Accessibility links

Әбсаттар Дербісәлі терактіні айыптап, Назарбаевты дәріптеді


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 25 шілде 2011 ж.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі. Алматы, 25 шілде 2011 ж.

Қазақстан дінтанушыларының бірінші форумындағы сөзінде мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі елде өзін-өзі жарғандардың ісін айыптап, ислам дініндегі кейбір ағымдарды жаратпайтындығын да ашық білдірді. Сондай-ақ, мүфти «Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанға жаратушы сыйлаған» тұлға ретінде атады.


Қарашаның 16-сы күні Астанада Қазақстанның дін істері жөніндегі агенттігі, білім және ғылым министрлігі және сыртқы істер министрлігі бірлесіп, Қазақстан дінтанушыларының бірінші форумын өткізді. Оған дін агенттігінің аймақтық департаментінің жетекшілері, Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының басшылығы, жекелеген діни конфессиялар өкілдері, Астанадағы орта мектептердің дінтану сабағының оқытушылары және Еуразия университетінің студенттері қатысты.

Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің мәжіліс залында өткен жиынға тек арнайы шақырылған баспасөз құралдарының журналистері ғана кіргізілді.

МҮФТИДІҢ СӨЗІ

Форум жұмысы Тараздағы атыс пен жарылыстан қаза болған құқық қызметкерлерін бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

Жиында сөйлеген сөзінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрғасы, бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі өз-өзін жарып жазықсыз адамдардың қанын мойнына жүктегендердің ісін айыптады.

– Кейде газеттерден оқимыз, «шәхид» болды деп, шәхид емес олар! Өздерін жарғандар – ол арам өлгендер! Қайдағы шәхид?! – деді Әбсаттар Дәрбісәлі.

Қазақстанда жақында қабылданған «Дін туралы» жаңа заңды құптап, қазіргі заманда ислам дініндегі кейбір ағымдарға қатысты пікірін де бүкпесіз айтып салды.

– Біздің ата-бабаларымыз Әбу Насыр Әл-Фарабилер, Хусамеддин Сығанақилер, Сауранилер, Түркістанилер, Иханилер, Дулатилер ғылым-білім жолын ұстанған. Салафилік емес, вахаббилік емес, құрысын вахаббиіңіз де, салафиіңіз де! – деді мінбеден Әбсаттар қажы Дербісәлі.

Бұдан кейін ол Қазақстанда мұсылман әйелдер киетін хиджапқа қатысты да тоқталды. Мүфти қазақ әйелдерінде тұмшаланып орамал тағу болмағанын айтып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мақұлдаған киім үлгілері бойынша киінуге кеңес берді.

– Біздің кейбір қыздарымыз Пәкістанның, Иранның киімін киіп алады. Тағысын тағылар, оны айтпай-ақ қояйын. Біз осы мәселе туралы ұзақ ойладық. Өркениетті жолмен қалай шешуге болады деп. Біз киім үлгілерін жасап ұсындық, – деді мүфти.

Сөзінің соңына таман Әбсаттар қажы Дербісәлі Үндістанда болған жиында жергілікті «белгісіз дін өкілінің: «Тәуелсіздік алған қиын уақытта жаратушы иеміз бізге Джавахарлал Неруды, ал Қазақстанға – Нұрсұлтан Назарбаевты сыйлапты» деп айтқанын естігенін осы жердегі көпшілікке айта кетуді жөн санады.

Әбсаттар қажы Дербісәлінің сөзінен үзінділер, Астана, 16 қараша 2011 ж.
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:51 0:00
Жүктеп алу


ЖАУАПСЫЗ САУАЛДАР

Астанадағы жиынға қатысқан ұстаздар форумның «Білім және дін: өзара әрекеттесу перспективалары» атты секциясында «Дінтану» пәнін саралап, талдауға әрекет жасады. Көзге бірден ұрып тұрған олқылық ретінде - көптеген негізгі түсініктер мен анықтамаларда ең алдымен мұғалімдердің өздерінің арасында ауызбіршіліктің болмауын атады. Бір ғана - «дінтанушы» және «теолог» деген түсініктердің өзі біраз талас тудырды. Дегенмен, қазір мектептерде дінтану мүкәммалын әзірге тарихшылар арқалап жүргені айтылды.

Оқыту методологиясының бұлыңғырлығы да тілге тиек етілді. Мысалы, Астанадағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Ұлболсын Сандыбаева дінтанушылар сүйенетін кітаптар лютерандық-батыстық сарында жазылғандықтан, Қазақстан қоғамының дүниетанымына тіпті сәйкес емес дейді. Ал астаналық мектеп өкілдерінің бірі «Дінтануға» бөлінетін 34 сағаттық жүктеме тіпті мардымсыз деп есептейді.

Оқулықтың әлде жетіспеуі, әлде жоқтығы да күрделі мәселе екен. Айталық, 2009 жылы бұл пән философ ғалым Ғарифолла Есімнің оқулығымен, 2010 жылы Досай Кенжетайдың кітабымен оқытылған. Ал 2011 жылы қайтадан Ғарифолла Есімнің еңбегі бойынша оқытыла бастаған.

Мұғалімдерге сопыларды және сопылықты түсіндірмек болған модераторлар күтпеген тосын сұраққа килікті. «Дінтану» мамандығы бойынша оқитын IV курстың бір студенті: «Президент Назарбаевтың өзі Түркістанға барғанда «қазақ сопылықты ұстанған, біз де сопылықты ұстануымыз керек» деп айтқан, сіздер қай сопылық туралы айтып отырсыздар?» деген сұрақпен тығырыққа тіреді. Төтеден қойылған сауалға аздап абдырап қалған жауап берушілер енді сопылық пен Иассауидің арасын ажырату үшін ұзақ сөйлеуге мәжбүр болды.

Форумға қатысушылар «секта» дегеніміз кімдер, ал «дәстүрлі дін өкілі» деп кімді айтамыз? Бұлардың арасына көрінетін шекара салу барысында сенім-наным бостандығы жырылып кетпей ме?» деген сауалдарға толыққанды жауап ала алмай тарады.

Төрағалар мен модераторлардың айтуынша, бұл форум енді дәстүрлі түрде өткізіліп тұрмақ.
XS
SM
MD
LG