Accessibility links

Берік Жағыпаров жала жабу айыбымен сотқа тартылды


Журналист әрі белсенді Берік Жағыпаров.
Журналист әрі белсенді Берік Жағыпаров.

«Жала жапты» деп айыпталған азаматтық белсенді Берік Жағыпаровтың ісін қарау Жезқазған қалалық сотында мамырдың 5-іне белгіленді. «Қазақмыс» өкілі оны қылмыстық жауапқа тартып, «моральдық зиян ретінде» 2 миллион теңге өтемақы өндіріп беруді талап етеді.

Қарағанды облысындағы өнеркәсіптік қала - Жезқазған қаласындағы сотқа жүгінуге Берік Жағыпаровтың Facebook әлеуметтік желісінде былтыр жариялаған жазба түрткі болған. Аймақтағы ірі жұмыс беруші «Қазақмыс» корпорациясында жұмыс істейтін талапкер Мұрат Шегірбаевтың пікірінше, Жағыпаров көрінеу жалған мәлімет таратып, оның ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтірген.

Бұл ертеректе «Молодежная газета» басылымының редакторы болған, ал ол жабылып қалғаннан кейін «Қазақмысты» әлеуметтік желілерде сынауды жалғастырған Берік Жағыпаровқа қарсы алғашқы арыз емес.

«Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінің персонал қызметі бастығы Мұрат Шегірбаев сотқа түсірген арызында жазуынша, Жағыпаров әлеуметтік желіде «Жомарт» кенішінде жұмысқа қабылдау, ауысу бағаларының құпия прейскуранты бар, мысалы комбинатқа жұмысқа тұрғысы келетін адам «тиісті адамдарға» 1 миллион 200 мың теңге, «нашар» рудниктен жоспарды үнемі орындайтын «жақсы» рудникке ауысу үшін 600 мың теңге, «ақшасы жоқ» орыннан «ақшалы» жұмысқа ауысу үшін, мысалы, темір ұсталығынан бұрғылаушы болып ауысу үшін 300 мың теңге береді» деп жазған.

Бұған қоса, Мұрат Шегірбаевтың сөзінше, белсенді Жағыпаров кеніштің 10 жылдығына орай берілген ақшалай сыйақыны бөлуге қатысты наразылық туралы ақпарат таратып, әлгі ақша «адамдарға алалап таратылған» деп мәлімдеген.

Жұртта мен жайлы және менің қызметіме қатысты жаңсақ, теріс пікір қалыптаса бастады, соның кесірінен жаным жабырқап, көңілім алаң болды, жұмыста өзімді жайсыз сезініп жүрмін...

Шегірбаевтың айтуынша, әлгі ақпарат қалың жұртқа тарап кеткен әрі белсендінің ол деректері корпорацияның тексеру органдары назарына іліккен. Оның сөзінше, тексеру органдары жұмысшылардан жауап алған, бірақ әлгі деректер расталмаған.

Мұрат Шегірбаевтың арызында «Жұртта мен жайлы және менің қызметіме қатысты жаңсақ, теріс пікір қалыптаса бастады, соның кесірінен жаным жабырқап, көңілім алаң болды, жұмыста өзімді жайсыз сезініп жүрмін, менімен қоса жақындарым да күйгелек болып кетті» деп жазылған.

Ол «Қазақмыс» корпорациясында 24 жылдан бері жұмыс істейтінін және оның аты-жөнін қате жазып жүрген белсендіні танымайтынын жазған.

Жезқазған көшесі. 27 қазан 2013 жыл.(Көрнекі сурет)
Жезқазған көшесі. 27 қазан 2013 жыл.(Көрнекі сурет)

Ал белсенді Берік Жағыпаровтың өзі қылмыстық қудалау себебін қоғамдық қызметімен байланыстырады. Шағым белсенділер «Қазақмыс» корпорациясындағы техника қауіпсіздігіне қатысты ахуалды талқыға салу бастамасын көтеріп, жұмысшылар жараланып, мерт болатыны жайлы хабарлар тараған тұста түсіп отыр. Бұған қоса қазір Жағыпаров пікірлестерімен бірге кәсіподақты тіркетуге үшінші мәрте тырысып жүр, бірақ әркез жаңа қателер тауып, құжаттарын кері қайтарады.

Берік Жағыпаров Азаттыққа мына жағдайды дұшпандары пайдалануы мүмкін деп уайымдайтынын айтады, бірақ ешкімнің аты-жөндерін атамайды.

- Сот арқылы «Қазақмыстан» құжаттарды сұратып, «Қазақмыс» басшыларын сотқа шақыртып, өз сұрақтарымды қойғым келеді, әйтпесе олар мені елемейді. «Бұл - жекеменшік компания, сондықтан «Қазақмыстың» бірінші басшысының арызынсыз тексеру жүргізуге құқығымыз жоқ» деген уәжбен прокуратура шағымдарымды мүлде қарамайды, - дейді Берік Жағыпаров.

Сот арқылы «Қазақмыстан» құжаттарды сұратып, «Қазақмыс» басшыларын сотқа шақыртып, өз сұрақтарымды қойғым келеді, әйтпесе олар мені елемейді. «Бұл жекеменшік компания, сондықтан «Қазақмыстың» бірінші басшысының арызынсыз тексеру жүргізуге құқығымыз жоқ» деген уәжбен прокуратура шағымдарымды мүлде қарамайды.

Белсенді кінәсін мойындамайды әрі Мұрат Шегірбаев бәрін ойынан шығарған деп мәлімдейді.

- Жуырда заңгермен ақылдастық. Бұл жерде тікелей айыптау жоқ, мен Шегірбаевты мүлде айыптамаймын, бәрін болжам түрінде жаздым. Бұған қоса, қолымда әлгі сұрақтарды қойып, Шегірбаевтың басшыларына шамамен сол кезде жазылған хатым да бар, - дейді Берік Жағыпаров.

Ертеректе, яғни 2013 жылғы мамырда Астанада белсендіні әкімшілік сотқа тартып, борышкерлердің рұқсат етілмеген митингісіне қатысты деген айыппен 15 тәулікке қамаған. Ол кезде Берік Жағыпаров акцияға мақала әзірлеу үшін қатыстым деген болатын.

Алғашқы сот отырысы қарсаңында ол Азаттыққа қаржылық проблема сияқты бірқатар қиындықтар кесірінен жұмыс істемеген «Молодежная газета» басылымы «лицензиясын билік сот арқылы тартып алғанын» айтты. Жағыпаровтың мәлімдеуінше, Жезқазған аймағындағы «Қазақмыс» корпорациясының жұмысы туралы көптеген жазбаларына бола газетке қысым жасалған.

Оны жала жабу бабы бойынша айыпты деп таныса, Берік Жағыпаров үш жылға дейін мерзімге сотталуы мүмкін. «Қазақмыс» корпорациясы Қарағанды облысында көбінесе түрлі-түсті және сирек металдар өндірумен айналысады. «Қазақмыстың» негізгі акционерлері тізімінде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаев та бар.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG