Accessibility links

Тұңғышбай Жаманқұлов "тергеуде алданғанын" айтады


Қазақстандық белгілі актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұлов.

Алматының Медеу аудандық қылмыстық істер соты кино түсіруге бөлінген қаржыны жымқыру ісі бойынша айыпталған режиссер Талғат Жәнібековті уақытша қамау мерзімін ұзартты. "Тергеушіге алдандым" деген сотталушы Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекетке тағы 29 миллион теңге қайтару туралы талаппен келіспейді.

"Феникс" көркем фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқыруға қатысты қылмыстық іс бойынша айып тағылған тоғыз адамның ісін қарап жатқан Алматы қаласы Медеу аудандық қылмыстық істер сотының судьясы Тәкен Шәкіров айыпталушы режиссер Талғат Жәнібековті қамауда ұстау мерзімін тағы бір айға ұзартты. Сотталушылардың бірі, танымал актер әрі продюсер Тұңғышбай Жаманқұловтың даулы қаржыға қатысты құжаттарға экономикалық сараптама жасау туралы өтінішін судья 5 мамырға дейін қарайтынын айтқан. Бұл туралы сот шешімі 28 сәуірде қабылданғаны туралы Азаттыққа бүгін Жаманқұловтың адвокаты Бақытгүл Қадырбекова хабарлады.

СОТ ЗАЛЫНДАҒЫ КИНО

Кино түсіруге бөлінген қаржыны жымқыруға қатысты айыпталған актер әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов пен ол құрылтайшылық ететін "Т.К. Turan Universal Business" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен байланысы болған тағы сегіз адамға қатысты сот процесі сәуірдің 27-і күні түскі сағат екі жарымнан шамамен кешкі жетіге дейін жалғасқан еді.

Шағын сот залындағы процеске судья Тәкен Шәкіров, айыпталушылар мен олардың адвокаттары және кейбір ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сотқа қатысушылардың өтініші бойынша журналистерге тек судья мен айыпталушы Талғат Жәнібековті ғана сурет пен видеоға түсіруге рұқсат берілді. Бір-бірімен аралас отырған айыпталушылар бұл талаптың орындалуын мұқият қадағалап отырды.

"Мемлекет қаржысын жымқыру" ісі бойынша айыпталған режиссер Талғат Жәнібеков (әйнекпен бөлінген орында тұр), актер әрі продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов (сол жақ шетте) және басқалар сот залында "Феникс" фильмінің тизерін көріп отыр. Алматы, 27сәуір 2017 жыл.
"Мемлекет қаржысын жымқыру" ісі бойынша айыпталған режиссер Талғат Жәнібеков (әйнекпен бөлінген орында тұр), актер әрі продюссер Тұңғышбай Жаманқұлов (сол жақ шетте) және басқалар сот залында "Феникс" фильмінің тизерін көріп отыр. Алматы, 27сәуір 2017 жыл.

Бейсенбідегі сот отырысы айыпталушылардың дәлелдемелерін тексеруге арналды. Сот тыңдауына қатысушыларға қылмыстық істі қозғауға негіз болған "Феникс" фильмінің тизері мен фильмге арналған түсірілімдері үлкен монитор арқылы көрсетілді.

Қылмыстық іс бойынша айып тағылып, 2016 жылғы желтоқсанның 29-ынан бері тергеу абақтысында қамауда отырған "Феникс" фильмінің режиссері Талғат Жәнібеков судья арнайы сөз бермесе де фильмнің тизері мен қосымша түсірілімдердің мән-жайын түсіндірді. Негізінен компьютерлік графикамен жасалған тизер мен эпизодтар көрсетілген кезде сот залы бір сәт кинотеатрға ұқсағандай болды. Ара-тұра сот залында отырғандардың кейбірі, оның ішінде Тұңғышбай Жаманқұлов та "керемет түсірілген" десе, мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері мен прокурордың "сонша қаржы жұмсағанда жасалғаны осы ғана ма" деп мысқылдай күлгені байқалды.

Түсіру тобының жұмысын көрсету екі сағатқа жуық созылды.

"Феникс" фильмін түсірушілер сюжет ғарышта болған оқиғамен байланысты екенін айтып, ол үшін ғарышкер киімін киген каскадерларды арнайы орында әртүрлі трюк жасатқанын көрсеткенде "көрермендер" арасында тағы да пікірталас туды. Бұл іске "Голливудта жоғары бағаланатын қазақстандық каскадерларды тартқанын, олар өте қымбатқа түскенін" айтқан Талғат Жәнібековтің сөзіне күмән келтірген мәдениет және спорт министрлігінің өкіліне судья Тәкен Шәкіров "қазақстандық каскадерлар шынында да жоғары бағаланатынын" ескертті.

Фильм тизері мен қосымша түсірілімдерін көрсету аяқталғаннан кейін судья Шәкіров "Феникс" фильміне жұмсалған қаржыға қатысты құжаттарды оқыды. "Феникс" фильмін түсіруді мойнына алған "Т.К. Тұран универсал бизнес" ЖШС-нің еңбек келісімшарттары мен бухгалтерлік есеп құжаттарын қараған судья олардың кейбірінің қай уақытта жасалғаны көрсетілмегеніне таңданды. Әрқайсысы жеке-жеке айыпталып отырғандар өздерінің "Т.К. Turan Universal Business" ЖШС-дегі жауапкершілігі азырақ болғанын дәлелдеуге тырысты.

Сот олардың дәлелдемелерін тыңдап болғаннан кейін Тұңғышбай Жаманқұлов судьяға өтініш түсірді. Ол көркем фильм мамандарының, өзінің және адвокатының қатысуымен қаржы құжаттарына қайтадан экономикалық сараптама жасауды сұрады.

- "Феникс" фильмі бойынша жүргізілген жұмыстардың құны қандай? Мені "қаржыны талан-таражға салған" деп айыптауға дәлел болатын қандай құжаттар келтірілген? Бұларға сараптаманы әділет министрлігінің сот-сараптама орталығына тапсыруды сұраймын. Қосымша экономикалық сараптама аяқталғанша сот отырысын кейінге қалдыруды өтінемін, - деді ол.

Талғат Жәнібековтің адвокаты бұған дейін берілген санкция мерзімі сәуірдің 27-і күні аяқталғандықтан Жәнібековті қамаудан босатуды сұрады. Екі ұсынысқа да қарсылық білдірген прокурорды сотта мәдениет және спорт министрлігінің мүддесін қорғаған заңгер қолдады.

"ТОҒЫЗДЫҢ ТӨРТЕУІ ШЫҒЫНДЫ ӨТЕДІ"

Азаттық тілшісімен сот отырысы басталар қарсаңда сөйлескен Тұңғышбай Жаманқұлов "тергеу кезінде алданып қалғанын" айтты.

- "Бес миллион теңгені мойныңызға алып төлесеңіз, іс сотқа бармайды, уақытша ұсталған әйелдерді босатамыз, фильмді әрі қарай түсіре бересіз" деген соң сеніп едім. Жазып бергендерін оқып бердім. Ал олар "Жаманқұлов 69 миллион теңгені мойнына алды" деген ақпарат таратты. Бұл - жалған. Мен фильмнің тек идеялық жағынан басшысымын. Мемлекет тарапынан ақша бөлінуіне атсалыстым. Ал оны жарататын атқарушы продюсер, бухгалтер, қаржыгерлер бар. Солар жауап беруі керек, - дейді ол.

Тұңғышбай Жаманқұлов "Т.К. Turan Universal Business" ЖШС құрылтайшысы өзі екенін, бірақ "Феникс" фильміне қатысты бірде-бір құжатқа қол қоймағанын айтады.

- Фильмді түсіремін деген режиссер Талғат Жәнібековтің айтуымен киностудияда талай жылдан бері продюсер болып жүрген Наталья Юдинаны алғанбыз. Бұл фильм оның бесінші жобасы. Фильмді қалай жасау керегін білетін адам ол. Мен соған сеніп тапсырғанмын, - дейді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Режиссер Талғат Жәнібеков (оң жақта жоғарыда) пен адвокаттар сот залында отыр. Алматы, 9 наурыз 2017 жыл.
Режиссер Талғат Жәнібеков (оң жақта жоғарыда) пен адвокаттар сот залында отыр. Алматы, 9 наурыз 2017 жыл.

Судья Тәкен Шәкіров сотталушы Наталья Юдинаның еңбек келісімшартын көрсетіп, онда Юдинаның штаттан тыс атқарушы продюсер болып жұмыс атқарғаны және қаржы операцияларына жауап бермейтіні туралы жазылғанын айтты. Тұңғышбай Жаманқұловтың үш адвокатының бірі "Жаманқұловқа мойындау мәтінін жазып беріп, оны монитордан оқытқан тергеуші Бауыржан Мужиковты" да сотқа шақыртуды сұраған еді, бірақ судья оның өтінішін қанағаттандырмады.

Сотта мәдениет және спорт министрлігінің мүддесін қорғаған, аты-жөнін атағысы келмеген заңгер Азаттық тілшісіне "ақша жымқырды деп айыпталған Наталья Юдина мен тағы бірнеше адам мемлекетке келтірген шығынды өтеп, ақшаны қайтарғанын" жеткізді.

Оның сөзінше, айыптау актісі бойынша осы кезге дейін Тұңғышбай Жаманқұлов мемлекетке 5 миллион теңге қайтарып берген, енді 29 миллион 862 мың 167 теңге қайтаруы тиіс. Сол сияқты, Талғат Жәнібеков мемлекет қазынасына 6 миллион 802 мың 25 теңге, Ғизат Сұлтанов - 2 миллион 915 мың 215 теңге, Данияр Әбдіқадыров - 14 миллион 556 мың 794 теңге, Илья Коробейников - 3 миллион 489 мың 99 теңге қайтарулары тиіс.

Сот отырысының үзілісі кезінде Азаттық тілшісі мәдениет және спорт министрлігінің соттағы өкілі Күміс Сеитованың пікірін сұрады. "Сотта көрсетілген фильмнің тизері мен қосымша түсірілімдер келісімшартқа сай келмейтін әлдебір әрекеттердің жиынтығы, ақшаны жымқырудың амалы ғана. Фильмді түсірушілер келісімшарт бойынша берілген қаржыны дұрыс игеріп, барлық жұмыстарын қорғап, фильмді түсіруге толық дайын екендігін көрсетуі тиіс болған, бірақ олай жасай алмаған" дейді ол.

Тұңғышбай Жаманқұловтың адвокаттарының айтуынша "Т.К. Turan Universal Business" ЖШС-нің "Феникс" фильмі бойынша жұмсаған 35 миллион теңгесінің есебі сараптамадан өтпеген.

- 35 миллион теңгенің құжаттары бар. Бірақ оны "Қазақфильм" қабылдамаған. Кейін оны жемқорлықпен күрес агенттігі әкетіп, сараптамаға бермеген, қазір "талан-таражға салды" деген қаржының көбі сол есепте тұр, - дейді олар.

"Феникс ісіне" байланысты сот процесі 2017 жылғы наурыздың 9-ы күні басталған. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адамға "мемлекеттен кино түсіруге бөлінген қаржыны жымқырған" деген айып тағылған. Соның ішінде фильм режиссері Талғат Жәнібеков өткен жылғы желтоқсан айынан, ал "Қазақфильм" компаниясының топ-менеджері Гауһар Ысқақова 2016 жылғы қазаннан бері тергеу абақтысында қамауда отыр.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG