Accessibility links

Марат Әжімолдаев ісінің дүдәмал тұстары


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Ауыр қылмыс жасаған деген айыппен 18 жылға сотталған жігіттің ісі бойынша Жоғарғы сотқа кассациялық шағым берілді. Әкесі ұлының ұсталардан бұрын полицияда азапталғаны жайлы берген шағымы аяқсыз қалғанын айтады.

ҚЫЛМЫСТЫҚ ЖАУАПҚА ТАРТУ

Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылының тұрғыны Сайлау Әжімолдаев 2016 жылы ақпанда ұрлық, қарақшылық және адам өлтіру қылмыстарына айыпты деп танылып, 18 жылға сотталған ұлы Марат Әжімолдаевтың ісі бойынша тергеу де, сот та әділ өткен жоқ деп санайды. Әжімолдаевтың апелляциялық шағымы қанағаттандырылмаған соң биыл ақпанда Жоғарғы соттың кассациялық алқасына жүгінген.

Сайлау Әжімолдаевтың айтуынша, Алматы қаласындағы фирмалардың бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істеп жүрген 1990 жылы туған ұлы Марат Әжімолдаевты 2015 жылы қазанның 29-ы күні Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ ішкі істер басқармасына шақыртқан. Әкесімен бірге барған Маратты полиция күдікті ретінде ұстап, кейін сот тергеу кезеңінде оны қамау туралы шешім шығарған.

Тергеу органдары Марат Әжімолдаевқа 2015 жылы тамыздың 28-і күні Қырбалтабай ауылындағы өз үйінде денесіне түскен жарақат ізімен өлі күйінде табылған 1930 жылы туған зейнеткер Варвара Попованың қазасына күдікті ретінде айып таққан. Бұған қоса, Әжімолдаевқа 2015 жылғы маусым-шілде айларында Қырбалтабай ауылындағы екі үйден өзгенің дүние-мүлкін ұрлау қылмыстары бойынша да айыптар тағылған. Сотқа дейінгі тергеу материалдарына сәйкес, Әжімолдаевқа айып тағуға осы қылмыстарға қатысы бар деген күдікпен тергеуге алынған Қырбалтабай ауылында тұратын 8-сынып оқушысы, 2000 жылы туған М. есімді кәмелетке толмаған жасөспірімнің кінәсін мойындап берген куәліктері негіз болған.

Қазақстан қылмыстық кодексінің «кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді қылмысқа тарту», «ұрлық», «қарақшылық» пен «адам өлтіру» баптары бойынша айыпталған Марат Әжімолдаев және қылмыстық кодекстің «ұрлық», «қарақшылық» баптары бойынша айып тағылған кәмелетке жасы толмаған М.-нің үстінен қозғалған қылмыстық іс Алматы облыстық ауданаралық қылмыстық сотында қаралған.

Сот тергеуі барысында М. өзіне және сотталушы Марат Әжімолдаевқа тағылған айыптарға қатысты қылмысты жасағанын мойындап куәлік берген. Ол 2015 жылы маусымның 20-сы күні Марат Әжімолдаев және «Дикий» есімді лақап атқа ие тағы бір жігітпен бірге Қырбалтабай ауылы тұрғыны Тынымхан Есіркенованың үйіне терезесін шағып кіргендерін, үйден біраз затты ұрлап, үшеуі сыртқа қайтадан терезеден шыққандарын баяндаған.

Бұдан соң М. сол жылы шілденің 16-сы күні Марат Әжімолдаев оны автокөлігіне отырғызып, Қырбалтабай ауылының молдасы Бердібек Әкімханның үйі маңына алып келгенін, М. ашық тұрған есік арқылы үйге еніп, үстел үстінен ноутбукты көлікте өзін күтіп отырған Әжімолдаевқа апарып бергенін айтқан. М.-нің сөзінше, ноутбук ұрлығынан соң арада бір апта өткенде Марат Әжімолдаев оған 19 мың теңге ұстатқан.

Қырбалтабай ауылының молдасы Бердібек Әкімханның үйінің сыртқы қақпасы.
Қырбалтабай ауылының молдасы Бердібек Әкімханның үйінің сыртқы қақпасы.

М. өзі баяндаған екі қылмысқа да бармас бұрын ұрлық істегісі келмейтінін айтып, бас тартпақ болғанын, бірақ екі жолы да Марат Әжімолдаев оны еркіне қоймай көндіргенін айтқан. Оның сөзінше, Қырбалтабай ауылындағы жалғызілікті зейнеткер Варвара Попованың үйін тонау туралы ұсынысты да 2015 жылы тамыздың 27-і күні кешке Марат Әжімолдаев жасаған. М. әңгіме кезінде қолына қорғасын кастет тағып алған Әжімолдаев өзіне «егер бас тартатын болсаң алдыңғы ұрлықтарыңды полицияға айтам» деп қорқытқан соң еріксіз келіскенін сотта тағы қайталаған.

М.-нің айтуынша, Марат Әжімолдаев «электрикпіз» деп алдап Поповаға есігін ашқызып үйіне кірген соң М.-нің қолына қызыл түсті бас орамал ұстатып зейнеткердің аяғын байлауды бұйырған. М. орамалмен әжейдің сол аяғын екі рет орап байлаған соң дәлізге шығып тұрғанын айтады. Бір кезде аяғын босатып алған Попова дәлізге қашып шыққанда Әжімолдаев оны ту сыртынан екі рет – арқасынан және шүйдесінен ұрды дейді М. Ол есіктің жанына құлаған қарияны бөлмеге апармақшы болып Әжімолдаевке болысып сүйреген кезде қарияның басынан сорғалған қанды көрген соң шыдай алмай дәлізге шығып кеткенін, біраздан соң Әжімолдаевтың сұрауы бойынша оған пакет апарып беріп, өзі қайтадан дәлізге шығып тұрғанын айтады. Сәлден соң сыртқа шыққан Әжімолдаев мұның қолына Попованың көк халаты, ақша, алтын сырға, сақина және т.б. заттар салынған пакетті ұстатып өзі қайтадан үйге кіріп кеткен. Бірер минуттан кейін ол үйден шығып, М.-нің қолындағы пакетті алғаннан кейін екеуі екі жаққа кеткен деп жазылған сот материалында.

Сонымен бірге Варвара Попованың өліміне қатысты жүргізілген тергеу ісінде үйдің кіреберісіндегі есіктен, дәлізден, шелектерден қан дақтары табылғаны және олардың барлығы тек зейнеткер әйелдің өзінікі екені анықталғаны жазылған.

Сот процесі кезінде жасөспірім М. өз айыбын толық мойындап, жасаған ісіне өкінетінін, қылмысқа өзгенің мәжбүрлеуімен барғанын айтқан. Марат Әжімолдаев тағылған айыптардың ешбірін мойындамайтыны және ешқандай қылмыс жасамағаны туралы мәлімдеген. Сот оның бұл сөзін жауапкершіліктен жалтару мақсатында жасаған әрекеті деп қабылдаған.

Істі қараған Алматы облыстық ауданаралық қылмыстық соты Марат Әжімолдаевты Қазақстан қылмыстық кодексінің «кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімді қылмысқа тарту», «ұрлық», «қарақшылық» және «адам өлтіру» қылмыстарын жасағаны үшін айыпты деп таныған. 2016 жылы ақпанның 18-і күні Марат Әжімолдаевты 18 жылға бас бостандығынан айыру және жазасын қатаң тәртіптегі түзеу колониясында өтеуі туралы сот үкімі шыққан.

Жасөспірім М. «ұрлық» және «қарақшылық» жасағаны үшін айыпты деп танылып, сот оны 5 жылға бас еркіндігінен айыруға және жазасын жалпы режимдегі тәрбие колониясында өтеуге үкім еткен.

Сонымен бірге сот Марат Әжімолдаев пен М.-нің заңды өкілінен мемлекет пайдасына сот шығындары мен жүргізілген сараптама үшін 690 мың теңге, Қырбалтабай ауылы тұрғыны Тынымхан Есіркеноваға келген зиянды өтеуге 503 мың теңге өндіріп алуды бұйырған. Бұған қоса Марат Әжімолдаевты марқұм Варвара Попованың туыстарына мүліктік зиян шектіргені үшін 150 мың теңге және моральдық өтемақы ретінде 2 миллион теңге төлеуге міндеттеген.

Бұл іс бойынша сотқа жәбірленуші тарап ретінде қатысқандар - марқұм Варвара Попованың ұлы А.Попов, Тынымхан Есіркенова және Бердібек Әкімхан сот үкіміне қанағаттанатындарын айтқан.

«ҚОРҒАУШЫНЫҢ ДӘЛЕЛ-АЙҒАҚТАРЫ ЕСКЕРІЛМЕДІ»

Сайлау Әжімолдаев тергеу орындары ұлының қылмыс жасауға қатысы барына ешбір дәлел келтірмегенін айтады.

Керісінше, сот-медициналық сарапшылар мен криминалист мамандардың зерттеу қорытындылары баламның қылмысқа қатысы жоғын дәлелдейді, бірақ Мараттың кінәлі екеніне күмән туғызатын нәрселерді сот қаперге алмады.

- Қылмыс құралы, ұрланған зат дейтіндей еш айғақ ұсына алмады. Ал ондай дәлел болмаса адамды қалай айыпты деуге болады? Керісінше, сот-медициналық сарапшылар мен криминалист мамандардың зерттеу қорытындылары баламның қылмысқа қатысы жоғын дәлелдейді, бірақ Мараттың кінәлі екеніне күмән туғызатын нәрселерді сот қаперге алмады, - дейді ол.

Тергеу материалдарында Марат Әжімолдаев Попованы қорғасын кастетпен екі рет - арқасынан және шүйдесінен ұрған деп көрсетілген. Әділет министрлігінің сот-медицинасы орталығының №10-06-249 сараптама қорытындысында мәйіттің «бас терісінің шаш өсетін желке тұсында көлденең, қиғаш түскен үш жарақат бар, танауы мен маңдайының сол жағы сырылған. Жара орындарынан қорғасын бөлшектері табылмады» деген анықтама берген. Марқұм әйелдің арқасына соққы ізі түспеген.

Попованың қазасына қатысты сот-медициналық орталығы Алматы филиалының №416 сот-биологиялық сараптамасында Марат Әжімолдаев пен М.-нің тексеруге алынған киімдері мен аяқ киімдерінен қан ізі табылмағаны айтылған. Сол сияқты, Варвара Попованың үйінен табылған саусақ іздері арасында Марат Әжімолдаев пен М.-нің саусақ іздері кездеспеген.

Алматы облыстық ішкі істер департаментінің жедел-криминалистік басқармасы маманы жүргізген дактилоскопиялық зерттеу қорытындысында Еңбекшіқазақ ауданы Қырбалтабай ауылы тұрғыны Тынымхан Есіркенованың үйінің терезе жақтауынан, жапсырма лентадан, үй ішіндегі шкаф, конфет қораптары, т.б. заттардан алынған саусақ іздері Марат Әжімолдаев пен М.-нен басқа біреулердікі екені анықталған. Ал Әжімолдаевтың киімдеріне жасалған сот-биологиялық сараптама қорытындысы футболка мен шұлықтағы қан дақтарының Есіркенованың үйінің терезе әйнегінен табылған қан дақтарына ұқсайды деген тұжырым жасаған.

Сайлау Әжімолдаев ұлын айыпты деп таныған сот шешіміне негіз болған М.-нің тергеу кезіндегі, соттағы берген куәліктері күмәнді көрінгенін айтады.

Бірақ қылмысқа жалғыз куәгер саналған адамның сөзіндегі осындай маңызды алшақтықтар сот тергеуі кезінде ескерілген жоқ.

- Ол кей эпизодқа қатысты куәлік бергенде алдыңғы айтқанынан жаңылысып, мүлде басқаша сөйлеген. Бірақ қылмысқа жалғыз куәгер саналған адамның сөзіндегі осындай маңызды алшақтықтар сот тергеуі кезінде ескерілген жоқ, - дейді Сайлау Әжімолдаев.

Мәселен, тергеу кезінде куәгер М. Әжімолдаевтың Попованы арқа тұсына кастетпен бір рет ұрып құлатқан соң оны басқа бөлмеге сүйреп апарғандарын айтса, сотта «алдымен арқасынан ұрды, құламаған соң басынан қайта ұрды» деген. Бірде ол «Попова соққы алып құлаған сәтте жан тапсырды» десе, енді бірде «ол құлағаннан кейін сыбырлап жатты» деп куәлік берген.

Сайлау Әжімолдаев жасөспірім М.-нің анасы ұлының осыдан бірнеше жыл бұрын арнайы дәрігерлік есепте тұрғаны жайлы айтқандықтан сот оның сөйлеу мәнеріне қатысты жас ерекшелігі психологиясы бойынша маманның қатысуымен арнайы сараптама тағайындауы тиіс еді деп санайды.

Азаттық тілшісі жасөспірім М.-нің заңды өкілі – анасынан баласының сот ісіне қатысты пікірін сұрауға талпынған еді. Бірақ ол журналистпен әңгімелесуден үзілді-кесілді бас тартатынын айтты.

Қырбалтабай ауылының тұрғыны Варвара Попованың өз үйінде қаза болғанын ең алғаш 2015 жылы тамыздың 28-і күні ауылдық аурухана медбикесі Людмила Вялкова мен сол кезде учаскелік полиция инспекторы көмекшісі болған Таня Лотошникова көріп полицияға хабар берген. Әдетте ерте тұрып, үйінің ауласында шаруамен айналысып жүретін Варвара әжейдің соңғы үш күн бойы көрінбеуі көрші-қолаңға күдікті көрінген соң олар жағдайды білмек болып барғанда қайғылы қазаның үстінен түскен.

Азаттық тілшісі Людмила Вялковаға жолығып, сол күнгі оқиғаның жай-жапсарын сұраған еді.

«Сыртқы қоршаудың есігі жабық екен. Көршілерді шақырдым. Үй ішінен жабық тұр екен. Есік-терезесін қағып ек, жауап болмады. Жатын бөлмесінің терезесінен қарап едік, төсегі жинаулы тұр екен. Сосын веранданың терезесін сындырып ішке түстім. Іздеп едім көзіме кілт түспеді. Сосын үйдің есігін ашып, дәлізге өткенімде Попованың жерде жатқанын көрдім. Басына қара куртка жабылған. Сыртта тұрған көршілерге көргенімді айттым. Олар сырттан балта әкеліп, есікті бұзып ашты» дейді ол.

Марқұм Варвара Попованың үйі.
Марқұм Варвара Попованың үйі.

Азаттық тілшісімен әңгімеде Людмила Вялкова «дәліздегі киім ілгіш құлап, үстін киімдер жауып қалған мәйіттен жайсыз исі шыға бастағанын» да айтып берді.

ШАҒЫМ

Алматы облыстық соты апелляциялық алқасы 2016 жылы сәуірдің 6-сындағы қаулысымен Марат Әжімолдаевтың үкіміне қарсы оның әкесі әрі сотта қорғаушысы болған Сайлау Әжімолдаевтың шағымын қанағаттандырудан бас тартып, алғашқы сатыдағы сот үкімін күшінде қалдырған.

Апелляциялық алқа Марат Әжімолдаевтың үкімінде келтірілген сот тұжырымы орынды шығарылып, заң талаптарына сәйкес жинақталған шынайы айғақтар мен дәлелдерге сүйенген дейді. Бірінші сатыдағы сот кәмелетке толмаған М.-нің алдын ала және сот тергеулері кезінде біркелкі берген куәліктерін айыптауға негіз етіп алған. Кәмелетке толмаған М.-нің айтқан барлық куәліктері адвокаттың, заңды өкілінің, педагог психологтың қатысуымен жасалған және ол видеоға жазып алынған деп көрсетілген апелляциялық алқа қаулысында.

Сайлау Әжімолдаев тергеуге де, бірінші сатыдағы сот үкімі мен оны күшінде қалдырған апелляциялық сот қаулысына да разы емес. Ол қылмыстық істе аталған «Дикий» деген лақап есімді адамды іздеп табуға құлық танытпады, алты сот-медициналық және криминалист мамандардың сараптама қорытындыларынан айыптауға қажетті деп тапқан тұстары алынды, Есіркенованың үйіне ұры түскен уақытта Марат Әжімолдаевтың қылмыс орнынан алыста болғанына куә адамдардың сөзін елемеді, Попованың қаза болған уақытын нақтыламады деп тергеу мен соттың атына сын айтады.

«Балам Марат Әжімолдаевты еш айғақ-дәлелсіз, жалаң долбар мен күмәнді куәліктер негізінде заңсыз соттады» деп санайды әкесі. Сайлау Әжімолдаев өткен айдың 20-сы күні Қазақстан Жоғарғы соты кассациялық алқасына шағым тапсырды.

Марат Әжімолдаевтың ісі қозғалғалы бері адвокаттары бірнеше мәрте ауысқан. Апелляциялық сот кезінде айыпталушы тарап адвокаттан бас тартыпты. Әжімолдаевтың ісімен айналысқан бұрынғы адвокаттарының бірімен Азаттық байланысқанымен, ол бұл туралы айтып беруге ниет білдірмеді.

«ПОЛИЦИЯДА ҰРЫП-СОҚТЫ»

Азаттық тілшісімен әңгімеде Сайлау Әжімолдаев ұлы Марат Әжімолдаевты 2011 жылы біреулер соққыға жығып, салдарынан оның миына зақым келгені, бас сүйегіне операция жасалынып, сүйектің сынған бөлігі пластик жапсырмамен алмастырылғаны туралы айтып берді. Әкесінің сөзінше, содан бері баласының денсаулығы ерекше күтімді қажет етеді.

Қамауға алынардан екі ай бұрын Марат Әжімолдаевты полиция қылмысқа «күдікті» ретінде ұстап әкетіпті.

- 2015 жылғы тамыздың 20-сы күні таңертең сағат 10 шамасында үйіміздің ауласынан Марат пен кәмелеттік жасқа толмаған кіші ұлым Жеңісті полиция әкеткенін тіпті үйде отырған әйелім де білмей қалған, - дейді Сайлау Әжімолдаев.

Сол күні ауылда қайтыс болған адамды жерлеуге бара жатқан адамдар полиция қызметкерлерінің ағайынды екеуін алып кеткенін көріп балалардың әкесіне хабарлаған. 102 нөміріне, Маловодный, Балтабай ауылдық полиция бөлімдеріне телефон шалған Сайлау Әжімолдаевқа ондағылар «бізде ондай адам жоқ» деп жауап берген.

Есікке қуып барсам, балам үсті-басы қан-қан болып Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасында отыр.

- Сағат 12-кезінде кіші ұлым келді, ол өздерін Балтабай ауылдық полиция бөлімшесіне апарғанын, оның кәмелеттік жасқа толмағанын білген соң босатқанын, ал ағасын ұрып жатқанын айтты. Мен жеткеше Балтабайдан Есікке алып кетіпті. Есікке қуып барсам, балам үсті-басы қан-қан болып Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасында отыр, - дейді ол.

Сайлау Әжімолдаев сол жерде аудан прокурорына арыз жазған соң полиция баласын босатқан.

- Бір күн бұрын ауылда дүкен тоналған. Соны «тонағаныңды мойында» деп ұрып-соғыпты. Және хаттаманы «Марат Әжімолдаевты Балтабай ауылдық полиция бөлімшесі қасында темекі шегіп тұрған жерінен ұстадық» деп толтырған. Баламды ұрып-соққанына байланысты іс қозғалғанымен кейін полиция қызметкері Икрам Есіркеновтің «Әжімолдаев өзін өзі ұрып мұрнын қанатты» деген жауабы негізінде істі жауып тастады, - дейді әкесі.

