Accessibility links

Статистиканы бүлдірмейтін жұмыссыздар


Жарнама газеттерін иығына көтеріп кетіп бара жатқан курьер. Алматы, 17 шілде 2017 жыл.
Жарнама газеттерін иығына көтеріп кетіп бара жатқан курьер. Алматы, 17 шілде 2017 жыл.

Ресми статистика бойынша, Қазақстандағы жұмыссыздар саны үнемі азайып келеді. Бірақ тұрақты жұмысы жоқ азаматтар бар, олар кездейсоқ табыс табады, жұмыспен қамту орталықтарына үш ай сайын тіркелмейді, яғни статистика бойынша жұмыссыз саналмайды.

Азаттық редакциясы жарнама газеттерін тасушыларды мысалға келтіре отырып, өзін-өзі жұмыспен қамтушылардың күнделікті тірлігін баяндайды.

КУРЬЕРДІҢ ІСІ ЖҮРСЕ БІТЕДІ

Жарнама газетін тасушы немесе курьердің жұмысын табу қиын емес. Алдымен нашар типографиялық қағазға басылған көптеген басылымдардың бірін дүңгіршектен сатып аласыз, онда сан-алуан бос орындар көрсетілген.

Ірі мұнай компаниясына керек топ-менеджер қызметінен бастап тәжірибесіз немесе тиісті білімі жоқ адамдарға арналған жұмыстарға дейін толып тұр. Бізге керегі соңғы бөлімі. Телефон нөмірін маркермен белгілеп, қоңырау шаласыз. Ар жақтағы адам қажетті мекенжайды айтып, ертең таңертең келуіңіз керек екенін және жеке бас куәлігін ала келу қажеттігін айтады.

Көрсетілген мекенжайға сағат тоғызға қарай адамдар жиналады. Кейбіреулер алдын ала жақсылап буынып-түйініп алған. Туристік рюкзактар толған газет (газетте не жазылғаны жолқапшықтың ашық жағынан көрініп тұрады), қолдарында қытайлық ала сөмке, оның іші де толған газет, ол да жартылай ғана жабылған.

Жарнама газеттерін көтеріп бара жатқан курьерлер. Алматы, 17 шілде 2017 жыл.
Жарнама газеттерін көтеріп бара жатқан курьерлер. Алматы, 17 шілде 2017 жыл.

Төбесі жабылмаған ашық алаңда әртүрлі адамдар тұрады. Өте жастары: студенттер мен мектеп оқушылары. Олардың ішінде қыздар да, жігіттер де бар. Жас жігіттер, әлі отызға толмаған. Қырықтан асқан әйелдер де бар, олардың біразы зейнет жасына таяп қалған. Олар жиылмалы арбаға таяқ тәрізді сүйеніп тұрады.

Анықтап білсек, бұл адамдар биологиялық белсенді қоспалар, шипамайлар мен басқа да жартылай медициналық дәрі-дәрмектер сататын әлдебір фирманың кеңсесі алдында тұр. Фирма осы тауарларды жарнамалайтын газеттің кезекті басылымын шығаруға типографияға тапсырыс береді.

Халықаралық методология бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жұмыссыздар деп қаралуы керек. Біз қазақстандық методологияға салып, мыналар өзін қамтушылар, мыналар жұмыссыздар дейміз, бірақ мағынасы бір.

Жаңадан келген курьерлердің қолдарына 300-400 газет ұстатып, әр тасыған газеті үшін 2 теңге 80 тиын алатынын айтады. Егер соңына дейін жеткізіп, барлық газетті тасып бітірсе, қолдарына 840-1120 теңге алады. Жаңадан келгендерді ынталандыру үшін күніне мың, тіпті екі мың газет таситын жұмысшылар бар деп қояды.

Жақын маңда бір топ азаматтар отыр, олар да осы қызметпен шұғылданады (қызметкерлер соларды нұсқайды). Жаңадан келгендер оларға барып «Қалай, істеп көруге бола ма? Алдап кетпей ме? Күніне 4-5 мың теңге табу мүмкін бе?» деп сұрайды.

Жігіттер жалқаулана жауап беріп, ондай қаржы табуға болатынын, бірақ бәрі ауданға байланысты екенін айтады. Биік қабатты үйлер болса, 200-300 газетті бір үйге тастап шығасың.

Бірақ сол күні жаңадан келген курьерлердің жолы болмады: Алматының төменгі аудандары «өңделіп жатыр» (фирмада қолданылатын термин) екен, ол жақта көбіне жер үйлер мен қамыс-саманнан салынған екі қабатты үйлер бар.

Қатты пластик таспамен байланған газеттер орамасын алған Азаттық тілшісі тәжірибе үйренушілер тобына қосылды. Бізге Андрейді «жетекші» етіп қойды, оның жасы қырықтан асқан, орта бойлы, арық адам. Үстіне кір көтеретін көйлек, джинсы мен бас киім киген – курьердің әдеттегі киімі осындай.

Жарнама газеттерін таситын адамдар автобуспен жүреді. Алматы, 17 шілде 2017 жыл.
Жарнама газеттерін таситын адамдар автобуспен жүреді. Алматы, 17 шілде 2017 жыл.

«Жетекшімен» бірге стажерлер тобы автобус аялдамасына келді. Фирмада қызметтік көлік деген атымен жоқ. Адамға толы автобус келген кезде жүктерімізді сүйреп, өзімізге орын табуға тырыстық.

Тәжірибе үйренуші жастар бірден ыңғайсызданып қалды. Жол ақысын төлеу керек болғанда бір жігіт Андрейден қарызға ақша сұрап, оны сол күні тапқан пайдасынан шегеруді сұрады. Андрей ондай жағдайдың өз басында жиі кездесетінін айтып, жол ақысын қарызға төледі.

Межелі орынға келген соң топ көшемен жылжи бастады. «Жетекші» газеттерді алып, жер үйлердің пошта жәшіктеріне салды, жәшігі болмаса қақпаның қуысынан тастайды. Екі қабатты үйлер, кейде төрт қабатты үйлерге келгенде ол кез келген пәтердің домофонын басып, газет тасушыларға есік ашуды сұрайды. Әдетте есікті ашады, ашпаса басқа үйдің домофонын басады. Подъезден біреу шыққанда топ болып барлығымыз қуанамыз.

Қалай жұмыс істеу керек екенін көрсеткен соң Андрей топты жұппен бөлді. Көшірмесі жасалған картада қозғалыс орны мен кездесетін жерді көрсетті. Сызығы бар парақтар беріп, фамилияның тұсына қанша газет тасығанымызды жазып отыруды тапсырды. Ол өзі жұптардың артынан жүріп, жасалған жұмыстың сапасын тексереді.

Тәжірибе үйренуші курьерлер тобы қаладағы бір аулада отыр. Алматы, 17 шілде 2017 жыл.
Тәжірибе үйренуші курьерлер тобы қаладағы бір аулада отыр. Алматы, 17 шілде 2017 жыл.

Азаттық тілшісі зейнет жасына таяп қалған әйелмен бірге жүретін болды. Әйел адам жиі шылым шегеді, сондай кезде ағаштың көлеңкесіне тоқтаған тілші екеуі «өмір жайлы» сөйлесті. Ол жақында ұлының үйленгенін, балалы болғанын, бірақ қырсық шалып, ұлының жұмыссыз қалғанын айтты. Бәрі бірге тұрады, сондықтан әйел баласына көмектескісі келеді. Ол өзінің басқа жұмыс іздегенін айтты, бірақ таба алмаған. Өзі мамандығы бойынша аспаз.

Ауылдағы өзін-өзі қамтамасыз етушілер саны 25 жылда миллион адамға жетті.

Тілші мен бұрынғы аспаз тар көшемен жүріп, газет тасыған кезде әйелге бірнеше мәрте қоңырау шалды. Оның айтуынша, ұлы хабарласып, бұл жұмысты тастауды сұраған. Күн аптап ыстық еді, әйел расымен де қиналып келе жатты.

Кейде тілшіге басқа жұптар жолығып қалды, ондай кезде шылым шегу ұзаққа созылып, су ішіп, әңгімелестік. Олардың ішінде Қарағандыдан келген жігіт бар екен, пайда табуға келіпті. Ол көлігім бар еді, сонымен келмеппін деп өкініп тұрды. Жұмыссыз алматылықтар мен қала шетіндегі адамдар тәрізді такси жүргізушісі бола алмайды, себебі қаланы білмейді.

Түріне қарағанда 27-30 жаста, «аудандағы беделді жігіттің» дағдылары байқалып тұрды, бірақ мұсылман діні терминдерін өте жиі (көбіне орынсыз) қолданады. Ол көңілді, тіпті мейірімді адам екен. Жер үй тұрғындарының бірі одан газетті тамызыққа сұрады, ол еш өкінішсіз ауыр буманы бере салды.

Тағы бір «кездесуде» тілші 30 жастағы адаммен танысты, ол сіріңкедей арық, қысқа шашты екен. Тілші оны бұрын құрылысшы болған шығар деп ойлады – типажы соған келеді – бірақ ол құрылыс жасай алмайтынын, милицияда істегенін айтты. Қазір жұмыссыз қалған.

Түскі ас уақыты болды. Күн қайнап тұр. Бірақ газеттер еш азаймады.

СТАТИСТИКА ЖАСЫРҒАН МӘЛІМЕТТЕР

Азаттық тілшісінің уақытша әріптестерін экономист Рақым Ошақбаев статистиканы «бүлдірмейтін» жұмыссыздар санайды.

Рақым Ошақбаев, экономист. Алматы, 18 мамыр 2017 жыл.
Рақым Ошақбаев, экономист. Алматы, 18 мамыр 2017 жыл.

- Халықаралық методология бойынша өзін-өзі жұмыспен қамтушылар жұмыссыздар деп қаралуы керек. Біз қазақстандық методологияға салып, мынау - өзін жұмыспен қамтушылар, анау жұмыссыздар дейміз, сайып келгенде екеуінің де экономикалық мағынасы бір, - дейді экономист.

Қазіргі кезде жұмыссыздықтың ресми деңгейі небәрі 4,9 пайызды құрайды. «Өнімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтушылар» мен «белсенді емес» жұмыссыздар саны 1,4 миллион адам, бұл - экономикалық белсенді тұрғындардың 15 пайызы. Ошақбаевтың ойынша, олардың көбі шын мәнінде жұмыссыздар. «Еңбек нарығы жөніндегі статистика әдейі бұрмаланған» дейді ол.

Бұрынғы экономика және сауда (1999–2002 жылдар), ғылым және білім (2003–2004 жылдар) министрі Жақсыбек Құлекеев те статистиканың ресми деректеріне күмән келтіреді. Оның Азаттыққа айтуынша, Қазақстанда тұрғындар саны көбейіп келеді, еңбекпен қамтылған тұрғындар саны азайды, сонымен қатар ресми деректер бойынша жұмыссыздық деңгейі де төмендеген.

- Бұл тек күдік тудырады, бірақ оған түсініктеме бермеймін. Мүмкін жұмыссыз қалған адамдар жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, жәрдемақы талап етудің орнына экономикалық енжар тұрғындар қатарына көшетіндіктен шығар. Олар тіпті жұмыс іздемейді, ата-анасы асырайды, - дейді Жақсыбек Құлекеев.

Бұрынғы экономика және сауда, ғылым және білім министрі Жақсыбек Құлекеев.
Бұрынғы экономика және сауда, ғылым және білім министрі Жақсыбек Құлекеев.

Бұрынғы министрдің айтуынша, ауылдық жерлерде «өзін-өзі жұмыспен қамту» мәселесінде қызық жағдай қалыптасқан. Оның сөзіне қарағанда, Совет Одағы құлаған соң өнеркәсіптік кәсіпорындар жабылды, адамдар қаладан ауылға көшіп, қарапайым еңбек құралдарымен ауыл шаруашылық заттарын өндірді, солайша өздерін қоректендіріп, өнімнің шағын бөлігін сатып отырды.

... экономикалық енжар тұрғындар қатарына көшетіндіктен шығар. Олар тіпті жұмыс іздемейді, ата-анасы асырайды.

- Олардың көбі салық төлемейді, әлеуметтік аударым жасамайды. Зейнетақы қорында жоқ, әлеуметтік сақтандыруға қатыспайды, себебі тұрақты табыстары жоқ. Ауылдағы өзін-өзі қамтамасыз етушілер саны 25 жылда миллион адамға жетті, - дейді Жақсыбек Құлекеев.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығы сарапшыларының пікірінше, өздерін өнімсіз жұмыспен қамтамасыз етушілер мен экономикалық тұрғыда белсенді емес азаматтар қандай да бір табыс табу үшін әртүрлі іс-әрекетпен айналысуға мәжбүр. Жартысынан көбінің табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне жетпейді (25 мың теңге).

Сағат беске қарай газеттердің бәрі біткенде тәжіри үйренушілер қасында құмы бар орындыққа сығылысып отырды. Олардың бәрі тасыған газеттерін санады. Түскі ассыз, ыстықта ұзақ қашықтықты ауыр жүкпен жүріп өткен олар «жетекшінің» «ертең келесіңдер ме?» деген сауалын енжар тыңдады. Әрқайсы өз ойына батып, үндемеді.

XS
SM
MD
LG