Accessibility links

«Сын айтушылар – қамауда немесе қуғында»


Жұмысшы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау жарнамасы ілінген билборд жанындағы бағанды бояп жатыр. Алматы, 14 сәуір 2015 жыл.
Жұмысшы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлау жарнамасы ілінген билборд жанындағы бағанды бояп жатыр. Алматы, 14 сәуір 2015 жыл.

ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы президент сайлауын бақылау жөніндегі миссиясы кандидаттардың сайлауалды науқаны туралы аралық есебін жариялады.

ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі ұйымы құрған Қазақстандағы президент сайлауын бақылау миссиясының 12 мүшесі - Астанаға және 30 мүшесі елдің барлық облыстарына бөлінген. Бақылаушылар ЕҚЫҰ-ға мүше 24 елден шақырылған. Өткен апта алғашқы есебін жариялаған ЕҚЫҰ бақылаушылары сайлау кандидаттарының үгіт-насихат жүргізу шаралары мен тәсілдерінде теңсіздік бар екенін мәлімдеді.

ЕҚЫҰ бақылау миссиясы аралық есебінде сайлауалды насихат жұмыстары наурыздың 26-сы күні басталғанымен, баяу жүріп жатқанын атап өткен. Бақылаушылар Нұрсұлтан Назарбаев сайлауалды науқанға қатыспайтынын айтқанымен, ел президенті ретінде Қазақстанның аймақтарын «белсенді түрде аралап жүргенін» жазған. Президент Назарбаев соңғы бір ай ішінде Шымкент, Тараз, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Семей, Алматы және Орал қалаларын аралап қайтқан еді.

КАНДИДАТТЫҢ БАСҚА КАНДИДАТТЫ МАҚТАУЫ

ЕҚЫҰ бақылаушыларымен сұхбаттасушылар Қазақстандағы оппозицияны басу факторын, «үкіметке белгілі сын айтушылардың кейбірі қамауда немесе қуғында жүргенін» айтқан. Сайлауды бақылау миссиясы сегіз митингті бақылаған. Оның төртеуі қазіргі президенттің атынан ұйымдастырылған. Ал қалған кандидаттар екі митингіден өткізген. Есепте митингтердің бірінде президенттікке кандидат Тұрғын Сыздықов сайлаушылардан өз кандидатурасын қолдауды сұраудың орнына президентті елдің жетістігі үшін мақтағанына назар аудартылады.

Бұған дейін Қазақстан коммунистік халық партиясының мүшесі Тұрғын Сыздықов «сайлаудағы мақсатым – екінші орын алу» деп те мәлімдеген.

ЕҚЫҰ бақылаушылары халық арасында жүргізген әлеуметтік зерттеуінде респонденттердің басым бөлігі қазіргі президенттен басқа кандидаттардың аты-жөнін, я сайлау бағдарламасын білмейтіндерін айтқан.

«Азаттық» тілшісінің сайлаушылар арасында жүргізген сауалнамасында да жұрттың көбі кандидат ретінде қазіргі президент Назарбаевты ғана білетіндерін айтқан еді.

Сайлау қашан?
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:02:54 0:00

​Ұйым өз есебінде бүкіл ел бойынша «Қазақстан-2050» және «Нұрлы жол» бағдарламаларын қолдауға шақыратын, президенттің кандидат әрі «елбасы» ретінде бейнесі салынған плакаттар мен жарнамалық тақталардың көптігін, басқа екі кандидаттың үгіт материалдарының көшелерде өте сирек көзге түсетінін атап өткен.

Оқи отырыңыз: «Жеңімпазы айқын сайлаудың үгіт науқаны»

«СТУДЕНТТЕР МЕН ЖҰМЫСШЫЛАРҒА НҰСҚАУ»

ЕҚЫҰ бақылаушылары кем дегенде Қостанай және Маңғыстау облыстарында «студенттер мен компания қызметкерлерінің сайлауда қазіргі президентке дауыс беру туралы нұсқау алғанын» анықтаған.

Сайлауды бақылау миссиясының есебінше, кандидаттар 45 телеарна, 11 радиостанция, 232 газет және 126 электрондық БАҚ арқылы үгіт-насхиат жүргізіп жатыр. Алайда БАҚ-тың саны көп болғанымен, ЕҚЫҰ бақылаушыларына сұхбат берген кейбір сайлаушылар олардың тәуелсіздігіне күмән келтірген.

Тәуелсіз бақылаушылар әлеуметтік желіде кандидаттар туралы жазба жариялаған кейбір азаматтарға «кандидаттардың ары мен намысын таптауға талпыныс жасады» деп бас прокуратураның ескерту жасағанына назар аударады.

«Трибуна: Ашық алаң» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай.
«Трибуна: Ашық алаң» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай.

Наурыздың 31-і күні «Трибуна: Ашық алаң» газетінің бас редакторы Жанболат Мамай Facebook парақшасында Тұрғын Сыздықовтың сайлау алды үгіт-насихат плакатында түскен суретін сынаған пікір жазғаны үшін ескерту алған.

ЕҚЫҰ есебі бойынша Қазақстандағы сайлауға келетін 490-нан астам шетелдік бақылаушылардың көбі ТМД, ШЫҰ мен Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясының атынан тіркелген.

Сәуірдің 26-сы өтетін Қазақстан президентін сайлау 16 территориялық сайлау комиссиясында және 9 мың 741 сайлау учаскесінде ұйымдастырылады. Елде дауыс беру хақы бар сайлаушының жалпы саны - 9,5 миллион адам.

XS
SM
MD
LG