Accessibility links

Иордания павильонын салғандар жалақысын кімнен аларын білмейді


EXPO көрмесіндегі Иордания павильоны. Астанa. 14 шілде, 2017 жыл.

«Аstana ЕХРО -2017» көрмесіндегі Иордания павильонының ішкі жұмыстарын жасаған оннан астам құрылысшы екі айдан бері айлықтарын алмаған. Олар бүгін Астана қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасына барып шағымданды. Олар кеше өздері келісім-шартқа отырған «Astana Exhibitions Services» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің де алдына барған.

«Аstana ЕХРО -2017» көрмесіндегі Иордания павильонын салған жұмысшылардың бірі Зульфия Оразбекова өздерінің осы компания алдына үнемі келетінін айтады.

- Екі айдан бері осы жерге келіп біз шаршадық. Жолға және пәтерге төлейтін ақшамыз да қалмады, - дейді ол.

Ал жұмысшылармен кездескен «Astana Exhibitions Services» компаниясының басшысы Қайыр Ибраев «құрылысшылар мен офис қызметкерлерін қоса есептегенде, барлығы 45 адамның жеті миллион теңге көлеміндегі айлығының төленбеуіне Иордания тарапының келісілген қаражатты аудармауы себеп» дейді.

- Біз екі ай көлемінде, тәулік бойы жұмыс істеп, Иордания павильонын салдық. Қолданысқа бердік. Көрменің өтіп жатқанын көрген боларсыздар. Павильон пайдалануға берілді. Біздің компанияның жұмысы аяқталды. Бірақ, ақша қаражат Иорданиядан толық көлемде алынбады, - дейді Қайыр Ибраев.

«Astana Exhibitions Services» компаниясы Иорданиядан бөлек Малайзия елінің де павильонын салған. Малайлықтар құрылыс жұмыстары біткенде келісілген қаражатты аударған.

ВИДЕО: Павильон салғандарға әлі ақысы берілмеді

Бұл компания Иордания павильонын көрмеге дайындау үшін дубайлық «Платинум» деген компаниямен келісім жасасқан. Қайыр Ибраевтың сөзінше, істелген жұмыс үшін ақша аударуы тиіс бұл компанияны иорданиялықтар таңдаған. Жуырда мәселені шешіп беруді сұрап, қазақстандық компания Иорданияның Астанадағы елшілігіне хабарласқандарын айтады. Ал Иорданияның «Аstana ЕХРО -2017» көрмесіндегі павильонының директоры бұған өз елінің «еш қатысы жоқ» дейді.

- Иорданияның қазақстандық жұмысшылардың жалақысын ала алмай жүргеніне қатысы жоқ. Мәселе «Платинум» мен жергілікті құрылыс компаниясының арасында болып отыр. Қазақстан соты осы мәселені шешеді деп ойлаймын, - дейді Иордания павильонының директоры Асад Абдурағиб.

«Аstana ЕХРО -2017» компаниясы коммерцияландыру департаментінің директоры Дәулет Еркінбаев та бұл мәселеге өзінің жауап бере алмайтынын айтады.

- Мен бұған дейін де айттым. Бұл мәселе коммерцияландыру департаментінің құзіретіне жатпайды. Мен оған жауап бере алмаймын, - дейді ол.

Енді «Astana Exhibitions Services» компаниясы орталығы Дубайда орналасқан «Платинум» компаниясынан келісілген қаражатты өндіру үшін сотқа жүгінбек. Ал жалақысын ала алмай жүрген жұмысшылар көрме маңындағы полиция бөліміне барып Иордания павильоны мен «Astana Exhibitions Services» компаниясының үстінен арыз жазды.

Маусымның 10-да басталып, қыркүйектің 10-да аяқталатын «Аstana ЕХРО -2017» көрмесіне 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйым қатысып отыр.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG