Accessibility links

Бүгін, мамырдың 23-і күні Алматының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында БТА банкінің бұрынғы топ-менеджерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша жарыссөз басталды.

Биыл 3 сәуірде басталған сотқа БТА банк директорлар кеңесінің бұрынғы төрағасы Мұхтар Әблязовпен қатар банктің басқарма төрағасының бұрынғы орынбасары Жақсылық Жарымбетов, бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш пен банктің несие беру бойынша бұрынғы директоры Қайрат Садықов тартылған. Әблязовтің өзі шетелде бас сауғалап жүргендіктен процесс оның сыртынан өткен.

Бүгін түске дейін сотта, БТА банкінің бұрынғы басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмеш өзіне "тағылған айыпты" толығымен мойындады.

Таңертеңгі 11.30-да басталған процессте судья Мәртбек Кәкімжанов сотқа келген айыпталушылар мен олардың адвокаттарына, мемлекеттік айыптаушылар мен журналистерге іске қатысты сот тергеуі толығымен аяқталғанын, бүгін жарыссөз басталатынын мәлімдеді. Әр тарап өздерінің жарыссөзге дайын екендерін растады.

Алайда, айыпталушылардың бірі Сәдуақас Мәмеш өзіне тағылған айыптарды «толығымен мойындайтынын және ісіне өкінетінін» мәлімдеді. Осыдан кейін судья Мәртбек Кәкімжанов сот тергеуін қайта бастау керектігін жариялады. Бірақ мемлекеттік айыптаушылар сот тергеуін қайта жүргізбей-ақ, Сәдуақас Мәмешке қатысты эпизодттарға ғана тоқталып, оның айыптарын мойындайтыны я мойындамайтынын қайта сұрап шықты.

БТА банк ісіндегі мемлекеттік айыптаушылар Еркін Баймағамбетов (сол жақта) және Тимур Шамай. Алматы, 17 наурыз 2017 жыл.
БТА банк ісіндегі мемлекеттік айыптаушылар Еркін Баймағамбетов (сол жақта) және Тимур Шамай. Алматы, 17 наурыз 2017 жыл.

Мұнан кейін мемлекеттік айыптаушы Тимур Шамай айыпталушы Сәдуақас Мәмештен "сот тергеуі барысында айтылғандарға алып-қосарыңыз бар ма?" деген сұрады, Мәмеш "Жоқ, мен бәрін айттым" деп қысқа жауап берді.

Осыдан кейін мемлекеттік айыптаушылар «Мәмеш өз позициясын өзгерткеніне байланысты, жарыссөзге дайындалу үшін уақыт беруді сұрады». Судья бұл өтінішті қанағаттандырып, процессті түстен кейін қайтадан жалғастырды.

БТА банк топ-менеджерлерінің бірі, басқарма төрағасы Сәдуақас Мәмешке қылмыстық кодекстің 176, 193 және 220-баптары ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлiктi заңдастыру", "Банктiң ақша қаражатын заңсыз пайдалану ") айып тағылып отыр.

БТА банктегі "қаржы жымқыруға" қатысты қылмыстық іс бойынша Мұхтар Әблязовтің өзі "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану" баптары бойынша күдікті деп танылған.

Коррупцияға қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы бұған дейін тергеу барысында "жымқырылған қаржы тұрғындардың зейнетақы жинақ қорындағы ақша, жеке жинаған ақшалары және шетелдік қаржы институттарынан алынған займдар болғаны айқын дәлелденгенін" хабарлаған. Қылмыстық іс 2224 томды құрайды.

Айыптаушы жақ Әблязов Лондонда жеке үйде жасырынған, Әблязов пен оның туыстарының Нью-Йоркте жылжымайтын мүліктері бар және оларын кейін Алматының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновтың көмегімен сатпақ болған дейді. Істі сотта қарау басталғанда сот барысында 200-ге тарта куәдан жауап алынатыны хабарлаған.

Мұхтар Әблязовтің (ортада) түрмеден босап шыққан сәті. Париж маңы. 9 желтоқсан, 2016 жыл.
Мұхтар Әблязовтің (ортада) түрмеден босап шыққан сәті. Париж маңы. 9 желтоқсан, 2016 жыл.

Сотқа Әблязовтің мемлекет тағайындаған адвокаты Анжелика Әжіғұлова, Жарымбетовтің адвокаты Өстеміров, Мәмештің адвокаттары Клименко және Ким, Садықовтың адвокаты Тәңірберген, БТА банкінің өкілі, айыптаушы үш прокурор қатысқан.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы 9 желтоқсанда бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды және өзіне қарсы істің саяси астары бар деп есептейді.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG