Accessibility links

Футболшы «жалған төлқұжатқа» байланысты жазаланды


Сол жақ шеттегі спортшы - македониялық футболшы Никола Тонев (Сурет "Тобыл" командасының баспасөз қызметінен алынды).
Сол жақ шеттегі спортшы - македониялық футболшы Никола Тонев (Сурет "Тобыл" командасының баспасөз қызметінен алынды).

Қостанайдың «Тобыл» футбол командасында ойнаған македониялық Никола Тонев құжат мәселесіне қатысты айыпталып, Қазақстанда футбол ойнаудан шеттетілді.

Тамыздың 6-сында Қазақстан футбол федерациясы (ҚФФ) тәртіптік бақылау комитеті Македониядан келген футболшы, «Қазақстан азаматтығын заңсыз алған» деп айыпталған Никола Тоневті Қазақстанда футбол ойнаудан өмір бойы шеттетіп, оған 500 мың теңге айыппұл салды. Тонев ойнаған қостанайлық «Тобыл» командасы да 700 мың теңге айып төлеп, Қазақстан чемпионатында үш ұпайынан айырылды.

ТОНЕВ ТЕ, «ТОБЫЛ» ДА БІЛМЕЙТІН ТӨЛҚҰЖАТ

28 жастағы футболшы Никола Тонев шілде айында Facebook парақшасында өз фотосы жапсырылған Қазақстан паспортының суретін салып, осы елдің азаматтығын алғанын жазған еді. Кейін футбол фанаттары мен журналистер Тоневтің Қазақстан азаматтығын қалай алғанын білмек болып, ҚФФ мен ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясы департаментіне сұрау салған. Көші-қон полициясы да, ҚФФ да Тоневтің Қазақстан азаматтығын алмағанын мәлімдеген.

ҚФФ өкілі Михаил Гурманның сөзінше, «Тонев Қазақстан азаматтығын заңсыз алған».

– «Тобыл» клубы Никола Тоневтің заңсыз жолмен азаматтық алғанын білмегенін айтты. Ал Тоневтің өзінен түсініктеме ала алмадық. Өйткені ол комиссияның да, тәртіптік бақылау комитетінің де мәжілістеріне келмеді, – деді ол Азаттық тілшісіне.

"Никола Тоневтің Қазақстан паспорты" ретінде әлеуметтік желіде жариялаған сурет. Суретте төлқұжаттың 2014 жылдың 28 қаңтарында Қазақстанның әділет министрлігі арқылы берілгенін байқауға болады. Ал Қазақстанда 2011 жылдың шілдесінен бері төлқұжат берумен ішкі істер министрлігі айналысады.
"Никола Тоневтің Қазақстан паспорты" ретінде әлеуметтік желіде жариялаған сурет. Суретте төлқұжаттың 2014 жылдың 28 қаңтарында Қазақстанның әділет министрлігі арқылы берілгенін байқауға болады. Ал Қазақстанда 2011 жылдың шілдесінен бері төлқұжат берумен ішкі істер министрлігі айналысады.

«Тобыл» командасының өкілі Константин Должанский клуб Тоневке байланысты ҚФФ бұйырған жазамен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретіндерін айтты.

– Біз футболшы Тонев пен «Тобылға» қатысты шыққан шешімге таң қалып отырмыз. ҚФФ біздің клубты жалған құжат жасауға көмектесті деп айыптап отыр. Біз футболшылардың құжатын тексере алмаймыз. Оны тек құқық қорғау органдары тексереді. Ал футболшы Тоневтің өзі бұл істің қалай болғанын білмейді. Ол алаяқтардың құрбаны болды. Бұл жерде үшінші жақтың қатысы бар. Біз тәртіптік комитеттің шешіміне қарсы он күннің ішінде шағымданамыз, – деді клуб өкілі Азаттық тілшісіне.

2012 жылы талдықорғандық «Жетісу» командасына ойнауға келген, 2013 жылы «Тобыл» клубына ауысқан Никола Тонев «Қазақстан азаматтығын алмағанын, Facebook парақшасында жарияланған Қазақстан паспорты суреті фотомонтаж екенін, парақшасына белгісіз адамдар бұзып кіргенін» көші-қон полициясына мәлімдеген.

«БАРЛЫҚ ЛЕГИОНЕРЛЕРДІ ТЕКСЕРУ КЕРЕК»

Қазақстандық спорт журналисі Өмірбек Сансызбаев Никола Тоневке берген жазаны жеңіл деп біледі.

– 500 мың теңге айыппұл – аз, оның айлығының ширегіне де жетпейді. Қазақстанда әр клубта тек бес шетелдік футболшы ойнауы тиіс. Ал Тонев бұл лимиттен қашып, ертерек қамданған сияқты. Бұл жағынан «Тобыл» командасының айтып отырған сөзі түсініксіз. Футболшыға құжат жасауға клуб мүдделі болуы мүмкін. Сондықтан «Тобылға» салынған айыппұлды да құптаймын, – дейді сұхбаттасымыз.

Қазақстандық футбол командаларының бірі. (Көрнекі сурет)
Қазақстандық футбол командаларының бірі. (Көрнекі сурет)

Футбол фанаты Мағжан Сапарханов «Тоневтің ісінен кейін Қазақстандағы барлық легионерлерлің құжатын қайта тексеру қажет» екенін айта келе:

– Тоневті Қазақстанда футбол ойнаудан өмір бойы шектеу басқа да легионерлерге сабақ болады, – дейді.

Ал спорт журналисі Мақсат Раджұлы «заңсыз жайттарды шектемесе, Қазақстан футболының дамуына кедергі келтіреді» деп есептейді.

– Қазақстан чемпионатында жалақы көп. Сондықтан шетелдік футболшылар Қазақстанға қаржы табу үшін келеді. Кейін бұл елдің чемпионатында көп ойын өткізіп, табысын көтеру үшін Қазақстан азаматтығын алып, легионерлердің лимитіне (әр клубта тек бес шетелдік ойыншы болу керек деген шартқа) ілінбеуді ойлайды. Шетелдік спортшылардың Қазақстан азаматтығын алуға ұмтылуы жергілікті футболшылардың дамуына кедергі келтіреді, – дейді ол Азаттық тілшісіне.

Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. (Көрнекі сурет)
Қазақстан футбол чемпионатының ойындарынан көрініс. (Көрнекі сурет)

​2012 жылы ресейлік футболшы Заурбек Плиевтің Қазақстан төлқұжатын қолдан жасағаны анықталған еді. Бұл шу шыққан соң бірден Ресейге кетіп қалған Плиев 2014 жылы Қазақстанға оралып, қазір «Қайрат» командасында ойнап жүр.

2012 жылы көші-қон полициясы Андрей Парывев, Арсен Тюленов, Виктор Дмитриенко сынды футболшылардың да Қазақстан төлқұжатын қолдан жасағандарын анықтағанын хабарлаған.

ҚФФ өкілі Михаил Гурман шетелдік футболшылардың жалған құжат жасауын тыйып, олардың жаппай Қазақстан азаматтығын алуын доғарту үшін жаңа қаулылар қабылданатынын айтады. «Енді шетелдік клубтарда ойнап келген өзге ел футболшылары Қазақстан азаматтығын алғанның өзінде легионер болып есептеледі. ҚФФ бұл ережені 2015 жылдан бастап енгізбек» дейді ол.

XS
SM
MD
LG