Сайлау Әжімолдаев бұл туралы облыс прокурорына, Астанаға дейін шағым жазғанымен іс жабулы қазан күйінде қалған.

Марат Әжімолдаевтың ісіне қатысты Азаттық сауалына Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы облыстық мекемеден рұқсат керектігін алға тартып түсініктеме берген жоқ. Алматы облыстық ішкі істер департаменті Азаттыққа сот үкімі шыққан іске түсініктеме бере алмайтыны туралы жауап жіберді.

АДВОКАТТЫҢ ПІКІРІ

Азаттық тілшісі Марат Әжімолдаевтың ісіне қатысты сот құжаттарын қылмыстық істермен айналысып жүрген адвокат Айман Омароваға көрсетіп, осы іс жөнінде пікірін сұраған еді.

- Сот үкімін заңды немесе заңсыз деп айта алмаймын. Өйткені ол үшін сотқа бастан-аяқ қатысу керек. Бірақ құжаттарды шолып шыққанымда көңіліме күдік ұялатқан бірнеше факті кездесті.

Біріншіден, сот үкімінің бір ғана куәгер – жасөспірім М.-нің куәліктеріне негізделуі күмән тудырады. Себебі, біріншіден ол кәмелеттік жасқа толмаған бала. Ең алдымен өз қамын ойлайды. Тергеу барысында оған «ең аз мерзім аласың» деп уәде беруі немесе «бірге кетесің» деп оны қорқытып алуы да мүмкін. Оның сөздері өзін арашалап отырған адамның қылығына келеді.

Екіншіден, кісі өліміне қатысты сараптамалар бойынша қазаның қай күні, тіпті қай сағатта болғанын анықтауға болады. Бұл жерде тек аудандық маманның ғана сараптамасы негізге алынған. Оның өзі нақты дәлелге сүйенбеген. Ал қалалық маманның мәйітке жүргізген қорытындысы есепке алынбаған. Неге?

Адвокат Айман Омарова.
Адвокат Айман Омарова.

Үшіншіден, қылмыс болған жерде Марат Әжімолдаевтың ешқандай саусақ іздері жоқ. Кісі өлтіру үшін де тәжірибе керек. Егер Әжімолдаевтың қылмысқа қатысы болса тым құрмағанда бір жерде саусақ ізі қалу керек еді ғой. Куәгер М.-нің «мен кеткеннен кейін ол өзі үйде қалып жуды» деген сөзі бар. Егер ол шынымен үйдің ішін жуып-шайған болса онда міндетті түрде саусақ іздері қалар еді.

Төртіншіден, ұрлық оқиғасына қатысты істе аталатын «Дикий» деген лақап есімді адамды іздемеуі де сауал тудырады.

Бесіншіден, сотта судья тергеушіден «куәгер жәбірленушілердің үйін көрсетті ме?» деп сұраған кезде ол «көрсетпеді» деп жауап берген. Сонда оның өз мойындауы бойынша ұрлық істеген үйін көрсете алмауы күмән туғызбай ма? Осы жерде мына жайтты айта кеткім келеді. Кейде күдікті бір-екі ұрлықты мойындаса, тергеу жүргізгендер бұрыннан ашылмай келе жатқан тағы бірнеше қылмысты соның мойнына ілуге тырысады. Тағы бір жайт, ұрланған заттардың ешбірі табылмаған, яғни ешқандай айғақ жоқ. Кешегі совет заманында егер айғақ зат болмаса немесе ұрланған қаражаттың қайда жұмсалғаны, кімге берілгені нақтыланбаса, істі қайтаратын. Ең соңында тағы бір сауал – тергеушілер неге айыпталушы мен куәгердің қалта телефондары алып, ретрансляторларын қарамаған? Соны тексеру арқылы қылмыс жасалған кезде Әжімолдаев қайда болды, М.-нің қайда жүргенін оп-оңай анықтауға болар еді. Тергеу барысында осындай жасалынуы тиіс жұмыстардың атқарылмауы көңіліме күдік ұялатып отыр, - дейді адвокат.

XS
SM
MD
LG