Accessibility links

Алматы 31 техника мен 1983 жылғы сейсмикалық картаға қарап тұр


Төтенше жағдай департаментінің көліктері ұшақ апаты болған маңда тұр. Алматы, 29 қаңтар 2013 жыл.
Төтенше жағдай департаментінің көліктері ұшақ апаты болған маңда тұр. Алматы, 29 қаңтар 2013 жыл.

Төтенше жағдай департаменті жер сілкінісінен қалай қорғану керектігі жайлы кітапшалар таратпақ. Ал сейсмологтар Алматының сейсмикалық картасы 2015 жылы дайын болады дейді.

Қаңтардың 28-і күні Алматы қаласынан оңтүстік-шығысқа таман 225 километр аумақта қуаты 6,6 балл жер сілкінісі болып, зілзала бұл қалаға 4-5 балл шамасында сезілген еді. Елеулі-елеусіз жер сілкіністері болып тұратын аймақ тұрғындары осы оқиғадан кейін эвакуация жайын тағы да сөз ете бастады.

«ПХУКЕТТІҢ ӘУЕЖАЙЫНДА БЕС-АЛТЫ ҰШАҚ ТҰРАДЫ»

Жер сілкінісінен қорқатын алматылық студент Айғаным Манарбек қаңтардың 28-і күні болған тербелістен талып қалғанын айтады.

– Қорыққаннан сыртқа шығып үлгердім. Бірақ сыртта өз-өзімді ұстай алмай талып қалдым. Одан кейін екі-үш күн ұйықтай алмай жүрдім, – дейді студент.

20 жастағы бойжеткен төтенше жағдай мамандарының жұмысына разы емес.

– Алматы сейсмологиялық жағынан қауіпті екенін біле тұра, жауапты адамдар қандай да бір шара ұйымдастырып жатқанын көрмеппін. Жер сілкінісі болған күні «қуаты аз, еш қаупі жоқ» деп қоя салады, – дейді сұхбаттасымыз.

Алматының енді бір тұрғыны Сайран Малекенова 2012 жылы сәуір айында Таиландтың Пхукет қаласында болған 5 балдық жер сілкінісін көргенін, ол елде апаттан сақтану шарасы өзгеше екенін есіне алды.

– Таиландта тербелістер көп болып тұрады. Бірақ мұхит жақын болғандықтан болар – 4,5 балдық сілкіністің өзі қатты сезілді. Жағажайдағы біраз мейрамханалар қирап,
Құтқару жұмыстарына дайындық. (Суреттер Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтынан алынды)
Құтқару жұмыстарына дайындық. (Суреттер Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтынан алынды)
қонақ үйлерге зақым келді. Халық шулап, демалыс аймағын жедел түрде эвакуациялады. Пхукеттің әуежайында бес-алты ұшақ пен тікұшақ, автобустар жер сілкінген немесе цунами бола қалған жағдайда эвакуация жасауға дайын тұрады екен. Солармен Бангкокқа жеттік, – дейді ол.

Архитектор Ақмырза Рүстембековтің ойынша, Алматыда жер сілкінісі бола қалған жағдайда мамандар халықты эвакуациялай алмайды.

– Жапония мен Тайландта дайындық мықты. Жапонияда халықты сабырлы болуға тәрбиелейді. Бұл елде жер сілкінгенде өте сабырлылық танытады. Ал Таиландта халықты тез арада қауіпсіз жаққа көшіру дұрыс жолға қойылған. Одан бөлек, алдын ала болжам жасайды. Алматыда халықты сыртқа көшіруге мүмкіндік аз. Жай күндері кептелістен көз ашпайтын қала көшелері жеті балдық жер сілкінісі болса, бәрі қаланың сыртына қашады. Халық қазір мамандарға сенбейді. Ал мамандар оқиғаны алдын ала хабарлай алмай отыр, – дейді архитектор.

АЛМАТЫНЫ ҚҰТҚАРАТЫН – 31 ТЕХНИКА МЕН 390 АДАМ

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) өкілі Айнұр Абдуллина Азаттық тілшісіне жер сілкінісінен қорғануға байланысты ұйымдастырылатын шаралар жайлы айтты.

– Қалалық төтенше жағдайлар департаменті қазір күні-түні жұмыс істеп жатыр. Алдағы уақытта халыққа жер сілкінісі кезінде сақтық шаралары, қорғану әдістері
Түрлі апаттық жағдайлардағы құтқару жұмыстары. (Суреттер Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтынан алынды)
Түрлі апаттық жағдайлардағы құтқару жұмыстары. (Суреттер Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтынан алынды)
жазылған кітапшалар таратамыз. Қалада көп қабатты үйлермен, шағын аудандарда жер сілкінісінен сақтануға байланысты демонстрациялар ұйымдастырып, халықтық оқу-жаттығу жиынын өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді департамент маманы.

ТЖД өкілінің айтуынша, қатты жер сілкінісі бола қалған жағдайда құтқару қызметі жұмысқа дайын тұр.

– ТЖД жанында апаттық жағдай медицинасы орталығы бар. Күніне онда 20 адам кезекші болып отырады. Жер сілкінісі болған жағдайда қаланың бүкіл ауруханалары да көмекке келеді, – деді Айнұр Абдуллина.

Ақпан айының басында Алматы қаласындағы ТЖД ұялы телефон операторларына
Ұялы телефон. (Көрнекі сурет).
Ұялы телефон. (Көрнекі сурет).
SMS арқылы халықты төтенше жағдайдан хабардар ету жайын сөз етті. Мекеменің дерегіне қарағанда, олар екі ұялы байланыс операторымен келісім жасасқан, өзге де операторлармен келіссөз жүргізіп жатыр.

Департамент мұндай ескерту хабарламаны тұрғындарға 2012 жылдың шілдесінде сынақ ретінде жолдап көрген еді.

Ал Қазақстан төтенше жағдайлар министрлігінің ресми сайтындағы дерекке қарағанда, «Алматы қаласында апат бола қалған жағдайда құтқару жұмыстарына келетін 30 адамдық 13 отряд бар. Құтқару жұмыстарына қажетті 31 техника да дайын».

«КАРТА 2015 ЖЫЛЫ ДАЙЫН БОЛАДЫ»

Архитектор Ақмырза Рүстембековтің ойынша, жер сілкінісіне дайындықтың бірі – қаланың сейсмикалық белсенділігі картасын жаңарту.

– Алматының сейсмологиялық картасы өте ескі. Оны жаңаламай жер сілкінісінің қай уақытта болатынын біле алмаймыз. Картаны жаңартуға аз дегенде үш-төрт жыл керек, – дейді маман.

Ал сейсмология институтының директоры Таңатқан Абақанов «ол карта - бір күнде
Алматы қаласы мен төңірегінің картасы. (Көрнекі сурет)
Алматы қаласы мен төңірегінің картасы. (Көрнекі сурет)
жаңаланатын карта емес, күрделі жұмыс» екенін айтты.

– Қала территориясының сапасын тексеру керек. Бұны жасауға Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу орталығы, «Алматыгидрогеология» орталығы көмектесуі тиіс. Біз қолданып жүрген карта 1983 жылы жасалған. Ал қазір Алматы территориясы толық өзгерген. Сондықтан картаның дайын болуын күтуіміз керек, – деді институт директоры Азаттық тілшісіне.

Таңатқан Абақановтың айтуынша, ол карта 2015 жылы ғана дайын болады.

Алматы қаласы 1887, 1889 және 1911 жылдары күшті зілзаланы бастан өткерген, сол себепті сейсмикалық қауіпті аймақ ретінде танылған. Тарихи деректерге қарағанда, 1911 жылғы жер сілкінісі 9 -10 балға жетіп, Верныйда (Алматының сол кездегі атауы - ред.) зілзаладан зардап шекпеген бір де бір үй қалмаған еді.
XS
SM
MD
LG