Accessibility links

Бүкіл билік Қауіпсіздік кеңесінің өмірлік төрағасына беріле ме?


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі жиынын өткізіп отырған сәті. Астана. 23 қаңтар 2018 жыл
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік кеңесі жиынын өткізіп отырған сәті. Астана. 23 қаңтар 2018 жыл

Қазақстан мәжілісі бір аптаның ішінде екі рет оқылым өткізіп, Қауіпсіздік кеңесі туралы заң жобасын мақұлдады. Құжатта Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесін арттырып, елдің тұңғыш президентіне бұл органды өмір бойы басқару құқығын беру қарастырылған. Кей сарапшылар заң жобасы - билікті бір қолға «әлі де көбірек» шоғырландыруға тырысу деп санаса, енді біреулері бұл – "президент өкілеттігін қайта бөлу" деп мәлімдейді.

ҚАУІПСІЗДІК КЕҢЕСІ ТУРАЛЫ АЛҒАШҚЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ

Қазір Қазақстанда Қауіпсіздік кеңесі қызметін реттейтін жеке заң жоқ, бұл орган президенттің 1999 жылғы 20 наурыздағы жарлығымен бекітілген ережелер негізінде жұмыс істейді. Әзірше консультативті-кеңесші орган статусындағы Қауіпсіздік кеңесіне күш құрылымдары, орталық және жергілікті атқарушы билік органдарының жұмысын үйлестіріп, заң жобаларын талдау мен заңдардың орындалуын қадағалау функциясы жүктелген.

Қазақстан тарихындағы тұңғыш "Қауіпсіздік кеңесі туралы" заң жобасы биылғы жылдың басында ашық жарияланып, қаңтарда парламент қарауына түскен болатын. Бұдан кейін қоғам әлгі құжат туралы ұмытыңқырап қалғандай болды. Бірақ мамырдың 16-сы күні мәжіліс заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады, ал сосын тура бір аптадан кейін – мамырдың 23-і күні жарытымды түзету енгізбестен қабылдап, сенатқа жолдады.

Депутаттар: "Президенттің беделі мен көрегендігі ескерілді"

"Президенттің беделі мен көрегендігі ескерілді"
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:46 0:00

Заң жобасында Қауіпсіздік кеңесінің мәртебесі қайта қаралған - кеңес консультативті-кеңесші органнан конституциялық органға айналады. Жобада Қауіпсіздік кеңесіне елдің ұлттық қауіпсіздігі мен қорғаныс қабілеттілігін қамтамасыз ету ғана емес, "ішкі саяси тұрақтылықты сақтап, халықаралық аренада елдің конституциялық құрылымы мен ұлттық мүдделерін қорғау" жауапкершілігін де жүктеуді ұсынады.

Нұрсұлтан Назарбаевқа тұңғыш президент әрі "ұлт көшбасшысы - елбасы" ретінде Қауіпсіздік кеңесіне өмір бойы төраға болу құқығын беру әрі болашақ (әзірше гипотетикалық) президентті Қауіпсіздік кеңесінің "қатардағы" мүшесі ретінде оған бағынышты ету - заң жобасының ең негізгі тармағы деуге болатын сияқты.

Заң жобасының 3 бабына сәйкес, президент, мәжіліс және сенат төрағалары, премьер-министр, мемлекеттік хатшы, президент әкімшілігі жетекшісі, қауіпсіздік кеңесі хатшысы, бас прокурор, ҰҚК төрағасы, сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі және ішкі істер министрі Қауіпсіздік кеңесінің лауазымы бойынша мүшелері болады.

Заң жобасы мәжілісте қаралған кезде оған бірқатар түзетулер енгізілді. Бірақ кей детальдар ғана өзгерген.

Депутат Владислав Косарев
Депутат Владислав Косарев

- Ең әуелі Қауіпсіздік кеңесі аппараты мен іс-қимылының заңдылығы туралы түзетулер енгізілді. Шын мәнінде, заңдағы талаптар өте қатал әрі әрекетсіздігі немесе артық бастамашылдығы үшін біреуді жазғыруға болмайтындай етіп жазылған, - дейді мәжілістің осы заң жобасымен жұмыс істеген салалық комитеті – халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Владислав Косарев Азаттыққа. – Мұндай заңды баяғыда қабылдау керек болатын. Қазір әлемде жағдай ушығып тұр, сондықтан қолымызда Қауіпсіздік кеңесі туралы заңның болмауы - жағымсыз жайттарға дайындалмау, немқұрайлы өмір сүру дегенді білдіреді.

Косаревтің топшылауынша, сенат Қауіпсіздік кеңесі туралы заңды парламент жазғы каникулға кеткенге дейін қабылдап үлгеріп, президентке жолдауы мүмкін. Заң президент қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

БИЛІКТІ ШОҒЫРЛАНДЫРУ МА, ӨКІЛЕТТІГІН ҚАЙТА БӨЛУ МЕ?

Оппозициялық Коммунистік партияны (сот шешімімен жұмысы тоқтатылған) басқарған Қазақстан саясатының ақсақалы 80 жастағы Серікболсын Әбділдин Қауіпсіздік кеңесі туралы заң билікті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолына шоғырландырудың үлкен кезеңіне айналады деп мәлімдейді.

Бірақ Әбділдин өзінің "президент" Назарбаев деген тіркесті айтпағанына назар аударады, өйткені бұл кезеңде Назарбаев президент өкілеттігін Қауіпсіздік кеңесі төрағасы ретінде "уысына жинай бастайды". Әбділдиннің пікірінше, бұл жаңа заңдар қабылдауды, оның ішінде Конституцияны өзгертуді қажет ететін болады.

Cаясаткер Серікболсын Әбділдин
Cаясаткер Серікболсын Әбділдин

- Назарбаев өз мүддесі үшін болашақ президенттің рөлін, мысалы, Германиядағы сияқты "минимальды" ететін шығар. Яғни президент мәртебесіне ие болып әрі әлдебір ресми шараларға еліміздің атынан қатысатын болады. Назарбаев бір жағынан, Қауіпсіздік төрағасы ретінде билігін нығайту арқылы жеке қауіпсіздігін де нығайтатын болады, ал бұл оның қауіпсіздігіне берілетін қосымша кепілдіктерді заңда ашып жазуды қажет етеді.

Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов парламент қарап жатқан заң жобасын "жымысқы амал" деп санайды.

Құқыққорғаушы, журналист Сергей Дуванов
Құқыққорғаушы, журналист Сергей Дуванов

- Бұл - билік транзиті де, билікті демократиялық жолмен қайта бөлу де емес. Бұл билікті өз-өзіне, бірақ басқа мәртебеде қайта бөлу. Назарбаев президент қызметінен кеткенде орнына аты бар да, заты жоқ президент - "Мырқымбаевты" (Назарбаевтың орнына келетін мұрагерін кейбіреулер шартты түрде осылай деп атауды ұсынады) қалдырады. Қабылданған шешімдерді орындауға "Мырқымбаев" жауапты болады, ал оны және биліктің өзге тармақтарын Назарбаев басқаратын болады, - деп топшылайды Дуванов.

Бірақ саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов Қауіпсіздік кеңесі мен оның төрағасының жаңа мәртебесі билік жүйесі орнықтылығын нығайту мақсатымен президент өкілеттігін шындап қайта бөлу дегенді білдіреді деп санайды. Ол қазіргі билік жүйесін төңкерулі әрі бір адамға сүйеніп тұрған пирамида түрінде елестеді. Оның сөзінше, бұл әлгі адам қуатты болған кезде ғана мығым тұрғандай көрінеді, бірақ мұндай төңкерулі пирамида бәрібір орнықты көрінбейді.

Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов
Саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов

Саясаттанушы Нұрмұхамедовтің сөзінше, жаңа Қауіпсіздік кеңесі тұсында билік пирамидасы аударылып, табиғи қалпына келеді. Бөріхан Нұрмұхамедов Қауіпсіздік кеңесі төрағасы Иранның жоғары рухани басшысы - аятолла сияқты бүкіл билік тармақтарының үстінен қарайтын болады, сондықтан қазақстандық жүйе орнықты, тұрақты әрі әлдеқайда тиімді болады деп үміттенеді. Өйткені оның сөзінше, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы бұл жүйенің іркілісіне жол бермейтін болады.

70 жастағы ардагер саясаткер Петр Своиктің топшылауынша, Қауіпсіздік кеңесі туралы заң қабылдау Назарбаев өкілеттігін қайта бөлу емес, оларды Назарбаевтың қолында шоғырландырудың басы болады. «Бәрін соның [Назарбаевтың] қол астына топтайтын болады, - деп санайды сарапшы. - Заң жобасында қарастырылған Қауіпсіздік кеңесі "Назарбаевқа жетпей тұрған органға айналады". Өйткені елдің негізгі лауазымды тұлғаларының бәрі, биліктің бүкіл тармағының өкілдері осы, яғни үйлестіруші әрі басқарушы функцияға ие болатын құрылымға жиналатын болады. Своиктің сөзінше, тұңғыш президент әрі елбасы ретінде Назарбаев көзі тірісінде президент те, Қауіпсіздік кеңесі төрағасы да болады.

Саясаткер Петр Своик
Саясаткер Петр Своик

- Ол [Нұрсұлтан Назарбаев] өмірден озған кезде көп дүниені қайтадан жаза салатын болады. Өйткені ол кезде Қауіпсіздік кеңесі мына мәнін әп-сәтте жоғалтады. Оны таратып жібере ме, әлде әлдебір қағаз бетіндегі органға айнала ма – бұл онша маңызды болмай қалады. Ол кезде елде "қарапайым" президенттің ертеректе тұңғыш президент пайдасына жоғалтқан өкілеттіктерін оған заң жүзінде қайтарып беру қажеттігі негізгі мәселеге айналатын болады.

ПРЕЗИДЕНТТІК "МАТРЕШКА" НЕМЕСЕ КІМ КЕПІЛ БОЛАДЫ?

Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтистің айтуынша, авторитарлы басшылар асқақ мақсат ретінде заң ұлықтығына қызмет етпей, керісінше, заңдарды өзі билік құрған әр "тарихи" кезеңінде өзіне асқақ көрінетін саяси мақсаттарына жету құралына айналдыруға тырысады. Бірақ бұл әдетте бір нәтижемен аяқталып, авторитарлы басшыларды ауыстырған мұрагерлері заңдарды өзіне қолайлы етіп өзгертіп алады әрі олар көбінесе алдыңғы басшыларға қарсы қолданылатын заңдар болып шығады.

Жовтистің сөзінше, авторитарлы режимдер тұсында оларға не ұтымды екеніне байланысты құқықтық мәні жоқ, бірақ идеологиялық мәні бар қосымша қызметтер пайда болады. Оларды қолданысқа енгізіп, құқықтық тұрғыдан ресімдейді, құқықтық кепілдіктер жамай бастайды. Оның сөзінше, Қазақстан заңдарында әуелі "президент" деген, кейін "тұңғыш президент" деген ұғым пайда болды. Кейін заңда тұңғыш президент үшін айрықша кепілдіктер қарастыру қажет болып шықты, өйткені ол үшін президентке берілетін кепілдіктер жеткіліксіз екен.

Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис
Қазақстандағы адам құқығы бюросының директоры Евгений Жовтис

- Ал ары қарай орайын келтіріп мән-мағына, категориялар жамап "матрешка" түріндегі заңдар шығару басталады. Кейін қайтадан әлдебір мән-мағына ойлап табады, сосын ұғымдар, сосын құқықтық категориялар пайда болады. Сондықтан мұндай шексіз процесс тұрақтылық, орнықтылықтан жұрдай. Бұл процесс белгілі бір тұлғаға "байлаулы" болады, заң да, саясат та әлгі тұлғаның ыңғайына қарай дамиды. Заң бір мезеттік саяси мақсаттылықты көздеп өзгертіледі, ал мұның бәрін кімнің ісі, мұны кімнің өрбітіп отырғанын, бұл ғұмыры ұзаққа бармайтын тарихи кезең екенін жұрттың бәрі біледі. Сондықтан жалғыз адамның қамы үшін жасалған дүниенің бәрі әлгі адам биліктен кеткен бойда бірден күшін жоғалтады түсінікті, - дейді Жовтис.

Жовтистің топшылауынша, тұңғыш президентке берілген кепілдік онсыз да жетіп-артылғанымен, Қауіпсіздік кеңесі туралы заң қабылданғаннан кейін оның төрағасына берілетін кепілдіктер туралы заң қабылдауға тура келуі мүмкін. Жовтистің сөзінше, Конституцияның 40-бабының 2-тармағына сәйкес "халық пен мемлекеттік биліктің бірлігі, Конституцияның мызғымас баяндылығы, адам мен азаматтың құқық, еркіндіктерінің" символы мен кепілі кім болады деген үлкен сұрақ тууы мүмкін. Өйткені Назарбаевтың көзі тірісінде бұған өзге адамның (болашақ президенттің) кепіл болуы жұрттың көбіне сорақы көрінуі мүмкін.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG