина Вишневскаяның “олимпиадада алтылыққа ену жоспары” болған. Қалған биатлоншылар да өздерінің үздік нәтижесін көрсетуге тырысатындарын айтқан. Бірақ биатлоншылардың Пхенчхандағы нәтижесі Сочимен салыстырғанда өзгерген жоқ. Вишневская өзі қатысқан үш жарыста үздік ондыққа ене алмады. Эстафетада Қазақстан әйелдер құрамасы 20 команданың арасында 18-орынмен шектелді. Ерлер құрамасы қарсыластарынан бір айналым қалып қалған соң төрешілер шешімімен жарыстан шығарылды.

Қазақстан медаль күткен шаңғышы Алексей Полторанин Сочиде 7-орын, ал Пхенчханда 15-орынмен шектелді. Фристайлшы Дмитрий Рейхерд Сочиде 5-нәтиже көрсетсе, Пхенчханда 8-орын алды.

Бұл статистикадан Қазақстанның Сочи мен Пхенчхандағы медаль саны бірдей болғанымен жалпы спорттағы нәтижесі төмендегенін байқауға болады.

“ҚАЗАҚСТАНҒА САБАҚ БОЛҒАН ОЛИМПИАДА”

Қазақстан Сочи ойындарынан кейін 2017 жылы Алматыдағы қысқы универсиадада 11 алтын, 8 күміс, 17 қола, ал Саппородағы Азия ойындарында 9 алтын, 11 күміс, 12 қола алған. Бірақ қос жарыстағы көп медаль олимпиадада өз нәтижесін берген жоқ.

Пхенчхан олимпиадасына келген қазақстандық журналист Жеңіс Байхожаның пайымдауынша, бұл ойындардағы Қазақстанның нәтижесін сәтсіздік деп те жетістік деп те айту қиын.

- Полторанин кем дегенде қола алғанда бұл олимпиада [Қазақстан] үшін сәтті болды деп айтуға болар еді. Ал бір қоламен не анда емес не мында емес болып қалды. Пхенчханда лицензия саны Сочимен салыстырғанда аз болды. Яғни бәсекеге қабілетті спортшылар саны азайған. Шаңғыдан бұл олимпиадаға жеті лицензия алды. Ал бұрынғы олимпиадаға 15 жолдама иеленетін. Бір-екі үздік спортшыға үміт арту жиі нәтиже бере бермейді. Мысалы Полторанин медаль ала алмай қалды. Денис Тен жарақатпен шықты. Олар медальсыз қалып жатқанда жарқ етіп, жарып шығатын ешкім болмады. Артта ешкім жоқ. Норвегияда Сундбю деген спортшы лидер, бірақ ол бұл олимпиадада кей жарыста медаль ала алмай қалды. Есесіне жас шаңғышылар оның орнына жүлде алды. Шаңғыдан Ресейдің негізгі құрамасындағы спортшылар бұл олимпиададан шеттетілді. Есесіне жастары келді де бірнеше медаль иеленді. Себебі оларда дер кезінде алмастыра қоятын, өз кезегін күтіп отырған қосалқы спортшылар көп. Қазақстан бір жұлдызға үміт артады. Мысалы жеңіл атлетикада Ольга Рыпакова, жүзуде Дмитрий Баландин бар. Бірақ олардың орнын басатын ешкім жоқ, - дейді ол.

Алексей Полторанин.
Алексей Полторанин.

Ал осы олимпиададан хабар таратқан тағы бір қазақстандық журналист Амангелді Сейітхан “Бұл ойындар Қазақстанға сабақ болды. Спортшылардың өздері үйрендік, үйренетініміз көп екен деді. Басқа елдердің қалай дамып келе жатқанын байқадық, осал тұсымызды білдік. Енді осыдан қортынды шығару керек. Пекин олимпиадасында бұдан да қиын болады. Себебі Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореяда қысқы спорт қарқындап дамып келеді. Қазақстан бірінші кезекте шорт-тректі дамыту керек. Бұл спортқа көп ел әлі көңіл бөле қойған жоқ. Соны пайдалану қажет” дейді.

Шорт-трекші Нұрберген Жұмағазиев (көк формада) олимпиадада екі рет құлап, жүлдесі қалды
Шорт-трекші Нұрберген Жұмағазиев (көк формада) олимпиадада екі рет құлап, жүлдесі қалды

Спорт шолушысы Жеңіс Байхожаның айтуынша, Қазақстан қысқы олимпиадада нәтиже көрсеткісі келсе бұқаралық спортты дамытып, инфраструктураны жақсарту керек.

Медаль кестесі (Суретті үлкейту үшін басыңыз)
Медаль кестесі (Суретті үлкейту үшін басыңыз)

​- Қазақстандық жанкүйерлер жазғы олимпиададан көп медаль алып үйреніп қалған соң қысқы ойындардан да көп жүлде күтеді. Жазғы олимпиадада Қазақстан бокс, күрес, ауыр атлетикадан көп жүлде алады. Ал бұл спортта Қазақстан көбіне өмір сүру деңгейі орташа елдерімен яғни Өзбекстан, Куба, Таиланд, Солтүстік Кореямен бәсекеге түседі. Қысқы олимпиадада экономикасы дамыған елдермен медальға таласады. Олар Қазақстаннан инфраструктура жағынан жиырма жылға алға кетіп қалған. Голландияда ондаған жабық мұз айдыны бар. Әлемде он шақты шана-бобслей трассасы бар болса оның бесеуі Германияда орналасқан. Норвегияның әр ауылында шаңғы трассасы бар. Бұл елдермен Қазақстан қалай бәсекеге түсе алады? Сондықтан қысқы олимпиадан көп медаль күту әбестік. Қазақстанда халық жаппай спортпен шұғылданбайды. Ал батыс елдерінде спорт-культ. Халық спортшы болу үшін емес жай өзі үшін айналысады. Бізде бір үздік шықса соған ақша бөле береді. Шетелдік бапкерге ақша төлейді. Ал бұқаралық спорт дамып жатқан жоқ. Әр нәрсенің басын бір шалып жатырмыз. Ұлт ретінде, ел ретінде олай жасауға болмайды. Бір жағына шығу керек, - дейді сарапшы.

Қазақстанның олимпиададағы нәтижесіне байланысты елдің ұлттық олимпиада комитеті не үкіметі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Ал Қазақстан ұлттық олимпиада комитетінің баспасөз қызметі Азаттыққа ойындардың нәтижесіне қатысты мәлімдеме әзірге болмайтынын айтты.

Пхенчхан олимпиадасы 9-25 ақпанда өтті. Келесі қысқы олимпиада 2022 жылы Пекинде (Қытай) болады.

XS
SM
MD
LG