Accessibility links

Дәрігер “Дат” газетінен 10 миллион теңге өндіруді талап етеді


"Дат" газетінің басшысы және шығарушысы Ермұрат Бәпи тілшілер сұрағына жауап беріп тұр. Алматы. 16 шілде, 2018 жыл
"Дат" газетінің басшысы және шығарушысы Ермұрат Бәпи тілшілер сұрағына жауап беріп тұр. Алматы. 16 шілде, 2018 жыл

Алматыда "Дат" газеті мен Қазақ онкология және радиология институтының директоры Диляра Кайдарованың арасындағы сот жалғасты. Дәрігер “газет мақала жариялап, ар-намысыма тиді” деп санайды. Газет бұл айыппен келіспейді.

“Дат” газеті 2017 жылы күзде "Больничный беспредел" деген айдармен жарияланған "Раковое преследование доктора" дейтін мақаланың тақырыбы және кейбір сөйлемдері Диляра Қайдароваға “ұнамай”, ол сотқа шағымданған. Институт директоры газеттен мақаланы терістеп, 10 миллион теңге моральдық шығын төлеуді талап етеді.

АШЫҚ СОТТАҒЫ ЖУРНАЛИСТЕР ЖҰМЫСЫНА ТЫЙЫМ

Шілденің 16-сында Алматы қалалық Жетісу аудандық сотында Қазақ онкология және радиология институтының директоры Диляра Кайдарованың "Дат" газетінің үстінен түсірген талап арызы бойынша сот процесі жалғасты. Істі судья Ақмарал Көшербаева жүргізді.

Сот процесіне Диляра Қайдарованың өкілі, "Дат" газетінің қызметкерлері мен газетке қолдау білдіріп келген бірнеше азаматтық белсенді мен құқық қорғаушы қатысты. Қайдарова сотқа келген жоқ.

Судья істі талқылауға кіріспес бұрын, сотқа қатысушылардың қандай ұсыныстары бар екенін сұрады. "Дат" газетінің басшысы және шығарушысы, өзін газетте "бас оқырман" деп көрсететін Ермұрат Бәпи сот процесіне келген ақпарат құралдарына фото мен видео түсіріп, аудио жазуға рұқсат беруді сұрады. Бірақ отырысты "ашық сот" деп жариялаған судья Ақмарал Көшербаеваның журналистердің қатысуына рұқсат бергенімен аудио жазып, фото мен видео түсіруге тыйым салды. Бұл сот залында отырғандардың наразылығын туғызды.

"Дат" газетінің соты болып жатқан Жетісу аудандық соты ғимаратының сыртқы көрінісі. Алматы. 16 шілде, 2018 жыл
"Дат" газетінің соты болып жатқан Жетісу аудандық соты ғимаратының сыртқы көрінісі. Алматы. 16 шілде, 2018 жыл

- Егер журналист сот залында фотоға түсіріп, аудио жән видео пайдалана алмаса оның қай жері ашық сот, сот процесін баспасөз қалай баяндайды?-деп наразылығын білдірді Ермұрат Бәпи.

Судья оған "сот залында қосулы тұрған соттың өзінің видеожазбалары жеткілікті" деп жауап берді. Осылайша журналистер диктофон, видеокамера және фотоаппарат пайдалану мүмкіндігінен айырылды.

Кейін "Дат" газетінің адвокаты Тамара Симахина "10 миллион теңге моральдық шығын сұраған Диляра Қайдарованың жеке басына психологиялық сараптама жасап, оның "Дат" газетіне былтыр күзде шыққан "Раковое преследование доктора" дейтін мақаладан қаншалықты зардап шеккенін анықтау туралы" ұсынысын айтты.

Алайда судья Ақмарал Көшербаева мұнымен келіспей, “моральдық шығын шектім” деп талап арыз берген адамға сот-психологиялық сараптама жасау сот практикасында жоқтығын және уақыты ескіргенін, талап арыз беруші моральдық шығын көлемін өзі белгілейтінін айтып, ұсынысты қабылдамады. Судья Ермұрат Бәпидің "Раковое преследование доктора" дейтін мақалаға тәуелсіз филологиялық сараптама жасау туралы ұсынысын қабылдады.

Осыдан кейін ғана сот талқылауы басталып, талап арыз беруші Диляра Кайдарова тарапы шақырған куәгер, Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің профессоры Талғат Муминовтен жауап алынды.

БЕЛСЕНДІЛЕРДІ СОТТАН ШЫҒАРУ

Диляра Қайдарованың талап арызына қарағанда, "Дат" газетінде жарияланып, дау тудырған мақалада оның ғылыми атағына да күмән келтірілген.

"Мақалада Диляра Қайдарова Дариға Назарбаевамен қарым-қатынасы бар екенін алға тартып, академик болып сайланды. Сайлауды көрген бұрынғы академиктер "мұны ғылымды зорлау" деп бағалады" деп жазып, ар-намысыма тиді" делінген.

"Дат" газетінің шығарушысы Ермұрат Бәпи
"Дат" газетінің шығарушысы Ермұрат Бәпи

Куәгер Талғат Муминов Диляра Қайдарованың 2017 жылы мамырдың 31-іне қалай академик болып сайланғаны жайлы өзі білген жайттарды айтып берді.

Диляра Қайдарованы академик сайлау процесіне қатысқанын растаған Талғат Муминов оның кандидатурасын өзінің де қолдағанын, сайлау процедурасына сәйкес Диляра Қайдарова дауыс берушілердің үштен екісінің дауысын алып сайланғанын баяндады.

Кезегі келгенде Талғат Муминовтан Ермұрат Бәпи "сайлау кезінде Диляра Қайдароваға қанша ғылым кандидатын, қанша ғылым докторын дайындағаны жайлы сұрадыңыздар ма?" деген сауал қойды. Оған Талғат Муминов "магистранттары болғаны айтылды, ал қанша ғылым докторын дайындағаны сөз болғаны есімде жоқ" деп жауап берді.

Талғат Муминовтың жауабына қанағаттанбаған Ермұрат Бәпи оны “Диляра Қайдарованы қолдайтын зерттеуші” деп сипаттаған еді, оған судья ескерту жасады. Осы кезде сот залында отырған бірнеше адам дауыстай сөйлеп, судьяға қарсылық білдірді. Сотқа келген журналист Нұртілеу Иманғалиұлы мен азаматтық белсенді Қуандық Есенғазыны және "Жас Алаш" газетінің бұрынғы бас редакторы Рысбек Сәрсенбай судьядан Ермұрат Бәпиге қысым жасамауды сұрады. Осы кезде судья оларды “рұқсатсыз сөйлегені үшін” сот залынан шығарып жіберді.

Осыдан кейін Ермұрат Бәпи орнынан тұрып, «судьяға сенімсіздік» білдіретінін жариялады. "Мұндай ұсынысты сот отырысы басталмай тұрып айту керек еді" деген судья Ақмарал Көшербаева Ермұрат Бәпидің ұсынысы заңға сәйкес қаралуы тиіс болғандықтан сот отырысын кейінге қалдырды. Сонымен қатар, өзінің ой-пікірін де қысқаша айтып өтті. Судьяның сөзінше, "сот залына келгендердің судьяны тыңдағысы келмей, сот процедурасын бұзуы - істі созудың бір жолы".

"ЕКІ ТАРАП КЕЛІСЕ АЛМАДЫ"

Сот залынан шыққаннан кейін Азаттық тілшісі куәгер Талғат Муминовпен қысқаша сөйлесті. Оның айтуынша, "Ұлттық ғылым академиясының мүше-корреспонденті Диляра Қайдарованы академиктікке сайлау кезінде ереже бұзылмаған. Академикке сайланатын адамның қанша ғылым докторын дайындағаны емес, ғылымға елеулі үлес қосқаны, ғылыми зерттеулерінің маңызы ескеріледі".

Диляра Қайдарованың өкілі Азаттық тілшісінің "не себептен бітімге келмедіңіздер" деген сұрағына жауап бергісі келмеді. Азаттыққа аты-жөнін айтудан бас тартқан өкілдің сөзінше, Диляра Қайдарова "моральдық зардап шеккен мақалаға сот филологиялық сараптама жасалған".

Диляра Қайдарованың талап арызы бойынша сот процесі Жетісу аудандық сотында биыл ақпанның 5-і басталып, алдын-ала сот тыңдауы өткен. Осы тыңдауда судья екі тараптың келісімге келуіне уақыт берген еді.

"Дат" газетінің басшысы Ермұрат Бәпидің Азаттыққа айтуынша, екі тарап келісе алмаған. Талап арыз беруші Дилярам Қайдарова мән-жайды түсіндіруден бас тартып, “Дат” газетіне сұхбат бермеген. Ал дау тудырған мақаладағы деректерді терістейтін материалдың көлемі үлкен болған.

- Сұхбат түрінде терістегісі келмеді. Терістеме материалдың нұсқасын өздеріңіз беріңіздер, жариялайық дедік. Бірақ ол мақала газеттің үш бетін алады және әрбір бөлігінде "Дат" газеті кешірім сұрауы тиіс екен. Біз мұндай ұсынысты қабылдамадық,-дейді Ермұрат Бәпи.

Ермұрат Бәпи "Диляра Қайдарованы академик сайлау кезінде наразы болған белгілі зерттеушілер қандай да бір қысым болуы мүмкін деген себеппен сотқа куә ретінде қатысуға тартынады" деген пікірін білдірді.

Журналист Ермұрат Бәпидің айтуынша, “Датта” жариялаған "Раковое преследование доктора" дейтін мақала Қазақ онкология және радиология институтының бұрынғы қызметкері Шынар Талаеваны қорғау тұрғысында жазылған және "ешкімнің ар-намысына тимеген".

Ермұрат Бәпидің айтуынша, Диляра Кайдарова осыған дейін редакцияға хат жолдап, «ар-намысына тигені үшін 10 миллион теңгені өз еркімен беруді» талап еткен.

Диляра Қайдарованың талап арызында "Раковое преследование доктора" дейтін мақала үшін жауапкер ретінде "Общественная позиция" ("Дат" жобасы), "Дара ИНФО" ЖШС, бас редактордың міндетін атқарушы Бақытгүл Мәкімбай, мақала авторы Сырым Датов және мақалада аталған Шынаргүл Талаева жауапкер ретінде көрсетілген. "Дат" газетінің басшысы Ермұрат Бәпи "Сырым Датов" өзінің лақап аты екенін айтқан.

Талап арызда «ар-намысыма тиді, іскерлік беделіме нұқсан келтірді» деген Диляра Қайдарова жауапкерлерден барлығы 10 миллион теңге өндіріп беруді және "Дат" газетінің дәл сол бетінде, дәл сол айдарында өзін қаралайтын сөздерді терістеуді және талап арызда көрсетілген сома көлемінде мүлкін бұғаттауды талап еткен.

Қазақстанда соңғы уақытта басылымдар мен журналистер үстінен “ар-намысқа тию және іскерлік беделге нұқсан келтіру” бабы бойынша арыз жиілеген. “Әділ сөз” сөз бостандығын қорғау ұйымының есебінше, 2017 жылы Қазақстанда “ар-намысқа тию және іскерлік беделге нұқсан келтіру, жала жабу” айыптары бойынша 21 журналистің үстінен іс қозғалып, алтауы айыпты деп танылған. Қалғаны ақталған.

Биыл қаңтар мен мамыр арасында осы айып бойынша алты іс қозғалып, екі шағым қанағаттандырылған. Төрт арыз бойынша журналистер ақталған. Биыл сәуірдің 24-і күні Алматының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты тағы бір журналист Серікжан Мәулетбай мен informburo.kz сайтына қарсы шағымды қанағаттандырмаған.

Журналисті ArtAsia туристік компаниясы сотқа берген. Шағым беруші соттан 2016 жылы қараша айында informburo.kz сайтында жарық көрген “Кактурфирмы разводят лоховтуристов, не преступая закон” атты мақаланың тақырыбы мен ондағы бір сөйлемді "компанияның іскерлік беделіне нұқсан келтіреді" деп танып, алып тастауды талап еткен еді.

Ал мамырдың 3-і күні Шымкенттегі Абай аудандық соты “жала жабу” бабы бойынша айыпталған Ratel.kz сайтының тілшісі Динара Бекболаеваны кінәсіз деп тапқан. Бекболаеваны "жала жапты" деп, Мемлекеттік туы" жастар ұйымының жетекшісі Сүйін Абулда сотқа берген еді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG