Accessibility links

Жолаушыға қол шығарған жүргізуші жұмыстан кетті


Жолаушыларды наразы еткен троллейбус жүргізушісі. Алматы, 29 наурыз 2014 жыл. (Видеодан скриншот)
Жолаушыларды наразы еткен троллейбус жүргізушісі. Алматы, 29 наурыз 2014 жыл. (Видеодан скриншот)

Алматыдағы троллейбус жүргізушісінің дөрекілік көрсеткен видеосы интернетте тарап кеткесін оған қатысты жаза қолданылды. Жолаушылар «қоғамдық көлікте бұдан да сорақы жайттар болады» дейді.

Алматыда қоғамдық көліктің қызметіне көңілі толмайтын тұрғындар аз емес. Солардың бірі – 55 жастағы Қуантқан Зарықханов. Ол өткен жылы жазда қалалық автобустардың бірінде жарақат алып, ауруханаға жатып шыққанын айтады.

«Автобус аялдамаға келген соң түсіп бара жатыр едім, жүргізуші мені күтпей жүріп кетті. Жүргізуші бірден қатты жылдамдыққа салып, автобус мені сүйреп кетті. Басым жарылып, аялдамада тұрған адамдар жедел жәрдем шақырды. Ауруханада жарты ай жатып шықтым. Кейін автобус жүргізушісі мен кондуктор жұмыстан шығарылғанын естідім» дейді ол.

ВИДЕОНЫҢ ӘСЕРІ

Қуантқан Зарықхановтың қоғамдық көлікке байланысты наразылығын өткен аптада интернетте жарияланған бір видео да растайды.

«3037 борт нөмерлі 25-троллейбус жүргізушісі» деп сипатталған адам туралы видеоны YouTube-ке Almaty Slava есімді автор жүктеген.

Видео авторы «жүргізуші аялдамаға тоқтамай, қартаң кісіні түсірмей кетті, ескерту айтқанымда дөрекі қылық көрсетті» деп сипаттайды. Бұдан кейін видеода троллейбус жүргізіп отырған ер адамның камераға қарата қолын
Алматы автобусындағы жолаушылар. (Көрнекі сурет)
Алматы автобусындағы жолаушылар. (Көрнекі сурет)
шығарып: «Мә!» деген сәті түсірілген. Видеода троллейбустың кейбір аялдамаларға тоқтамай өтіп кеткені, қатты жүріп келе жатып тоқ штангаларының шығып желіден кеткені, жүргізушінің көлікті тоқтатып қойып дүкенге кіріп шыққаны, салонда шылым шегіп отырғаны да көрінеді.

«Наурыздың 29-ы күні болған оқиға» деп сипатталған видео интернет арқылы таралып, тұрғындардың наразы пікірлеріне себеп болды.

Азаттық тілшісі осыдан соң қоғамдық көлік жүргізушісінің әрекетіне байланысты түсініктеме алмақ болып, 25-троллейбустің иесіне – «Алматыэлектротранс» паркіне хабарласқан еді.

«Интернетте жарияланған видеоға байланысты бізде жиын өтіп, 3037 борт нөмірлі троллейбус жүргізушісі сәуірдің 1-інен бастап, жұмыстан шығарылды» деді автопарк диспетчер бөлімінің аты-жөнін айтқысы келмеген маманы.

ҚОҒАМДЫҚ НАРАЗЫЛЫҚ

Бірақ қала тұрғындары жолаушыларды наразы еткен қоғамдық көлік жүргізушілерінің бәрі бірдей мұндай әкімшілік жауапкершілікке тартыла бермейтінін айтады.

Гүлмира Байжанова есімді алматылық тұрғын «қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмысы нашар» деп қала әкімдігінің блогына талай шағым жазса да жауап алмағанына наразы.

«Қоғамдық көліктер – Алматының басты мәселесі. Автобустардың іші лас. Жүргізушілер мен кондукторлар мәдениетті қызмет көрсете алмайды. Салонда
Аялдамада тұрған автобустар. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Аялдамада тұрған автобустар. Алматы, 17 сәуір 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
шылым шегеді. Аялдамаларға ұзақ тұрып алады. Биыл қыста бесінші сыныпта оқитын балам сабақтан қайтып келе жатып, салонда жығылып, тізесін жарақаттап алды. Автобус қатты жылдамдықпен келіп кілт тоқтағанда балам құлап қалған» дейді Гүлмира Байжанова.

Қоғамдық көлікке көңілдері толмайтынын интернеттегі түрлі форумдарда жазатын алматылықтар жүргізушілердің бір-бірімен жарысатынына, рульде отырып телефонмен сөйлесетініне, кейбірінің балағат сөз айтатына, салондағы валидаторлардың ақша қайтармайтынын да наразы.

Алматы қалалық әкімдігі қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасын қадағалау мақсатында арнайы сайт ашқан. Сайтта тұрғындардан шағым, өтініш қабылдайтын бөлім бар. Алайда бұл сайттың ақпараты соңғы рет 2013 жылдың ақпанында жаңарған.

Азаттық тілшісі осыған байланысты қалалық жолаушылар тасымалдау басқармасына хабарласқанда сайт қызметкері Әлиден Омаров «ол порталдың жобасы қайта қаралып жатыр, алдағы 10 күннің ішінде сайт жұмысын жалғастырады» деп жауап берді.

Алматы қалалық әкімдігінің мәліметінше, қалада 115 бағыт бойынша 2 мыңға жуық қоғамдық көлік (автобус, трамвай, троллейбус) жүреді.
XS
SM
MD
LG