Accessibility links

«Арқанкерген» шекарашысы анасының арызы қанағаттандырылмады


Денис Рей әскери борышын атқарған ҰҚК шекара әскерлеріне қарасты №2484 әскери бөлімі. Алматы олбысы Үшарала кенті, 31 мамыр 2012 жыл.
Денис Рей әскери борышын атқарған ҰҚК шекара әскерлеріне қарасты №2484 әскери бөлімі. Алматы олбысы Үшарала кенті, 31 мамыр 2012 жыл.

Астана соты «Арқанкерген» заставасында қаза тапқан шекарашы Денис Рейдің анасының ҰҚК мен бас прокуратураның үстінен берген талап-арызын қанағаттандырған жоқ.

Бүгін Астананың Сарыарқа аудандық соты Татьяна Рейдің талап-арызын қанағаттандырудан бас тартты. Павлодар облысында тұратын зейнеткер баласы Денис Рейді өлтіргені үшін моральдық өтемақы ретінде 370 миллион теңге өндіріп беруді сұраған. Анасы баласының қазасына мемлекеттік органдарды кінәлайды.

Сот Татьяна Рейдің арызын қанағаттандырмады
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:06 0:00
Жүктеп алу

2012 жылдың мамырында Қазақстан-Қытай шекарасындағы өртеніп кеткен заставадан 14 шекарашы мен қорықшының мәйіті табылған. Денис Рей мен тағы бір шекарашы Мейірхан Именовтің мәйіт қалдықтары табылмай, екеуін ресми түрде хабарсыз жоғалып кетті деп жариялаған. Тірі қалған жалғыз шекарашы Владислав Челахқа «Арқанкерген» заставасында жаппай кісі өлтірді деген айыппен өмір бойы түрмеде отыру жазасы кесілген.

Екі жылдан кейін ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) шекара әскерлеріне қарасты №2484 әскери бөлімнің әскери қызметшісі Денис Рей Успенск соты шешімімен қаза тапқан деп танылған.

МОРАЛЬДЫҚ ЗИЯН

Татьяна Рейдің адвокаты Серік Сәрсенов шекарашылар өлтірілген атыс қаруы үлкен қауіп төндірген әрі мемлекет мүлкі болғандықтан, кінәлі я кінәсіз екеніне қарамастан, азаматтық-құқықтық жауапкершілік мемлекетке жүктеледі деп санайды.

– Ақыры Челахты кінәлі етіп шығарды, бірақ лауазымды тұлғалардың айыбы жайлы мәселе қозғалған да, тексерілген де жоқ. 14 әскери мерт болғаны үшін мемлекеттің ешбір лауазымды тұлғасы жауапқа тартылған жоқ, – дейді Серік Сәрсенов.

Арқанкерген оқиғасы бойынша сотталған шекарашы Владислав Челах. Талдықорган, 11 желтоқсан 2012 жыл.
Арқанкерген оқиғасы бойынша сотталған шекарашы Владислав Челах. Талдықорган, 11 желтоқсан 2012 жыл.

Адвокаттың айтуынша, шекара әскері бөлімшелерінде заң талаптарының орындалуын дұрыс тексермеген ҰҚК-нің орталық аппараты кінәлі. Адвокат «Арқанкерген» шекара заставасы заңсыз құрылған деп санайды, өйткені «шекара бекетінде әскери қызметті өтеуді реттейтін ешқандай нормативті-құқықтық акті де, қару-жарақты сақтау мен беру нормалары да болмаған».

– Ішкі жарғы бойынша үзілді-кесілді тыйым салынатынына қарамастан, оқ-дәрі салынған жәшіктің де, тапанша, яғни Киреевтің жеке қаруы мен патрондары жатқан жәшіктің де кілттері Челахта болғаны үкімде тура көрсетілген. Бірақ бұл – жауапкершілікке қатысты мәселе. Олар әлгі жарғыны бекіткен кезде қайда қараған? Заңға сәйкестігін тексеруі тиіс еді ғой, – дейді Серік Сәрсенов.

Оның мәлімдеуінше, анасы Денис Рейдің қазасын көтере алмай қант диабетіне шалдыққан, яғни моральдық зиян шеккен. Татьяна Рей – зейнеткер, жалғыз тұрады. Үлкен баласы өз отбасымен бөлек тұрады.

– Баласы қаза тапқан ананың азап шегіп, қайғыдан құса болғанына, яғни моральдық зиян шеккеніне бұдан артық қандай дәлел керек. Әлде оның түні бойы жылап шығатынын тіркеп отыру керек пе еді? – дейді Серік Сәрсенов.

Адвокат Сәрсенов«370 миллион теңге өтемақыны есептегенде ар-намысымды қорлады деп журналистерден 40 миллион теңге өндіріп алатын шенеуніктердің бағасына сүйендік» дейді.

ЖАУАПКЕРЛЕР

ҰҚК шекара қызметінің өкілі Еркінбек Сағадиев «моральдық зиянды өндіруге қатысты талап-арызды тұтқын Владислав Челахтың үстінен беру керек» деп мәлімдейді. Қаза тапқандардың кейбірінің туыстары Челахтан 5 миллион теңгеден моральдық өтемақы өндіріп алуға тырысқан. Өмір бойы түрмеде отыруға кесілген Челах жазасын Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» деп аталатын түрмеде өтеп жатыр.

Азаттыққа өзін таныстырудан бас тартқан тағы бір жауапкер – ҰҚК өкілі баласынан айырылғаны үшін Татьяна Рей 500 айлық есептік көрсеткіш (қазір бір АЕК 2121 теңге) көлемінде бір мәрте төленетін өтемақы алып қойған деп мәлімдейді. Татьяна Рейдің адвокаты бұл ақпаратты тексермегенін айтады.

2014 жылы Татьяна Рей және қаза тапқандардың өзге туыстары мемлекет өкілдері ретінде ҰҚК-нің шекара қызметі мен қаржы министрлігімен соттасуға тырысқан. Бірақ «бұл ведомстволар-моральдық зиянды өтеуі тиіс жауапкер емес» деген уәжбен олардың талап-арыздарын қанағаттандырмаған.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG