Accessibility links

Боралдай тұрғындары әлі үрейленіп жүр


Атыс болған Шпак көшесі. Боралдай кенті, 6 желтоқсан 2011 жыл.
Атыс болған Шпак көшесі. Боралдай кенті, 6 желтоқсан 2011 жыл.

«Қазақстандықтар ондай жасамайды, қаза тапқан бесеу – шетелден келгендер ғой» дейді аты-жөндерін айтудан да қорқып қалған тұрғындар. Олар «милицияға рахмет» деуді де ұмытқан жоқ.


Алматының шетіндегі Боралдайға сейсенбінің таңында барғанымызда, сырт көзге бәрі қалыпты көрінді, айтарлықтай қарбалас байқамадық.

Кездескен жұрттан «сенбі, 3 желтоқсан күні атыс болған үйді көрсетіп жіберіңізші» деп едік, бәрі «біз білмейміз» деумен болды. Тіпті арнайы операция өткен үйдің маңындағы дүкен қызметкері де «ештеңе білмейтінін» айтты.

ШПАК КӨШЕСІ, 43-ҮЙ

Ақыры іздеп жүріп, Шпак көшесіндегі 43-үйді таптық. Биіктігі екі метрден асатын үлкен қақпаны жарты сағаттай қаққанымызбен, тіл қатқан ешкім болмады. Бұл үйдің көршісі де жабулы қақпадан көрінбеді.

Енді өткен-кеткен тұрғындарды әңгімеге тарттық. «Көшенің жоғарғы жағында тұрамын» деген орта жастағы апай «Атыс болардың алдында жан-жақтағыларды Черемушкиге (Боралдайдың шет жағындағы аудан) көшіріпті, туған-туыстарына ғой деймін. Ал қалғандары, мәселен, біз ешнәрсе білмедік» деді.

– Айналайын, көп нәрсе айта алмаймын. Бірақ қорқынышты жағдай болды. Ал үй иесі ешкімге есік ашпайды, кеше де жергілікті телеарнадан
Атыс болған үй. Боралдай кенті, 6 желтоқсан 2011 жыл.
Атыс болған үй. Боралдай кенті, 6 желтоқсан 2011 жыл.
келген жігіттер электр бағанасына шығып, ауланың ішін камераға түсіріп кеткен. Міне, мында оқтың ізі бар, көрдің бе? – деді бізбен сұхбаттасқан ауыл тұрғыны.

Апайымыз кетіп бара жатып, «көршінің қақпасына шығып, суретке түсіріп алсаң болады» деп ақыл айта кетті.

Көршінің қақпасына шыққанда көргеніміз – үлкен үйдің ауласында орналасқан «времянканың» үш есігі бар екен. Бәрі құлыптаулы тұр. Бірінші есіктің жан-жағы шұрқ тесік. «Времянканың» арт жағындағы алты терезенің шеткі екеуі толық қирап, қабырғалары да бүлініпті.

Екі сағаттай күтсек те, үйге келген ешкім болмады. Біз кетуге бет алғанда бірнеше ер адам келіп, қираған терезесінің түбін тазартуға кірісті. Олар сөйлесуге ынта танытқан жоқ, «кіруге болмайды, үй иесі учасковойда» деп қысқа қайырды.

«МИЛИЦИЯҒА РАХМЕТ»

«Арнайы операция өткен үйдің көршісімін» деген ендігі сұхбаттасымыздың айтуынша, «бұл күтпеген жайт болды».

– Мен осы үйдің иесін білемін – өте өнегелі, өзі мұғалім, тәртіпті отбасы. Бала-шағасына қатты үрей болды енді. Өте жақсы адамдар, өте жақсы көршілер, – дейді Боралдай тұрғыны.

Ол кісі де есімін жарияламауды өтінді. Оның сөзінше, сенбі күнгі оқиға тұрғындарды қатты қорқытқан.

– Әйтеуір милицияға рахмет, солардың арқасында көршілеріміз, ауыл тұрғындары аман. Дегенмен үрей қалды. Мына көшемізден жүк көліктері
Атыс болған үй. Боралдай кенті, 6 желтоқсан 2011 жыл.
Атыс болған үй. Боралдай кенті, 6 желтоқсан 2011 жыл.
өтеді. Сол кезде бір қатты дауыстар шығып қалса, қатты үрейленеміз. Әлі бар қорқыныш деген, – деді сұхбаттасымыз.

Оның ойынша, арнайы жасақпен атысып қайтыс болған бес адам – Қазақстан азаматтары емес.

– Вахабистер ғой, сырттан, шетелден келгендер. Ал осы боралдайлықтар, тіпті қазақстандықтар ондай жасамайды деп ойлаймын. Бұл сұмдық қой, – деді кент тұрғыны.

Қайтыс болған беймәлім бес адамның дінге қатысы бар-жоғын сұрамақ болып, Боралдайдағы мешітке барып едік, жергілікті имам «Бұл іс дінге, оның ішінде исламға еш қатысы жоқ! Ешбір түсініктеме бермеймін!» деп қысқа қайырды.

Боралдайға жақын Водник ауылына мешітіне барған едік, имам «қолы бос емес екендігін», ал наиб-имам түсініктеме бермейтінін айтты.

Боралдайдағы оқиғаға байланысты 4 желтоқсан күні түсініктеме берген Қазақстанның бас прокуратурасы атыс кезінде «Арыстан» арнайы жасағының екі сарбазын мерт еткен, өздері өлген бес азаматты «террористік топ» деп атаған еді. Бас прокуратураның мәлімдеуінше, бұл топтың басшысын – 1977 жылы туған Ағжан Хасенді құқық қорғау органдары 2011 жылдың қазан айынан бері іздеген.

Ал дүйсенбі (6 желтоқсан) күні брифинг өткізген Алматы полициясы оққа ұшқан бес азаматтың ауыр және аса ауыр қылмыстарға (Алматыда 2011 жылы 8 қарашада оққа ұшқан екі полицейдің өліміне) қатысы барын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG