Accessibility links

Димаштың фан тобында егде адамдар да бар


Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген 'I Am a Singer байқауында (Сурет әншінің продюсерінен алынды).

Биыл Қытайдағы I Am a Singer байқауында танылған қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің жергілікті фан клубтары құрыла бастады. Оның фан тобындағы ең жасы үлкен адам 80-де.

51 жастағы инженер Баян Кенжалина Өскемен қаласында тұрады. Ол - Dimash&Dostar фан тобы белсенділерінің бірі. Баян өзі секілді қазақстандық фанаттарды интернеттен іздеп тауып, астаналықтар құрған топқа мүше болған. Бұл топтың әлеуметтік желілердегі парақшаларына мыңдаған адам жазылған. Соның отызы әншіні қолдау үшін өткізілетін түрлі акциялардың үнемі басы-қасында жүреді.

- Біз фан топ құру туралы шешімді биыл сәуір айында қабылдадық. Оған дейін өзара пікір алысып, Димаштың шығармашылығын әркім өз бетінше бақылап жүргенбіз. Кейін ақылдаса келе қоғамдық бірлестік ретінде тіркелгенді дұрыс деп таптық. Заңды тіркеуден өткеніміз туралы құжат бұйырса, бірер күндікте қолымызға тиеді, - дейді Баян Кенжалина Азаттыққа.

Димаштың фанаттары өткізген қайырымдылық акциясы.
Димаштың фанаттары өткізген қайырымдылық акциясы.

Dimash&Dostar фан тобы қазір әншінің алдағы уақытта Астанада өтетін концертіне дайындалып жатыр. Фанаттар концерт атрибутикасын: жарқылдайтын таяқшалар, футболкалар, жалаушаларды әзірлеп жатыр.

- Концерттен бір күн бұрын PreParty ұйымдастырмақшымыз. Оған Димашты қолдағасы келетін фанаттары мен әншілерді шақырмақшымыз. ЭКСПО-ға келетін шетелдік фанаттарын да күтеміз. Димаштың әр елдегі фанаттары өзара байланысып отырамыз. Мысалы, Димаштың Париж сапары туралы француз фанаттары бізден білген болатын, - дейді Баян.

Баянның айтуынша, Dimash&Dostar фан тобының мүшелері негізінен ересек адамдар. Ең егде мүшесінің жасы - 60-та.

Ал алматылықтар құрған Dimash_Vernyi фан клубына 80 жастағы Панакүл Жұмабекқызы да мүше болған.

Димаштың 80 жастағы фанаты Панакүл Жұмабекқызы.
Димаштың 80 жастағы фанаты Панакүл Жұмабекқызы.

- Димаштың есімін ертелі-кеш дұғама қосып отырамын. Өзім Димашты көргенім жоқ. Бірақ бойы 1 метр 80 см көрінеді, - деген Панакүл әже телефоннан оған арнаған өлең-батасын оқи жөнелді.

Dimash_Vernyi фан клубының белсенділерінің бірі Нұрсұлтан Асқарұлының айтуынша, фанаттар үшін әншінің туған күні 24 мамыр – ерекше дата. Dimash_Vernyi клубы оған күні бұрын әзірленіп, қайырымдылық акциясын ұйымдастырған. Алматыдағы «Жанұя» балалар үйіне барып, кішкентайларға әншінің сәлемін жеткізген. Балалармен бірге ойын ойнап, Димаштың әндерін айтқан.

- Dimash_Vernyi фан клубы осындай өзге топтардан ерекшеленіп тұрғанын қаладық. Сондықтан біз болашақта да қайырымдылық акцияларына басымдық берсек деп отырмыз. Әрине, әншіні қолдау мақсатындағы акцияларды, флэшмобтарды да тоқтаусыз ұйымдастыра береміз, - дейді Алматыдағы мейрамханалардың бірінде даяшы болып жұмыс істейтін 18 жастағы Нұрсұлтан Асқарұлы.

Димаштың фанаттары "Жанұя" балалар үйінде өткізген акция. Алматы, 21 мамыр 2017 жыл.
Димаштың фанаттары "Жанұя" балалар үйінде өткізген акция. Алматы, 21 мамыр 2017 жыл.

Нұрсұлтан Dimash_Vernyi фан клубының атауына да қатысты түсіндіріп өтті. Айтуынша, біріншіден, Алматы қаласының бұрынғы Верный атауы себеп болған. Оған қоса Димаштың алматылық фанаттары осы атау арқылы да өздерінің әншінің өнеріне адал берілген ықыласын білдірмек болған.

23 жастағы әнші Димаш Құдайберген Қытайда сәуір айында аяқталған I Am a Singer ән байқауында екінші орын алып, "Азиядағы ең танымал әнші" номинациясы бойынша Top Chinese Music Awards жүлдесін иеленген.

КӨРІҢІЗ: Димашты туған күнімен қалай құттықтады?

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG