Accessibility links

Ақтөбелік құқық қорғаушының бас бостандығы шектелді


Ақтөбелік құқық қорғаушы Әлима Әбдірова.
Ақтөбелік құқық қорғаушы Әлима Әбдірова.

Ақтөбеде кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына «жала жапты» деп танылған құқық қорғаушы Әлима Әбдірованың бас бостандығы екі жылға шектелді. Ал құқық қорғаушының өзі бейімдеу орталығынан «кешірім сұрай алмайтынын» айтып, апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Әлима Әбдіроваға қатысты сот үкімі қыркүйектің 18-і күні шыққан.

ЕКІ ЖЫЛ ІШІНДЕ БОЛҒАН «ТОҒЫЗ СОТ»

Даудың басы 2014 жылға барып тіреледі. Осы жылы Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігінің Ақтөбе облысы бойынша мүшесі болған 56 жастағы құқық қорғаушы Әлима Әбдірованың қолына мандат тиіп, жабық мекемелерді аралауға мүмкіндік алған. Азаптауға қарсы ұлттық алдын алу тетігі (ҰАТ - Қазақстанда азаптаудың алдын алу үшін құрылған механизм – ред.) үшелері сол жылғы тамызда Ақтөбе облысы кәмелетке жасы толмағандарды бейімдеу орталығы мемлекеттік мекемесіндегі жағдаймен танысады. Кейін тексеру қортындысы туралы құжатты Астанаға жолдайды.

Ол құжатта «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы әкімшілігі практика көрсеткендей жылдар бойы азғындап келеді: психолог жоқ, құжаттар жүргізілмейді» деген сөйлем болған.

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тақтайшасы. Ақтөбе, 25 қыркүйек 2017 жыл.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының тақтайшасы. Ақтөбе, 25 қыркүйек 2017 жыл.

Әлима Әбдірованың айтуынша, тексеру кезінде орталықта балалармен жұмыс істейтін психолог болмағаны анықталған, құжатта мұнан басқа да фактілердің келтірілген. Есептің көшірмесі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы жетекшілерінің қолына тиіп, олар құжатта жазылған жайттарды «ар-ұжданға нұқсан келтірді» деп бағалап, 2015 жылы күзде сотқа жүгінген. Арада арызданушылардың мәртебесі мен тағылған айыптар өзгерген бірнеше сот өткен. Құжатты толтырған төрт адамның бірі болған Әлима Әбдірова:

- Шағымданушы тарап контекстегі бір сөзді жұлып алып, ол сөзден кейінгі қос нүктені де, айтылған жайттарды да ескермеді. Менің лексиконымда мұндай сөз жоқ, мүлдем қолданбаймын. Бірақ саясаткерлер арасында жиі қолданылатынын білемін. Саясаткерлер "правительства развращается" деп жатады. Бірақ бұл сексуалдық тұрғыдан емес, моральдық тұрғыдан айтылған сөз, - дейді.

2016 жылы мамырда Ақтөбе облыстық соты талапкердің шағымын қанағаттандырып, Әбдірова мен өзге де жауапкерлерді Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы еңбек ұжымының жалпы жиналысында құжатта көрсетілген мәліметтердің шындыққа сай келмейтінін хабарлап, кешірім сұрауларын міндеттеген. Бірақ құқық қорғаушы Әлима Әбдірова:

- Сот қаулысынан соң "мен түзету беремін" деп бірден айттым. Бірақ кешірім сұрай алмаймын. Өйткені, БАҚ өкілі емеспін. Ол кезде ҰАТ-тың Ақтөбе облысындағы мүшесі болдым. Кешірім сұрамағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартқанды қайдан көрдіңіз? - дейді.

Азаттық тілшісі Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы өкілдерінің уәждерін толық тыңдау үшін арнайы барғанымен, орталық бастығы Эльмира Кадимова жұмыс орнында болмады.

Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы. Ақтөбе, 25 қыркүйек 2017 жыл.
Ақтөбе облысының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы. Ақтөбе, 25 қыркүйек 2017 жыл.

Өзін «бастықтың орынбасары Ұлғаным» ретінде таныстырған қызметкер «облыстық білім басқармасына xабарласыңыз" деген кеңес айтты. Облыстық білім басқармасы басшысы міндеттерін уақытша атқарып отырған Руслан Ғалымжанұлы «мен де таң атқалы таба алмай отырмын» деп қысқа қайырды.

«ЕНДІ ЕКІ ЖЫЛ БАҚЫЛАУДА БОЛАДЫ»

Ал қыркүйектің 18-і күні шыққан, Әлима Әбдірованың бас бостандығын екі жыл шектеу туралы кейінгі сот үкімі осы орталық қызметкерлерінен кешірім сұрамағаны үшін, яғни сот шешімін орындамағаны үшін беріліп отыр. Мұны облыстық соттың баспасөз қызметі растайды.

- Сот шешімі 2016 жылы шілденің 27-сі күшіне енген. Алайда Әлима Әбдірова заңды күшіне енген шешімді 6 ай өтсе де орындамағандықтан, үстінен қылмыстық кодекстің 430-бабы 1-бөлімі (Сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін не атқарушылық құжатты алты айдан астам уақыт орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғалды, - дейді аты-жөнін айтпаған сот өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, «Әлима Әбдіроваға жаза тағайындау кезінде тұрғылықты мекен-жайынан берілген жақсы мінездеме ескерілген».

Сотталушының жазасын ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Сот үкімі күшіне енсе, Әлима Әбдірова алдағы екі жыл бойы пробация қызметінің бақылауында болады.

- Сотталушының жазасын ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Сот үкімі күшіне енсе, Әлима Әбдірова алдағы екі жыл бойы пробация қызметінің бақылауында болады, - дейді облыстық сот өкілі.

Алайда Әлима Әбдірова осынша қысым көргенін құқық қорғаушылық қызметі және былтыр көктемде болған «жер митингілері» кезіндегі белсенділігімен байланыстырады.

- 2016 жылдың көктемінде жердің ұзақ мерзімге жалға берілуіне қарсы болып, митингіге шыққандардың бірімін. Одан кейін Макс Боқаев пен Талғат Аянды (Қазақстандағы жер митингілерін ұйымдастырушылар ретінде танылып, 2016 жылы қарашада бес жылға сотталған – ред.) қолдау үшін Ақтөбе қаласында пикет өткізбек болып, қала әкіміне 50 рет өтініш жаздым. Қалалық әкімдік 50-ін де қанағаттандырған жоқ. Осының бәрін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев білмей, көрмей отыр дейсіз бе? Біледі! Құқыққорғаушының бір жарым жылда тоғыз рет істі болуы жергілікті билік үшін масқара нәрсе емес пе? Бұл азаматтық белсенділер мен биліктің арасында диалог жоқтығынан. Олар маған үкім шығарған жоқ. Олар мен құқықтарын қорғап жүрген жетім балаларға үкім шығарды, - дейді құқық қорғаушы.

Азаттық тілшісіне Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан қандай да бір комментарий алу мүмкін болмады. Облыс әкімінің баспасөз xатшысы Қанат Құлшыманов "бұл іске біздің еш қатысымыз жоқ, облыстық сотқа xабарласыңыз" деп қысқа жауап берді.

Сот үкіміне сай енді Әлима Әбдірова пробация қызметіне ескертпей тұрғылықты мекенжайын өзгерте алмайды. Осы аралықта оның тәртібі де жіті бақыланатын болады. Көңіл көтеретін орындарға бара алмайды, оған ел аумағынан шығуға тыйым салынған. Ал құқық қорғаушының өзі облыстық сотқа апелляциялық шағым жазатынын айтады.

Облыстық соттан мені толықтай ақтап алуын сұрағалы отырмын. Егер ақтай алмаса, түрмеге отырғызсын!

- Облыстық соттан мені толықтай ақтап алуын сұрағалы отырмын. Егер ақтай алмаса, түрмеге отырғызсын! Бәрібір соған келе жатырмыз. Маған салынған миллиондаған айыппұл күн сайын өсіп жатыр. Төленбеген госпошлина, экспертизалар шығыны, айыппұл мен пенялардың көлемі үш миллион теңгеден асып кетті. Маған қатысты істердің көптігі сонша мен айыппұл мен пеня мөлшерінен шатаса бастадым. Мен оны төлей алмаймын. Бір жарым жыл бұрын барлық есеп-шоттарыма арест қойылды. Қазір қалтамда көк тиын жоқ, - дейді Әлима Әбдірова.

Азаттық құқық қорғаушы Әлима Әбдірованың апелляциялық шағымымен өтетін сот шешімін де қосымша хабарлайтын болады.

Ақтөбе өңірінде құқық қорғаушыларға қысым жасау оқиғалары болып тұрады. Мәселен оппозиция белсендісі Айдос Садықов 2010 жылдың шілде айында «билік өкіліне қарсыласып, бұзақылық жасады» деп айыпталып, екі жылға сотталған еді. Құқық қорғаушылар оппозициялық журналист, Қазақстандағы қылмыстық қудалаудан қашуға мәжбүр болып, Киевте тұрып жатқан Наталья Садықованың ісіне қатысты БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне Қазақстанның үстінен 2017 жылы маусымда шағым түсірген. Кей сарапшылар Қазақстанда құқық қорғаушыларға түрлі қысымдар жасалып тұратынын айтады.

XS
SM
MD
LG