Accessibility links

Қамалғандар 20-дан асты


15 тәулікке қамалған Бауыржан Әліпқалиевті (есіктен шығып келеді) жаза өтейтін мекемеге әкетіп бара жатқан полиция. Орал, 18 мамыр 2016 жыл.
15 тәулікке қамалған Бауыржан Әліпқалиевті (есіктен шығып келеді) жаза өтейтін мекемеге әкетіп бара жатқан полиция. Орал, 18 мамыр 2016 жыл.

Қазақстанда жер мәселесіне байланысты белсенділер мен қарапайым азаматтарды қамау кейінгі екі-үш күнде күрт жиіледі. Астана мен аймақтарда полиция ұстаған, сот 15 тәулікке дейін абақтыға жапқан азаматтар 20-дан асты.

Қазақстандағы полиция қысымы мамырдың 17-сінде басталып, кейінгі екі күнде күрт күшейді. Елдің түкпір-түкпірінде қысымға ұшыраған белсенділер мен қарапайым азаматтар арасында прокуратураға жауап беруге шақырылып, қайта босатылғандары да, сот арқылы 10-15 тәулікке абақтыға қамалғандары да, тіпті қылмыстық кодекс бойынша айып тағылғандары да бар.

Азаматтарды қамау туралы кей соттар түнделетіп өтіп жатыр.

Таңертең кеше сотталған азаматтардан бөлек тағы 7 адамның - 15 күнге, 1 адамның 3 тәулікке қамалғаны анықталды. Ал кешкісін оралдық белсенді Лұқпан Ахмедьяровтың 15 тәулікке абақтыға жабылғаны мәлім болды.

СЕМЕЙ

Полиция қысымына түнде Шығыс Қазақстан облысындағы Семей қаласының сот орындары әрекеті де қосылды.

Жерге қатысты Семейде өткен митинг. 27 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)
Жерге қатысты Семейде өткен митинг. 27 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Жер дауына қатысты қамалғандар тізімі

Қамалғандар тізімі

(19 м​амыр күнгі есеп)

1. Жанат Есентаев
2. Макс Боқаев
3. Талғат Аян
4. Мақсат Ілиясұлы
5. Бақытжан Төреғожина
6. Марат Уатхан
7. Сүйіндік Алдабергенов
8. Қуат Күнболатов
9. Мөлдір Адылова
10. Манас Әбдіманап
11. Қуаныш Сұлтанәли
12. Махамбет Әбжан
13. Бауыржан Әліпқалиев
14. Исатай Өтепов
15. Айболат Бөкенов
16. Данияр Құлтаев
17. Жадыра Дүйсенбекова
18. Ибрахим Әлсерке
19. Құрманғазы Рахметов
20. Аслан Құрманбаев
21. Фарит Ишмухаметов
22. Кенжебек Сұлтанбеков
23. Қасым Қожантаев
24. Біржан Мұратбеков
25. Лұқпан Ахмедьяров

Бұл қаладағы белсенділер Фарид Ишмухаметов пен Кенжебек Сұлтанбеков рұқсатсыз митинг ұйымдастыру айыбымен (әкімшілік кодексінің 488-бабы) 15 күнге қамалды. Мұны Азаттыққа семейлік белсенді Майра Әбенова хабарлады.

Фарид Ишмухаметовтің соты сағат 21:30-дарда басталып, түнгі 23:30-да аяқталған. Кенжебек Сұлтанбековтің соты мамырдың 19-ы, түнде болған. Бұл екі азамат Семей қалалық әкімдігіне мамырдың 21-і күні жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге өтініш түсірген. Әкімдік рұқсат беруден бас тартқан. Азаттыққа Семей әкімшілік соты ақпарат бермеді.

ШЫМКЕНТ

Оңтүстік Қазақстан облысындағы Шымкенттік белсенді Жадыра Дүйсенбекова Азаттыққа мамырдың 19-ына ауған түнгі 1:00 шамасында хабарласып, Шымкент қаласы әкімшілік соты үкімімен 15 тәулікке қамалғанын хабарлады.

- Ісім түнгі сағат 23:00-де сотта шұғыл қаралды. Facebook-те мамырдың 21-і күні митинг болатыны жайлы жазбаны бөліскенім үшін 15 тәулікке соттады. Мені жаза өтеу мекемесіне әкетіп барады, - деді ол.

Дүйсенбекова сот отырысына кіріп бара жатқанда белсенді Ибрахим Әлсеркені сот залынан әкетіп бара жатқанын көрген. Белсенді «Мені де 15 тәулікке қамады» деп үлгерген. Жадыра Дүйсенбекова өзінің сотынан кейін де полицияның бірнеше азаматты алып келгенін көргенін айтады.

Шымкентте Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының (ЖСДП) Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы үйлестірушісі Данияр Құлтаев та түнде сотталып, Facebook желісіндегі парақшасында жер мәселесіне қатысты митинг болуы мүмкін екені туралы жазғаны үшін 15 тәулікке қамалды. Мұны Азаттыққа оның әйелі Мария Оспанқұлова хабарлады. Азаттық тілшісі қалада қанша адам қамалғанын анықтап жатыр.

АСТАНА

ЖСДП Facebook парақшасы арқылы мамырдың 19-ы «түн ортасында» әкімшілік кодекстің 488-бабының 3-тармағы бойынша партия белсенділері Құрманғазы Рахметов пен Аслан Құрманбаев сотталғанын, соттың оларды 15 тәулікке абақтыға қамағанын хабарлады. Партияның Астана филиалы өкілі Асхат Рақымжанов олардың ұсталғанын растады.

Азаттық тілшілері Астана қалалық сотына хабарласқан еді. Соттың баспасөз қызметі өкілдері Азаттыққа ақпаратты «бес минуттан кейін»​ беруге уәде еткенімен, әзірге қандай да бір дерек алу мүмкін болмай тұр. Өзін «практикант» ретінде таныстырған, аты-жөнін айтудан бас тартқан әйел адам үш сағат бойы телефон соққан Азаттық тілшілеріне қызметкерлердің бәрі «бастықта​»​ отырғанын айтумен болды.

АТЫРАУ

Атырауда сәуірдің 24-і күні "жер сатуға" қарсы митингте сөйлеген тұрғын Қасым Қожантаев мамырдың 18-інде 3 күнге әкімшілік қамауға алынды.

Қожантаев туыстарының Азаттыққа айтуынша, қамау изоляторының қызметкерлері Қожантаевпен кездесуге жібермей отыр. Қожантаевтың әйелі Шынар Елманова абақты қызметкерлері өздеріне күйеуінің үш тәулікке әкімшілік қамауға алынғанын айтқан. Азаттық тілшісіне қалалық прокуратурадан бұған қатысты түсініктеме алу әзірге мүмкін болмады.

ОРАЛ

Батыс Қазақстан облысы Орал қаласы әкімшілік сотының судьясы Роза Сариева азаматтық белсенді Лұқпан Ахмедьяровты 15 күнге қамауға үкім етті.

Белсендіге әкімшілік кодекстің 488-бабы 3-бөлімі ("бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет өткізу тәртібін бұзу") бойынша айып таққан.

Лұқпан Ахмедьяров Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған, 21 мамырда өтуі мүмкін делінген жерге қатысты митингіге байланысты жазбасына бола бүгін таңертең ұсталған.

АЛДЫҢҒЫ ЕКІ КҮНДЕ ҚАМАЛҒАНДАР

Азаттық мамырдың 17-сі күні Қазақстанның әр аймағындағы белсенділер - Исатай Өтепов, Уәлихан Қайсаров, Махамбет Әбжан, Манас Әбдіманап, Гүлзада Исмұрзиева, Макс Боқаев, Ерлан Башақовтың полицияның түрлі қысымына ұшырап, кейбірінің үйіне тінту жасалғанын, кейбірі қамалғанын, енді бірі прокуратураға жауап беруге шақырылғанын жазған еді.

Оқи отырыңыз: Митинг жайлы ақпараттан соң полиция қысымы күшейді

Оралдық белсенді Исатай Өтепов жер реформасына қатысты наразылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 24 сәуір 2016 жыл.
Оралдық белсенді Исатай Өтепов жер реформасына қатысты наразылық акциясын өткізіп тұр. Орал, 24 сәуір 2016 жыл.

Азаттық мамырдың 18-і күні Жанат Есентаевтың - 3 тәулікке (қылмыстық айыппен қамау мерзімі бүгін 2 айға ұзартылды); Мақсат Ілиясұлының - 10 күнге; Макс Боқаев, Талған Аян, Бақытжан Төреғожина,Мөлдір Адылова, Сүйіндік Алдабергенов, Марат Уатхан,​ Қуат Күнболатов, Манас Әбдіманап, Қуаныш Сұлтанәли, Бауыржан Әліпқалиев, Айболат Бөкенов, Исатай Өтеповтің 15 тәулікке қамалғанын хабарлаған еді.

Бүгін алматылық Біржан Мұратбеков есімді азаматтың да "митингіге шақырған үгіт-насихат парағын таратқаны үшін" 15 күнге қамалғаны белгілі болды. Оның ұсталғанын Алматыдағы ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сот растады.

Бұл азаматтардың көбі әкімшілік кодекстің 488-бабы бойынша кешке және түнде сотталып, абақтыға жабылып отыр.

Оқи отырыңыз: Полиция қысымы күшейді

Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы,Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.

15 тәулікке қамалған белсенді Талғат Аянның түн ішінде сот отырысын күтіп тұрған сәті. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.
15 тәулікке қамалған белсенді Талғат Аянның түн ішінде сот отырысын күтіп тұрған сәті. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, мамырдың 5-і күні жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне жыл соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған.

Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-і күні өткен. Келесі отырысы мамырдың 21-і күні Астанада өтеді.

XS
SM
MD
LG