Accessibility links

"Қырымсыз" карта алмастырылды


Глобустағы Ресей картасы. Астана 29 қыркүйек, 2016 жыл.
Глобустағы Ресей картасы. Астана 29 қыркүйек, 2016 жыл.

Украинаның Қазақстандағы елшілігі Астанада экспозицияға қойылған Украина картасында Қырым түбегінің көрсетілмеуіне байланысты Қазақстан сыртқы істер министрлігіне түсінік сұрап нота жолдады. Министрлік мәселені "саясиландырмауға" шақырды. Соңынан карта контуры сызылған фигуралар алынып тасталды. Оның орнына картасыз мүсіндер қойылды.

Астанадағы "Нұржол" бульварына картадағы контурымен қойылған қос фигурадан дау шақты. Оның бірінде Украина, екіншісінде Ресей картасы бедерленген. Карталарда Украина Қырымсыз қалып, Мәскеу аннексиялап алған Қырым түбегі Ресей аумағы ретінде бейнеленген.

"Картадағы Қырымнан" тағы дау туды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:32 0:00

УКРАИНА ЕЛШІЛІГІНІҢ НАРАЗЫЛЫҒЫ

Бұған Украинаның Астанадағы елшілігі наразы болып, Facebook әлеуметтік желісінде мәлімдеме жариялады.

"Украина тарабы Қазақстан сыртқы істер министрлігінен түсініктеме және іс-әрекет күтеді" делінген маусымның 12-сінде жарияланған Украинаның Астанадағы елшілігінің мәлімдемесінде. Елшіліктің баспасөз-хатшысы Ирина Блащуктың маусымның 13-інде Азаттыққа хабарлауынша, елшілік бұл мәселеге байланысты маусымның 12-cі күні Қазақстан сыртқы істер министрлігіне нота жолдаған.

Экспозицияға қойылған глобустан дау шықты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:15 0:00
Жүктеп алу

Блащуктың сөзінше, айдың басында ондағы глобуста Украина Қырым түбегімен қоса көрсетілген. Ал маусымның 9-ында Астанада өткен Шанхай ынтымақтастығы ұйымы елдері басшыларының саммитіне Қазақстан, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және осы ұйымға жаңадан қосылып отырған Үндістан мен Пәкістан басшылары қатысқан.

Украина елшілігінің мәлімдемесінде Астананың "Нұржол" бульварындағы экспозициядағы ел картасында "Украинаның территориялық тұтастығын бұзатын", ал Ресей картасында "Украинаның мемлекеттік егемендігін бұзатын" белгілер бары айтылған.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ШЕНЕУНІКТЕР УӘЖІ

​Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді осыған қатысты үкімет жиыны аясында тілшілерге берген комментарийінде мәселені "саясиландырмауға" шақырды.

- Бұл - әлдебір шығармашылық ұжымның туындысы. Тиісінше саяси астары да болмаған. Суретшілер саяси қырына қарамай шығармашылық тұрғыдан салған болса керек, - деді Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, бұл фигуралардың авторлары деген адамдар "кінәларын мойындап", Украина елшілігіне "кешірім сұрап ресми хат" жолдаған. Қазіргі уақытта дау туғызған инсталляция орнынан алынғаны хабарланды.

Ал «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы бұл фигураларды кім жасап, кім орнатқанын анықтап айтып бере алмады.

- Ештеңе айта алмаймын. Кім жасағанын білмеймін, - деді Азаттыққа компанияның қоғамман байланыс бөлімінің басшысы Сергей Куянов.

Астана әкімі Әсет Исекешев те бұл мәселеге нақты жауап бермеді.

- Бұл әкімдіктің тапсырысы бойынша жасалмаған. Біз қазір жағдайды анықтап жатырмыз. Анық-қанығы туралы әзірге айта алмаймын, - деді Астана әкімі журналистерге.

Глобустағы Қырым түбегі жайы әлеуметтік желіде де қызу талқыланды. Маусымның 13-інде бұл фигуралар алынып тасталып, орнына картасыз Украина мен Ресей бейнеленген қос фигура қойылды. Украина мен Ресейдің бейнесінен басқа ондаған фигуралардың бәрінде өзге елдердің картасы бедерленген.

Астана әкімдігінің қатысуымен ашылған Astana Art Fest 2017 фестиваліне, ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, ондаған қазақстандық дизайнерлер мен суретшілердің туындылары қойылған.

БҰРЫНҒЫ ДАУ

Қырым дағдарысы басталғаннан кейін Қазақстандағы кейбір оқулықтарында да Қырым автономиялы республикасының «Ресей субъектісі» ретінде көрсетілуі дауға айналып басылған болатын. Соңынан бұл қателік түзетілген еді. 2015 жылы Қазақстанда үш оқулықта Қырым Ресей аумағы ретінде баяндалған.​

Оқи отырыңыз: Қырым мектеп оқулықтарында «Ресей субъектісіне» айналған

2014 жылы көктемде Ресей Украина құрамындағы Қырым түбегін аннексиялап, сол жылы наурыздың 16-сы күні Қырымда референдум өткізіп, түбекті өз аумағына қосып алды. Халықаралық құқық нормаларына сай келмеген бұл шешімді Украина да, әлемдік қауымдастықтың басым бөлігі де құптамаған. БҰҰ Бас Ассамблеясы Украинадан Қырымның бөлінуі туралы референдумды заңсыз деп танитын қарарды көпшілік дауыcпен сол наурыз айында қабылдаған. Осы жиында Армения, Беларусь, Боливия, Венесуэла, Зимбабве, Куба, Никарагуа, Ресей, Сирия, Солтүстік Корея мен Судан ғана референдумды заңды деп танитынын білдірген. Дауыс беру кезінде Қазақстан қалыс қалған.

XS
SM
MD
LG