Accessibility links

Киіміне бола тілшіні әкімдікке кіргізбеудің мән-жайы


"Ақ Жайық" газетінде жарияланған Зүлфия Байнекееваның әкімдікке киіп барған кроссовкаларымен түскен суреті. Сурет "Ақ Жайық" газетінің сайтынан алынды. 22 сәуір 2017 жыл.

Атырау облысы әкімдігі ғимаратына кәсіби қызметін атқаруға барған журналисті кроссовка кигені үшін кіргізбей қойған. Мәселенің жай-жапсарына үңілген Азаттық тілшісіне әкімдіктің киім туралы бұйрығы бар екені айтылды. Ал журналистер құқығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымы өкілі «Бұл - тілшінің кәсіби қызметіне бөгет жасау» дейді.

«КҮЙСІЗ АДАМ ДА ІСКЕРЛІК КИІММЕН КЕЛУІ КЕРЕК ПЕ?»

Оқиға сәуірдің 21-і күні болған. Жергілікті «Ақ Жайық» газетінің тілшісі Зүлфия Байнекеева редакция тапсырмасымен сол күні болатын облыстық маслихаттың сессиясына қатысу үшін Атырау облысы әкімдігі ғимаратына барғанда, оны күзетшілердің кіргізбей қойған.

- Үстімде қара былғары күрте, аяғымда қара кроссовка болды. Бұл - менің көктемгі киімім, - дейді ол Азаттыққа.

Журналистің сөзіне қарағанда, оқиға кезінде әкімдіктің баспасөз қызметінің өкілі Саламат Сабырдың «кіргізіңдер» деген сөзіне күзетшілер құлақ аспаған. Зүлфия Байнекееваның Азаттық тілшісіне айтуынша, «Күзетшілер оған әкім аппараты жетекшісінің қолы қойылған ішкі бұйрықтарын көрсеткен. Онда сырттан келген адамның іскерлік киіммен келуі міндеттелгені жазылған. Бұйрыққа 2016 жылы сәуір айында қол қойылған. Бірақ бұл бұйрық олардың есіне аяқастынан жұма күні түскен».

Бұл бұйрық олардың есіне аяқастынан жұма күні түсті... Дәл сол киіммен бір апта бұрын сол әкімдікке кіріп шыққан едім.

- Дәл сол киіммен бір апта бұрын сол әкімдікке кіріп шыққан едім, - дейді журналист.

Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі Саламат Сабыр өзінің бұл оқиғаға куә болғанын жоққа шығармады.

- Әкімдікке жиналысқа шақырылған әр адам іскерлік үлгіде киініп келуі керек. Бұл туралы қаулы әкімдіктің кіреберісінде ілулі тұр, - деген Саламат Сабыр Зүлфия Байнекееваның «облыстық мәслихат сессиясына шақырылғандар тізімінде болмағанын» айтады.

- Шақыртуды мәслихаттың өзі жасайды. Ол шақырылмаған. Бірақ мен әріптес ретінде көмектесуге бардым. Сөйтсем, ол кроссовкамен тұр. Күзетшілерден кіргізуін сұрадым, олар кіргізе алмайтындарын айтты, - дейді ол.

Атырау облысы әкімдігінің ғимараты. (Көрнекі сурет)
Атырау облысы әкімдігінің ғимараты. (Көрнекі сурет)

Ал Зүлфия Байнекеева «Сонда бұл жерге қарт зейнеткерлер де, мүгедектер мен үйсіз-күйсіз жүргендер де келеді. Олардың барлығы іскерлік киіммен келуі керек пе?» деп наразы.

«ДРЕСС-КОД СЫРТТАН КЕЛЕТІНДЕРГЕ МІНДЕТТІ ЕМЕС»

Азаттық тілшісі әкімдікке сырттан кіретін адамдардың әрі журналистердің киім үлгісіне талап қою мәселесінің басқа мемлекеттік мекемелерде қалай реттелетінін зерттеп көрмек үшін Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің бас маманы Қуаныш Ожаровқа хабарласқан еді. Оның сөзінше, «Дресс-код (ресми киім үлгісі – ред.) тек мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне ғана міндетті».

...сырттан шақырылған қонақ дресс-кодқа сай киініп келсін деген талап жоқ.

- Мемлекеттік қызметкерлерге өзіміздің әдеп кодексіміз бойынша киімнің іскерлік үлгісімен жүру міндеттелген. Ал жиналысқа немесе қандайда бір жиынға сырттан шақырылған қонақ дресс-кодқа сай киініп келсін деген талап жоқ,- дейді.

Қуаныш Ожаров өзінің бейресми жеке пікірін «сырт адамдардың мемлекеттік мекемеге іскерлік үлгіде киініп келгені дұрыс» деп білдірді.

Әділет министрлігінің ресми өкілі Олжас Рамазанов «мемлекеттік қызметкерлердің дресс-кодын, яғни олар қалай киіну керек, шаштарын қалай қою керек дейтін сауалға «мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі» жауап беруге тиіс екенін айтады. Бірақ аталған мекеменің Атырау облыстық департаментінің өкілі Мәлік Қариев «ресми түрде хат жазу керек екенін, телефон арқылы жауап бере алмайтынын» мәлімдеді.

«БҰЛ – ЖУРНАЛИСКЕ ЖАСАЛҒАН КЕДЕРГІ»

Журналистер құқығын қорғайтын «Әділ сөз» ұйымының өкілі Ғалия Әженова Атырау облысы әкімдігінде болған оқиғаны «бұл - журналистің кәсіби қызметіне кедергі жасау» деп түсіндіреді.

- Бұл жерде қитұрқылық саясат болғанын көруге болады. Ситуацияға қарап отырсақ, облыстық әкімдік болсын, қалалық әкімдік болсын, оны басқаратын әкім емес, күзетші сияқты. Яғни, мемлекеттік органдарда [бұл мәселенің] нүктесін қоятын қожайын жоқ, - дейді.

Ғалия Әженова.
Ғалия Әженова.

Ғалия Әженованың сөзінше, «дресс-код мәселесі тек сол мекемедегі (әкімдікті айтады – ред.) қызметкерлерге міндетті. Ал, әкімдікке «мынандай киіммен келуге болады, анандай киіммен келуге болмайды» деген ереже жоқ».

- Кроссовка - ресми жерге киетін аяқкиімдердің бірі. Сол себептен бұлардың (әкімдік өкілдерін айтады – ред.) уәжі қисынсыз, - дейді «Әділ сөз» ұйымының өкілі.

Қазақстан президентінің 2015 жылы желтоқсанның 29-ы күні шығарған «Қазақстан мемлекеттік қызметшілерінің әдептілік нормаларын және мінез-құлық қағидаларын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» № 153 жарлығымен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі (қызметтік әдеп қағидалары) бекітілген. Онда «мемлекеттік қызметшілердің сырт келбеті олардың қызметтік міндеттерін орындау кезінде мемлекеттік аппараттың беделін нығайтуға ықпал етуге, іскерлікпен, ұстамдылықпен және ұқыптылықпен ерекшеленетін жалпы қабылданған іскерлік талаптарына сай болуға тиіс» деп жазылған.

Қазақстан конституциясында сөз бостандығына, ақпараттарды заңда тыйым салынбаған кез келген әдiспен алуға және таратуға кепілдік берілетіні; БАҚ туралы заңда журналистердің ақпаратты iздестiруге, сұратуға, алуға және таратуға; мемлекеттiк органдарға, түрлі меншiк нысандарындағы ұйымдарға баруына және қызмет бабындағы мiндеттерiн жүзеге асыруға байланысты шараларға қатысуға құқылы екені жазылған.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG