Accessibility links

Сотта жеңілген «Бибі-Ана» Құдайдан Назарбаев пен Құлыбаевтың кетуін тілейтінін айтты


«Бибі-Ана» мүгедек әйелдер қоғамының президенті Бибігүл Иманғазина. Алматы, 20 мамыр 2011 жыл.
«Бибі-Ана» мүгедек әйелдер қоғамының президенті Бибігүл Иманғазина. Алматы, 20 мамыр 2011 жыл.

«Бибі-Анамен» дауласқан «АлматыГазИнжиниринг» кінәсі жоқтығын айтады.


Мамырдың 20-сы күні Алматы қалалық ауданаралық экономикалық сотта «Бибі-Ана» мүгедек әйелдер қоғамының шағымына қатысты сот шешімі шықты.

Судья Әбілмәжінова «Алматыгазинжиниринг» компаниясының ғимаратында қордың мүлкі ұрланғаны үшін компанияны кінәлі деп тапқан жоқ. Сот шешімінде шағым беруші тараптың дәлел жоқтығы - негізгі
Алматы экономикалық сотының судьясы А.Әбілмәжінова. Алматы, 20 мамыр 2011 жыл.

себептердің бірі ретінде айтылады.

«БАСҚА ЕШҚАНДАЙ АМАЛ ҚАЛМАДЫ»

Қордың жетекшісі Бибігүл Иманғазина соттың шешімін әділетсіз деп бағалайды.

- Қазақстанда әділ сот жоқ. Болған емес, болмайды да. Назарбаев пен Құлыбаев отырған кезде қандай да бір өзгеріс болады деп ойлайсыздар ма? Құдайдан олардың кетуін тілеймін. Басқа ешқандай амал қалмады, - деді Бибігүл Иманғазина сот залындағы журналистерге.

Сот отырысына қатысқан бір топ ананың біразы сот шешімін естіген кезде «осылай боларын білгенбіз» десті. Сот біткеннен кейін наразы пікірлерін айтқан олар қордың жағдайы бұрынғыдан ары нашарлайтынына қынжылды.

- Қазір кеңсеміз жоқ. Бибі-ананың үйіне жиналып жүрміз. Бұл сот шешімі қордың жұмысын одан сайын тығырыққа тіремек, - деді қорға мүше Самира Дауытқызы.

Шағым беруші жақ мұнымен тоқтамайтынын, сот шешімін аппеляцияға беретінін де айтты. «Құдайға шүкір, халықаралық сот бар, жоғары сот бар» дейді Бибігүл Иманғазина.

ДАУДЫҢ БАСЫ

Кәмелетке толмаған балалары бар мүгедек әйелдердің құқығын, әлеуметтік жағдайын қорғауды мақсат ететін қор мен «АлматыГазИнжиниринг» компаниясы арасындағы даудың ұзақ тарихы бар.

2002 жылы «Бибі-Ана» мүгедек әйелдер қорына Алматы қаласының орталығынан үш жыл ақысыз пайдалануға кеңсе берілген екен. 2004
«АлматыГазИнжиниринг» компаниясының өкілі Марат Үмітбаев. Алматы, 20 мамыр 2011 жыл.

жылы сол кездегі қала әкімі Виктор Храпунов коммуналдық меншіктегі кеңсе орналасқан ғимаратты жекеменшік компанияларға үлестіріп жібереді. Бұдан кейін бірнеше мәрте сатылған ғимараттың ақырғы қожайыны - «АлматыГазИнжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Бұл компания «Бибі-Ана» қорынан кеңсені босатуын талап етіп, сотқа береді. Қоғамдық ұйым мен компания арасында сот әлі жалғасып жатқан кезде шағым беруші жақ ғимараттағы жөндеу жұмыстарын алға тартып, қор өкілдерін кеңселеріне кіргізбей қояды. Осы аралықта кеңседегі мүліктер ұрланып, қалғандары жарамсыз болып қалған екен. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалғанмен, еш нәтиже болмапты.

Осыдан кейін «Бибі-Ана» қорын кеңседен шығаруды міндеттейтін сот шешімі шығады. Осылайша кеңсесінен қуылған қор мүлкінен де айрылады. Мүлкін даулап отырған ұйым осыған дейін соттан материалдық-моральдық шығын үшін жалпы есебі 574 миллион теңгеден астам ақша өндіріп беруін сұраған болатын. Аудандық соттан тауы шағылып қайтқан олар бүгін сот шешіміне жоғары жақтың, атап айтқанда, «Құлыбаевтың әсері болуы мүмкін екенін» айтты.

«ПАЙДАЛЫ КЕҢЕС»

Тимур Құлыбаевтың есімі бұл дауда бекерден-бекер аталмайды. Бүгінгі сотта жеңілген тараптың сөзіне сүйенсек, «АлматыГазИнжинирингтің» 99 пайыз акциясы «Меркурий» акционерлік қоғамына тиесілі. Ал бұл компания президенттің ортаншы күйеу баласы Тимур Құлыбаев иелік
Егер Рахат Әлиевтен соққы алғандай, тағы да соққы алғысы келмесе, Құлыбаевқа «қайырымдылық» ісімен айналысуына тыйым салсын

ететін «Кипрос» компаниясына қарайды.

Жұма күнгі болған соттан кейін қор жетекшісі Бибігүл Иманғазина Тимур Құлыбаевтың мүгедек аналардың көз жасына қалғанын, осыған байланысты президентке пайдалы кеңес айтқысы келетінін жеткізді.

- Президентке пайдалы кеңес айтар едім. Егер Рахат Әлиевтен соққы алғандай, тағы да соққы алғысы келмесе, Құлыбаевқа «қайырымдылық» ісімен айналысуына тыйым салсын, - деді Бибігүл Иманғазина.

«АЛМАТЫГАЗИНЖИНИРИНГ» АЙТҚАН УӘЖ

«АлматыГазИнжиниринг» компаниясы ақпарат құралдарына берген ресми жауабында айыптары жоқтығын айтады.

«Мұнда нақты факті мен ойдан шығарылған оқиғаларды ажыратып алу керек. Ал нақты факті мынадай: «Бибі-Ана» жалға алу мерзімі бітсе де, бірнеше жыл бойы ғимаратты заңсыз иеленіп келеді. Барлық әлеуметтік жауапкершілікті сезіне отырып, біз оның жұмысына кедергі келтірген жоқпыз. Ерікті түрде кеңсені босатуын талап еттік. Хабарлама да жібердік. Ал ғимаратты жөндеу уақыты келгенде сотқа амалсыздан жүгінуге тура келді...» - дейді «АлматыГазИнжиниринг».

Компания қордың кеңсесінен ұрланған мүліктер үшін де кінәлі емеспіз деп отыр.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG