Accessibility links

Құқық қорғаушының ұлына тиесілі жәрдемақыны бұғаттан босатты


Құқық қорғаушы Ольга Климонова балаларымен бірге Ақтөбе облысы әкімдігінің алдында наразылық білдіріп тұр. 12 қаңтар 2018 жыл.

Облыс әкімдігі алдында наразылығын білдірген ақтөбелік құқық қорғаушы Ольга Климонованың асыраушысынан айырылған ұлына мемлекеттен төленетін жәрдемақы түсетін банктегі есеп шоты бұғаттан босатылды. Кәмелетке толмаған екі баласы бар жұмыссыз әйел өзін "жала жапты" деп айыптаған сот шешімімен келіспейді.

ӘКІМДІК АЛДЫНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ

Ақтөбелік құқық қорғаушы Ольга Климонова кәмелетке толмаған екі баласымен бірге облыстық әкімдік алдында наразылық білдіргеннен кейін, оның үлкен ұлы 11 жастағы Иванға асыраушысынан айырылғандығына байланысты мемлекеттен төленетін жәрдемақы түсетін банктегі есеп шоты бұғаттан босатылған. Қаңтардың 17-і күні Азаттық тілшісіне Климонова биылғы қаңтар айына тиесілі жәрдемақы қолына тигенін, кенже ұлы Егорды қайтадан балабақшаға апара бастағанын хабарлады.

Маған, отбасыма және әріптесіме қысым жасалып жатыр

Бұған дейін ақтөбелік құқық қорғаушы 12 қаңтар күні кәмелетке толмаған екі баласын ертіп облыс әкімдігінің алдына барған болатын. Ол жерде Ольга Климонова кенже ұлы Егорды жетектеп, үлкен ұлы Иван қолына "Мені және інімді нанымыздан айырмаңыз, президент мырза" деген жазуы бар плакат ұстап тұрды. Әкімдік ғимараты алдында журналистерге Ольга Климонова облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен кездесіп, жергілікті құқық қорғаушыларға қысым жасалып жатқаны туралы айтуға келгенін мәлімдеді.

- Маған, отбасыма және әріптесім Әлима Әбдіроваға қысым жасалып жатыр. Біз 2014 жылы Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің мүшесі ретінде жабық 8 мекемені тексердік. Сол тексерулер қорытындысы туралы құжатты екі тәуліктен соң Астанаға жөнелттік. Олар да еңбекақымызды кешіктірген жоқ. Осыдан кейін-ақ бізді қудалай бастады, - деді Ольга Климонова.

Құқық қорғаушы Ольга Климонова Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің қабылдауында отыр. 12 қаңтар 2018 жыл.
Құқық қорғаушы Ольга Климонова Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің қабылдауында отыр. 12 қаңтар 2018 жыл.

Облыс әкімі 20 қаңтарға дейін еңбек демалысында болғандықтан құқық қорғаушыны әкімнің орынбасары Ербол Нұрғалиев қабылдаған. Бұл кездесуден соң Азаттыққа облыстық әкімдіктен жолданған хабарламада Ольга Климонованың 2015-2017 жылдар аралығында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауына жазылмай, тек хат жолдаумен шектелгені туралы айтылған. "Нақты шаралар қабылдау үшін облыс әкімінің орынбасары Нұрғалиев Ольга Климоновамен 15 қаңтар күні тағы да кездеседі" делінген хабарламада. Бірақ әкім орынбасары Ербол Нұрғалиев Астанаға іссапарға кетуіне байланысты құқық қорғаушынмен кездесу кейінге қалған.

- Іссапардан келген соң Ольга Климоновамен кездесіп, талаптары бойынша қандай жұмыстар жүргізілгенін айтпақшы едім. Бірақ ол кездесуден бас тартты. Біз оған жұмыс та тауып бермекші болғанбыз. Оған да аса ыңғай білдірмей отыр. Климонова 20 қаңтар күні тағы да әкімдікке келетінін айтты, - деді 17 қаңтарда әкім орынбасары Ербол Нұрғалиев Азаттық тілшісіне.

БҰҒАТТАЛҒАН ЕСЕП ШОТ

Құқық қорғаушы Ольга Климонова мен тағы бірнеше әріптесін 2015 жылы Ақтөбе облысы кәмелетке жасы толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесі сотқа берген. Оған дейін Климонова Ақтөбе облысы бойынша мүшесі болған Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ - Қазақстанда азаптаудың алдын алу үшін құрылған механизм – ред.) өкілдері жабық мекемелерді аралауға мүмкіндік алған болатын. 2014 жылы тамызда Ольга Климонова мен өзге де ҰАТ мүшелері Ақтөбе облысындағы кәмелетке жасы толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесіндегі жағдаймен танысып, кейін тексеру қорытындысы туралы құжатты Астанаға жолдаған.

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы. Ақтөбе, 25 қыркүйек 2017 жыл.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы. Ақтөбе, 25 қыркүйек 2017 жыл.

Ондағы "Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы әкімшілігі практика көрсеткендей жылдар бойы азғындап келеді: психолог жоқ, құжаттар жүргізілмейді" деген сөйлемдегі "азғындап" деген сөз екі арадағы дауға себеп болған. Құжатты толтырған төрт адамның бірі ақтөбелік құқық қорғаушы Әлима Әбдірованың айтуынша, тексеру кезінде орталықта балалармен жұмыс істейтін психолог болмағаны анықталған, құжатта мұнан басқа да фактілер келтірілген.

Оқи отырыңыз: Ақтөбелік құқық қорғаушының бас бостандығы шектелді

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы жетекшілері құжатта жазылған жайттарды "ар-ұжданға нұқсан келтірді" деп бағалап, 2015 жылы күзде сотқа жүгінген. 2016 жылы мамырда Ақтөбе облыстық соты талапкердің шағымын қанағаттандырып, Ольга Климонова, Әлима Әбдірова мен өзге де жауапкерлерді кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы еңбек ұжымының жалпы жиналысында құжатта көрсетілген мәліметтердің шындыққа сай келмейтінін хабарлап, құқық қорғаушыларды мемлекеттік мекеме өкілдерінен кешірім сұрауды міндеттейтін шешім шығарған.

- Мен де, Әлима Әбдірова да кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының басшысынан кешірім сұрағанымыз жоқ. Сот кешірім сұрамаған әр күнімізді 12 мың теңгеге бағалап отыр. Яғни, қазір төленбеген айыппұл сомасы 3 миллион теңгеден асып кетті. Өзім Өзбекстанның тумасымын. Сол жақта науқас әкем мен мүгедек інім бар. Егер оларға бірдеңе бола қалған жағдайда ел аумағынан шыға да алмаймын. Өйткені миллиондаған қарызбен мені ешкім де елден шығара қоймайды, - дейді Ольга Климонова.

Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесінің талап-арызы негізінде Ольга Климоновамен бірге жауапқа тартылған ақтөбелік тағы бір құқық қорғаушы Әлима Әбдірованың бас бостандығын сот екі жылға шектеген. Облыстық соттың мәліметінше, кейін Әлима Әбдірованың үстінен қылмыстық кодекстің 430-бабы 1-бөлімі (Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты алты айдан астам уақыт орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Осының бәрі құқық қорғаушылық қызметіме байланысты жасалып жатқан қысым деп санаймын. Мен өзге балалардың құқын қорғап жүргенімде өз балаларымның құқығы аяқасты болып жатыр

Сот шешімі бойынша пәтеріне сот арест қойылып, банктердегі есеп шоттары бұғатталған соң Ольга Климонова үлкен ұлы Иванға асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттен берілетін жәрдемақыны ала алмай қалған.

- Осының бәрі құқық қорғаушылық қызметіме байланысты жасалып жатқан қысым деп санаймын. Мен өзге балалардың құқын қорғап жүргенімде өз балаларымның құқығы аяқасты болып жатыр. Мемлекет үлкен ұлым Иванға асыраушысынан айырылғандықтан жәрдемақы төлейтін. Сол 30 мың теңгені соңғы рет қолыма 2017 жылғы 5 желтоқсан күні алдым. Енді қаңтар айына төленетін жәрдемақыны ала алмай отырмын. Өйткені, жеке сот орындаушысы Арман Ахметовтің нұсқауымен ұлымның жәрдемақысы түсетін есепшот бұғатталған, - деді 12 қаңтарда облыс әкіміне жолығуға барғанда Ольга Климонова.

Иван – осыдан тоғыз жыл бұрын 36 жасында өмірден өткен ақтөбелік тәуелсіз журналист Андрей Климоновтың ұлы. Көзі тірісінде Андрей Климонов та құқық қорғаушылық қызметпен айналысқан. Ал оның жесірі, қазір жұмыссыз Ольга Климонова төртінші жылға созылып кеткен даудан "әбден қажығанын" айтады.

Азаттық тілшісі Климонованың ұлы Иванға тиесілі жәрдемақы түсетін банк есеп шотының бұғатталуына байланысты жергілікті жеке сот орындаушысы Арман Ахметовке хабарласты.

- Ольга Климонованың Халық банкіндегі арнаулы есеп шотына ешкім де тиген жоқ. Арест осы банктегі екінші шотына қойылған. Әдетте мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақылар арнаулы шотқа ғана түсетін. Климонованың өзі құжат рәсімдеген кезде мамандарға екінші шотын көрсетсе керек. Сондықтан асыраушысынан айырылғандығына байланысты төленетін жәрдемақы оның екінші шотына түсіп отырған, - дейді ол.

Сот орындаушысы Ахметов қолданыстағы заңда азаматтарға сот шешімін орындамаған әр күн үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (қазір 12 мың теңгені құрайды) көлемінде айыппұл салу қарастырылғанын растайды. "Бірақ ондай шешімді тек сот шығара алады. Әзірше Климонованың үстінен сотқа шағымданған жоқпын" дейді ол.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев Азаттық тілшісімен телефон арқылы әңгімеде жеке сот орындаушысы Арман Ахметовтің талабы бойынша Ольга Климонованың Халық банкіндегі арнаулы шотына (екінші шотына емес) арест қойылғанын растады. "Ол үшін жеке сот орындаушысы жауап беретін болады" дейді шенеунік.

Ольга Климонованың "Ақтөбе облысында құқық қорғаушыларға қысым көрсетілетіні" туралы мәлімдемесіне байланысты Азаттықтың сауалына облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев "Құқық қорғаушыларға қатысты шешімді сот қабылдаған. Соттың жұмысын қадағалау біздің құзыретімізге кірмейді" деп жауап берді.

XS
SM
MD
LG