Accessibility links

ҮЕҰ өкілдері заңдағы өзгерісті сынайды


Астана қаласының үкіметтік емес ұйымдар форумына қатысушылар. 25 қазан 2016 жыл.(Көрнекі сурет.)

Қазақстанда коммерциялық емес ұйымдардың қызметін реттейтін заңға биыл жаңадан енгізілген өзгерістер үшінші секторға бақылауды күшейтті дейді кейбір ҮЕҰ өкілдері. Үкімет қаржыландыраты ұйым жетекшісі қарсы уәж айтады.

ЗАҢДА НЕ ӨЗГЕРДІ?

Маусымның соңынан бастап коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне қатысты қолданыстағы бірнеше заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң күшіне енді.

Оған сәйкес, коммерциялық емес жекеше мекеме, қоғамдық бірлестік, коммерциялық емес акционерлік қоғам, қоғамдық, корпоративтік және жекеше қорлар, заңды тұлғалардың қауымдастық (одақ) нысанындағы бірлестігі нысанында құрылған коммерциялық емес ұйымдар, сондай-ақ шетелдiк және халықаралық коммерциялық емес ұйымдардың Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асыратын филиалдары мен өкiлдiктерi қызметі туралы, құрылтайшылары (қатысушылары), мүлкінің құрамы, ақшаның қалыптасу көздерi және жұмсалу бағыттары туралы мәліметтерді жыл сайын 31 наурызға дейін үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл саласындағы уәкілетті органға ұсынуы тиіс. Оны уақытылы ұсынбағаны, сол сияқты анық емес немесе көрінеу жалған мәліметтерді ұсынғаны үшін бірінші жолы ескерту жасалады, ал жыл ішінде тағы қайталанатын болса 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады немесе үш ай мерзімге қызметі тоқтатылады.


Егер бұрын жергілікті атқарушы билік гранттарды ҮЕҰ-ына өзі беріп келген болса, енді гранттарды ортақ оператор таратады. Яғни, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру, іске асыру мен бақылау және тапсырыстың нәтижелерін бағалауда уәкілетті органның қызметі кеңейтілген: ол грант беру және олардың іске асырылуын қадағалайды. Ал гранттар бюджет қаражаты есебінен берілетін мемлекеттік және бюджеттен тыс қаржыландыру көздерінен берілетін мемлекеттік емес гранттар болып екіге бөлінеді. Сонымен бірге сыйлықақы тек Үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына мәліметтер ұсынған ұйымдарға ғана беріледі деп белгіленген. ҮЕҰ сыйлықақының бір бағытынан артық бағыт бойынша өтінім бере алмайды, бұған қоса сыйлықақы алғаннан кейін үш жыл ішінде ҮЕҰ сыйлықақы алу үшін қайта өтінім бере алмайды.

"БАҚЫЛАУ МЕН МОНОПОЛИЯНЫ КҮШЕЙТТІ"

"Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық ұйымы президенті Айна Шорманбаева мемлекеттік гранттарды тек ортақ базаға тіркелген үкіметтік емес ұйымдарға ғана беру тәртібіне сын айтады.

Айна Шорманбаева.
Айна Шорманбаева.

- Біз 2014 жылдан бері айтып келе жатқан гранттарды үлестіруді монополизациялау басталды. Қазір барлығын "Азаматтық бастама орталығы" деген коммерциялық ұйымның қолына беріп қойған. Жалпы, бұл өзгерістер – бұған дейін де бақылауында болған ҮЕҰ-дарға бақылауды одан ары күшейтудің жолы, соның техникалық амалы ғана. Мәселен, мемлекет қаржысына жүзеге асқан жобаларға мониторинг жасау мен оны бағалау туралы бапты алайық. Әрине, жалпы алғанда бұл дұрыс, кез-келген жоба оның нәтижесіне қарай бағалануы керек. Бірақ, біздің жағдайда бұл бағалау тәуелсіз әрі әділ болады деуге келмейді. Монополизациялау жағдайында ол мүмкін емес, - дейді Айна Шорманбаева.

Құқық қорғаушы Қазақстанда экономика саласынан басталған монополизация үкіметтік емес ұйымдар секторымен жалғасып жатыр деп біледі.

- Біздегі үкіметтік емес ұйымдардың көбі – ГОНГО (GONGO, Government-Organized Non-Governmental Organization – үкімет құрған үкіметтік емес ұйымдар), ал мемлекеттен мүлдем тәуелсіз ҮЕҰ саусақпен санарлық қана қалды, - дейді ол.

Айна Шорманбаеваның "монополизация" туралы айтқан пікірмен "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев келіспейді.

Нұрлан Өтешев.
Нұрлан Өтешев.

- Мүлде монополизация емес, бұл – жаңа мүмкіндіктер. Өйткені, біз өзіміз екі жыл бұрын бастаған грантты тарату механизмін жаңа деңгейге көтеріп жатырмыз. Бұрын біз республика деңгейіндегі ірі ҮЕҰ-дармен жұмыс істесек, енді облыс, аудан деңгейіндегі ҮЕҰ-дарды да қамти аламыз. Яғни, біз енді жергілікті жерде ғана жұмыс істейтін шағын ұйымдарға да грант бере аламыз, - дейді Нұрлан Өтешев.

Оның сөзінше, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" құрылған 2016 жылдан бері гранттардың көлемі өскен. Мәселен, 2016 жылы 200 миллион, 2017 жылы - 600 миллион, ал биыл – 900 миллион теңгенің гранты үйлестірілмек.

"Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің жетекшісі Зульфия Байсақова заңнамаға енгізілген өзгерістер үкіметтік емес ұйымдарды бақылауға бағытталған және оларға бөле-жара қарайды деп сынайды.

Зульфия Байсақова.
Зульфия Байсақова.

- Қоғамдық даму министрлігі заңға өзгертулер енгізіп, ҮЕҰ-дарға ақша тарататын "Азаматтық бастама орталығы" тәрізді институтты есеп беруден босатуды, олардың қаржыны қайдан алатындығы жайлы ақпарат бермей-ақ қоюын ұсынады. Олар бұрын да ашық емес еді, енді одан сайын жабық болып алды. Және мұны заң жүзінде бекітіп қойды. Меніңше, ол жерде бір өте маңызды жайт бар: ҮЕҰ-дар жыл сайын қандай жобалары жүзеге асты, оған қанша ақша жұмсалғаны жайлы есеп беруі тиіс. Бірақ мұнда да мемлекеттік құрылымдар ұйымдастырған коммерциялық емес акционерлік қоғамдарды ондай міндеттен босатқан. Неге бұлайша бөле-жара қарайды? - дейді Зульфия Байсакова.

"Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының" басқарма төрағасы Нұрлан Өтешев бұл айтылғанмен де келіспейді.

- Бұл шындыққа мүлдем жанаспайды. Біз құрылған сәттен бастап ҮЕҰ-дармен серіктестік қатынаста және барынша ашық болу принципін ұстанамыз. Біз пайда табуды көздемейтін, коммерциялық емес акционерлік қоғамбыз. Біз жыл сайын ҮЕҰ-дар, азаматтар мен салық органдары алдында есеп береміз. Біздің қаржы алатын жалғыз донорымыз – Қоғамдық даму министрлігі, - дейді Өтешев.

РЕТКЕ КЕЛТІРУ МЕ, ӘЛДЕ АВТОРИТАРИЗМДІ КҮШЕЙТУ МЕ?

Маусым айының басында Атырауға барған сапарында Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев Қазақстанда 20 мыңдай ҮЕҰ тіркелгенін, оның 8 мыңы жұмыс істемейтінін хабарлаған. Министр жұмыс істемейтін ҮЕҰ-ды қайта тіркеуден өткізу және жабу туралы ұсыныстар түсіп жатқаны туралы да айтқан болатын. "Адырна" қоғамдық қорының жетекшісі Арман Әубәкірдің сөзінше, ұйымдарды тіркеу мен бақылауда ұстаудың оғаштығы жоқ.

- Аты бар да, заты жоқ ұйымдар бар, соларды реттеу, бақылауда ұстау ғой. Бұл енді құптарлық, себебі, мемлекеттің өз мүддесі бар. Кей жағдайда сыртқы күштер әртүрлі ұйымдарды пайдаланып, сол арқылы өз мүдделерін көздейді. Сыртқы күштер дегенде теріс бағыттағы діни ағымдар да болуы мүмкін, ал мемлекеттің оған қарсы позициясы болу керек. Қаржылық есептерін, ұйымның жұмысын бақылауға алу – өзгерістер сол үшін енгізілген, - дейді Арман Әубәкір.

Құқық қорғаушы әрі үкіметтік емес ұйым жетекшісі Ғалым Ағелеуовтің пікірінше, "министрлікке жаңа басшы келген сайын елде ҮЕҰ-ды тіркеу я қайта тіркеудің жүргізілуі – біліксіздік көрсеткіші" болмақ.

Ғалым Ағелеуов.
Ғалым Ағелеуов.

- Егер министрлік мұның себебін нақты түсіндіріп бере алмаса, ондай министрлікті жапқан абзал. Ал жалпы, ҮЕҰ-дар мен діни бірлестіктерді біріктірудің бір ғана қарабайыр мақсаты бар – азаматтық қоғамға бақылау орнату мен тәуелсіз ұйымдарды жабу. Егер мемлекет терроризммен күресті желеу етіп тәуелсіз ҮЕҰ-дардың көзін құртса – бұл авторитаризмнің күшейіп, еркін қоғам мен елдің кері кетуіне әкеледі. Министрдің қайта тіркеу туралы айтуының өзге себебін мен көріп түрған жоқпын, - дейді құқыққорғаушы.

Қоғамдық даму министрі келтірген дерек бойынша, Қазақстанда жыл сайын мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру үшін бюджеттен 19 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұған қоса 5 миллиард теңгеден астам сомаға шетелден қаржыландырылады. Грант алу үшін үкіметтік емес ұйымдар арнайы дерекқорға тіркелуге міндетті.

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG