Accessibility links

«Ана үйін» паналаған балалы әйелдер күйеуге тиіп жатыр


"Ана үйі" дағдарыс орталығындағы балалы келіншек. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.
"Ана үйі" дағдарыс орталығындағы балалы келіншек. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысындағы «Ана үйі» дағдарыс орталығында жылына бірнеше тағдыры қиын балалы келіншек тұрмысқа шығады. «Ана үйі» қызметкерлері «орталықты паналаған, баласы бар жас әйелдерге үйленуге ниетті азаматтар көбейгенін» айтады. Әр әйелдің тағдыры әрқилы, біріне баланың әкесі оралса, енді бірі тағдыры ұқсас, бұрын отбасылы болған кісілермен жарасып кетеді. Мамандар мұның «жетістік» екенін айтады.

ОРАЛҒАН ӘКЕ

Шымкенттегі «Ана үйінде» тұрып жатқан кентаулық Гүлназ (аты-жөні өзгертілді – ред.) – 23 жаста. Баласы дүниеге келгеніне үш ай болған. «Жоғарғы оқу орнын бітіргем. Жігітіммен бес жыл жүрдік. Баламыздың бар екенін ағасы мен жеңгесі біледі. Әке-шешесінің жүрегі ауыратындықтан, оларға айтпай тұра тұрамыз деп келістік» дейді ол.

- Аяғым ауыр екенін екі ай өткенде білдік. Алғашында екеуміз де есеңгіреп, баланы алдырып тастаймыз деп ойладық. УЗИ-ге түсіп, жүрек соғысын естігеннен соң, ол ойдан қайттым. Әкесіне баланы алдырмайтынымды айтқанда, ол да келісті, -дейді жас ана.

Гүлназдың айтуынша, аяғы ауыр кезінде оны жігіті жалғыз тастамаған. Перзентханада «Ана үйі» туралы біліп, ақылдасып, уақытша тұруға келіскен. «Қазір жігіттің әке-шешесі немересі жайында біледі. Мамыр айында ол бізді үйіне алып кетеді. Қазір жиналып жатырмыз» дейді Гүлназ.

«ОНЫМЕН БАҚЫТТЫ БОЛАТЫН ШЫҒАРМЫН»

Ал 20 жастағы Нұриланың (аты-жөні өзгертілді – ред.) екі баласы бар. Балаларының әкесімен 17 жасында танысып, бірге тұрған. 18 жасында ұл тауып, 20 жасында дүниеге қыз әкелген.

- Қызым туғанда ол отбасы бар екенін, бірге тұра алмайтынын айтып, кетіп қалды. Жаныма қатты тиді. Келетін шығар деп күттім. Келмеді. Тамаққа, жалдамалы пәтерге ақша таппаған соң, екі баламмен «Ана үйіне» қыс ортасында келдім. Мұнда жан-жақты көмектесті, - дейді ол көзіне жас алып.

Нұрила «өмірден алданғанына өкінетінін» айтады.

- Әкем жоқ. Анам жағдайымды біледі. Ағам бірінші баламды біледі, қызымды білмейді. Уақытты кері қайтара алатын болсам, мұндай нәрсе істемейтін едім. Оқып, анамның қолынан ұзатылатын едім, - дейді ол.

ВИДЕО: "Аналар үйіндегі" келіншектер

«Ана үйіндегі» келіншектер
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:39 0:00

Нұрила «жақында басқа жігітпен танысқанын» айтады».

- Оның баласы қайтыс болған, әйелі тастап кеткен. Мамыр айында үйленеміз. Баласынан айырылған соң баланы өте жақсы көреді. Онымен бақытты болатын шығармын, - дейді ол үміттеніп.

Ал 28 жастағы Бағила тұрмысқа шыққысы келмейді, баласымен «бір отбасы болып, жақсы өмір сүріп кететіндеріне» сенеді. Оның баласы бір жастан асты. Бағила «Ана үйіне» бала аурушаң болған соң келгенін» айтады. «Ол (баласының әкесін айтады – ред.) хабарсыз кетті» дейді Бағила.

- Аяғым ауыр екенін білгенде қуандым. Ол (баланың әкесін айтады – ред.) да қуанды. Ол кезде арамыз жақсы еді. Баланы оның отбасы қабылдамады. Тастап кеткенде ашуландым. Өкінбеймін. Өкінішімнің орнын толтыратын балам бар. Баламды асырауға шамам жетеді, - дейді Бағила.

«ӘУЕЛІ БАСПАНА БЕРЕМІЗ, КЕЙІН ӨЗІМЕН АЙНАЛЫСАМЫЗ»

«Ана үйі» дағдарыс орталығының психологы Дина Байдуллақызының айтуынша, «Ана үйіне» келіншектер қиын жағдайда, өмірден үмітсіз күйде келеді. Олардан туыстары қашады, проблемасымен жалғыз қалады».

- Біздің мақсатымыз – осы қиындықтардан өтуге көмектесу. Күйзелістегі адамға баспана беріп, қамқорлыққа алу - психологиялық көмектің бастапқы баспалдағы. Одан кейін ғана жеке адамның өзімен жұмыс жасаймыз. Мұнда мәселелер көп. Мысалы, жұмыссыздық, жалғыздық. Оларда күш-жігер, сенім пайда болғанша жұмыс істейміз, - дейді психолог.

"Ана үйі" дағдарыс орталығының психологы Дина Байдуллақызы. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.
"Ана үйі" дағдарыс орталығының психологы Дина Байдуллақызы. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.

Дина Байдуллақызы дағдарыс орталығындағы әйелдердің «проблемасы ұқсас екенін» айтады. Маман сөзіне қарағанда, «жалғыз қалған келіншек орталыққа келген соң тағдырластарын көреді, салыстыра келе жеңілденеді. Кейін өмірдегі бағытын таңдай бастайды. Сенім пайда болады».

- Олар үшін ана болу дағдарыс саналады. Баламен эмоциялық байланыстары болмайды. Осы байланысты орнату керек. Орталыққа келгенде де, кеткенде де қорқыныш болады. Сол қорқынышты жеңіп шығу маңызды, - дейді маман.

«Ана үйі» дағдарыс орталығының Шымкенттегі өкілі Жазира Сартаеваның айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысындағы екі «Ана үйін» қазір 32 келіншек пен 28 бала паналап отыр. Орталыққа келгендердің жас шамасы - кәмелетке толмағандардан бастап 30-ға дейін. Қазір мұнда аяғы ауыр төрт қыз тұрып жатыр. «Ана үй» былтыр 30 шақты әйелге көмек көрсеткен.

- Олардың үшеуі осы жерден ұзатылды. Биыл екі қыз ұзатқалы отырмыз. Бірі – баланың өз әкесіне тиеді, екіншісі - өзге адамға шығады, - дейді ол.

Маман сөзіне қарағанда, «қызды аяғы ауыр кезінде тастап кеткен жігіттер ішінде баласын қимай қайтып келетіндер өте аз».

- Тұрмысқа шығатындардың көбі жаңадан танысып, үйленуге бел буғандар, - дейді Жазира Сартаева.

"Ана үйі" дағдарыс орталығында баласын емізіп отырған келіншек. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.
"Ана үйі" дағдарыс орталығында баласын емізіп отырған келіншек. Шымкент, 24 сәуір 2017 жыл.

Жазира Сартаева кейінгі уақытта орталықтағы әйелдерге үйленуге ниетті азаматтар көбейгенін, көбі осындағы қыздармен тағдырлас келетінін айтады.

- Бұл жерде тағдырлары әрқилы қыздар бар. Өмірде қателік жіберген шығар. Бірақ олар жаман қыздар деген сөз емес. Қыздармен танысқысы келген азаматтармен әуелі біз танысамыз. Сөйлесеміз, жағдайдың бәрін түсіндіреміз. Жас шамасы, мінез-құлқы, тұрмысына дейін мән береміз, - дейді ол.

Жазира Сартаева «тағдыры қиын болғанымен, олардың жас қыздар екенін білетін жасы 50-ден асқан азаматтар қолқа салатынын, әртүрлі сырқаттармен ауыратын туыстарына қыз сұратып келетіндердің де болғанын» айтады.

- Біз қыздарды мұндай азаматтармен таныстырудан бас тартамыз, - дейді Жазира Сартаева.

«Ана үйі» қоғамдық қоры Қазақстандағы әлеуметтік жетімдіктің алдын алу, балалар үйіне түсетін тастанды және жетім балалардың санын азайту мақсатында 2013 жылы құрылған. Республика аймақтарында меценаттар қаражатына жұмыс істейтін паналау орталықтары бар. Ол орталықтарда бала тауып, жалғыз қалған әйелдерге әуелі тұрмыстық көмек көрсетіп, одан ары психологиялық жәрдем береді. Оларды өзін бағалауға, мақсат қоюға үйретіп, ары қарайғы өмірлерін жоспарлауға септеседі.

XS
SM
MD
LG