Accessibility links

«Йонг А "Әлия" 1000 метрде жүлде әперер» дейді бапкері


Қазақстанға Оңтүстік Кореядан келген шорт-трекші Ким Йонг А.
Қазақстанға Оңтүстік Кореядан келген шорт-трекші Ким Йонг А.

Оңтүстік Кореядан келген 25 жастағы шорт-трекші Ким Йонг А былтырдан бері Қазақстан атынан жарыстарға қатысып жүр. Ол 2018 жылы тарихи отанында өтетін олимпиадаға Қазақстан атынан барғысы келеді.

Қазақстанға Оңтүстік Кореядан келген шорт-трекші Ким Йонг А биыл ақпанда Алматыда өткен Қысқы универсиадада 1500 метрлік жарыста төртінші орын алды. Ал 3000 метрлік эстафеталық жарыста командаластары Анита Ногай, Ольга Тихонова, Александра Крестова, Мәдина Жанбосыновамен бірге қола медаль иеленді.

- Бұл – Қазақстан үшін алған алғашқы медалім. Сондықтан универсиаданың қола медалі мен үшін алтынмен тең, – деді Ким Йонг А универсиада кезінде.

Ким Йонг А Алматыдағы универсиададан кейін Қазақстан құрамасы сапында Жапонияның Саппоро қаласында өткен Азия ойындарына барды. Бұл жарыста да ол командаластарымен бірге 3000 метрлік эстафетада қола иеленді.

«ҚАЗАҚСТАНДА МАҒАН БАРЛЫҚ ЖАҒДАЙ ЖАСАЛҒАН»

Ким Йонг А шорт-тректен Оңтүстік Корея құрамасы сапында бірнеше жарысқа қатысып жүлде алған, бірақ кейін ұлттық құрамадан шығып қалған. Ол 2014 жылы Қазақстан шорт-трек құрамасының бас бапкері Мәдіғали Қарсыбековтың шақыртуымен Қазақстанға келіп, 2015 жылдың басында Қазақстан азаматтығын алған.

- Оңтүстік Корея тарабы спортшының Қазақстан атынан жарысқа қатысуына қарсы болмады. Әкесі Қазақстанға келіп келіссөз жүргізді де, келісімін берді. Біз әлемдік жарыстарда эстафета жарыстарына қатыса алмай жүрдік. Себебі құрамада бәсекеге қабілетті төрт шорт-трекші қызымыз болды. Ал эстафетаға бес спортшы қатысу тиіс Сондықтан Ким Йонг А біздің құрамаға керек болды, – дейді Мәдіғали Қарсыбеков.

Құрамы оңтүстіккореялық Ким Йонг Амен толыққан Қазақстанның эстафета командасы.
Құрамы оңтүстіккореялық Ким Йонг Амен толыққан Қазақстанның эстафета командасы.

Ким Йонг А – Қазақстанға Оңтүстік Кореядан келген алғашқы спортшы. Қазақстан коньки федерациясы Ким Йонг Аның аты-жөнін «Әлия Ким» деп ауыстырмақ болған. Бірақ құжат өзгерту кезіндегі қиындықтарға байланысты есімі өзгеріссіз қалған. Қазақстан құрамасындағы командаластары «Әлия» деп атайтын шорт-трекші олармен қазақша не орысша сөйлесе алмайды, ағылшын тілінде тілдесуге тырысады.

- Спортшы ретінде дамығым келді. Оңтүстік Кореяда мүмкіндік аз болды. Қазақстаннан келген ұсынысты қабылдадым. Енді осы елдің атынан олимпиадада медаль алғым келеді. Қазақстанда маған барлық жағдай жасалған, – дейді Ким Йонг А.

Спортшының жарысқа қатысу шығыны мен айлығын толығымен Қазақстан тарабы төлейді.

Қазақстанға Ким Йонг Амен бірге келген жеке бапкері Сеинг Нам Иоон спортшының қазір бабына еніп қалғанын айтады.

- Оңтүстік Кореяда жүргенде халықаралық жарыстарға қатыспай, формасын жоғалтып алды. Қазір бізде бәрі жақсы. Жағдай жасалған. Ким Йонг А 1000 метрге жақсы жүгіреді. Оның негізгі қашықтығы – осы. Сондықтан алдағы жарыстарда одан 1000 метрде жүлде күтеміз, – дейді бапкер.

«2018 ЖЫЛҒЫ ОЛИМПИАДАДА ӨЗІН ДӘЛЕЛДЕУІ КЕРЕК»

Ал спорт журналисі Айдос Рымқұлдың пайымдауынша, Ким Йонг А биылғы қысқы маусымда «алып бара жатқан жақсы нәтиже көрсете алмаған».

Бұл спортшы [Қазақстан құрамасына] эстафета үшін керек болған сияқты. Ким Оңтүстік Корея құрамасына енбей қалған соң Қазақстанға келді. Демек, Ким үшін өзін дәлелдейтін уақыт – 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін олимпиада ойындары.

- Оңтүстік Кореядан келгенде Кимнен үлкен нәтиже күткенбіз. Бірақ жеке қашықтықтарда жүлде ала алмады. Әлем кубогы кезеңіндегі ең үздік нәтижесі – 10-орын. Универсиада мен Азия ойындарында Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай спортшыларынан қалып қойды. Кимге қарағанда Қазақстанда туған Александра Крестованың жекелей жарыстардағы нәтижесі жақсы. Бұл спортшы [Қазақстан құрамасына] эстафета үшін керек болған сияқты. Ким Оңтүстік Корея құрамасына енбей қалған соң Қазақстанға келді. Демек, Ким үшін өзін дәлелдейтін уақыт – 2018 жылы Оңтүстік Кореяда өтетін олимпиада ойындары. Ол үшін көп дайындық керек, – дейді спорт шолушысы.

Ким Йонг А қазір 1000 метрлік қашықтық бойынша әлемдік рейтингте 41-орында тұр. Енді ол 10-12 наурызда Роттердамда (Голландия) өтетін әлем чемпионатына қатысады.

Қазақстанда басқа елден спортшы шақыру тәжірибесін 2006 жылдан бастаған. 2008 жылғы Пекин олимпиадасы алдында Қазақстан ауыр атлетика құрамасына Қытайдан Мая Манеза мен Зүлфия Чиншанло келді. Ал 2009 жылы ресейлік Светлана Подобедова Қазақстан азаматтығын алды. Үш ауыр атлет те 2012 жылы Лондон олимпиадасына Қазақстан атынан қатысып, алтын алған. Бірақ Халықаралық олимпиада комитеті 2016 жылы үшеуінің допинг сынамасын қайта тексергенде олардың тыйым салынған дәрілерді пайдаланғаны анықталып, Манеза, Чиншанло мен Подобедованың нәтижелері жойылған.

2016 жылы Рио олимпиадасында Қазақстанға алтын әперген ауыр атлеттер Нижат Рахимов – Әзербайжанда, қола жүлдегер Фархад Харки – Қытайда, күміс жүлде алған балуан Гюзель Манюрова Ресейде туған.

Қазақстан теннис құрамасындағы Ярослава Шведова, Юлия Путинцева, Михаил Кукушкин, Галина Воскобоева, Андрей Голубев – Ресейден, Александр Недовесов Украинадан келген.

Футзалдан Қазақстан құрамасында ойнайтын Лео және Игита сынды ойыншылар бұрын Бразилия азаматы болған.

XS
SM
MD
LG