Accessibility links

Ресей биыл Eurovision байқауына қатыса ма?


Швеция өткен Eurovision-2016 байқауының жеңімпазы, украиналық Қырым татары Жамала. Стокгольм, 14 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Швеция өткен Eurovision-2016 байқауының жеңімпазы, украиналық Қырым татары Жамала. Стокгольм, 14 мамыр 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейде биыл Eurovision байқауына бойкот жариялауға шақырғандар көбейді. Кремльшіл депутаттар байқау өтетін ел – Украинаны «ресейліктерге қарсы» деп айыптаса, танымал поп әнші былтырғы байқауда украиналық әншінің жеңісін «әділетсіз және саясиланған» деп мәлімдеді.

Жыл сайын Eurovision поп музыка байқауы әртүрлі ұлтты біріктіреді, тамаша және ерекше көріністер қояды, саяси кикілжіңдерді ұмытуға мүмкіндік береді.

Eurovision биыл Ресейсіз өте ме?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:05 0:00
Жүктеп алу

Бірақ Eurovision-2017 мамыр айында Украина астанасы Киевте өтетіндіктен, Ресей бұл байқауға қатыспайтын тәрізді. Оның үстіне, бұл елдің депутаттары мен танымал әншісі сайысқа қатыспайық деп отыр.

БОЙКОТҚА ШАҚЫРУШЫЛАР

Наурыздың 13-і — мемлекеттер Eurovision шарасын ұйымдастырушыларға байқауға қатысушылардың тізімін беретін, әнін атап, бейнежазбасын ұсынатын соңғы күн. Бірақ Ресей атынан (қатысатын болса) кімнің шығатыны белгісіз.

Кремльшіл депутаттар Иосиф Кобзон мен Виталий Милонов және танымал «поп-король» Филипп Киркоров биыл байқауға бойкот жариялайық, қатыспайық деген ұсыныс жасады.

Кремль оларды ресми түрде қолдамаса да, Украинада ресейліктерге қауіп төнуі мүмкін екенін ескертті. Ресей 2014 жылы Украинаға қарасты Қырым түбегін басып алды және Украинаның шығысындағы шиеленіс кезінде ресейшіл сепаратистерді қолдады, бұл соғыста 9750 адам қаза тапты.

Ресейдің мемлекеттік телеарналары Украинада этникалық орыстар жапа шегіп жатыр деп, бір видеоларды көрсетті. Киев пен оның Батыстағы одақтастары «бұл - Ресейдің жалған насихаты» дейді.

ВИДЕО: Eurovision-2016 байқауының жеңімпазы Украина әншісі болғанына ресейліктер пікірі (орыс тілінде)

Politics And Music? Russians React To Ukraine Winning Eurovision
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:47 0:00

«Eurovision» туралы ақпараттар беретін esckaz.com сайтының тілшісі Михаил Кесарев «Независимая газета» басылымына «мемлекеттік БАҚ Украинадағы қауіпсіздік мәселесін адам шошитындай етіп көрсетіп жатқанда бұл шараға делегация жіберудің өзі біртүрлі болатын еді» деді.

Оның үстіне, сайысқа өтініш беруге «өте аз уақыт қалды». Наурыздың 7-сі күні шыққан газетте Мәскеудің шараға қатысудан бас тартуы әбден мүмкін екені айтылған, дегенмен нақты шешім қабылданбағаны туралы да жазылған.

Гейлерге қарсы науқанда көзге түскен парламент мүшесі Милонов наурыздың 1-і күні «Первый канал» мемлекеттік арнасының бас директоры Константин Эрнсттен байқауға ешкімді жібермеуді және шараны телеарналардан көрсетпеуді сұрады.

Өзіне тән сөйлеу тәсіліне басқан Милонов Украинаны «Ресейге қарсы масқара саясат жүргізеді, русофобиямен айналысады» деп айыптап, Мәскеудің ол жерде өтетін шараға қатысуы «ақылға қонымсыз» екенін айтып, бұл елді нацистік Германиямен салыстырды. «Совет елінің азаматтары 1943 жылы Reich-ovision музыкалық байқауына қатысуға аттанғандарын елестете аласыздар ма?» деп жазды ол.

Милоновтың айтуынша, «ресейліктерді Украинада ешкім күтіп отырған жоқ, қазір ол мемлекетті орыс және украин халқы арасындағы барлық жақсылықты ұмыттыруды көздейтін фанатиктер басқарып отыр».

Сол күннің кешке эстрада әншісі және мәдениет жөніндегі парламенттік комиссия төрағасының орынбасары Кобзон Милоновтың сөзін қолдап шықты. Ол « Eurovision байқауына биыл қатыспауымыз, әншілерімізді орыстарды жақтырмайтын Украинаға жібермеуіміз керек» деген.

САЯСАТ ПА, ӨНЕР МЕ?

Келесі күні Интерфакс ақпараттық агенттігіне айтқан пікірінде Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков байқауға қатысу туралы нақты шешім қабылданбағанын мәлімдеді. Бірақ ол «қауіпсіздік және өшіге қарау мәселелерін ескерсек, депутаттардың алаңдауы орынды» дейді.

Украинада туған поп әнші Александр Панайотов Ресей атынан шығуы мүмкін кандидат аталған еді, бірақ наурыздың 3-і күні ол байқауға баруды жоспарлап отырмағанын айтты. Панайотов шараның өтетін жерін басқа жаққа ауыстырған дұрыс дейді.

Ол DNI.ru ойын-сауық порталына берген сұхбатында «Украина мен Ресейде түсініксіз жағдай қалыптасты. Мүмкін шараны Лондон сияқты бейтарап қалаға ауыстыру керек шығар. Немесе біреулер айтып жүргендей қатысудан бас тартамыз» деген.

Былтырғы байқауда Жамала «1944» әнімен жеңіске жеткендіктен, биылғы шара Украинада өткелі жатыр. Жамаланың әні Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Сталиннің бұйрығымен жаппай Орталық Азияға қоныс аударған Қырым татарларына арналған.

Украинаның былтырғы жеңісі тағы бір ренішке себеп болды. Ресейдің ойынша, «1944» Ресейдің Қырымды қосып алғанына қарсы бағытталған (БҰҰ-ның 100 шақты мемлекеті оны заңсыз дейді), демек «байқауға саясат араласпасын» деген ережеге қайшы келеді. 2016 жылдың мамырында ресейлік депутат Франц Клинцевич «саясат өнерден басым түсті» деп Ресейді наразылық танытуға шақырды.

ВИДЕО: Eurovision жеңімпазы Жамаланы суретке түсіру

Jamala Celebrates Eurovision Win
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:01:18 0:00

Өткен жылы Ресей атынан қатысып, үшінші орын алған ресейлік поп әнші Сергей Лазарев бойкотқа қарсы екенін айтты. Life News арнасына наурыздың 6-сы күні берген сұхбатында әнші «Елімізде талантты әншілер бар, оларды бүкіл Еуропа көріп, дауыс беруі керек» деді.

Бірақ олай ойламайтын поп жұлдыздар да бар. Өткен айда Киркоров «Комсомольская правда» газетіне «былтырғы оқиғадан соң бұл шараға қатысудың мәні қалмады деп санаймын» деп, байқаудың «саясиланып кетті» деп сөккен еді.

«Первый канал» мәселеге қатысты пікір білдірмеді. Бірақ ресейлік газет Кобзон мен Милонов қатысатын ток-шоу Eurovision байқауына арналады, бағдарламада бойкот туралы айтылмақ деп болжам жасайды.

Том Бэлмфордтың мақаласын ағылшын тілінен Динара Әлімжан аударды.

XS
SM
MD
LG