Accessibility links

Бүркітбаев сияқты жоғары билік өкілдерінің сотталуына қатысты қарапайым халықтың көзқарасы


İрі мемлекеттік шенеунік Серік Бүркітбаевтың істі болып, бас бостандығынан айрылуына орай Алматының Азаттық радиосы пікір сұраған тұрғындары: бүгін - министр, ертең - абақтыда, алдымен - айыпкер, сосын - лауазымға ие болу Қазақстан қоғамында қалыпты құбылысқа айналып кетті деген ойларын ортаға салды

Әлия Жақсыбаева, мұғалім:

- Серік Бүркітбаевтың өзін теледидардан көрмесем де ол туралы біраз әңгімелердің сыңайын еститінмін. Менімше, егер мемлекет жемқорлықтан арылам десе, онда пара алушыны да, пара берушіні де бірдей жазалауы керек. Бізде қазір ұстап жатыр ғой.

Әмина Әлсейітқызы, тұрғын:

- Кімнің қанша ақша жегенін, кімнің Үкіметке қарсы әрекет жасағанын кім біледі, енді?! Ең бастысы, қоғамдағы парақорлық жойылса болғаны. Әйтеуір, «Нұр-Отан» партиясы жемқорлықпен күресеміз деп жатыр ғой. Бұл соның нәтижесі шығар.

Радиомызға пікір білдірген ақсақал Аршат Меңдіғұлұлы:

- Серік Бүркітбаев көрінбей кетті ғой газет бетінен, теледидардан да. Әйтеуір, бұрындары «Қазақтелекомның» басшысы болғанын білемін. Одан бері 10 жыл өтті ғой. Содан кейін ол туралы естімедім. Ақша қымқырды деген сияқты фактілерге байланысты бұрын үлкен-үлкен басшылар ұсталмайтын. Ал қазіргі таңда оларға да қатаң жаза қолданылып жатыр. Оның бәрі жайдан-жай емес қой. Негізсіз оларға жаза қолданбайды ғой деп ойлаймын. Бірақ осы үрдістің қаншалықты шын-өтірік жүргізіліп жатқанын да айту қиын.

Әйтеуір, менің нақты білетінім, жемқорлықпен біздің мемлекетте қанша күрескенмен, ол тиылар емес. Міне, баламның бітіргеніне 1 жыл болды, қайда барсаң да, барлық жерде пара сұрайды. Тікелей сұрамаса да, орынбасарлары т.б адамдар арқылы сұратады. Қазір еңбегі шынайы бағаланып, жұмысқа орналасу мүмкін емес болып кетті.

Оқытушы Аян Әліпбаев:

- Мен енді саясаттанушы емеспін. Бірақ сонда да өз пікірімді айтайын. Соңғы кезде біздің билік басында көптеген түсініксіз жағдайлар болып жатыр. Мысалы, осыдан 3-4 жыл бұрын Рахат Әлиев пен Әлнұр Мұсаевтың, Жақсыбек Күлекеевтың, жаңағы айтып отырған Серік Бүркітбаевтың, Мұхтар Әблязовтың осындай қуғын-сүргінге ұшырайтынын ешкім де елестете алмайтын еді. Менің ойымша, қазір Ақордада қарапайым халыққа түсініксіз күрестер жүріп жатыр. Бұл адамдарды мен осы күрестің құрбандары деп есептеймін. Оларды жақсы не жаман деп те айта алмаймын.

Ақнұр Маратқызы, тұрғын:

- Мен үшін біреу ақшамен ұсталыпты, сотталыпты деген сияқты жағдайлар жаңалық емес. Біз оған таңқалмайтын жағдайға жетіп отырмыз. Қазір бұрыннан белгілі саясаткерлердің өздері де ұсталып жатыр ғой. Мәселен, сіз айтып отырған Серік Бүркітбаев та ұмытпасам, кезінде білдей министр де болды. Талай басшылық қызметтер атқарды. Ал қарап отырсаңыз, бүгін міне, парақор болып шыға келді. Қазір параны кім алмай жатыр?!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG