Accessibility links

Мамайды "Әблязовтың көмекшісі" деген күдікпен тергемек


Азаматтық белсенді Жанболат Мамай терезесін әлдекімдер сындырған көлігінің жанында тұр. Алматы, 6 желтоқсан 2016 жыл.

"Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторы міндетін атқарушы Жанболат Мамайды билік орындары қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен бірге "қаржы жымқыру ісіне қатысы бар" деген күдікпен тергеуге әкеткені хабарланды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы баспасөз қызметі ақпанның 10-ы күні "Саяси қалам. Трибуна" газеті бас редакторының міндетін атқарушы Жанболат Мамайдың бұрынғы банкир, қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың "БТА банк қаржысын жымқыру ісіне қатысы бар" деген күдікпен тергеуге апарылғанын хабарлады.

Ұлттық бюро баспасөз қызметі таратқан ақпаратта "БТА банктің" бұрынғы басшылары Мұхтар Әблязов мен Жақсылық Жарымбетов және басқа да адамдарға қатысты банк қаржысын жымқыру фактісі бойынша істі тергеу аясында "Жанболат Мамай Әблязовтың Қазақстандағы жаңа көмекшісі екені анықталғаны" айтылған.

"Ол "БТА банктен" ұрланған қаржының бір бөлігін "Саяси қалам. Трибуна" газетін шығару арқылы заңды қаржылық операция жолымен жымқырған" делінген бюро ақпаратында.

Ұлттық бюроның баспасөз хатшысы Ақжан Ырсалдинов Азаттыққа "тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын" айтып, Мұхтар Әблязовқа қатысты қылмыстық істе Жанболат Мамай күдікті ретінде қарастырыла ма, жоқ әлде куәгер ме деген сұраққа нақты жауап бермеді.

Тергеу органы қазір "қылмыстық қаржыны заңдастыру фактісін" растайтын қаржылық және басқа да құжаттарды іздеу мақсатында тиісті тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

"Саяси қалам. Трибуна" газеті редакциясы есігіне жапсырылған қағаз. Алматы, 10 ақпан 2017 жыл.
"Саяси қалам. Трибуна" газеті редакциясы есігіне жапсырылған қағаз. Алматы, 10 ақпан 2017 жыл.

Бұған дейін Жанболат Мамайдың үйіне тінту жүргізілгені туралы Азаттыққа оның анасы Менизат Тоқпатаева хабарлаған. Оның сөзінше, жұма күні таңертең өздерін "қаржы полициясы қызметкеріміз" деп таныстырған бір топ адам ата-анасымен бірге тұратын Жанболат Мамайдың пәтерін, оның жатын бөлмесін бірнеше сағат бойы мұқият тексергеннен кейін белсендіні өздерімен бірге әкеткен. Анасының айтуынша, олар Жанболаттың телефоны мен оның әкесі пайдаланатын планшетті қоса алып кеткен.

Жанболат Мамайдың әкесі Мамай Бекқожиев ұлын үйден алып кеткен тергеу қызметкерлерінің ізінше коррупцияға қарсы күрес мекемесіне барғанын айтады. Оның сөзінше, мекеменің ішінде бірталай уақыт күткенімен тергеушілер адвокатсыз отырған ұлына әкесін жолықтырмаған.

- Жарты сағат отырдым, маған «босқа күтесіз, бүгін шығармайды» деп айтты, - деді Азаттыққа Мамай Бекқожиев.

"Саяси қалам. Трибуна" газеті журналисі Инга Иманбай бүгін таңертең басылым редакциясына да бірнеше адам тінту жүргізуге келгені туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Журналист жариялаған видеода есікті ашуды талап етіп, өзін "жедел тергеу тобы тергеушісі" ретінде таныстырып жатқан бір адамның сөзі жазылған.

Журналист Инга Иманбай Facebook-те жариялаған видео

Жанболат Мамай мен Инга Иманбайдың телефондары таңертеңнен бері қоңырауға жауап бермейді.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, қазір редакция есігінің сыртына қолмен жазылған "Иманбаева И.Е." және "Жақыпбеков Н., Әліпбек Н." деген жазуы ғана бар қағаз жапсырылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бюросы бүгін таратқан ақпаратында "қажетті тергеу амалдары" барысында тінтулер жүргізілгенін растайды.

Бұған дейін коррупцияға қарсы қызмет былтыр жылдың соңына қарай Францияда түрмеден босап шыққан Мұхтар Әблязовты ақпанның 10-ы күні жауап алу үшін Астанаға шақыртылатыны, қазір Қазақстаннан тыс жерде тұрып жатқан оның тергеу органына "келуден жалтарып отырғаны" туралы ақпарат таратқан.

Мұхтар Әблязов Жанболат Мамайдың тергеуге шақырылғанына Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасы арқылы пікір білдіріп, "билік мұндай істері арқылы өзінің ақырын жақындата түседі" деп мәлімдеді.

Жанболат Мамай өзіне қысым жасалып жатқаны туралы бұған дейін мәлімдеме жасаған. Ол қаңтардың басында "Саяси қалам. Трибуна" газетінің кезекті саны баспаханадан кешігіп шығуының саяси себептері бар" деп атаған. Баспахана әкімшілігі оның сөзін теріске шығарып, "басылым редакциясы баспаханаға ақша берешек болғандықтан газет мерзімінде шықпады" деп түсіндірген.

"Саяси қалам. Трибуна" тәуелсіз газеті редакциясының мәліметі бойынша, басылымның таралымы - 13 мың дана.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG