Accessibility links

БАҚ туралы заңға түзетулерге қарсы журналистер петициясы


EXPO-2017 көрмесі өтетін кешенге келген журналистер. Астана, 31 қазан 2016 жыл.

БАҚ туралы заңдарға үкімет енгізуді ұсынған түзетулерге қарсы қазақстандық журналистердің онлайн-петициясына қол қойғандар саны әзірше 100 адамға да жеткен жоқ. Медиа-белсенділер жергілікті журналистердің өз мамандығына салғырт екенін айтады.

Қазақстан журналистерінің ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаевқа арнап қол жинап жатқан онлайн-петициясы оның ведомствосы ұсынған бірқатар өзгерістерді алып тастауды немесе өзгертуді талап етеді. Журналистер мен құқық қорғаушылар елдегі сөз еркіндігі бұдан бетер нашарлай түсуі мүмкін деп алаңдайды. Мысалы, олар үкімет ұсынған үш күндік мерзім ішінде терістеу құқығы туралы және адамның жеке өміріне, отбасылық, дәрігерлік, банктік, өзге де құпияларын жариялауға жазбаша келісімін алу туралы баптарды алып тастауды талап етеді.

Петицияда «Біз, яғни Қазақстан журналистері, медиа-қоғамдастығы өкілдері БАҚ туралы заңға ұсынылған түзетулерге қатысты үлкен алаңдаушылық білдіреміз. Жаңа нормаларда жағымды өзгерістермен қатар, медиа саланың дамуын тежейтін және елдегі баспасөз еркіндігі ахуалын нашарлататын бірқатар шектеулер бар. Ұсынылған түзетулер Қазақстан ратификациялаған халықаралық азаматтық және саяси құқықтар туралы пактінің 19-бабына сәйкес емес екеніне назарыңызды аударамыз» деп жазылған.

Мәлімдемеде ақпарат және коммуникация министрлігі журналистер үшін әзірлеген «БАҚ қызметі принциптері» туралы да айтылған. Бұл «адалдық, күн ілгері болжам жасамау, әлеуметтік жауапкершілік, өзге БАҚ-тармен өзара құрмет негізінде жұмыс істеу, үнемі өзін жетілдіруге ұмтылу» сияқты ұғымдарға қатысты. Петиция авторларының пікірінше, министрлік этикалық нормаларды неліктен заңға жазып, заң арқылы реттеуді жоспарлайтыны түсініксіз.

Журналистер қате кеткен деректерді көрінеу жалған деп танып, БАҚ-тың таралым деректерін жариялау тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікті де енгізбеуді сұрайды. Ол үшін 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салу ұсынылған.

Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев. Алматы, 11 қараша 2016 жыл.
Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев. Алматы, 11 қараша 2016 жыл.

Журналистер жалған мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершіліктен босату туралы бапта азаматтардың жауапкершілігін де ашып жазуды сұрайды. Ақпарат және коммуникация министрлігі егер жалған ақпарат депутаттардың немесе түрлі деңгейдегі билік өкілдері аузынан шықса, БАҚ-ты жауапқа тартпауды ұсынады. Петиция авторларының пікірінше, ресми тұлғалармен қатар, азаматтарға да жауапкершілік жүктелуі тиіс.

Журналистер министр Абаевтан мемлекеттік органдар мен өзге лауазымды тұлғалардан ақпарат алу құқығына қойылған кейбір шектеулерді заң жобасынан алып тастауды талап етеді.

Қазақстандағы журналист мамандығының баяғыдан келе жатқан тағы бір проблемасы туралы петицияда «Қазір мемлекеттік органдардың көбінің басшылары мен қызметкерлері өзекті және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты комментарий, түсінік беруден және өз көзқарасын білдіруден бас тартады» деп жазылған.

ЖУРНАЛИСТЕРДІҢ ҚОРҚЫНЫШЫ

Ratel.kz сайты журналисі Болат Әбілқасымовтың пікірінше, ақпарат және коммуникация министрлігі ұсынған түзетулердің бәрі цензураны күшейтуді көздейді. Ол заңда әуелі мемлекеттік қызметшілердің этикалық нормаларын ашып жазып, оларды орындауды талап ету керек, ал баспасөзге арналған ондай талаптарды содан кейін ғана енгізу керек.

Болат Әбілқасымов терістеуді талап етуге қатысты ұсынылған түзету кез-келген шенеунік өзі туралы жазылған жарияланған мақала немесе әлдебір сөз ұнамай қалса, редакцияға «мен жайлы ақпаратпен келіспеймін» деп мәлімдеуі мүмкін, ал редакция әлгі мәліметтердің рас екенін дәлелдеуі тиіс дегенді білдіретінін айтады.

Бұл норма өзіндік цензураны бәрібір күшейтеді, яғни журналистер әлдебір деректерді жариялаудан қорқатын болады.

- Бұрын мәліметтің жалған екенін сотқа берген талапкер дәлелдеуге міндетті болатын. Егер редакцияның қолында мөр басылған әлдебір анықтама, құжаттар жоқ болса, ол «кешіріңіз, бұл ештеңенің дәлелі емес, айтқандарыңыз немесе жазғандарыңыз дұрыс емес» деп, терістеуді талап ете алатын. Сондықтан редакция әлгі мәліметті терістейтін немесе журналистің жеңілетінін білсе де сотқа баратын, өйткені дәлел келтіре алмасаң, сот сені автоматты түрде кінәлі деп таниды. Бұл норма өзіндік цензураны бәрібір күшейтеді, яғни журналистер әлдебір деректерді жариялаудан қорқатын болады, - дейді Болат Әбілқасымов.

Алтын Червалиева мен оның туыстары сот шешімімен сүрілетін үйін қорғап тұр. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.
Алтын Червалиева мен оның туыстары сот шешімімен сүрілетін үйін қорғап тұр. Астана, 15 тамыз 2014 жыл.

Журналист Ләйлә Тастанова жалған мәлімет таратқаны үшін жауапқа тартудан босатуға қатысты түзетуге алаңдайды. Жобадағы түзетуде егер ақпарат мемлекеттік органнан алынса, БАҚ жауапқа тартылмайды деп көрсетілген, бірақ ондай ақпарат беретін азаматтар туралы ештеңе жазылмаған.

- Мысалы, үлескерлер өткізіп жатқан митингіге журналист барды делік. Олардан [ақпарат] алып, комментарийлерін береді, сөздерінен үзінді келтіреді, бірақ үлескерлер көбінесе эмоцияға беріліп, ашу-ызамен бірдеңені шатастырып алуы мүмкін, бұған қоса, олар көбінесе заңды жетік білмейді. Олар әлдебір тұста құқығы бұзылғанын ғана біледі әрі терминдерден жаңылысуы мүмкін. Журналист мұның бәрін тексеруге міндетті екені түсінікті. Бірақ құрылыс компаниясы мен үлескердің арасындағы дау-дамайларда журналистерді сүріндіруі мүмкін жайттар көп кездеседі. Ол үлескерлерге көмектесемін деп жүріп ақыры өзі кінәлі болып шығуы мүмкін, - дейді Лейла Тастанова.

Оның пікірінше, егер жалған мәліметтерді азаматтар беріп, журналистер олардың сөздерін келтірсе, жалған мәліметтерді таратқаны үшін журналистер жауапкершіліктен босатылуы мүмкін деп заңда көрсету керек.

ПАРЛАМЕНТ ҚАРАУЫНА МАМЫРДА ТҮСЕДІ

Астанадағы құқықтық медиа-орталық заңгері Гүлмира Біржанованың айтуынша, ақпарат және коммуникация министрлігінде заң жобасын талқылау аяқталған. Қазір жоба үкіметтің бекітуіне жолданған, ал мамырда парламент қарауына түседі. Оның сөзінше, елдегі журналистер заң жобасы мүлде күшейгенін жете бағаламайды. Оның айтуынша, егер БАҚ қоғамдық маңызы бар, мысалы коррупциялық қылмысты әшкерелейтін ақпаратты жарияласа, әлгі ақпарат үшін жауапқа тартылмайды деп қоғамдық мүдде туралы түсінік заңда тәптіштеп жазылса, журналистерге арналған министрлік ұсынған нормалар жұмыс істеуі мүмкін еді. Бірақ әзірше ондай ештеңе жоқ, ал БАҚ туралы заңның жаңа нормалары журналистердің өзіне қарсы қолданыла бастауы мүмкін деп есептейді белсенді.

- Қазіргі жағдайда дәлелдерді қалай тексеруге болады, оларды жинау өте қиын ғой? Сондықтан оларды қайта тексеру үшін сауал жолдауың керек. Ал егер коррупция туралы материал дайындасаң ше? Егер адамның жеке өмірі, отбасылық, банктік немесе өзге құпиясы туралы ақпарат таратсаңыз, жазбаша келісімін алуға тиіс деген норма енгізілмек, бұл да онша жақсы норма емес. Мысалы, сіз шенеуніктердің ішіндегі коррупция жайлы журналистік зерттеу жүргізіп, оның банктік, жеке басына қатысты ақпаратты жариялауыңыз керек делік, сондықтан оған барып «қарсы емеспін деп жазбаша келісіміңізді беріңізші» деп өтінуге тиіс боласыз. Бұл онша дұрыс емес, - дейді Гүлмира Біржанова.

Үкімет дерегінше, Қазақстанда 3000-ға жуық БАҚ тіркелген. Ақпарат және коммуникация министрлігі заңдарға жаңа түзетулер енгізуді баспасөздің қамы және оның деңгейін жақсарту мақсатында деген сияқты әлдебір себептермен түсіндіреді.

Ақпарат және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі Азаттыққа «заңдарға енгізу ұсынылған БАҚ туралы түзетулерді алып тастау туралы онлайн-петицияны әзірше көрген жоқпыз, сондықтан ол жайлы ештеңе айта алмаймыз» деп мәлімдеді.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG