Accessibility links

Әкіммен кездесудің орнына полицияға апарды


Полиция қызметкері Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге тергеуге куәгер ретінде шақыртылатыны туралы қағаз тапсырып тұр. Ақтау, 17 ақпан 2017 жыл.

Азаттық тілшісі Сәния Тойкенді соңғы бір айда осымен екінші рет полицияға жеткізіп, бұл жолы бірнеше сағат ұстады. Журналист редакция тапсырмасы бойынша бара жатқан Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың тұрғындарға есеп беру жиынына қатыса алмады. Соңғы бір жылда Сәния Тойкен кәсіби жұмысы барысында бірнеше рет кедергіге кезіккен.

Маңғыстау облысы әкімі Алик Айдарбаевтың тұрғындарға есеп беру жиынына қатысудың орнына Азаттық тілшісі Сәния Тойкен ішкі істер департаментінің тергеуіне тап болды. Журналист мінген көлікті ақпанның 17-сі күні таңертең Ақтауда полиция қызметкерлері артқы орындықта отырған Сәния Тойкен қауіпсіздік белдігін тақпаған деген уәжбен тоқтатқан. Мұнан соң журналисті қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде жауап беруге шақыртып жатқанын хабарлаған полиция өкілдері оны өздерінің көліктеріне салып, Маңғыстау облыстық ішкі істер департаментіне жеткізген.

Сәния Тойкеннің полиция тоқтатқан кезде түсірген видеосы:

Облыс әкімінің есеп беру жиынына құқық қызметкерлері жеткізбеген Сәния Тойкен полиция мекемесінде екі сағаттан астам уақыт өткізген. Одан Маңғыстаудағы мұнай саласына қызмет көрсететін Oil Construction Company кәсіпорны кәсіподағының мүлкін талан-таражға салған деген күдікпен өткен айда тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясын жабуға қарсылық білдірген мұнайшылардың жаппай наразылық акциясы кезінде қамауға алынған кәсіподақ жетекшісі Әмин Елеусіновке қарсы қозғалған №154700011000009 іске қатысты куәгер ретінде жауап алған.

Оқыңыз: ​Ақтаудағы жиынды билік қалай таратты

Ішкі істер департаментінде Сәния Тойкеннен тергеу деректерін жария етпеу туралы қолхат алған. "Маған құқығымды түсіндірген жоқ, адвокаттың көмегіне мұқтажсың ба деп те сұрамады" дейді Тойкен. Ол бұл туралы тергеушіге берген жауабы бар хаттамаға жазып көрсеткен. Тергеуші Айболат Мырзашевтің жауап алғаны туралы толтырылған хаттама көшірмесі журналистке берілген.

Соңғы бір айдың көлемінде Сәния Тойкенді бұл іс бойынша осымен екінші рет шақыртып, полицияға жеткізді. Бұған дейін оған полицияға шақырту қағазын қаңтардың 21-і күні, Сәния Тойкен Ақтаудағы Oil Construction Company (ОСС) компаниясы кәсіподақ ұйымы кеңсесіне жұмысшылардың сот тыйым салған аштық акциясы туралы материал дайындауға барған кезде тапсырған болатын. Қаңтардың 21-і күні Сәния Тойкен полицияда бірнеше минут қана болған: өзін "полковник Абасовпын" деп қана таныстырған полиция полковнигі журналистің аты-жөнін сұрап анықтаған соң полиция қызметкерлеріне оны дереу босатуды бұйырған. Сәния Тойкен өзін қандай қылмыстық іс бойынша куәгер ретінде шақыртқанын білмек болғанымен, полицияда оған жауап бермеген.

Маңғыстау облысындағы Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге 2017 жылғы қаңтардың 21-і күні полиция өкілі тапсырған шақырту қағазы.
Маңғыстау облысындағы Азаттық тілшісі Сәния Тойкенге 2017 жылғы қаңтардың 21-і күні полиция өкілі тапсырған шақырту қағазы.

ТІЛШІГЕ КЕДЕРГІЛЕР

Соңғы бір жылда Сәния Тойкенді кәсіби қызметін атқару кезінде бірнеше мәрте полиция ұстап, оның жұмысына кедергі келтірген.

Атырауда өткен жылы қазан мен қараша айларында азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның ісі бойынша сот процесінен хабар дайындау барысында сот қызметкерлері Сәния Тойкенге ғимараттың журналистер отыратын бөлмеден тысқары жерінде бейнетаспаға түсіруге бірнеше рет бөгет жасаған.

2016 жылғы көктемде Сәния Тойкенді екі рет – сәуірдің 29-ы мен мамырдың 1-і күні Жаңаөзенге кіргізбеген. 2011 жылғы желтоқсанда полицияның оғынан көп адам қаза болған қайғылы оқиғамен танылған Жаңаөзен қаласына журналист үкімет жоспарлаған жер реформасына тұрғындар қарсылық танытып жатыр деген жаңалықты естіп бармақшы болған еді. Ол мінген автокөлікті полиция қызметкерлері қалаға кіргізбей, жолдан кері қайтарған.

Сәуірдің 29-ы күні Сәния Тойкен мінген көлікті тоқтатқан кезде полиция ол жалдаған жеке меншік таксиді «жол-көлік оқиғасына қатысы бар» деген болжам бойынша ұстағандарын айтып, журналистке Ақтауға полиция мекемесіне бару қажеттігін мәлімдеген. Ал мамырдың 1-і күні Азаттық тілшісін Жаңаөзенге кіргізбей қойған полиция оның «іздеуде жүргені» туралы хабарлаған. Сол жолы полиция көлігі қоса ілесіп, Сәния Тойкенді Ақтауға дейін жеткізіп салған, бірақ полиция айтқан әлдебір жол-көлік оқиғасы және «іздеуде жүргені» туралы ақпарат кейін расталмаған күйі қалған.

Ақтау-Қарақия бағытындағы жол бойында Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мінген автокөлікті тоқтатқан полиция қызметкерлері. 30 сәуір 2016 жыл.
Ақтау-Қарақия бағытындағы жол бойында Азаттық тілшісі Сәния Тойкен мінген автокөлікті тоқтатқан полиция қызметкерлері. 30 сәуір 2016 жыл.

Қазақстанда өткен жылы «жер мәселесі» бойынша (үкімет бастамасымен жүргізілмек болған жер реформасына қарсы) жалпыұлттық наразылық акциясы өтеді деп жоспарланған мамырдың 21-і күні Сәния Тойкенді Атырауда бірнеше сағаттың ішінде екі рет полиция ұстаған еді. Сол күні Қазақстанда полиция ондаған журналисті, солардың арасында Алматы мен Астанада және елдің өзге аймақтарында Азаттық тілшілерін ұстаған. Кейін ешқандай түсінік берместен және хаттама толтырмастан оларды босатқан.

Халықаралық құқық қорғау және баспасөзді қорғау ұйымдары 2016 жылғы мамырда журналистерді жаппай ұстауды Қазақстандағы БАҚ еркіндігін шектеу және ой-пікір бостандығына қысым деп бағалаған.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG