Accessibility links

Жаңа редактор митинг жайлы мақаланы шығармаған соң "Жас Алаштың" үш тілшісі жұмыстан кетті


"Жас Алаштың" митингіден кейін, 25 ақпанда шыққан саны.
"Жас Алаштың" митингіден кейін, 25 ақпанда шыққан саны.

Оқырман арасында "билік әрекеттерін ашық жазатын жалғыз қазақ тілді газет" деп қабылданатын "Жас Алаштың" бірнеше тілшісі "жаңа редактор 22 ақпандағы билікке қарсы митинг жайлы мақаланы газетке шығармады" деп жұмыстан кетіп жатыр. Ал редактор мақала бір жақты жазылған соң газеттен алып тастағанын айтады.

ШЫҚПАЙ ҚАЛҒАН МАҚАЛАНЫҢ ЖЫРЫ

"Жас Алаштың" жауапты хатшысы Ырысбек Дәбей және тілшілері Есдәулет Қызырбекұлы, Асхат Асан енді бұл газетте қызмет істемейді.

Ырысбек Дәбейдің айтуынша, 22 ақпанда Алматы қаласында болған билікке қарсы наразылық жайлы журналист Есдәулет Қызырбекұлы репортажы дүйсенбі, 24 ақпандағы газет нөмірінен алынып қалған. Осы жайт үш журналистің газеттен кету жайлы ойларын бекемдей түскен.

22 ақпандағы наразылық

Қазақстандағы екі оппозициялық топ - "Демократиялық партия" құруды жоспарлайтын белсенділер мен Қазақстан "экстремистік" деп таныған, Еуропарламент "бейбіт оппозициялық" қозғалыс деп атаған ҚДТ қозғалысы жұртты 22 ақпанда билікке қарсы наразылыққа шақырған. Екі оппозициялық топ митинг орны деп жариялаған жерлерде полиция жүзден астам адамды әкетті. Құқық қорғаушылардың есебінше, 22 ақпанда елде 300-дей адам ұсталған. ІІМ бұл күні 53 адамның ұсталғанын мәлімдеді.


- 22 ақпандағы митинг жайлы барынша бейтарап жазылған жақсы мақала еді. Газет қоғамдағы оқиғаларды хабарлап отыруы тиіс. Ал бұл жолғы қарсылық акциясы жайлы газет ақпарат таратпады. Жаңадан келген бас редактор Қайрат Матреков себебін түсіндірмеді, - дейді Ырысбек Дәбей.

Митинг жайлы "Жас Алашқа" шықпай қалған мақаланың авторы Есдәулет Қызырбекұлы газеттен кететінін ақпанның 26-сы күні Facebook парақшасында жазды. Ол жұмыстан кетуіне мақаласының шықпай қалғаны ғана емес, "Жас Алаштың" бағыты өзгере ме деген қауіп те себеп болғанын айтады.

"Жас Алашқа" жаңадан келген бас редактор Қайрат Матрековтің ішкі істер органдарында жұмыс істегеніне қарап, газет бұрынғыдай еркін бола алмайды деген ой түйдік" дейді ол.

Жаңа бас редактор Матреков мақаланы газетке шығармай қойғанын былай түсіндіреді:

- 22 ақпандағы митингілер жайлы Есдәулет Қызырбекұлының репортажы Жанболат Мамай бастаған "Демократиялық партияның" іс-әрекетін қолдау сипатында жазылған. Олардан өзге белсенділердің қарсылық акциясы жанама түрде ғана берілген. Газет ешбір саяси күштің құралы болмауы керек, сол себептен репортажды алып тастадым, - дейді ол.

Есдәулет Қызырбекұлының репортажы газетке шықпай қалғанымен, "Жас Алаштың" митингіден соң, 25 ақпанда шыққан санында 22 ақпанда болған наразылық шарасы жайлы Асхат Асанның "15 баланың құны, Бұқарбайдың шыңы, митингілер күні" мақаласында айтылған.

"Жас Алаштың" митингіден кейін, 25 ақпанда шыққан санындағы мақала.
"Жас Алаштың" митингіден кейін, 25 ақпанда шыққан санындағы мақала.

Қайрат Мартеков 1995 жылдан 2007 жылдың соңына дейін ішкі істер органдарында қызмет еткенін жасырмайды.

Кейінгі бес жылда көліктегі оңтүстік-шығыс ішкі істер департаменті бастығының кеңесшісі, баспасөз қызметінің жетекшісі болдым. Одан кейін ҚазТАГ агенттігінде істедім. 2014 жылы 365info.kz сайтына барып, 2018 жылдың желтоқсанына дейін қазақша бөліміне бас редактор, кешеге дейін "Курсив" газетінде қазақ бөлімінің редакторы болдым, - дейді ол.

Жұмыстан кетіп жатқан жауапты хатшы Ырысбек Дәбейдің сөзінше, "Жас Алаштың" жаңа бас редакторы тілшілерден қызметін жалғастыра беруді сұраған.

Ырысбек Дәбей.
Ырысбек Дәбей.

Журналистерді жұмыстан қумағанын "Жас Алаштың" қазіргі редакторы Қайрат Матрековтің өзі де қуаттайды.

- Газет құрылтайшысы шақырған соң келдім. Ешқандай да биліктің адамы емеспін. Көп жылдық тарихы бар газетті түбегейлі өзгертемін деген ойым жоқ. Редакция қызметкерлеріне жұмыста қала беруді сұрадым, бірақ ешкімді зорлықпен ұстап тұра алмаймыз. Қызметімізден кетеміз деген тілшілердің азаматтық ұстанымын сыйлаймын және олар газетті тоқтатпау үшін екі нөмірін шығаруға көмектесті, сонысына рақмет, - деді ол.

Матреков "Жас Алаш" газетінің бас редакторы болып, 24 ақпанда тағайындалды. Бұл газетте бір жарым айдай бас редактор болған Инга Иманбай осы күні "жоғарыдағы қысымнан соң" орнынан кеткенін мәлімдеген. Жұмыстан кетерінің алдында, 21 ақпан күні Инга Иманбай Қаскелең қаласында қамалған күйеуі, "Демократиялық партия" құру тобының жетекшісі, саясаткер Жанболат Мамайды босатуды талап етіп, Қарасай аудандық полиция департаментінің алдына барған. Одан кейін 22 ақпанда "Демпартия" белсенділерінің Алматыдағы наразылығына қатысып, ұсталған. Кейін Инга Иманбайды полиция босатқан.

Полиция Инга Иманбайды ұстап жатқан сәт. Алматы, 22 ақпан 2022 жыл.
Полиция Инга Иманбайды ұстап жатқан сәт. Алматы, 22 ақпан 2022 жыл.

Осы наразылықтан соң, 24 ақпанда оның "Жас Алаштан" кеткені белгілі болды. Инга Иманбай 2006 жылы қастандықтан қаза болған Алтынбек Сәрсенбайұлының әйелі, газет құрылтайшысы Салтанат Атушевамен және Алтынбек Сәрсенбайұлының немере інісі Нұрлан Сәрсенбаймен сөйлескенін Facebook парақшасында жазды.

"Салтанат Атушеваға белгілі бір ведомствоның генералы келіп, мені міндетті түрде 22 ақпанға дейін босату жөнінде қатаң талап қойды. Газеттің Жанболат Мамайға қатысы жоқ дегенімізді тыңдамады. Салтанат Атушева мені бас редактор қызметінде қалдыру үшін қолынан келгеннің бәрін жасады, бірақ қатты қысымнан соң босатуға мәжбүр болды. "Жас Алаш" толығымен билік бақылауына өтті" деп жазды желіде Инга Иманбай.

Азаттық тілшісі "Жас Алаш" газетінің қазіргі құрылтайшысы Салтанат Атушеваға Инга Иманбайдың орнынан кетуі, үш қызметкердің жұмыстан шығуына қатысты білмекке бірнеше рет хабарласып көрді. Бірақ телефонды көтермеді. "Алтынбек Сәрсенбайұлының отбасына қысым болды ма?", "Жас Алаш" газетінің бағыты өзгеруі мүмкін бе?" деген сұрақты электронды поштасына да жіберді, әзірге жауап келген жоқ.

Бұл сұрақтарға "Жас Алаш" газетінің президенті, тілшілердің айтуынша, "газеттегі ауыс-түйіс себебін білетін" Аманжол Рысбеков те жауап бергісі келмеді.

Ал Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы, оппозициядағы саясаткер Рысбек Сәрсенбайұлы nege.kz сайтына "Алтынбек Сәрсенбайұлының туыстарына ешкім қылмыстық іс қозғалмағанын" айтқан.

"ЖАС АЛАШТАҒЫ" ЖАҒДАЙЛАР

"Жас Алаш" газетінен журналистердің жаппай кеткені бірінші рет емес. Осыдан үш жыл бұрын Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасы Рысбек Сәрсенбайұлы газет редакторлығынан босатылғанда онымен бірге бір топ қызметкер қоса кеткен.

Одан кейін газетке бас редактор болып тағайындалған Руслан Ербота биыл қаңтардың басында "күтпеген жерден" орнынан алынғанда қарсылық ретінде бір топ тілші өз еріктерімен жұмыстан шыққан. Содан кейін газеттің биылғы алғашқы нөмірі уақытында жарық көрмей, кешігіп шықты. Руслан Ерботаның орнына Инга Иманбай тағайындалғанда жұрт арасында "газет енді "Демпартияның" құралы болады" деген.

Инга Иманбай бас редакторлығы тұсында "Жас Алаштың" жауапты хатшысы болған Ырысбек Дәбей Инга Иманбайдың күйеуі, саясаткер Жанболат Мамай бастаған белсенділердің "Демократиялық партия" құру жолындағы әрекеттері жайлы мақалалар жиі шыға бастағанын "қазіргі қоғамдық-саяси өмірде жұрт назарын аударып отырған оқиғаларды тәуелсіз газеттің бәрі де жариялауы тиіс" деп түсіндіреді.

"Жас Алаш" газетінің 27 ақпан күнгі саны.
"Жас Алаш" газетінің 27 ақпан күнгі саны.

Инга Иманбай өзі басқарған кезде "Жас Алаш" газетінің Жанболат Мамай құрғысы келетін "Демократиялық партияға" ешбір қатысы болмағанын, ал құрылтайшылардан біреулер өзін 22 ақпандағы митингіге дейін босатуды талап еткенін" алға тартады.

Рысбек Сәрсенбай мен Руслан Ербота редакторлықтан кеткенде тілшілердің "құрылтайшылар редакциямен мүлде санаспайды" дегені аңғарылған еді.

Рысбек Сәрсенбаймен ілесе кеткен "Жас Алаш" газетінің бұрынғы журналисі Сансызбай Молдажанов "2017 жылы құрылтайшылар редакторды босатқанда дөрекілік көрсетті" деп еске алады.

- Таңертең жұмысқа келгенімізде редакцияның есіктері сынып жатты. Ішіндегі заттың бәрін төңкеріп тастаған. "Жұмыс істегісі келгендер жаңа кеңсеге келсін" деп WhatsApp арқылы хат жіберді. Себебін түсіндірмеді. Осыдан кейін істегіміз келмеді, - дейді ол.

Молдажанов "Рысбек Сәрсенбайұлы басқарған тұста билікті сынайтын өткір мақалалар жариялаған "Жас Алашта" кейінгі кезде ондай дүниелер азая бастағанын аңғарған".

- Біздің кезімізде қатаң сыналып жүрген жоғары лауазымды шенеуніктердің сұқбаты газетке шыға бастады. Оған да таңдандық, - дейді ол.

"Жас Алаш" газетінің бас редакторлығынан биыл қаңтардың басында босатылған Руслан Ербота "ешбір саяси күштің қолшоқпары болмай, журналистика қағидасына сай бейтарап болуға тырысқанымызға сынай қарайтындардың, тек қана белгілі бір саяси күштерді қолдау керек деп есептейтіндер барын білемін" дейді.

1921 жылғы 22 наурыздан шыға бастаған "Жас Алаш" газеті бірнеше саяси режимге куә болып, түрлі трансформацияны бастан кешті. 1990 жылдары басқа да бұқаралық ақпарат құралдары секілді "Жас Алаш" газеті де жекешелендіріліп, газет акциясы редакция қызметкерлеріне берілгені хабарланған. Бірақ газеттің түпкі иесі көп жылдар Қазақстанның ақпарат министрлігін басқарған, кейін оппозиция жетекшісіне айналған саясаткер Алтынбек Сәрсенбайұлы (2006 жылы қастандықпен қаза тапты) деген болжамдар айтылған.

2005 жылы "Ақ жол" партиясы екіге бөлінгенде "Жас Алаш" газеті Алтынбек Сәрсенбайұлы, Болат Әбілев, Ораз Жандосовтар құрған "Нағыз Ақ жол" партиясын қолдап шықты. Осы кезеңнен бастап "Жас Алаш" газеті Қазақстан билігіне сын көзбен қарайтын ақпарат құралы қатарында аталып келеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG