Accessibility links

Жолақысы 80 теңгелік пойызға ел разы


Алматы-2 теміржол вокзалынан Қазыбек бек теміржол станциясына жүретін пойыз. Алматы, 16 тамыз 2017 жыл.

Алматы-2 вокзалынан Жамбыл ауданы Қазыбек бек теміржол станциясына және Алматы-1 вокзалынан Қапшағай қаласына дейін күніне бірнеше мәрте пойыз жүре бастады. Алматыдан 100 шақырымға жуық қашықта жатқан ауыл тұрғындары пойызды шашу шашып қарсы алды.

«Алматы 2» теміржол бекетінен күндізгі сағат 11:18-де қозғалған пойыз жолшыбай «Алматы 1» темір жол бекетіне жеті минут тоқтап, әрі қарай Боралдай, Ақсеңгір, Шамалған, Жыңғылды ауылдарына аялдай отырып, сағат 13:09-да Қазыбек бек (бұрынғы Ұзынағаш) теміржол станциясына жеткен болатын.

Мың қаралы түтіні бар ауылдың тайлы-тұяғы қалмай бекетке жиналған екен. Пойызды шашу шашып қарсы алған жұрт мәре-сәре болып жатты. Ауыл тұрғындарының айтуынша, Совет Одағының тұсында ауылдан Алматыға дейін екі вагон тіркеген қалааралық пойыз жүріп тұрған. Бірақ тәуелсіздік алғаннан кейін тоқтап қалыпты.

- Ауылдан Алматыға дейін пойызбен барып түсе қалатын болдық, – десті бірін бірі құттықтаған жұрт.

- Бұған дейін қалаға қалай жетіп жүрдіңіздер, - деп елді әңгімеге тарта бастадық.

- Ой, айтпа, таңертең шығып кешке дейін әрең жететін едік қой, Алтынорданың (Алматы шетіндегі базар – ред.) «пробкасынан» шыққанша кеш болатын, - деді ауыл тұрғындарының бірі.

Қазыбек бек (бұрынғы Ұзынағаш) теміржол станциясында пойызды қарсы алған тұрғындар. Алматы облысы, 16 тамыз 2017 жыл.
Қазыбек бек (бұрынғы Ұзынағаш) теміржол станциясында пойызды қарсы алған тұрғындар. Алматы облысы, 16 тамыз 2017 жыл.

Өзін Әбден Есперов деп таныстырған қарттың айтуынша, 25 жыл бұрын қалааралық пойыз тоқтаған соң ауыл тұрғындарының Алматыға қатынап жұмыс істеуі қиындап кеткен.

- Ауылда жеті мыңдай халық тұрады. Ертеректе ауыл үстімен өтетін кейбір жолаушылар пойызы тоқтайтын еді. Қазір тоқтамайтын болды. Тұрғындар жеңіл көлікпен Ұзынағаш ауылын айналып, қалаға әрең жететін. Онымен қоса ауылдан қалаға барып оқитын студенттердің өзі 200-ден артық, - дейді ақсақал.

Ауыл тұрғындары: «Студенттерге жақсы болды. Үйден қатынап оқи беретін болды. Квартираға шығындалмай-ақ» десіп жатты өзара.

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Жолақысы 80 теңгелік пойыз

- Ауылдан қалаға дейін такси 700 теңге алады. Ал автобус 400 теңге. Бірақ автобус сағат жетіде шығатындықтан жұрт жұмыстан кешігіп қалады. Сол себепті амалсыз таксиге отыруына тура келеді, - дейді сол ауылдың тұрғыны Ерлан Жалбағаев.

Ерланның сөзінше, пойыз жүрмей тұрып күнделікті ас-суын қосқанда Алматыға бір барып қайту сапары екі мың теңгеге түсіп келген. Өзі пойыздан түскен Ерланнан ауылдастарының бірі «Сонда билеттің құны қанша?» деп сұрады.

- 80 теңге, - деген Ерланның сөзіне сенбей күліп жатқандар да болды.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, Қазыбек бек станциясына тек Маңғыстау – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызы тоқтайды.

Алматыдан Қазыбек бек теміржол бекетіне қатынайтын пойыздың іші.
Алматыдан Қазыбек бек теміржол бекетіне қатынайтын пойыздың іші.

«Бұрындары «Шымкент – Алматы» пойызы тоқтайтын. Олар 200 теңгеге алып кететін. Қазір таңертеңгі 9:15-те Манғышлақ пойызы келеді. Кейде іште комиссия бар деп отырғызбай қояды. Кейде 500 теңгеге алып кетеді» дейді бір-біріне сөз бермей жарыса сөйлеген жұрт.

«Қазыбек бек» бекетіне жарты сағат аялдап кері қайтқан пойызға «арзан екен, қалаға барып қайтайық» деп бірнеше адам отырды. Солардың бірі Ұлжан Нұрбаева былай дейді:

- Ауылда көп адамда жұмыс жоқ. Қалаға барып қатынап істеу қиын. Себебі тапқаныңның жартысынан көбі жолға кетіп қалады. Бұрындары қаладан пәтер жалдап тұрып, жұмыс істейтінбіз. Оның өзі де тиімсіз. Сондықтан жұрттың бәрі қазір ауылда. Жазда бау-бақшаға жұмыс істейді. Қыста бос жататын. Енді қалаға шығып жұмыс іздейміз.

Қазыбек бек ауылының тұрғыны Ұлжан Нұрбаева.
Қазыбек бек ауылының тұрғыны Ұлжан Нұрбаева.

Ұлжан арзан пойызды пайдаланып, қалада тұратын үлкен қызының халін сұрауға, лажы болса, жұмыс іздеуге шыққан.

- Басында «80 теңге» дегенде сенбеп едік. Жаңа төлегеннен кейін барып бірақ сендік қой. Қазір қызыма «ауылдан 80 теңгемен келдім» десем, сенбей қалатын шығар, - деп күлді ол.

Тәуелсіздік кезеңінде Қазыбек бек станциясын Алматымен жалғаған алғашқы тарихи пойызбен қалаға 15 адам келді.

Қалааралық пойыз екі бағытта жүретін болды. Бірінші бағыт Алматы-2 вокзалынан Қазыбек бек теміржол бекетіне дейін болса, екінші бағыт Алматы-1 вокзалынан Қапшағай қаласына дейін.

- Алматы-1 мен Қапшағай қаласының аралығына жүретін пойызды вагондарымен қосып Эстониядан әкелдік. Ол пойыз дизельмен жүреді. Ал мына вагондарды Қытайдан лизингпен сатып алдық. 2010 жылы құрастырылған, - дейді «Тұран экспресс» жолаушылар компаниясы директорының орынбасары Ерсін Сабырханов.

"Тұран экспресс" жолаушылар компаниясы директорының орынбасары Ерсін Сабырханов.
"Тұран экспресс" жолаушылар компаниясы директорының орынбасары Ерсін Сабырханов.

Алматы-2 – Қазыбек Бек бағытындағы пойызға жеті, Алматы-1 – Қапшағай бағытындағы пойызға алты вагон тіркелген. Бірінші бағыттағы пойыздың әр вагонында 56 орын бар, барлығы 392 адамға есептелген. Вагондардың іші соңғы үлгімен жабдықталыпты.

«Тұран экспресс» компаниясының басшылығы Алматыдағы көлік кептелісінен запы болған жолаушылар үшін тиімді қызмет ұсыну жайын жарты жылдан бері қала әкімдігімен талқылап, келісім жүргізгендерін айтады. Компания директоры Роман Ботабеков:

- Осыдан екі жыл бұрын осындай пойыз ашпақ болып едік. Бірақ жолақысы қымбат болғандықтан еріксіз жаптық. Өйткені ол кезде үкіметтен көмек болмады.Ал осы жолы Алматы қалалық әкімдігі тарапынан жарты жылға субсидия бөлінді. Сол себепті біз жолақыны 80 теңгеге белгілеп отырмыз. Бұл 80 теңге салық пен жұмысшылардың жалақысына жетеді. Болашақта бұл жобаның екінші кезеңі ашылады, - дейді.

"Тұран экспресс" жолаушылар компаниясы директоры Роман Ботабеков Қазыбек бек бекетіне қатынайтын пойыздың ашылу салтанатында сөйлеп тұр. Алматы, 16 тамыз 2017 жыл.
"Тұран экспресс" жолаушылар компаниясы директоры Роман Ботабеков Қазыбек бек бекетіне қатынайтын пойыздың ашылу салтанатында сөйлеп тұр. Алматы, 16 тамыз 2017 жыл.

Директордың айтуынша, бұған дейін компания Алматы-1 – Қапшағай бағытында екі мәрте пойыз шығаруға тырысып, бірақ жоба іске аспай қалған екен. Компания жетекшілері бес жылға жоспарланған бұл жобаны әлі де жетілдіре түспек. Алдағы уақытта «Оңай» жүйесі бойынша төлем іске асып, жолаушыларға таңғы және кешкі ас ұсынылмақ.

Әр вагон ішіне кондиционермен бірге теледидар да қойылған. Орындықтары жолаушыларға барынша ыңғайлы етіп жасалыныпты.

Таңғы 06:03-те Қазыбек бек бекетінен шыққан пойыз екі сағат жүріп, Алматы-2 теміржол бекетіне тоқтайды. Ал кешке 18:43-те Алматы-2 теміржол бекетінен кері аттанады. Екінші бағыттағы пойыз таңғы 05:45-те Қапшағайдан шығып, 07:03-те Алматы-1 теміржол бекетіне келіп жетеді.

Бұған дейін 2017 жылы қалалық бюджеттен 353,7 миллион теңгенің екі бағыттағы пойыздарды қамтамасыз етуге бөлінгені, оның 194,1 миллионы Қазыбек бек – Алматы – Қазыбек бек бағытына, 159,6 миллионы Қапшағай – Алматы – Қапшағай бағытына субсидияланғаны хабарланған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG