Accessibility links

Чат-Айтыстың жартылай финалы аяқталды


Азаттық сайтының Айтыс парақшасы. Алматы, 17 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекті сурет).
Азаттық сайтының Айтыс парақшасы. Алматы, 17 қыркүйек 2012 жыл. (Көрнекті сурет).
Азаттық сайтында онлайн режимде жүріп жатқан бірінші Чат-Айтыстың жартылай финалы мәреге жетті. Бүгін, қазанның 30-ы күні 15.00-де айтыстың финалы өтеді.

Оқырмандардың таңдауымен Чат-Айтыстың финалына шымкенттік Әуелхан Шонжан мен алматылық Сарыбала өтті.

«САЯСАТ СҰМ САЙТАННЫҢ ТҰЗАҒЫ ҒОЙ»

Чат-айтыстың бұған дейінгі кезеңдерінде өз қарсыластарын ірі есептермен жеңген Сарыбала жартылай финалда Шыңғыс Маманмен (160 ұпай жинаған) сөз сайыстырып, оқырмандар берген дауыс бойынша 193 ұпаймен жеңіске жетті.

Шыңғыс та бұған дейінгі қарсыластарынан ірі ұпаймен басым түсіп келген еді. Мәселен, ол алғашқы қарсыласы Олжас Құлымбайды 40-19 есебімен қапы қалдырса, Асылбек Есжанды 40-29 есебімен жеңген.

Жартылай финалда Сарыбала мен Шыңғыс Маманға «Тәрбие» тақырыбы берілген еді. Қос айтыскер берілген тақырыпты барынша аша білді. Оқырмандар әсіресе Сарыбаланың шумақтарының шымыр, ойларының жүйелі екенін айтып, пікір білдірді. Мәселен, Азаттықтың Марио есімді алматылық оқырманы «Сарыбаланың сөздері күннен күнге шымырланып, толысып келеді. Осы күннің жараларын тап басқан. Қоғамдағы дертті әдемі жеткізген. Жарайсың Сарыбала!» десе, Шалқар Әбішев есімді жанкүйер «Әп бәрекелді! Көкейде жүрген сөздер-ай! Баланы жақсылап тұрып бір тықсырдың-ау» деп жазыпты.

«АЗАЙТЫП СӘУЛЕ ХАЛҚЫНА, БОЛЫП ТА БІТТІ «БІЗДІҢ НҰР»

Жартылай финалда жеңіске жеткен екінші айтыскеріміз – шымкенттік азамат, «саясаттан басқаны жыр еткім келмейді» дейтін Әуелхан Шонжан. Ол Чат-Айтыстың жартылай кезеңінде Тұрсынбай Жайымбетовпен сөз қағыстырып,
Әуелхан Шонжан. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
Әуелхан Шонжан. (Сурет жеке мұрағаттан алынған).
90-78 ұпаймен финалға өтті.

Өзін «Ақын емеспін. Бірақ қолым бос уақыттарда айналамдағы болып жатқан оқиғаларды өлең еткенді ұнатамын» деп таныстырған Әуелханның жыр шумақтары Азаттықтың оқырманды тарапынан жоғары бағаға ие болып, ол айтыстың барлық кезеңдерінен сүрінбей өткен еді.

Жартылай финалда Әуелхан мен Тұрсынбайға «Жақсы мен жаман» тақырыбы ұсынылған. Бүгінгі қазақ қоғамындағы жақсы мен жаманды өлеңдеріне өзек еткен қос ақын да тақырыпты өздерінше жырлады. Әуелхан мырзаның оқырмандар тарапынан көп дауысқа ие болған шумағы мынау еді:

«Қайраңда қалған балықтай, қазаққа ауа жетпей тұр,
Азайтып сәуле халқына, болып та бітті «біздің НҰР»,
Шекпеніне боданның, қайтадан барып кірмек пе,
Ар жағы оның не болмақ, көрінер шеті құлдықтың.

Бөліп алып билеп жүр кез-келген әкім ортасын,
Майлысын өзі алады, халыққа беріп сорпа-су,
Өзінен еш шығармас, зауыт та жоқ, цех та жоқ,
Қиратқан бәрін бұрындар, келешек ойлап қорқасың».
XS
SM
MD
LG