Accessibility links

Студенттер «белгісіз» демалысқа шықты


Алматыдағы студенттердің бір тобы. (Көрнекі сурет).
Алматыдағы студенттердің бір тобы. (Көрнекі сурет).

Желтоқсанның 16-сы қарсаңында Алматыдағы кейбір ірі ЖОО студенттері демалыс алып, көбі ауылдарына қайтты. Ал қалада қалғандарына «алаңға бармай, сессияға дайындалыңдар» деген ескерту айтылған.

Азаттық тілдескен студенттердің сөзіне қарағанда, ЖОО оқытушылары оларға аяқ астынан демалысқа шығатындарын хабарлағанымен, себебін түсіндірмеген. Студенттер кенеттен берілген демалысты өздерінше жориды.

Алматыдағы 40-тан астам ЖОО-да 180 мыңнан астам студент оқиды. Соның бірі - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Рая есімді (аты-жөні өзгертілген) 2-курс студенті қазір жатақханада жатыр. Оның аймақтардан келген курстастары ауылдарына кеткен. Өйткені, жоғары оқу орны (ЖОО) басшылығы желтоқсанның 9-ы мен 19-ы аралығында демалыс берген. Студент 10 күндік демалыстың не үшін берілгенін білмейді.

- Екі апта бұрын оқытушылар желтоқсан айының оқу бағдарламасымен таныстырды. Желтоқсанның 9-ы аралық бақылауымыз аяқталды. Сессия басталар деп ойлағанбыз. Бірақ желтоқсанның 19-ына дейін демалыс берді. Оқытушылар 10 күнге үйге қайтыңдар немесе жатақханада қалыңдар деді. Жатақхана күзетшілері кім үйге қайтатынын, кім жатақханада қалатынын тізімдеп алды. Не үшін 10 күн демалыс берілгенін айтпады, - дейді күндізгі оқу бөлімінде 15 мыңнан астам адам оқитын ҚазҰУ студенті.

Раяның айтуынша, «жыл сайын желтоқсанның 16-сына жақындағанда жатақханада, университет маңайында күзет күшейеді».

«АЛАҢҒА БАРМАЙ СЕССИЯҒА ДАЙЫНДАЛЫҢДАР»

Қыздар педагогикалық университетінің аты-жөнін атамауды сұраған А. есімді студенті қазір Шымкентке жетіп те алған. Оның айтуынша, «ауылға Алматыда оқитын студенттер ғана келіпті, басқа қаладағылар сессия тапсырып жатыр».

- Желтоқсанның 21-інде сессия басталады. Жылда желтоқсанда 10 күнге демалысқа кетеміз. Үйреніп қалдық. Алматыда оқитын таныстарым ауылда жүр. Ал Қостанайда оқитын інім келмеді, ол желтоқсанның 24-іне дейін сессия тапсырады, - дейді ол.

Жиында отырған студенттер. (Көрнекі сурет).
Жиында отырған студенттер. (Көрнекі сурет).

Алматыға Батыс Қазақстан өңірінен келіп оқитын студенттер 10 күндік демалыстың «тиімсіз» екенін айтады. Олар «осы демалыстың кесірінен жаңа жылды үйде қарсы ала алмаймыз» дейді.

- 10 күндік демалыста ауылға бара алмаймыз. Демалыстың жартысы жолға кетеді. Қазір жатақханада босқа жатырмыз. Оқытушылар «алаңға бармай сессияға дайындалыңдар» деді. Себепсіз не үшін демалыс беретінін түсінбеймін. Жаңа жылды үйде қарсы алғымыз келеді. Сессия желтоқсанның 28-і бітеді. Жолға үш күн кетеді. Жаңа жылға үлгермейміз, - дейді ҚазҰУ-да оқитын Ақжан есімді студент.

Сәтбаев атындағы қазақ техникалық зерттеу университеті мен Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің студенттері сессияны желтоқсанның 12-сіне дейін тапсырып тастаған. Бұл ЖОО студенттері қаңтардың 8-і және 18-іне дейін демалыс алған.

- Сессияны бір аптада тез-тез тапсырып тастадық. Енді үйге қайтамыз. Қалада қалатындарға «алаңға бармаңдар» деп ескертті, - дейді аты-жөнін айтқысы келмеген қазақ техникалық университеті студенті.

Ал әлем тілдері университетінің Айман есімді студенті:

- Сессия бізде желтоқсанның 15-і мен 29-ы аралығында өтуі тиіс болған. Желтоқсанның басында сессияны ерте тапсырып, бітіріп тастайтынымызды айтты, - дейді.

«СТУДЕНТТЕРДЕН ҚАУІПТЕНЕДІ»

«Тұран» университетінің А. есімді студенті «Бұл демалыс - астарлы әрекет. Себебін айтпайды. Студенттердің бәрі біледі. «Желтоқсанның 16-сы көшеге шықпай, үйде отырыңдар» деп ескертті. Студенттер көтеріліске шығып кетеді деп қауіптенетін сияқты» дейді.

Студенттер желтоқсанның 16-сы мен 17-сі күндері «университет өкілдері алаң маңында, адамдар көп шоғырланатын жерлерге кезекшілікке шығатынын» да айтады.

Алматыда оқитын студенттер 10 күн демалып жатқанда басқа аймақтардағы кейбір қалалардың студенттері сессияларын тапсыруға кіріскен.

Азаттық тілшісі жоғарыда аталған университеттерге хабарласқан. Мәселен, Абылай хан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқу барысына жауапты мамандарының бірі «барлығы жоспар бойынша келе жатыр» деп қана жауап қайтарды. Ал Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәрбие ісі жөніндегі департаментінің аты-жөнін айтудан бас тартқан өкілі «Магистранттар мен докторанттар сессия тапсырып жатыр. Бакалавр студенттері желтоқсанның 19-ынан бастап сессия тапсырады. Бәрі оқу жылының басында құрылған жоспар бойынша жасалып жатыр» деді. Азаттық тілшісі Қыздар педагогикалық университетінің қызметкерлерінен де осы тақілеттес жауап алды.

Алматыда оқитын студенттер 10 күн демалып жатқанда басқа аймақтардағы кейбір қалалардың студенттері сессияларын тапсыруға кіріскен. Мәселен Талдықорғандағы Жетісу мемлекеттік университетінің Серік есімді студенті «Біз демалыс алмадық. Сессиямыз желтоқсанның 12-сі басталды» деді. Ал Өскемендегі Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің Әсем есімді студенті «желтоқсанның 16-сы күні де емтихан тапсыратынын» айтады.

1986 жылы желтоқсанның 16-сы Қазақ ССР компартиясы орталық комитеті пленумы шұғыл өткізіліп, ұзақ жылдар бірінші хатшы болып істеген Дінмұхаммед Қонаев қызметтен алынып, орнына Ресейдің Ульянов облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып істеген Геннадий Колбин тағайындалған. Алматыда бұл шешімге наразылық танытқан қазақ жастары желтоқсанның 17-сі және 18-і күндері Брежнев алаңына (қазіргі Республика алаңы) жиналған. Бірақ полиция жасағы мен қарулы әскер жиынды күшпен басып-жаншыды.

1991 жылы желтоқсанның 16-сы күні Қазақстанның тәуелсіздік алғаны туралы заң қабылданып, бұл күн Тәуелсіздік күні деп жарияланды. Ал 2011 жылы желтоқсанның 16-сы күні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында мұнайшылар наразылығы күшпен басылып, полиция оғынан 16 адам қаза тапты, жүздеген адам жараланды. Жыл сайын осы күні Қазақстанда Желтоқсан оқиғасын еске алады және Тәуелсіздік күнін атап өтумен қатар, Жаңаөзен оқиғасы құрбандарына құран оқылады.

XS
SM
MD
LG